Аяғы жаман төрді былғайды, Гүлшара ханым!
Кеше ҚР Премьерінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік комиссия Президент айтқан жаңа әлеуметтік реформаны түсіндіру үшін Атырау облысына барды. Халық жұмыс талап етіп көшеге шығып жатса да селт етпейтін шенділер, онсыз да түсінікті айтылған Президент сөзін халыққа қайта түсіндірмек болыпты. Әрине, Астанадан шықпайтын министрлердің ел аралап, халықтың жағдайымен танысқаны жөн. Дегенмен, шенділердің мұндай кездесулері бір сәттік қойылымға ұқсап кете береді.
Сол кездесудегі бір ғана сурет еріксіз назарымызды аудартты.
Бұл сурет Әбдіқалықованың қанша биік лауазымда жүрсе де, қарапайым әдепті білмейтінін көрсеткендей болды. Жалаң аяқ тұрған ана мен баланың алдында аяқ киімін шешпестен әлдебір “маңызды” сөз айтып тұрған министр ханым, “аяғы жаман төрді былғайды” деген халық сөзін растап тұрғандай. Әлде, Әбдіқалықованың бүтін шұлығы болмады ма екен?
Жалпы Гүлшара Наушақызының өмір жолына қарасаңыз тек қана биік-биік мінберлерді көресіз.
Ол Жамбыл технологиялық институтын тамақ өнеркәсібі мамандығы бойынша бітірген. Бітіре сала, Қызылорда облысы Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы һәм бөлім бастығы қызметін атқарған. Одан соң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Комитетінің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалады. Бір жылдан соң, Департамент басшысы, бөлім бастығының орынбасары болады. Қызметтік жолы ғарыштық жылдамдықпен өсіп отырған Әбдіқалықова 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы болған. Ел арасында гендерлік саясат, әйел еркекпен тең құқылы дейтін сөздердің шыға бастағаны да осы кез.
Ал, гендерлік саясат дегеннің шығу төркіні — батыстағы әйелдердің әр салада құқығы шектеліп, оларды адам құрлы көрмей шектен шыққаннан пайда болған деседі. Содан бастап, бұл ұғымның аясы кеңейіп, үлкен саясатқа айналған. Алайда, біздің елде әйелдердің ерлер тарапынан қысым көріп, әр салада құқығы тапталып жатқаны шамалы. Керісінше, лауазымды қызметтер атқарып, түрлі атақ-даңқа ие болған әйелдер жеткілікті. Және, бұл үрдіс гендерлік саясат келмей тұрып-ақ, солай болған. Сонда, бұл саясаттың Қазақстанға келу себебі не? Бәлкім, Әбдіқалықова бұл жобаны әйелдердiң зейнетке шығу жасын ерлермен теңестiру үшін бастаған болар… Қалай десек те, оның “ер мен әйел арасындағы теңдік” деп жел сөзге біраз желпінгені бар. Содан болар, қазақтың Шер-ағасы атанған Шерхан Мұртаза: “Гендерлік саясат деген шығып, қайқаңдап кеткен қатындар көп бүгінде!” деп налығаны.
Одан соң, Әбдіқалықова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалады. Бұл қызметті 2009 бен 2012 жылдар аралығында атқарған. Дұрысы, атқара алмаған. Себебі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына осы ханымның да қатысы бар.
Өйткені ол, жеті ай бойы адал еңбек ақыларын алуды талап етіп, ереуілге шыққан халықты бір рет болсын назарына алып, мұң-мұқтажын тыңдамады. Керісінше, 2011 жылдың маусым айында өткен ҚР Парламент Сенатының пленарлық мәжiлiсiнде министр ханым Жаңаөзендегі жағдай туралы: “Бұл алғаш рет емес. Өткен жылы ғана пәтуаға келген едiк, бәрi шешiлдi. Адамдар неге үнемi жалақыны көтерудi талап ететiнi түсiнiксiз…” деді. Министрдің осындай ештеңе түсінбейтін таяз, ештеңе естімейтін кереңдігінің нәтижесінде — халыққа оқ атылды. Және, 16 адамның (ресми дерек бойынша) өлімімен аяқталған Жаңаөзен оқиғасы – тәуелсіз Қазақстан тарихында ең қаралы сәт болып қалады. Алайда, үйге аяқ киімін шешіп кіруді білмейтін Әбдіхалықова тарихтағы қаралы сәт деген ұғымды түсіне ме екен? Ал,Жаңаөзендегі қантөгіске қатысым бар-ау деген ой оны мазалай ма? “Астанаға 20 жыл” атты мақтаулы медаль алғанымен, Жаңаөзен оған қаралы “медаль” таққанын түсіне ме? Халықтың не себепті жалақыны көтерудi талап ететiнін түсiнбейтін ол, бұл сұрақтарды да түсінбейтін шығар…
Сол қаралы оқиғадан кейін де оның қызметі өспесе, түсе қойған жоқ. Президент кеңесшісі, Мемлекеттік Хатшы сияқты мәртебелі орындар бұйырды.
Ал, биылғы ақпанның аяғында Премьер министрдің орынбасары креслосына жайғасты. Енді ол, үйде отырған келіншектерге кәсіп негізін оқытып, қаржы табуына ықпал етпек. Атырау тұрғындарына әлеуметтік көмек туралы әзірге жай ғана ақпарат таратып жүрген Әбдіқалықова оны нақты жүзеге асыра ала ма, белгісіз?…
Түйін.
Талай лауазымды қызметтер атқарған, атқарып жүрген Гүлшара Наушақызы қарапайым ананың алдында тәкаппарлық танытқаны ұят болды. Сол ананың қасында тұрған мүгедек балаға нашар үлгі көрсетті. Өзінен қызметі жоғары шенеуніктердің сөздерін құран аятындай құнттап жүретін Әбдіқалықова “ұлық болсаң, кішік бол” деген халық нақылын да ұмытпаса дейміз…
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz