Алматы қаласында кәсіпқой бокс кеші өтеді

0
121

24 наурыз күні Алматы қаласындағы Almaty Arena көпфункционалды спорт кешенінде қазақстандық және бірқатар шетелдік боксшылардың қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтеді.

Алматы қаласы әкімдігі және «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясының қолдауымен, «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бокс кешіне жергілікті спортшылардан бөлек, Ресей, Африка, Венесуэла, Өзбекстан, Беларусь, Грузия елдерінен келген боксшылар қатысады.

Кәсіпқой бокс Кеші Наурыз мерекесін тойлау аясында жоспарланып отыр. Кеш аясында 8 жекпе-жек өтеді.

Алатау баурайында бокс жанкүйерлері қазақстандық жеңіліп көрмеген боксшылар Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахмедов және Нұрсұлтан Жаңабаевтың қатысумен өтетін үш титулды жекпе-жектің куәсі болады.

Айдос Ербосынұлы (10-0-8 KO) екінші жартылай орта салмақта Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Лукас Ндафолуммен (15-1, 6 КО) WBA Intercontinental, WBC Asia және WBO Global белдіктерін сарапқа салады.

Лукас Ндафолума –  Оңтүстік Африкадағы Намибия Республикасының кәсіби боксшысы, лақап аты «Бұзушы». Ол кәсіби рингте 15 рет жекпе-жекке шықты, бір рет жеңілген және 6 жекпе-жекті мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған. 76,2 келі салмақ пен орта салмақ дивизионында өнер көрсетеді.

Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4 KO) 25 жастағы венесуэлалық Иван Матутемен (28-1, 23 КО) WBA Intercontinental атағы үшін жұдырықтасады.

25 жастағы венесуэлалық кәсіби боксшы Иван Матуте, лақап аты «Эль Демоледор» кәсіби рингте 28 жекпе-жек өткізген. Бір рет жеңілген және 23 рет жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған. 66,68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

«Eye of the Tiger Management» промоутерлік компанияның боксшысы Садриддин Ахмедов (7-0, 7 КО) бірінші орта салмақта ,WBC Asia титулы үшін жекпе-жекке шығады, оның қарсыласы Индонезия елінен келген боксшы Джон Руба (17-5-1, 9 КО).

Өзбекстандық Улугбек Хакбердиев (5-0, 3 КО) Беларусь боксшысы Дмитрий Атроховпен (16-4, 7 КО) шаршы алаңға шығады.

Бұлардан бөлек, бокс кешінің андеркардында 16 жастағы боксшы Дастан Садуұлы (2-0, 2 KO) жеңіл салмақта (61,2 келі) ресейлік Александр Салтыковпен (12-55-3,7 KO) кездеседі. Сонымен қатар, Искандер Харсан (5-0, 4 KO) екінші жеңіл салмақта (55 келі) Грузия боксшысы Джаба Мемишишимен (8-10, 1 КО) жұдырықтасады.

24 жастағы боксшымыз Асхат Жантұсынов (3-0, 3 KO) бірінші ауыр салмақта (90,4 келі) грузин спортшысы Рамази Гогичашвилиге (22-27-2, 10 КО) қарсы шаршы алаңға шығады. Екінші орта салмақта  (76 келі) бақ сынайтын 20 жастағы грузин боксшысы Малхаз Суджашвили (10-4, 8 КО) алматылық Диас Тастеміровке (3-0, 3 КО) қарсылас атанады.

Ал Өзбекстаннан келген боксшы Улугбек Хакбердиев (5-0, 3 КО) орта салмақта (72,6 келі) өнер көрсетпек. Оның қарсыласы Беларусь боксшысы Дмитрий Атрохов (16-4, 7 КО) болуы мүмкін.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

Abai.kz