Араб, парсы кісі есімдерінің түрлі нұсқада жазылуының басты себебі қандай?
Елбасымыз мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп ерекше атап көрсеткен болатын. Олай болатын болса, ұлттық кодтың тілдік элементтері біздің аты-жөнімізде қаншалықты көрініс табады?
Дұрыс айтасыз. Бүгінгі таңда рухани жаңғыруымыздың басты белгілерінің бірі – аты-жөнімізді ұлттық тұрпатта жазудың маңыздылығы айрықша екені даусыз. Аты—жөніміздегі -ов, -ев, -ович, -евич, -овна, -евна қосымшаларынан бас тарту жайында отандық баспасөз беттерінде қоғам тарапынан аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселе латынграфикалы жаңа ұлттық әліпбиге көшу барысындағы науқанда Т.Жанұзақ, Қ. Рысберген, Ш. Құрманбай т.б. отандық белгілі ономаст, терминолог-лингвистердің назарынан да тыс қалып отырған жоқ. Сондай-ақ, қазіргі қазақ антропонимия қорында ең мол кездесетін араб, парсы тілінен енген кісі есімдерінің бүгінгі орфограммасы қандай болмақ деген мәселе туындайды.
Ономаст Ж.Ағабекованың есептеуінше, арабтекті қазақ есімдерінің жалпы саны – 2000, оның 1000-нан астамы ерлер, 900-дейі әйелдер есімін құрайды. Олардың ішінде, әсіресе, діни мазмұндағы есімдердің саны жетерлік. Осындай арабтекті, парсытекті кісі есімдерінің бірқатары түпнұсқа принципімен жазылса, басым көпшілігі тіліміздің ішкі заңдылығына бағынып, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, бастапқы бет-бейнесін өзгерткен. Алайда бүгінгі тілдік-мәдени қауымдастықта олардың түрлі нұсқада жазылуы да, айтылуы да кездесетінін күнделікті тілдік қарым-қатынаста, құжаттарды рәсімдеуде байқалатын жайт. Кейбір есімдердің араб, парсы тіліндегі түпнұсқа тұлғасымен қатар қазақ тілінің түрлі дыбыстық өзгерістерімен игеріліп жүр: Фатима: Патима, Бәтима, Батима. Хайдар: Қайдар, Айдар.
Бір өкініштісі, кісі есімінің мағыналық түп-төркіні ескерілмей, сыртқы тұлғалық бейнесі мен айтылу әуезіне қарай таңдалып, орфографияланып жатады: Аймира, Атина, Гайния, Едіріс т.б. Осындай араб, парсы тілінен енген есімдер жаңаша сипат алып жатады. Сонымен қатар өз ұлт өкілдеріміздің ұлттық тілдің графикалық ерекшелігін ескермей, аты-жөндерін орыс тілінің айтылымымен бұрмалап рәсімдейтіндердің де саны азаяр емес. Мәселен, Идирисов Куттыккожа Урузбаевич, Кужахметова Айнамгуль Сериковна, т.б. Сондай-ақ, негізгі мағынасы сақталмай, сөз басында қатар дауыссызбен жазылып жүрген есімдердің саны да жетерлік. Мысалы, Смахан, Сқақбай, Рзабай, т.б. Осылайша араб, парсы кісі есімдерінің түпкі мағынасы ескерілмей, олардың әрқайсысы да кісі есімі болып есептеліп, төлқұжаттарда тіркеліп жүр. Бұндай мақсатсыз таңдаулар кісі есімдерінің ұлттық дыбыстық бет-бейнесін көрсетпейді, бастапқы тұлғасын тануға мүмкіндік бермейді. Яғни, кісі есімдерін таңдауда, жазуда бүгінгі қоғам санасында орыстілдік стеореотиптің үнемі кедергі болып жатқандығын аңғартады. Бұл кедергілерге төтеп беретін ұлттық тілдік санамыз мықты болу керек. Жаңа әліпбиге көшкенде осы мәселе қоғам арасында мейлінше ескерілсе, ұлттық жазуымыз бірыңғайланып, ала-құлалықтан арылар едік.
Бүгінгі араб, парсы тілінен енген кірме кісі есімдерінің түрлі нұсқада жазылуының басты қандай себептерін атап өтер едіңіз?
Арабтекті, парсытекті кісі есімдерінің түрлі нұсқада жазылуының бірнеше тілтанымдық себептері бар:
біріншіден, араб тілінен енген антропонимдік атауларды орыс тілінің я, ю, ч, щ, ь, ъ әріптерімен таңбалануы. Бұл таңбалар араб, парсы тілінен енген есімдердің түп мағынасын танымастай өзгертіп жазуға, айтуға мүмкіндік берді. Мысалы, Альдияр, Оразия, Озария, Юсуп т.б.
екіншіден, араб тілі дауыссыз дыбыстарының қазақ тілінің дыбыстық артикуляциясына сәйкес келмейді. Мәселен, арабтың айн дыбысымен басталған сөз ғ, х дауыссыздарымен де беріледі: Абдолла – Ғабдолла – Қабдолла. Араб тілінен енген сөздердегі ха дыбысы қ дыбысына ауысады: Хасан – Қасан, Халифа – Қалипа т.б. Ұлттық тілдің дыбыстық үндесіміне әртүрлі тұлғада игерілген бұндай есімдер антропонимика қорын толықтырып отыр.
үшіншіден, қазақ тілінің дыбыстық үндесімімен игерілген араб, парсы есімдерін дұрыс жазбаудан болатын қателік: Рсылды – Ырысалды, Рзабай –Ырзабай т.б. жазылып жүр. Қазақ тілінде сөз басы екі дауыссыздан басталмайды, сондықтан түпкі тұлғасын сақтап жазудың маңыздылығы зор.
төртіншіден, жергілікті тіл ерекшеліктерінің әсері: Батима – Патима, Жүніс – Жұныс т.б.
Әртүрлі нұсқада жазылып жүрген аты-жөндерімізді ұлттық сипатта біріздендіру мәселесі тілтанушылардың тарапынан қаншалықты қаралып жатыр?
Расында әртүрлі нұсқада жазылып жүрген аты-жөндерімізді жаңа ұлттық әліпбиге көшу науқанында ұлттық сипатта біріздендіріп жазудың кезі келді. Сондықтан жаңа ұлттық қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері бойынша араб, парсы тілінен енген кісі есімдері қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес жазылуы тиіс: Ysqaq (Сқақ емес), Yrysjan (Рысхан емес), Yrysaldy (Рысалды емес), Muhambet (Мухаммед емес), Bátıma (Фатима), Qusaıyn (Хұсайын), Qadısha (Хадиша емес), Pazyl (Фазыл емес), Ábdiqadir (Абдіхадыр емес). Дегенмен қазақ тілінің дыбыстық үндесіміне сай игерілген араб, парсы есімдері есім таңдаушының қалауынша жазыла береді: Абдолла, Қабдолла, Ғабдолла.
Сонымен қатар А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ономаст-ғалымдары Қазақстан азаматтарының аты-жөнін рәсімдеудің арнайы емле ережелері мен анықтағышын құрастыру үстінде. Бұл сөздіктер мен анықтағыштар кісі есімдерін жаңа ұлттық тұрпатта бірыңғайлауда үлкен септігін тигізетін іргелі еңбектер болмақ.
Сейітбек Айнұр Аташбекқызы
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,
Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі