«Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы» ЮНЕСКО көлемінде тойланады
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр сахнасының алыбы – Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, 2019 жыл: актрисаның мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау жобасына енді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы артисінің атына арнап, ЮНЕСКО көлемінде тойлау, еске алу шаралары өтеді.
Сахна сайыпқыраны, экран алыбы Әмина Ерқожақызы 1949 жылдан өмірінің соңына (26.09.2006 ж.) дейін, жарты ғасырдан астам Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы талғампаз бейнелері арқылы, Халық қалаулысына, Ел ардағына айналған, Ұлттық өнерімізде есімі ел есінде жатталған – Әмина Өмірзақованың туғанына 2019 жылдың 8 наурызында 100 жыл толады.
Актриса Өмірзақова Әмина Ерқожақызының 100 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы жөніндегі игі бастама – Ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы құрметіне жасалған мәңгілік ескерткіш деп білеміз.