Әлихан һәм тәуелсіздік тағлымы
Бүгін Алаш арысы Әлихан Бөкейханның туған күні
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) қазақ халқының азаттық жолындағы күресте алдаспаны болған аяулы тұлға. Бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген арда азамат 71 жасында кеңес қоғамының ең бір қасіретті «халық жауы» деген жалған жаласымен Мәскеу қаласында мерт болды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Бөкейханов XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды. «Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне замандасы Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1920 жылы жазған «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.
Әлихан өмір сүрген кезеңде патша билігі ұдайы жүргізіп отырған отаршылдық саясаты салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, тіпті оны пайдалану құқынан да айырылды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты күшейіп, хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес халық ретінде өмір сүруіне қатер төнді. Отарлаушы елдің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр еткен өз халқының бейғамдығы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.
Көп қырлы талант иесі Әлихан Бөкейхановтың жазба мұралары аз емес, алайда солардың ішінде, біздің назарымызды ерекше аударған бір шоғыры қанатты сөздері деп айтуға болады. Бар өмірі халық қамын ойлаумен қайраткердің қанатты сөздеріндегі тәуелсіздік тағылымы біздің назарымызды ерекше аудартты. Өткен ғасырдың бас кезінде халқымыздың сан алуан проблемалары болған шығар, алайда ең бастысы бостандық жолындағы күрес еді. Ұлттың қамын ойлап, басын бәйгеге тігіп күрескен азаматтың әр кездері, әр жылдары айтқан қанатты қағидаттарының да бүгінгі жас ұрпақ үшін, тәуелсіз қазақ елі үшін берер ғибраты мол деп ойлаймыз. Білім кеніші мол, көрген-білгені, оқыған-тоқығаны көп Әлихан ағаның кейінгі ұрпаққа қалдырған қанатты сөздерінің тақырыбы әр алуан. Бүгінгі мақсатымыз қайраткер тұлғаның ел, жер, тіл тағдыры жайындағы толғаныстары, азаттық, бостандық, теңдік, тәуелсіздік жайындағы тебіреністері төңірегінде ғана ой сабақтағанды жөн деп таптық.
Әлихан Бөкейхановтың: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана»,-деген пікіріне терең үңіліп көрелік. ХХ ғасырдың басында қай жолмен жүрерін білмей аңырап тұрған қазақ халқын бостандыққа апаратын бір жол ынтымақ еді, ал енді өз тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын тойлап жатқан бүгінгі азат заманда да ынтымақ керек. Екі жарым ғасырға жуық бодандық қамытын киген халқының бостандық жолындағы Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген даналық сөздерінің рухани үндестігі ынтымақтың қандай роль атқаратынын айғақтап тұр.
«Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды», — деген ой айтады Ә.Бөкейханов. Әлихан ғұмыр кешкен ХІХ ғасырда қазақ қазақ билігі толық күйреді, соңғы хандарымыздың бірі Жәңгір құпия жағдайда, ал ат үстінде он жылға жуық арыстандай арпалысқан Кенесары хан бауырлас қырғыз манаптарының қолынан қапияда мерт болды. Хакім Абайды күйіндіретін «бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей алған жоқ па елдің сиқын», — деген жағдайға жеттік. ХХ ғасырдың бас кезінде, кең байтақ қазақ даласын дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін аздаған үміт оты оянды, «оян, қазақ» деп атой салған алаш ардақтылары партия құрып, үкімет орнатты. Әлихан Бөкейханов сынды тұлғаны Көшбасшы деп таныды. Атақты Сұлтанмахмұт ақынның «Таныстыру» атты поэмасындағы келесі бір жыр жолдарына назар аударып көрейік:
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.
Елі үшін құрбандыққа жанын берген,
Бит, бүрге, қандалаға қанын берген.
Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде,
Зарығып алаш үшін бейнет көрген.
Өкінішке орай қазақ елі шынайы бостандыққа жете алмады, «бұл бостандық бізге көктен келген жоқ» деп ұрандатқан кедей ақыны Сәбит Мұқанов үміттері ақталмады.
Қазақты әркім билейтін заман орнады, ең бастысы ұлтқа жаны ашымайтындардың билік басына келуі сан алуан қасіреттерге алып келді. Поляк С.С.Пестковский, грузин В.И.Нейнашивили, еврей Ф.И.Голощекин, армян Л.И.Мирзояндардың 1920-1937 жылдар аралығында билік басына келуі осының айғағы. Елі үшін құрбандыққа басын шалған, жарты өмірі бит, бүргеге таланып, түрмеде отырған, туған елінен жырақта, үй қамақта ғұмыр кешкен аяулы жанның ұлы арманы кеш те болса орындалды.
«Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Өз халқының өмір тепкісі мен өксігін көп көрген жағдаятын жан дүниесімен түсінген Бөкейханов осылай дейді. Қазақ халқы азаттық үшін сан рет арпалысты, өмір бәйгесінде сан рет есе жіберді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген ақиқат жай айтылмаған, ертерек от қаруға қол жеткізген, аз халықтардың әлсіздігін пайдаланып ойына келгенін істеген империялық пиғылдағы көршілеріміз ештеңеден тартынбады. Тіпті саған «теңдік» әпердім деп тепсінген кезі де болды, «теңдік» тым қымбатқа түсті, миллиондаған қазақ аштық, тәркілеу, куғын-сүргін құрбаны болды. Бұл қасіреттің дені Ә.Бөкейханов сынды қайраткер тұлғаның көз алдында өтті, өзі де сол жолда құрбан болды. Тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыздың енді өкініп қалмағаны абзал, бодандық қамытын сілкіп тастап тарих аренасына шыққан қазақ халқы күш қуаты мен ақыл парасатына нық сеніп, өмір бәйгесінің алғы сапында тұруға хақысы бар. Елбасы жүргізіп келе жатқан «Мәңгілік ел» болу идеясы, дамыған отыз елдің сапында болуды мұрат тұтқан ғажайып идеяларын жүзеге асыратын кезеңде тұрмыз, бостандық жолында сан рет есесі кеткен халықтың еңсесін тіктейтін кезі келді.
«Жер тағдыры – ел тағдыры», — сан рет айтылған ақиқат. Ә.Бөкейханов қай биікте жүрсе де жер тағдыры үшін тынымсыз күрес жүргізді, Ресей сияқты алып империяның ең жоғары заң шығарушы органы мемлекеттік думада отырып та қазақ қамын, жер қамын ойлады, өз жерінде отырып жер ананы пайдаланушы халге түсіп қалған халқына жаны ашыды, тынбай күресті. Ә.Бөкейхановтың «Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры»,-деп айтқаны бүгінгі күні де жаңғырып тұр десек артық айтқандық болмас. Патша билігі де, кеңес билігі де қазақ жерінің талаушысы деген роль атқарды, халқымыздың қаншама ғасырлар бойы басты байлығы болып келген жерлеріміз орыс отаршылдарының меншігіне айналды, Еділ, Жайықтан Ертіске дейін есесі кеткен халқымыздың Сарыарқасы мен Жетісуы, Алатауы мен Қаратауы, қайсы бірін айтып тауысасың, бәрі түгел дерліктей отарлап келушілердің қолына өтті, сулы, нулы жерден көз жазып қалған халық шөл дала, сусыз, кұйсіз жерлерге ығыстырылды. Қазақ халқы бұл күндері де жерді көздің қарашығындай сақтауға тиісті, бабамның бабасынан қалған аманатты кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу парыз бен қарыздың биігі.
Әлихан Бөкейхановтың жер тағдыры үшін алаңдап айтқан келесі бір пікірі бүгінгі дәуір шындығымен үндесіп тұрғандай. Ол: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса — башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді». Жер ананы сату жайында айтылған жанайқай әлі шешімін тапқан жоқ. Келімсектердің меншігіне айналып кеткен қанша жеріміз бар екенін ешкім тап басып айта алмайды, ал енді меншігіндегі жерін саудаға салып, бизнес көзіне айналдырып жатқандар қаншама, бір сөзбен айтқанда башқұрттар жасаған қателік әлі де болса андыздап алдымыздан шығып тұр. Ә.Бөкейхановтың жер туралы айтқан қағидаттарының түйіні төмендегідей: «Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ». Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, т.б. ұлт зиялылары 1920 жылы қазақ халқына алғашқы автономияны алып берді, бұл жеңіс 1936 жылғы Республика статусын алуымызға айтарлықтай септігін тигізді, ал басты жемісін біз көріп отырмыз, бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып берген сол автономиясы 1991 жылы Тәуелсіздіктің қарлығашы болып қолымызға қонды, сол кездері Бөкейханов, Байтұрсынов сияқты тұлғасы болмаған қаншама халықтар әлі күнге дейін құлдық қамытын сілкіп тастай алмай бодандық құрсауындағы бейшара күй кешуде.
Ғасырлар ауысқан, құндылықтар жайындағы көзқарастар өзгерген ХХІ ғасырда Әлекең айтқан: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ»,-деп пікір айтуына не себеп болды екен деп ойға қаласың. Европаға тәнті болып жататынымыз жасырын емес, мәдениеті де жоғары, мойындаймыз. Ғасырлар бойы дала мәдениетімен тіршілік кешіп, рух асқақтығы мен адалдығын сақтап қалған халқымызды ешкімнен төмен деп бағалауға хақымыз жоқ, өкінішке орай кей жағдайда «біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» болып жататыны жасырын емес, Әлекеңнің заманында болған жаман ғадет қазір де жоқ емес. Жаһандану дәуірінің есік қағып тұрғанын ескерген біздер ұлт жанашырының жоғарыда айтқан пікірлерін әркез қаперде ұстағанымыз жөн.
Елінің егемендігі үшін күресте ғұмыр бойы жапа шегіп өткен асыл аға: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады»,-деп күңіренеді. Бөліп алып билік жүргізген патша билігі де, «бостандыққа қол жеткіздің» деп арқадан қаққан кеңес заманында бостандық, теңдік, саясат ісінде біз үшін бәрін орталықта шешіп отырды, Мәскеу билігі ешкімге ырық бермеді. «Тарих жолында тезек теретін» жағдайға итермеледі. Бұл күндері «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы әлем халықтарымен тересі тең, бостандығын баянды ету жолында биікке ұмтылған, Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде мұхиттың арғы жағына дейін даңқымыз кеткен, алыс-жақын санасатын салиқалы елміз.
Әлекең ғұмыр кешкен кезеңдегі сайлау жайындағы жақсы сөз аз, хакім Абай «болды да партия, ел іші бүлінді» деп бір түйсе, қазақтың болдым-толдым дегені ұмтылатын болыстық жайында: «болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап», — деген райда біршама шындықтың бетін ашады, ал енді ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген жерлеміз Молда Мұса (Мұсабек Байзақұлы) «Сайлау деген елге бір бүлік шықты» деп тіпті түңіледі. Осы орайда Бөкейханов пікірі төмендегідей: «Қазақ сайлауы — жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады». Сол кездегі сайлау сипаты сондай болды деп санайық, бүгінгі сайлау бұл індеттен арылды ма, демократия салған соқпаққа түсті ме, әділ сайлау өткізіп жұрміз бе деген сан алуан сұрақтар алдымыздан андыздап шыға келеді. Күні кеше ғана сайлау өткіздік, у-шуы басылар түрі жоқ. Қайран дана Абайлар, «зарығып алаш үшін бейнет көрген» Әлекеңдер үмітін ақтамаған, бодандық кұй кешкен қазақ халқын «алты бақан, ала ауыз» етіп кететін сайлау сипаты азат, тәуелсіз қазақ қоғамы жағдайында жат қылық, бабалар үмітін ақтамаған жаман жолдардан арылатын уақыт сынында тұрмыз. «Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман» (Ә.Бөкейханов) күй кешкен замана да артта қалды. «Еріншек пен езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ»,- екенін сан рет ескерткен Әлекеңнің арманы ғасыр соңында жүзеге асты.
Білімі жоғары, өз халқының әділ заң аясында өмір сүргенін аңсаған, сол жолдағы күресін өмірінің соңына дейін жалғастырған зиялы Әлекең: «Би түзу, билік әділ болсын», «заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген жақсы ойлар айтты. Сондай-ақ әр кездері айтқан «мансапқұмар елі – кемелдікке жетпеген ел», немесе «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»,-деп келетін өткір ойлары, халқының санасына сілкініс туғызуды мақсат еткен, халқын қайрап айтқан: «тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар»,-деген ойлардың қай-қайсысы болмасын ұлт санасына саңлау түсіретін аманаттар.
Ардақты Әлихан туралы ой қорытар тұста тағы бір даналық қағидаттың терең сырына үңіліп көрелікші. Ол: «жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса — қазақ халқы соңынан ерер еді»,-деп ақеділ пікір айтты. Дауыл мен дүрбелеңге толы ХХ ғасырдың бас кезінде халық қамын ойлап, ұлт жанашыры болған арда азаматтар аз болмады, соның бірі де бірегейі Әлихан Бөкейхановтың өзі еді. Өкініштісі сол халық соңына еретін азаматтардың дені бірі ерте, бірі кеш мерт болып жатты. Қазақ халқының тағдырын келімсектер шешетін жылдар көп жылдар бойы салтанат құрды.
Ұлы баба аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қол жеткізген қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді, таза жолмен тура жолға бастайтын Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары жайында ғана ой бөлістік. Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады. Кәміл шындық осы.
Нариман Нұрпейісов, Филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz