Актриса қаза тапқан жол апаты: Қайтыс болған таксист кім?
Өткен жылдың соңғы күндері Алматыда болған жантүршігерлік жол апатынан актриса Шолпан Елгезекованың қаза тапқаны хабарланған. Бұл апаттан оның Динара Хамитова есімді құрбысы және такси жүргізушісі Бақытнұр Құнапияұлы мерт болды. Tengrinews.kz тілшісі сол күні көлік тізгінінде болған Бақытнұр Құнапияұлының Талдықорған қаласында тұратын нағашы ағасы Қами Қаукенұлымен сұхбаттасты.
Ағасының айтуынша, марқұм Қытайдың Үрімші қаласында 1985 жылы дүниеге келген. 2002 жылы жалғыз өзі Қазақстанға қоныс аударып, 2-3 жыл өткеннен кейін азаматтық алған. Әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, екі ағасы, екі әпкесі және 70-тен асқан шешесі бар, бәрі Қытайда тұрады екен.
Елге келген бойда ол Ұзынағашта тұрып, кейін Қостанай облысы Арқалықтағы жоғары оқу орнынан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын оқып шыққан. Осыдан кейін қайтадан Алматыға келіп, Қаскелеңдегі «Аяжан» колледжінде мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған.
Марқұмның Қытайдағы анасына жазған құттықтау тілегі
Марқұмның ағасы Қами Қаукенұлы оқиға болған күнді былай еске алады:
«Оқиға 29-ы таңғы 5-те болған. Сол күні ұжымы бас қосқан. Сосын пәтеріне барып, киімдерін ауыстырып, такси болып, нәпақа табуға шыққан. Сол кезде көшеде клиенттерін алып, апара жатқанда осындай оқиға болып отыр. Сол күні түнде біз мәйітханаға барып, оны таныдық».
Оның айтуынша, мәйітханаға Gelandewagen тізгінінде болған адамның туыстарымыз деп бірнеше кісі келген.
«Мәйітханаға Gelandewagen тізгінінде болған адамның туыстарымыз деп бірнеше кісі келіп, кешірім сұрап, материалдық көмек ұсынды. Бірақ мен оның туған бауыры болмағандықтан, Қытайдағы шешесі мен туған бауырларының келуін күту керек екенін айттым. Олар ертесі күні, 30 желтоқсанда Ұзынағаштағы жерлеу рәсіміне де келді. Қытайдағы туыстарының құжаттарын реттеп, шақыртуын жіберіп жатырмыз, бұйыртса, қырқына дейін келеді», — дейді ол.
Еске салайық, 29 желтоқсанда болған бұл жол апатынан актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы Динара және жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапқан еді. Оқиға болған күннің ертесі жол-көлік оқиғасының бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеосы пайда болды. Видео кадрларына қарағанда, Mitsubishi Galant бағдаршамның жасыл түсі жанғанда Сейфуллин бойымен қозғалысты бастаған, осы сәтте Абайдың бойымен асқан жылдамдықпен келе жатқан Mercedes Gelandewagen оны соғып өткен. Жеңіл көлік соққыдан бірнеше метрге дейін ұшып кеткен.
Mercedes Gelandewagen жүргізушісі оқиға болған жерден қашып кеткен. Алайда кеше, 30 желтоқсанда оны полицейлер ұстаған. Кейін оның мас болғаны анықталды. Артынша жүргізушінің екі айға қамалғаны хабарланды.