Әнуар аға жайында әңгіме

0

Қаламгер Ғаббас аға Қабышұлымен алдыңғы күні ертеңгісін телефон арқылы хабарласып:

— Ғаба, Сізбен кездесіп, аздап әңгімелессем деймін, денсаулығыңыз, уақытыңыз рұқсат бере ме? — дедім, өзінің ыңғайына қарай әзілдеп.

— Қонаға келіп, таң атқанша шүкілдессең де еркің. Денсаулығым Алматының ауа райынша бір күн «жаңбыр», бір күн «қар» болып, бір апта «еркелеп» еді, ақырында екеуіміз «тіл табысып», Құдайға шүкір, кешеден бері тәп-тәуірмін. Дауысым тап болған қырыл-сырылынан құтылып, «құдашалап» ән салуға жарап қалды. Ал уақыт шіркінім мұнай мен газымыздай мәңгілік мол, — деді.

Ғабаңның әрқашанғысындай қалтарыссыз көңіліне риза болдым. Үйіне бардым. Ашық-жарқын сөйлестік. Сол жолғы әңгімемізді, қадірменді оқырмандар, міне, сіздерге ұсындым. 

— Ғаба, «Дат – Общественная позиция» газетінің 13-желтоқсан күнгі санынан Әнуар Әлімжановтің «Правда о Жанаозене» деген мақаласын оқып, шынымды айтайын, қатты толқыдым. Ол кісінің осында, мемлекеттік университетте оқығанын, қайда қызмет істегенін білемін. Бірақ, радиотелевидениемізде қанша жыл жұмыс жасап жүргенімде Әнекеңмен әңгімелесудің реті келмепті. Сол «әттеңімнің» есесін қайтаруды, «ештен кеш жақсы» деп, ойлап келдім, көмектессеңіз деймін, сіз ол кісімен көп жыл қызметтес болдыңыз ғой?

— Тағдырдың құқайын көп көрген қазақтың кедей отбасында туып-өскен, Жетісудың Талдықорған өңіріндегі Қарлығаш ауылынан ұшып, әлемнің алпыс шақты елінде болып, қазақ атты көне халықтың барын, оның әдебиеті де, өнері де, ғылымы да көне, тарихы тұнған тағлым екенін перзенттік ұлы сезіммен жеткізіп айта білген, өкшесін басқан іні-қарындастарына сөзімен де, шығармаларымен де үлгі-өнеге болған Әнекеңнің «Литературная газета» мен «Правда» газетінің Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі қызметіне қоса мемлекет, қоғам қайраткері ретінде атқарған бір тарихи ісі — 1991-жылғы желтоқсанның 26-сында КСРО-ның ыдыратылғаны жөніндегі қаулыға қол қойғаны екенін, әрине, білесіңдер. Сол жылдың күзінде КСРО халық депутаттарының бірінші құрылтайы шақырылды ғой. Сонда КСРО бойынша бүкілодақтық дәрежедегі 8 комитет Әнуарды Жоғарғы Кеңес басшылығына ұсынды. Басқа бірде-бір депутатқа ондай сенім көрсетілген жоқ. Әнекең қазан айының 29-ындағы мәжілісте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Республика Кеңесі төрағалығына бір ауыздан сайланды. Шешуші дауысы бар 131 өкілдің 130-ы жақтады! Қалған біреу дауыс бермепті, сірә, ол өзіміздің қазекең шығар. Азамат, Жазушы беделі сынға түскенде Әнекеңнің соншама абыройға бөленгені оның кім екенін айтып берді емес пе?! «Записки президента» деген кітабында, 1994-жылы шыққан, Борис Ельцин: «26 декабря 1991 года в здании Кремля, над которым уже не развевался флаг СССР, Верхняя палата союзного парламента приняла декларацию, в которой обьявила о прекращении существования СССР. Председатель палаты А. Алимжанов сказал, что они выполняли «свой депутатский и гражданский долг» деп жазыпты.

— Рас қой! Ал студент Әнуардің 1953 жылы Ұстазы Мұхаңды – Мұхтар Әуезовті КГБ-ның құрулы қақпанына түсіп қалудан аман сақтап, Мәскеудегі достарына жасырын аттандырып жіберген ерлігін Мәдидің өлең тармағын тақырып еткен: «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай…» деген деректі хикаятыңыздан оқыдым. Марқұм ағамыздың мына мақаласына жазған алғы сөзіңізде айтқан, 1989-жылы шілде айында Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда, сондай-ақ, 1991-жылы қараша айында Англия парламентінің Қауымдар палатасында Семей полигонын жабуды талап етіп сөйлеген сөздерін де сіз жарыққа шығардыңыз, солай ғой? Ал сонда ол мақалалары кезінде неге жарияланбады?

— Әнекеңмен өмірінің соңғы 23 жылында аралас-құралас, ниеттес, сырлас болдым. Ол ешқашан, ешбір билікке жалтақтаған жоқ. Ой-пікірін ашық, батыл айтатын. Жаңаөзенге сапары туралы мына мақаласын билікке де, оның газетіне де жолдады, бірақ, Әнекең жазғандай, Жаңаөзеннің жағдайын өздері ушықтырған билік айылын жимады. Әнекеңнің сонда қыжылмен күліп: «Керуеніміздің кері бұрылғанына көзім тағыда жетті» дегені әлі есімде.

— Одан бұрында кімге сөзі өтпеп еді?

— Дінмұхаммед Меңліахметұлы Қонаевқа. Ол оқиға туралы жазғанымды оқымаған екенсің ғой?

— Қалайда… көзіме түспепті. Ғаба, сізбен хабарласуыма, шынында, себепші болған мына мақаласын оқыған соң, газет үстеліңізде жатыр екен ғой, Әнекең жайында кеңірек әңгімелескім, сайт оқырмандарына айтып бергім келді. Мен сөзіңізді бөле бермейін, ал сіз Әнекең туралы айтылуы қажет дегеніңізді баптап айтып беріңіз, жарай ма?

— Жарайды. Уақытым мол дедім емес пе. Ал «Даттың» үстелімде жататын болғанына үш жыл, үйге жаздырып қойғанмын, бұл газет Әнекең сияқты: ақиқатты нақты, батыл жазады, табанды. Анау әлгі тарысы көп табақтылардың қара сойылдары тиіп кетпесе екен деп тілеп те отырамын. Ал Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов хақында айтылуға тиіс жақсы сөз көп, мұрағатындағы әдеби мұрасын ақтарған сайын көзім жетуде. Көріп-білгенімді екшеп айтып та, жазып та жүрмін. Әйткенмен, саған бірер жәйтті ғана ықшамдап баяндайын…

Әнекеңнің жасы енді екі жылдан кейін 90-ға толар еді… 63 жасында ауруханада көз жұмды… Оның биліктің ызғарына алғаш ұшырағаны 1984-жылдың қазан айында. Ілияс Жансүгіровтің туғанына 90 жыл толуына орай республика партия мен үкіметінің қаулысы шықты, жыл басында. Шілде айының 5-і күні Мұхтар Әуезов атындағы драма театрымызда салтанатты жиналыс өткізу, басқа да игі шаралар жасау жайында. Сонымен, маусым айының соңғы аптасында одақтас республикалардан, Мәскеу мен Ленинград қалаларынан делегация келді. Социалистік елдерден 5-6 ақын болды. Мәскеудегі дос-жолдастырында мейман болып жүріп, солармен бірге келгендер. Сөйтіп, тойдың басталуына үш күн қалғанда партия мен үкіметіміз тосын қаулы қабылдап, Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығын атауды қазан айына шегерді де, Ілекеңнің әруағы сол екіарада кімге нендей жаманшылық істеп қойғанын «бір құдай» білсін, Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуы белгілі мерзімінен дереу ілгерілетіп, жиыны 100 шамалы мейман Қордайға аттандырылды. Оқыс өзгеріске, басқаларды былай қойғанда, Жамбыл облысының басшылары қатты таңырқап, сасқалақтап қалғанын обкомның идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатыровадан естідім.
Ілекеңе арналған шара қазан айында өткізілді. Әуезов театрында емес, Лермонтов атындағы орыс драма театрының кіші залында. Оған одақтас республикалардан ешкім шақырылмады. Сыйғаны залдағы, сыймағаны есік алдындағы көпшілік, әрине, наразы. Біз, бір топ дос-жолдас ақын-жазушы жігіттер залға ертерек еніп, екінші қатарға жайғасқанбыз. «Салтанатты жиын ашық» деп жарияланып, баяндамашы мінберге шығып: «он бес минөттен асырмаймын» деп алып, жазып әкелгенін оқуға кіріскен. Сол мезетте бүйір есіктен Әнуар Әлімжанов кірді. Үстінде – сұрғылт түсті сулық. Біз ортамызға шақырып, сығылысып орын бердік. Әнекеңе көз тастап едім: өңі қуқылданып, қабағы түйіліңкіреп, мұрны қусырылып отыр. Президиум жақты көзімен тінтіп шықты. Көңілі бұзылып келгенін сездім.

Баяндама бітіп, сөйлеушілерге кезек тиді. Екінші сөйлеуші сөзін аяқтай бере Әнуар орнынан шапшаң тұрып, мінберге беттеді. Президиумдағылардан, онда Қонаевтан басқа дөкейлердің он шақтысы отырған, көз алмаған күйі көтеріліп, оларға оң қолының сұқсаусағын оқтап тұрып: «Сендер қазақ әдебиетінің шын мәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығын жетім қыздың тойындай етіп өткізіп отырсыңдар! Мұны бұл қиянаттарыңа қарсылық жасаудан жасқанған бүгінгі біз амалсыз кешірсек те, ертеңгі ұрпақ кешірмейді, осы естеріңде болсын!» — деді де, мінберден түскен күйі залдан шығып кете барды.

Әділетсіздікке күйінген сәтте Әнекеңнің жайшылықтағы қарапайым қалпы күрт өзгеріп, құдіреттеніп кететініне сол жолы да куә болдым. Ертеңінде Орталық комитеттің мәдениет бөлімінде бір шаруам болып бара қалсам («Ара-Шмель» журналының Бас редакторы кезім), бөлім меңгерушісі Мәркен Шайжүнісов, «мұрнына су жетпей», алас-күлес болып отыр екен. Амандасып бола бере:

— Бір-екі күннен кейін келші! — деді.

— Е, не боп қалды? Моншадан жаңа шыққандайсың ғой? — дедім.

— Ойбай, Әнуардің кешегі сөзі қиын болды, Димаш Ахметович: -Әлімжановтің сөзінің стенограммасын срочно әкел, — депті секретарға, сонсоң бәріміз… сен ренжіме, жарай ма, ертеңдер хабарласшы! — деді.

— Әнуар шындықты айтты, оның несіне шала бүлінесіңдер? — дедім.

— Біреуге шындық екінші біреуге шындық болмайтынын білесің ғой, қосыла қажамашы мені! — деп налыған соң кідірмедім, сол сәтте келіп кірген Сұлтан Оразалинов, Мәркеннің орынбасары, екеуіне амандық тіледім де, шығып кеттім.

Сол күннен бастап Әнуар кәдімгі қақпақылға душар болды. Біресе анау қызметке, біресе мынау қызметке ауыстырылып, екі жыл өте бере, 56 жасында, жұмыссыз, зейнетақысыз қалдырылды. Қонаев оның Ілекең тойы туралы өздеріне қарата тік айтқан орынды сынын кешіре алмады. «Литературная газетаның» меншікті тілшісі бола сала өзімен сұхбаттасып, одақтық деңгейде шешім табуы керек небір ауқымды мәселелерді көтеріп, республикаға көп көмегі тигеніне риза болып, «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор, одан кейін Жазушылар одағы басқармасына бірінші хатшы етіп тағайындаған, содан соң, Жазушылар одағы басшысының Жарғы бойынша екі мерзімі өткенде, Табиғи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық қоғамның президиумына төраға еткен (ондағы Сабыр Ниязбековті дереу босатып) Қонаев Әнекеңнің бұрынғы еңбектерін есінен шығарып, сырт айналды.

Театрдағы «оқиғадан» соң Орталық Комитетке Әнекеңе «бағышталған» бір «ғажап» мінездеме жеткенін кейінірек білдім. Аңқуы жоқ, мүңкуі көп ол «партиялық құжаттың» бірер сөйлемі былайша: «…Острая подозрительность, мелочность, мстительность, необъективность, не деловой подход. Способен разложить коллектив, рассорить людей. Доверяет слухам, сам участвует в их организаций и распространений…». Қалай екен?

— Ата жауын аянбай мұқатқан сияқты ма, кім жазған өзі?

— Иә, мұндай мінездеме 1937-38 жылдарда ғана жазылған шығар… Әнуардан тез құтылуды көздеген «көсем» керек еткен «құжат». Өзі Жазушылар одағының тізгін-шылбырын ұстата қойған, биліктің қас-қабағын бағуы қашанда қапысыз Олжас Сүлейменовінің қат-қабат «ұшқыр» сөздері. Одақ парткомының хатшысы Ахметжан Әширов, кәсіподақ ұйымының төрағасы Қалихан Ысқақаов үшеуі қол қойған екен, соңғы екеуіне кезекпен телефон шалып: «Мұрағаттан мынандай мінездеме тауып алдым, — деп оқып бердім де: — Бұның не? Әнуар шынымен осындай ма еді?» — дедім. Біріншісі: «Біз, ұйғыр жазушылары, Әнекеңнен көп жақсылық көрдік, оны әрқашан ризашылықпен айтып жүреміз. Ал андағы мінездеме… Олжас шақыртып алып, Орталық комитет Әнуарға мінездеме сұратқанын айтып, оны жазуды маған тапсырды. Мен, әрине, шындыққа сүйеніп, Әнекеңді мақтап жаздым. Оным Олжасқа ұнамады, өзі редакциялап, қайта бастырып, қол қойдырды» деді. Екіншісі: «Парткомның қолы тұрған соң оқымастан қоя салып едім, қап, Әнекеңе обал жасаппыз ғой?! Әй, иттік-ай!» деп күйінді. Ақын-жазушы екі құрдасымның сол тұста: «Әлімжанов – арызқой» деп жүргендерін естідім, бірақ «есептесуге» зауқым болмады.

Әнекеңнің қиянатқа ұшырағанын естіген КСРО Жазушылар одағы оны Мәскеуге, өздеріне қызметке шақырды, бірақ Әнуар бармады. «Әнеке-ау, барсаңшы, мыналар тілдерін тістеп қалсын» дегенімде, басын шайқай, салқын үнмен: «Бармаймын. «Битке өкпелеп тонымды отқа тастар» жайым жоқ. Көштен қалмаспын, аштан өлмеспін!» деді.

— Намысы күшті екен ғой!

— Ал Әнекеңнің 1986-жылғы желтоқсан айында болған қантөгістің себеп-салдарын одақ, халықаралық деңгейлерде ашынып паш еткен мақала-сұхбаттары іле-шала «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» газетінде шықты. Әнекеңнің ашық ойларын түсіне алмаған, не түсінгісі келмеген дүбәрәлар: «Ойбай! Әлімжанов жастарымызды жазғырды!» деп шулай бастады. Әнекең: «…К толпе примкнули хулиганы, пьяницы и другие антиобщественные лица. Разгулявшиеся дебоширы, вооружившись металлическими стержнями, палками, камнями, избивали и оскорбляли граждан, орпрокидывали и поджигали автомобили…», деген болатын. «К толпе примкнули» дегені студент жастар еместігін, оларға арандатушылық пиғылмен қосыла жөнелген оңбағандар екенін діттеген. Дүние жүзінің барша құрлығында болған Әнуардің қай елде, қашанда билік атаулыға наразылықпен көшеге шыққан ереуілшілердің, көтерілісшілердің тобына бұзық-сотқарларды биліктің өзі әдейі қосып та жіберетіні жазылмаған заң екенін білгені сөзсіз.

— Әрине! Бізде де солай болғанын кейінде білдік қой. Бұзақылардың орыс нәсілділерден әдейі іріктелген топтары алаңға алып келген арматуралар осындағы зауыттарда жасалыпты.

— Халықпен санаспайтын биліктің өз саясатына наразылық таныта алаңға жиналған жастарымызды өзімбілемдік өктемдікпен қорлағанын… қазір, Жұмаш мырза, қазір, керек бола қалатын кітаптар мен құжаттар мына шкафымда.

— Шкафыңыз үстеліңіздің қатарында, қол созымда, рахат екен.

— Ә, міне, мына кітапта, оқып берейін, орыс тіліндегі нұсқасы: «…А декабрьские события вселили в нас тревогу, отчужденность, показали, насколько зачерствели, заплесневели наши души. Зараза приспособленчества и потребительства, протекционизма и родофильства очень живуча. Она порождает клановость, вождизм… В морально-нравственном падении высших кругов нашего республиканского руководства, в коррупции и трайбализме, землячестве и взятничестве, охватившим высшие сферы нашего общества, приведших к трагическим событиям, виновна не молодежь, отчасти виновны и мы с вами, но больше все те же чиновники, сидевшие на холме власти!» деп жайып салған. Ол шындық биліктің бүйіріне шаншудай қадалды!..

— Әрине!

— Әнуардің мұрағатындағы қыруар жазба-құжаттар арасында: «Ей, ты, Алимжанов! Ты – националист, защитник своих бестолковых молодых сородичей! Если хочешь жить, немедленно уезжай из Алма-Ата, исчезни!», «Әй, Әлімжанов, сен – шоқыншысың! Басшыларымызға тіл тигіздің! Семьяңды ал да, Алматыдан тайып тұр!» деген зұлымдық хаттар бар.

— Әнекең сонда да тырп етпеген, ә?

— Мысалы, маған ондай хаттар алғанын айтқан да емес. Енді екінші жәйт былайша. Қонаевтың, Колбиннің дәурендері өтіп, Ельцин мен Горбачев, өзің білесің, «суверинитет парадын» жасады, одақтас республикалар тәуелсіз елдерге айнала бастады. Бірі, Балтық бойындағылар, күнібұрын талап еткен күреспен алса, бірі, мәселен, біз Совет өкіметінің ыдыратылғанына өкініп, Горбачевқа жалтақтап, әйтеуір, ең соңында алып тынышталдық. Кейін президентіміз: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық» деп өзі де иланып, өзгелерді де иландырып бақты. Әдетте жаңа биліктің де жазылмаған заңы болады, ол – бұрынғы билікке наразы болған қайраткерлерді бауырына тарту. Қонаев қудалаған Әнекең президент Назарбаевтың құзырына мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесші қызметіне шақырылды. Бірақ онда тұрақтамады. Жаңа биліктің ауылды «прихватизациялаудан» бастаған саясатын қолдамады. Келісімпаздыққа ұрынбады. Сынай бастады. Коммунистік партияның мұрагері деп Социалистік партияны ұйымдастырып, қазақ тілінде «Қазақ мемлекеті», орыс тілінде «Республика» газеттерін шығаруды қолға алды. Бірде, егер жаңылыспасам, 1993-жылы тамыз айында «Республика» газетінде Әнуардің сұхбаты жарияланды.

— Әнекең ана тілінде таза сөйлейтін еді, сонда жалпы орыс тілінде жазғаны қалай, сұрамадыңыз ба?

— Сұрадым. Ол әзілдеп сөйлердегі әдетінше сылқ-сылқ күле отырып: «Мысалы, сен әңгімелеріңді орыс оқырмандарына жеткізу үшін әуелі жолма-жол аударма, одан соң әдеби аударма жасатасың, егер соның өзі сәтті бола алса. Ал мен төтесінен тартамын» деді. Енді жаңағы сұхбатының соңғы сөйлемдерін оқиын, мінеки, тыңда: «Бывшие работникик партийных верхов стали причастными к дележку – кто в меньшей, кто в большей степени бывшей партийной казны, её имущества. На деньги партии открыты коммерческие структуры. Распродается национальное богатство… Мы не против рыночных отношений, но нельзя же допускать безудержного хищничества, тотальной коррупции, вопиющего беззакония, беспредела!.. У нас произошлое что-то антиисторическое. Мы уничтожили все до основания. Не только экономику, но и науку, и культуру, и литературу тоже. Полное единоначалие и подчинение сверху до низу… Да, мы всё разрушили. А что предложили в замен? Говорят, сейчас переходный период. Но куда переходим-то? К цивилизованному рынку ли? А может, в феодальное прошлое? Пока что переступили порог дикого капитализма, основанный на перекупле, перепродаже, на спекуляции, где утверждается закон джунглей. Стали страной воров!». Қалай, Жұмаш мырза, түсінікті ме?

— Ойпырым-ай, қалай дәл айтқан, қалай батыл айтқан, а?! Қазақтың «жүрек жұтқан» дегені ғой?!

— Міне, Әнуардің кім болғаны осы әділ тұжырымынан-ақ тұнып көрініп тұрған жоқ па? Қайран Әнекең!.. Бүгінгі біздегі кейбір «әлемге әйгілі классиктерше» биліктің ауласында арсалаңдап жүрмеді, «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» болмады, ат-атақ, орден-медаль түсіне кіріп терлемеді, сиынған иесі сиырды нұсқап: «Мынау сәйгүлік!» десе, «Иә, иә, сәйгүлік болғанда қандай!» деп сайрай жөнелмеді. Әнекеңнің мынау тұжырымдарына қазірде де қол қойып отырып айтарым: бізде мәнсіз мақтанның желкенін жағымпаздықтың желі керіп-ақ тұр. «Биліктің табанына батар тас менің маңдайыма тисе екен!» дейтін байғұстар көбейіп барады. Олардың «сұлу» сөздеріне құлақ салсаң, «жарқылдақ» жазбаларына көз жүгіртсең, Қазақстан қуаяқ Хрущев орнатуға уәде еткен коммунизмнің төріне жақындап қалғандай.

— Ғаба, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласын оқыдыңыз ба? Ойыңыз не дейді?

— Әзірше оқыған жоқпын. Әп дегенде-ақ «2030» деп басталған бағдарламадан беріде: пәлен жылға, түглен жылға жасалған жаңа бағдарламалар, жоспарлар болды, асулар, қадамдар белгіленді, президенттің жыл сайынғы жолдауы өз алдына. Ал енді Әнуар Әлімжановтың: «Да, мы всё разрушилиіне» оралсақ, биліктің бауырындағы бұқаралық ақпараттар біздің экономикамыздың әлемдік деңгейде ерекше дамып, тіпті «Экономиканың қазақстандық даму жолы» дүние жүзін таңдантып отырғанына» орай бір ғана сұрақ мынау: бұйырған тәуелсіздіктің көк туын көтергенімізден бергі 27 жылда алдымыздағы асымыздың, үстіміздегі киіміміздің арзандағанын көрдік пе? Есеп-қисаптың адвокат «ғұламалары»: «Көрдік қой?!» деп ышқынар болса, қайсысы, қашан және қанша пайызға арзандағанын маған айтып берсінші! Мүмкін олар халықтың қымбатшылықтан көз ашпай келе жатқанын: «Бекер!» деп дәлелдей де алар?

— Қайдағы дәлел?!

— Тапқыштардың тауып алулары мүмкін, олар бір миллионға жуығы жұмыссыз отырған кедей халықтан бөлек, ашық-астыртын алпыс шақты миллионері, жиырмаға жуық миллиардері бар биліктің ауылында. Дамудың халыққа соқпайтын беймәлім жолдарын зерттеп, тауып алған шығар, кім біледі. Енді, сөзді көбейтпей, Әнуар санап берген салалардың кейбіріне тоқталайын. Екеуімізге де етене көркем әдебиетті алсақ, Жазушылар одағына еге бола қалғандар соңғы 10-15 жылда одақ мүшесінің санын көбейту мен сыйлықты күйттеуден аса алған жоқ. 1996-жылы мүше саны 400 шамалы болса, 2017-жылы екі есе дерлік көбейді. Одақ басқармасының хатшылар алқасы бұдан 11-12 жыл бұрын 80 шамалы ақын-жазушыны мүшелікке бірден қабылдаса, 3-4 жыл бұрында Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын бір күнде 42 ақын-жазушыға таратып беріпті, естіген боларсың.

— Ә, иә, есімде. Жылы орынын суытқысы келмейтін басекеңдерде кезекті құрылтай, сайлау алдында сөйтіп шүлен тарататын арамқулық болады ғой.

— Ақын атамыз Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең-дастандарын 1988 жылы қайтадан жинақтап шығарған «бәрінбілгіштер» марқұм қажыны атеист – құдайсызға айналдырып жіберді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» ағылшын тіліне шала-шикі аударылды. Ол туралы Қайым Мұхамедханов бастаған әдебиетшілеріміз дабыл қаға мақала жазды, мен де қарап отырмадым.

— Білем, оқығанмын.

— Одақ басшылығына осы екі сорақылықты дұрыстау үшін жеке-жеке пленум өткізелік деп ресми ұсыныс хат жаздым. Селт етпеді. Сірә, әдебиеттің олардан да маңызды мәселерін шешкен шығар дейін десем, ондай ештеңесін естіген де, көрген де емеспін.

— Масқара!

— Жаңа «шүлен тарататын арамқулық» дедің, оның көкесін, былтыр ма еді, Ғылым академиямыздың, қазір «Ғылым академиясы» дей ме, «Ғылым ордасы» дей ме, білмеймін, соның басшылығы көрсетті емес пе?!

— Көрсетті, бір күнде 67 ме, 69 ба, кісіге академик атағын бір-ақ берді.

— «Кісіге» деп жай айта салғаның дұрыс. Солардың жартысы ортақол ғалым болса, ол да аз емес.

Мәдениет десек, театрларымыздың сахналарын алас-күлес, айбақ-сайбақ «безендіруді», алаөкпелік, желөкпелік «концерттерді» көріп жүрміз. Әнші-биші қыз-келіншектеріміз сахнаға жарғақ шалбармен быртиып-тыртиып шыға келуді азайтса да, шаштарын шашып, омырауларын ашып тастап шығудан қымсынар емес. Шаш демекші, сахналарымызда қазақы қара шаш «дефицит» болып кетті. Бұзаудың тоңғағымен сылағандай ма, әлде сабаннан жасалған жасанды шаш – парик кие ме, әйтеуір, сабалақ сары шаш «ғасыр модасы» болып тұр. Кіші «жеті қыр», әне соларда: бәрінің беті опа-далаппен өңделген, біркелкі аппақ, жып-жылтыр, ал қас пен кірпік дегендері де бір фабриктен шыққандай, қайқиып-қайқиып тұр. Еріндері шиқандай. Осындай «тірі робот» тіпті көшелерімізге де тола бастады. Қайдасың, қазақы бейне?!.

Содан кейін бізде не көп, шетелдік телеарна көп, ал олардағы «ән-бидің» көбі — кәдімгі құтырықтың арғы-бергісі. Біздің «мәдениетшілдер» соларға еліктеу-солықтауға құмар. Аттары әп-әдемі «Гәкку», «Тойбастар» дегендеріміз кейде сол батыстық «ұстаздарынан» аумай қалады. Жалпы біздің телеарналарда ресейлік кеспір басым болып барады. Көрермен көпшіліктің көкейіндегі түйткілдерді тап басып айту, көрсету жоқ. Біздің «елкезектер» солардан көшірме жасауға әуес пе, әлде сатып ала ма, әйтеуір, «егіз» дерлік бағдарма көп.

— Шынында солай!

— Бізде жұмыссыз, баспанасыз жүрген жастар жүз мыңдап бар. Ауызсусыз, жылусыз, электрсіз, тіпті дәрігерлік жәрдемсіз отырған ауыл-село аз емес. Ол қалай? Жекеменшігінде 3-4 үйі, 5-6 аутомәшіні бар «мықтылар» адал еңбегімен байыды ма? Халықты титықтатқан парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық қайдан, қалай шығып жатыр, анау миллионер-миллиардер атаулылардың қайсысы адал еңбегімен байыды? Бұл туралы жақ ашу жоқ. Баяғы «өгіз өлмес, арба сынбас». Ол да тұрыпты-ау, біздің еліктегіш-солықтағыштар кейінгі кезде ресейлік телеарналардың бірнешеуін жайлап алған «ақиқатты айту» дегенге жерік болып жүрмесе жарар еді. Өзің көрген боларсың, оларда Армен Джигарханян, Спартак Мишулин, Василий Шукшин, Евгений Петросян сияқты атақты, құрметті адамдардың, басқа да қайсыбір көрнектілердің отбастары туралы шындық пен жалғандық қойыртпақталған айтыс-тартыс «базары» болып жатыр. Кімнің неше ашынасы болды, олардан неше баласы бар, қайсысы қайда, пәлені не үшін өзара соттасып жүр, түглені шындықты неге іздемейді, неге соттаспайды дегендей «өте маңызды мәселелер» талқылануда. Ондайдың кімге, неге керегі бар? Олардың әрқайсысын ақтаушы, ғайбаттаушы екі топтың пайда болғаны, дау-дамайлары, меніңше, жіктеуден, арандатудан өзге еште емес!
Ғылым-білім десек, олардың өресі мен өрісі анау: «академиктерді» арбалап көбейтіп, ана тілімізді ағылшын тілінің қанжығасына байлап қойды да, енді, ол аздай, қытай тіліне есігімізді кең ашу керектігін айта бастады. Яғни Жаңа жылда мектептерімізге төрттұғырлы тіл бағдарламасы жасап берілуі мүмкін.

— Ол жағдай айтылып та, жазылып та жатыр, бірақ…

— Бар пәле осы «бірақта» емес пе, Жұмаш. Біздің министрлерімізге әділ сын жебесін жолатпайды. Жалпы, Әнуармен әңгімелерімде аңғарғаным: ғасырлар бойы қалыптасқан халықаралық екі қағида бар. Бірі – мемлекет басшылары қашан, қайда болсын ана тілінде сөйлемесе, ол мемлекет ұлттық мемлекет емес. Екіншісі – білім беруі мен дәрігерлік жәрдемі тегін болмаса, ол өкімет халықтық өкімет емес! Совет Одағын, социалистік лагерьді жоюды 1946 жылдан бастап ресми жоспарлы жүргізген американ саясатшылары осы екі қағиданы нысана еткен. Жә, Жұмаш мырза, «әңгіме бұзау емізіп…» жүрер, сенің Әнуар Әлімжановты білмегіңе орай мына бір жәйтті айтайын да, тоқтайын.

— Мақұл.

— Әнуар Тұрлыбекұлы, иә, өзіміздің қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университетте оқыды. Қазақстан Комсомолы мен Мемлекеттік сыйлықтарын алған Халық жазушымыз. Әлемдік дәрежеде танымал журналшы-жазушы болып, Джавахарлар Неру, Агостино Нето атындағы, «Лотос» журналының, Конго республикасының халықаралық сыйлықтарымен марапатталды. Азия мен Африка елдері жазушыларының Алматы конференциясын өткізуге, онымен жалғастыра әл-Фарабидің 1100 жылдығын тойлауға бірден-бір себепші болды. Ғұлама бабамыздың Мысырда сақтаулы кескін-суретін тауып, елімізге алғаш жеткізді, «Ұстаздың оралуы» деп роман жазды, сөйтіп, Фарабитанудың негізін қалаған Ақжан Машани ағамызға көмектесті. Әнекеңнің ел, халық алдындағы осыншама еңбегін, өкінішке қарай, Ұлттық университетіміздің ректораты соңғы жылдары мүлде ұмытты. Қазақстанын, қазағын перзенттік пәк сезіммен орынды дәріптеп өткен Әнекеңнің мүшелтойларын атап өтуді қажет етпеді. Ол ол ма, университет ректоры Мұтановқа 2014-жылы осыны қысқаша айта хат жолдап, университет шығарып келе жатқан «Өнегелі өмір» кітап топтамасына Әнуарды да енгізуді өтіндім, ол кітапқа керек мақала, естелік, фото-суреттерді ақы-пұлсыз бере алатынымды айтқаныма ол ләм-мим демеді.

— Университетте оқымаған «тірі классиктерді» қолпаштап жүр емес пе?

— Е, мейлі, әркімнің бір есебі бар. Марқұм Әнуардан енді кімге, қандай пайда бар?.. Осымен, кәне, «есен-сау бол» деселік те, хабарласып жүрелік, а?

— Әлбетте, хабарласатын боламын, Ғаба, рахмет!

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/