Ақынның мүсіні һәм тарихқа қиянат

0

Жақында Қостанай облысындағы Нұржан Наушабайұлы атындағы мектепте қазақтың ақиық ақынына бюст орнатылды. Әрине, оның игілікті шара екені рас. Алайда, мүсін авторы ақын бейнесі ретінде мына суретте көрсетілген портретті негізге  алыпты.

Спандияр Көбеев «Орындалған арман» кітабында Нұржанды былайша суреттейді:«Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі – орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл Ыбырай Алтынсарин екен. Екіншісі – дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды, басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл Нұржан Наушабаев екен.

Ал мына сурет ойдан шығарылған, Нұржанға еш ұқсастығы жоқ. Нұржан кезінде Алтынсаринның қасында көп жүрген. Троицк медіресесінде оқыған. Орынборға барып, Алаш сьезіне қатысқан. Троицк немесе басқа бір жерде түскен суреті келешекте табылып қалуы мүмкін.

Бұл суретті Қостанайдағы бір орыс суретшісіне салдырған екен. Ол Аманкелді батырды салған Әбілхан Қастеев секілді щаруа жасамаған, ешқандай зерттеу жүргізбеген, туыстарымен де сөйлеспеген,өз қиялымен сала салған. Кейін Аманкелді батырдың фотосуреті табылып, оның сексен пайыздан астамы атақты суретші салған  портретке дәл келген. Өйткені, Әбілхан Қастеев Торғайға барып, Аманкелдіні көзі көрген кісілермен тілдескен, оның ағасы Шәріптің суретін салып алған, мұрны қандай, ерні қандай, иегі қандай деген сауалдарға жауап тапқан. Ал мына суретті көпке Нұржанның портреті деп ұсыну тарихқа қиянат болады.

Біздер өткен ғасырларда жасаған, суреттері сақталмаған батырлар мен билеріміздің бет-бейнесін елдің айтуымен, сол рудың адамдарына ұқсастығымен салып жүрсек, оның өрескелдігі жоқ. Ал Нұржан ХХ ғасырда өмір сүрген қайраткер. Атақты палуан болған. Бұл туралы Сәбит Мұқанов суреттеп жазған. Ал палуандар иықты, жауырынды болып келмей ме?! Мына иғы қушиған бейнені Нұржан да айтуға қалай дәтіміз барады?! Сақалы да Спандияр суреттегендей сары сақал емес, қарашулан.

Дінәш Нұрмұхамбетов («Қостанай таңы» газеті,1996 ж,25 маусым) «Алтын көмбенің ақиқаты немесе ақын ана Мәриям Хакімжанова айтқан сыр» деп аталған мақаласында: «Айтпақшы, – деді Мәриям апай қоштасып тұрып, – Мен 1935 жылы Нұрекемнің жалғыз түскен бір суретін, қара былғарымен қапталған қалың қолжазбасын Биағаңа, Бейімбет Майлинге тапсырғанмын. Ол кісі қалың қолжазбаны аялай ұстап тұрып, қатты толқығаны күні бүгінге дейін көз алдымда. «Нұржан дейтін үлкен ақын. Халқымыз үшін керек. Әдебиеттің тарихы үшін керек. Қазақ әдебиетін кешегі күннен, бізден бастаса ел-жұрттан ұят-ты», – деген толқып тұрып. Менің көзімше-ақ оқып, қуанып қалған. Бірақ кейіннен із-түссіз жоғалды. Биағаңды ұстап әкеткендер, жазушының өз қолжазбаларымен бірге оны да құртса керек. Көзден ғайып болды. Ішінде көптеген айтыстары бар еді. Өлеңдері де мол-тын. Қайтейін, аумалы-төкпелі заманда кімнен, неден айрылдық. Үйіміздегі араб әрпімен жазылған қолжазбаларды, өлең-жырларды, қисса-дастандарды өртеген кезіміз болған» – деген ақын сөздерін баяндайды. «Нұржан ақынның фотосуреті болған, әттең, әлі табылмай жатқаны өкінішті» – деген сөздерін де келтіреді.

«Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,

Ер сарсаң іздеп мақсат таба алмаса,

Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс,

Дос достың қадірін біліп, баға алмаса…» деген екен Нұржан бабамыз. Менің мұны айтып жатқандағы мақсатым, сөз өтірік, іс жаңылыс болмасын. Бірақ, болар іс болып қалды. Мүсін тұғырда тұр. Келешекте Нұржанның суреті табылып жатса, бұл мүсін күресінге тасталуға тиіс.

Ақылбек  Шаяхмет, жазушы

Abai.kz

 

 

 

Abai.kz