«Адасқан» қазақты қайта «тура жолға» салмақ болған батырға жауап

0
169

Құрметті оқырман, өткен жолы Abai.kz ақпараттық порталы арқылы Тұрарбек Құсайыновтың «Жас Алаш» газетіндегі мақалалар топтамасындағы Қожа Ахмет Яссауи бабамызға  қарсы пікірлерінің негізсіздігін көрсетіп жауап берген болатынбыз. Алайда, бұл мақала Тұрарбек «мырзаны» ойландырмапты. Керісінше, мәселені одан ары ушықтырып, Яссауидей ұлы тұлғаны қазақ санасынан мүлде ысырып тастамақ ниеті барлығын көрсетті.

Ол алдымен Яссауи бабамызға қарсы өзінің әрекетінде ҚМДБ-ның 2011 жылғы сопылыққа қарсы шығарған пәтуасын жариялай отырып, сол пәуаның негізінде сопылықтың Исламға мүлде жат екенін дәлелдемек болды. Одан кейін «Фейсбукте» «Атақты тарихшы-арабист Әшірбек Муминовтың ғылыми зерттеулері бойынша Ахмед Яссауи бабамыз шиғалық «мубаййида» сектасының өкілі. Бұған Зікірия Жандарбек яссауитанушы ретінде не айтасыз?

ҚМДБ/ мүфтияттан да жауап күтеміз

Одан ары қарай «Әлімсақ» жұрналында жарияланған мақаланы өзінің осы сұрағының тұздығы ретінде оқырман назарына ұсынады. Ол мақаланы сіздердің назарларыңызға да ұсынып көрелік.: « Иасауи ілімінің негізі «мубаййа-дун» және «карматтық» доктриндер деген көз-қарастар бар. Мысалы, тарихшы Р.Нелсон, тарихшы-арабист ғалым Ә.Муминов Бағдат және Хорасан сопылық ағымдарының Иасауиййа тариқатының қалыптасуына айтарлықтай ықпалы болмағанын айта келіп, Яссауи ілімі бірнеше ғасырлық тарихы бар жергілікті Түркістан аймағындағы дуалистік бағыттағы манихей ілімі мен дәстүрлі топтар негізінде қалыптасқан мубаййидиттердің ілімі мен дәстүрінің табиғи жалғасы ретінде пайда болған деген пікір айтады. Атақты түрік тарихшысы З.В.Тоған Иасауи ілімінің манихаизм мен шафиилік негізінде қалыптасқандығын, сонымен қатар Қожа Ахмет Иасауидің де Қарахан әулетінен шыққан-дығын айтады. Ирандық М.Санайи Иасауи ілімі Хорасан сопылық ағымдары мен Сыр бойындағы шиилік ағымдары негізінде қалыптасқандығын айтады. Түркиялық белгілі иасауитанушы-тарихшы А.Йашар Ожак, «Иасауидің мұсылмандығы Хорасан суфизмі мен қамдық және мистикалық-манихейлік мәдение-тіндегі көшпелі және жартылай көшпелі түрік тайпаларының дәстүрлі дүниетанымы елегінен өткен мұсылмандық болатын. Және Қожа Ахмет Иасауи Иранда дүниеге келген шиғалық Мансұр ал-Халлажды ислам әулиелерінің пірі ретінде таныған. (ALIMSAK.KZ).

Мынадай «қомақты» дәлелдері бар, қазақтың мың жылға жуық ұстанып келген жолының «қатесін» тауып, «адасқан» қазақты қайта «тура жолға» салмақ болған батырдың мұндай «еңбегін» бағаламау, оны ескеріп жауап бермеу біздің тарапымыздан көргенсіздік болар еді. Сондықтан уақытымыз аз болса да, жауап беруге мәжбүр болып отырмыз.

«Адасқан» қазақты түзетпек болып жүрген Тұрардың мына қойған сұрақтары, бұл «азаматтың» Ислам тарихынан да, мазхабтардың шығу себебінен мүлде хабарсыз екенін көрсетті. Ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихы мен сопылық жол пен тариқаттың шығуы туралы айтпаса да болады. Өңшең мазхабсыз мұсылмандардың жетегінде жүріп, солардың сойылын соққан, Қожа Ахмет Яссауи түгіл, Мұхаммед пайғамбардың өзін Аллаға серік қосу деп білетін «неодіндардан» не сұрарсың! Өзінің таным-түсінігіне сай келмейтін қазақы болмысты, оның руханиятын жалпы мәдениетін не қылсын?! Сондықтан Тұрардың өзіне неден хабарсыз екенін жіктеп көрсете отырып, оның қазаққа ешқандай қатысы жоқ, бар арман-мұраты қазақты іштей бүлдіруге бағытталған, қазақтың жұлынына түскен жұлын құрт екенін дәлелдеп көрсету кезегі келді. Енді мақаланы ислам тарихынан бастағанды жөн көріп отырмын.

Ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихына қатысты қалыптасқан пікірлердің тарихи шындықтан алшақ екендігі бүгінгі күні айқын сезіле бастады. Өйткені, егер ислам дінін түркілер Қарахандық билеуші Сатуқ Боғра хан Абд ал-Каримның кезінде 951 жылы қабылдаған болса[1, 315], онда Абу Насыр ал-Фараби сияқты ғұламалар Отырардан қалай шықты деген заңды сұрақты тудырары анық. Оның үстіне қожалар әулетінің шежіресі болып табылатын «Насаб-нама» нұсқаларында ислам дінінің Түркістан жеріне 150/766-67 жылдары келгендігі баяндалады. [2, 88] Сондықтан «мына екі тұжырымның қайсы дұрыс?» – сұраққа жауап беру ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихын зерттеуші мамандардың шешуі тиіс мәселелерінің біріне айналып отыр. Өйткені, осы екі пікір, екі көзқарастың астарында үлкен діни танымдық, концепсиялық ерекшеліктер жатқанынан көпшілік түгіл ислам тарихымен айналысатын мамандардың хабар жоқ. Біз оны қазіргі күні көптеген дінтанушы мамандардың сопылыққа, қазақ халқының тарихи жадындағы исламдық діни-танымдық түсініктеріне қатысты көзқарастарынан көруімізге болады. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын ҚМДБ-ның үгіт-насихат бөлімінің қызметкерінің  қазақ халқының діни-тарихи жадының көлемді бөлігін құрайтын діни дастандардың барлығын шиʻалық бағыттағы шығармалар ретінде бағалауы, біздегі дін қызметкерлерінің, әсіресе, шетелдерде діни оқу орындарын бітіріп келген мамандардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымынан да, қазақ жеріндегі ислам дінінің таралу тарихынан да мүлде хабарсыз екендігін көрсетті. Бұл қазіргі күні Түркістан жеріне ислам дінінің келу тарихына қатысты мәселелерді зерттеп, «ақты ақ, қараны қара» деп көрсету өзекті мәселеге айналып отырғандығын көрсетеді. Анығырақ айтсақ, «Қазақтың дәстүрлі діни танымының шиʻалықпен қаншалықты байланысы бар? Немесе, ахл ал-сунна жамаʻдан несімен ерекшеленеді?» деген сұраққа ашық жауап берілуі керек. Осы мәселенің ақ-қарасы ажыратылмайынша бұл тартысты тоқтату мүмкін емес. Бұл мәселелерге жауап беру үшін «Насаб-нама» деректерінде баяндалатын оқиғалардың тарихи шындығы мен аңыздық сипаттарына талдау жасап, олардың арасындағы сабақтастықты ашып көрсетуіміз керек және тек осы негізде ғана тарихи шындықтың қалай болғанын айқындалу мүмкіндігі бар. Сондықтан алдымен «Насаб-нама» нұсқаларындағы баяндалатын оқиғалардан бастайық.

«Насаб-нама» Қожа Ахмет Яссауи негізін салған Яссауийа тариқатының тарихы болып табылады. Қазіргі күнге бұл «Насаб-нама» нұсқаларының 70-тен аса қолжазбасы табылды. Және олардың арасында белгілі дәрежеде ерекшеліктері бар. Оларың барлығында дерлік баяндалатын оқиға кейіпкерлердің ортақтығы мен Түркістан жеріне ислам дінін әкелуші тұлғалардың Мұхаммед ибн ал-Ханафийа ұрпақтары болуы және олардың хижраның 150-жылы «Түркістан жеріне ислам аша келгендігін» баяндауы болып табылады. «Ислам аша келген» ұрпақтарының аты-жөндері Абд ар-Рахим баб, Исхақ баб, Абд ал-Жалил баб. Кейіннен ХII ғасырда қалыптасқан Яссауийа тариқатының тармақтары осы үш тұлғаның атымен байланыстырылды. Осы «Насаб-нама» нұсқаларында аттары аталған тұлғалардың Ислам орталығында белгілісі де, ол жердегі тарихи оқиғаларға араласқаны да Мұхаммед ибн ал-Ханафийа. Алайда, ол кісі туралы тарихи деректерге қарайтын болсақ, онда ол кісі туралы жазылған мәліметтердің бір жақты еместігін, көбіне теріс пікір қалыптастратынын көруімізге болады. Мысалы, ан-Наубахтидің «Шиʻа топтары» атты еңбегінде «Ол (Хусейн) өлген соң оның жақтастары үш топқа бөлініп кетті. Олардың бірі Мұхаммед ибн ал-Ханафийа имаматын жақтады және олар Хасан мен Хусейннен кейін мұсылмандар әміршісіне Мұхаммед ибн ал-Ханафийадан жақын ешкім қалмады. Имамат өкілдері ішінен одан өзге ешкім жоқ болатын.» «Екінші бір тобы айтты: Мұхаммед ибн ал-Ханафийа – Алланың оған рахметі болсын!» – имам, махди, Али ибн Абу Талибтің  өсиетін қабылдап алушы. Оның үйінен ешкім оған қарсы келуге құқы жоқ және оның имаматынан бас тартуға немесе қылышын оның рұқсатынсыз қынабынан шығаруға қақы жоқ. Тек, соның рұхсатымен ғана ал-Хасан б. ʻАли Муавийаға қарсы шықты, соның рұсатымен ғана онымен бейбіт келісімге келді. Тек, оның рұқсатымен ғана ал-Хусейн Йазидке қарсы шықты. Егерде оның айтқанымен жүрмегенде екеуі де адасар еді. Кім де кім Мұхаммед ибн ал-Ханафийаға қарсы шығатын болса, ол – кәпір, көпқұдайшыл» [3, 131-132]. Бұл жерде автордың Мұхаммед ибн ал-Ханафийаны асыра мақтап жібергенін және шиʻалықтар өкілі ретінде есептейтінін көруімізге болады. Ал, екінші бір жағынан Мұхаммад ибн ал-Ханафийаны имам санайтындардың шектен шыққандығын, олардың Мұхаммад ибн ал-Ханафийаны тіпті барлығынан хабардар имам, Пайғамбармен тең дәрежеде болды» [3, 151] – деп есептейтіндігін айтады. Ал, көпшілік деректерде  Мұхаммед ибн ал-Ханафийа барлық адасқан ағымдардың басында тұрған тұлға деп есептейді. Мысалы, қайсанийлерді шиʻалардың ең жауынгер тобы деп ал-Фахри жазғанымен [4, 31],  қайсанилердің адасқан ағым болмағандығын сол кезеңдегі тарихи, рухани үдерістерге талдау жасағанда көруге болады. Олар соңына ерген Мұхаммед ибн ал-Ханафийа бастаған ғұламалар Исламдағы нақыл мен ақылға басымдық беріп, ислам дінін тоқыраудан аман алып қалған, Ахл ар-Рай бағытының қалыптасуына ықпал етті. Бұл Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның жалпы Исламдағы ғылыми бағытты қалыптастырған тарихи тұлға болғандығын деректер айғақтайды.

Біз оны түрік ғалымы Хулийа Алпердің «Матуридиде ақыл мен нақыл байланысы» атты шығармасындағы мына жолдарға сүйене отырып, көрсете аламыз. Ол былай дейді: «Омейядттар кезеңінде  майданға келген саяси қайшылықтармен қатар тағдыр, қалау, үлкен күнәләр, күпір түсініктері жайлы талас-тартыс жүрді. Бұл тартыс айрықша ислам діні жаңа тарала бастаған аймақтарда басқа дін өкілдеріне қарсы Исламның сенім негіздерін ашық және дінді жаңа қабылдағандарға түсіне алатын деңгейде түсіндіру және оларға татымды пікірмен қарсы шығу қажеттігі туды және бұл күрес Мұхаммед ибн ал-Ханафийа (81/700 қ.б.), Маʻбет ал-Жухани (83/702 қ.б.), Гейлан ад-Димашқи (120/738 ж.қ.б.) т.б. калам білгірерін ортаға шығарды. Нәтижесінде бірінші ғасырдың соңдарында Исламның сенім негіздерін (Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін ақылды пайдалана отырып, талдау жасайтын, аяттардың ішкі мәні мен мазмұнын халыққа терең түсіндіре алатын,) қорғай алатын ықпалды топтың қалыптасу кезеңі болды. Бұл үдеріс мұʻтазила және олардың алғашқы ізашарлары болған қадарийа және жахимийа бағыттарының қалыптасуына ықпал етті.» [5, 21]. Демек, бұл үзіндіден Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның біріншіден, шиʻалық бағыт өкілі еместігін; екіншіден, Абу Ханифа Нұғман бин Сабит негізін салған мазхабтың әр халықтың өзінің дәстүрін ұстану құқы барлығына қатысты пікірінің төркіні Мұхаммед ибн ал-Ханафийадан бастау алатынын көрсетеді.  Олай дейтініміз Абу Ханифа өзінің «Китабу-л ʻалим уа-л Мутаʻалим» атты еңбегінде Құранның «Маида» сүресінің бесінші аятындағы «Сендерден әрбір халық үшін жеке шариғат және жол жасап қойдық, Егер Алла қаласа барлығыңды бір үммет жасар еді,» – аятқа сүйене отырып, Тәңірдің әрбір халық үшін өзіне ылайық шариғат бергенін, одан бас тартуға болмайтынын нақтылап көрсетіп берген болатын [6, 8-11]. Біз бұдан, Мұхаммед ибн ал-Ханафийа ешқандай шиʻалық бағыттың өкілі еместігін көреміз және оны өзге деректер де нақтылай түседі. Біз оны Хулиа Алпер атап көрсеткен Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның қасындағы пікірлес болған ғұламалардың ұстанған бағыттарынан байқауымызға болады. Мысалы, ан-Наубахти муриджиттердің қатарына ал-Фадл ар-Раккаши, Абу Шимр. Гайлан б. Марван, Джахм ибн Сафванды қосады. [3, 118]  Осы тізімнің ішіндегі Гайлан б. Марванның Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен пікірлес болғандығын Хулиа Алпер көрсеткен болатын. Олай болса, Мұхаммед ибн ал-Ханафийа шиʻалардың өкілі емес, мурджилар өкілі болып шығады. Ал бұл бағытты ұстанған Мұхаммед ибн ал-Ханафийа бастаған топтың Халифаттың ішкі тақ таласына араласқаннан көрі, одан да күрделі, Исламның негіздеріне талдау жасап, халықтың діни танымын қалыптастыру бағытында қызмет етуді мақсат еткенінің куәсі боламыз. Ислам дінінің арабтардан тыс жерлерге таралуы дін негіздерін түсіндіруде жаңа ізденістер қажеттігін көрсетті. Сол кезеңдегі Мұхаммед ибн ал-Ханафийа бастаған топтың дінді түсіндіру жолындағы ізденістері  Құран мен сүннеті түсінуде ақылды кеңінен пайдалануға жол ашқанын көрсетеді. Ол алғаш рет Ислам тарихында дінді ақылмен тануды үйрететін оқу орны-медресені ашты [5, 22]. Бұл медресе өкілдерінің Исламдағы ой-пікірдің дамуына, олардың Құран мен сүннетті тануда ақылды қолдану тәжірибесі  кейіннен Ахл-и-Рай  мектебінің қалыптасуына ықпал еткен негізгі қайнар болды. Жалпы біз бұл жерде мына мәселені нақтылап өтуіміз керек. Абу Ханифа өзінің ұстанған бағыты жағынан  шиʻалық бағыттағы зайдилерге жақын болуы және мурижилер ішінде ʻАлидің Талха мен Зубайрға қарсы күресін дұрыс деп есептеуі, оның ʻАли әулетіне іші бұратынын көрсетеді [3, 121]. Бұл айтылғандар Ахл ар-Рай бағытының қалыптасуы өз бастауын Мұхаммед ибн ал-Ханафийадан негізін салған ақылшылық бағыттан алатынын көрсетеді.

Мұхаммед ибн ал-Ханафийа муржиʻаны қабылдай  отырып, ахл-и сүннеттің қабыл еткен шарттар мен ұстанымдарды толығымен қабылдады десе болады. Бірақ, оның діни көзқарасының ахли-сүннеттен ерекшелігі рух әлемімен сабақтастық үзілген жоқ деп есептеді. Шындығында оның бойында әкесі, ʻАли ибн Абу Талибтен қалған рух әлемімен сабақтастық бар еді. Бұл жерде мына бір мәселені ескеру керек. Рух әлемімен байланыс деген ұғымды ʻАли ибн Абу Талибің өзі «имамат» деп есептегенін, «имаматтың дұшпадарынан бас тартатынын, қарсыластарын әщкерелейтіні жазылады. Алайда, оның қарсыластары ʻАлидің бұл пікірі йудейлерден алынған деп есептейді [3, 128]. Демек, бұл рух әлемімен сабақтастық ʻАлидің өзінен қалған және оның ұрпақтарында жалғасын тапты деп айтуға негіз бар.

Жалпы Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның ұстанған бағыты, ақыл мен нақылды қолдану арқылы дін ілімін, қасаң қағилар жиынтығы емес, халықтың рухани болмысының сарқылмас қайнары ретінде дәлелдей білуі халық арасынан қолдау тапты. Әсіресе, Ирақ жеріндегі халықтың арасында Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның имаматын жақтаушылар көп болды.  Солардың бірі  Мұхаммад ибн ал-Ханафийа имаматын жақтап, сол үшін күреске шыққан Қайсан атты лақабы бар ал-Мұхтар б. Абу ʻУбайд ас-Сақафи болатын [3, 128].  Егерде осы кезеңде Мұхаммед ибн ал-Ханафийа саяси билік үшін күреске араласып, билікке келуге ұмтылғанда, онда оның жеңіп шығу мүмкіндігі де бар еді. Ал-Мұхтар көтерілісін бастаған кезеңде Халифатта билік үшін омеядтар мен Абу Бакрдің немересі Абдулла ибн Зубайр арасында күрес жүріп жатқан болатын. Ал-Мұхтар алдымен омеядтарға қарсы күресіп, оларды жеңіліске ұшыратқаннан кейін Абдулла ибн Зубайр оның күшеюінен қорқып, оған қарсы соғыс ашып, талқандады [7, 101-103]. Ал, ал-Мұхтар б. Абу ʻУбайд  Мұхаммед ибн ал-Ханафийа идеясын қолдап күрес жолына шыққан болатын. Алиден қалған рух әлемімен сабақтастық идеясын ту еткен көтерілісшілерді араб дәстүршілдігін жақтайтын Омейядтар да, Абдулла ибн Зубайр да қолдамады. Бұл осы кезеңнің өзінде араб қоғамы іштей тек нақылмен жүреміз дейтін бағытты қолдайтындар мен нақыл мен ақылды қатар қолданып, Исламды алға сүйрейміз деген бағыт қалыптасқандығын және олардың арасында бәсекелестік болғандығын көрсетеді.

Жалпы VIII ғасырдың басына қарай Мұхаммед ибн ал-Ханафийа бастаған Исламды ғылыми бағытта дамытамыз деген топтың идеялық бағыты Халифаттың Шығысында кең көлемде қолдау табады. Әсіресе, ал-Мұхтар ас-Сакафи көтерілісіне қатысып, қайсанилер деген атақ алған топтың әркеті белсенді болғандығын, олар өздеріне имам ретінде Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның ұлы Абу Хашимді танығандығы айтылады. Абу Хашимнің қайсанилермен байланысқанын есіткен халиф Сүлеймен ибн Абд ал-Малик оны өзіне шақырып сөйлеседі. Абу Хашим үйіне келген соң жағдайы нашарлап, қайтыс болады. Халық арасында Абу Хашимді халиф улап өлтірді деген әңгіме тарайды. Абу Хашим халифтан шығып, Аббас әулетінің өкілі Мұхаммед ибн Али ибн Абдулланың да үйіне барады. Оған мемлекет билігі өздеріне тиеслі екендігін, ол үшін күресу керектігін жайып салады. Абу Хашим қайтыс болған соң қайсанилерге басшылықты осы Мұхаммед ибн Али жүргізе бастайды. Бұл қозғалыстың соңы 132/750 жылы Аббасилер әулетін Халифат тағына отырғызумен аяқталды.

Мұхаммед ибн ал-Ханафийа ұстанған бағыттың дұрыстығын тек қайсанилер емес, Хусейн әулетінің өкілдерінің де мойындағанын көруімізге болады. Оған мысал ретінде Зайд б. Али б. Ал-Хусайнды атап көрсете аламыз [3, ]. Ол және оның жақтастыры Абу Бакір мен Омар ибн Хаттабтың халифалығын мойындады. Зайдтың мұндай ұстанымға келуі оның да Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен пікірлес болғандығын дәлелдейді. Ал оның ұлы Йахийа ибн Зайд 743 жылы Хорасанда өлтірілді [3, 217]. Ал, оның ұлы Исхақ баб Түркістан жеріне «ислам аша» келушілердің бірі болды. Демек, Түркістан жеріне «ислам аша келген» тұлғалардың ешқандай шиʻалық бағыттың өкілдері емес, Исламның ақыл мен нақылды қатар ұстанған, дінді адамның рухани болмысының сарқылмас қайнары ретінде тану жолдарын қалыптастырған Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның жолын әкелген тұлғалар болғандығын көрсетеді. Исхақ баб болса сол топтың өкілі. Исхақ бабтың анық кім екендігін Ибн ан-Надим өзінің «ал-Фихрист» атты кітабында нақтылап жазған болатын. Ол Мауараннахр мубаййилерінің басшысы Исхақ ат-Түріктің шыққан тегі жайлы былай дейді: «Басқа бір қауым Исхақ ʻАлидің ұрпағы екендігін айтады. Шындығында ол екі топтың атын жамылып, тығылып жүр. Ол Йахийа ибн Зайд ибн ʻАлидің ұрпағы. Кейбіреулердің айтуынша, ол омейядтардан қашып түркілер еліне кетеді. «Китаб Мауараннахр» авторының жазуынша, (ол) Хорасаннан шыққан» [8, 115].  Бұл дерек бір жағынан «Насаб-нама» нұсқаларында жазылған тарихи оқиғалардың аңыздық сипаты басым бола тұра, тарихи шындыққа негізделіп жазылған шығарма болғандығын көрсетсе, екінші жағынан Түркістан жеріне келген ислам дінінің бағыт-бағдарында ешқандай адасушылық болмағандығын, керісінше, сол кезеңдегі ислам дініндегі озық ой-пікірді түркілер арасына жеткізгендігін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Түркістан жеріндегі ислам діні Халифат орталығындағы Исламға қарағанда басқаша, ғылыми негізде дамығандығынан хабар береді.

«Насаб-нама» нұсқаларында Түркістан жеріне Исхақ баб пен оның серіктерінің 150/766-67 жылы «ислам аша» келгендігі баяндалады. Олардың Түркістан жеріне келуінің басты себебі, Хорасанда Аббасилер билігіне қарсы күрестің жеңілуімен байланысты болды. Кезінде Хорасан халқының омейядтар билігіне қарсы күресін бастаған, Аббасилер әулетін таққа отырғызған Абу Муслимнің 755 жылы Абу Жаʻфар ал-Мансур тарапынан өлтірілуі  халықтың жаппай наразылығын туғызды. Халық жаппай көтеріліске шықты. Бірақ жеңіліске ұшырады. Міне, осы Хорасанда жеңіліс тапқан көтерілісшілердің Исхақ баб бастаған бөлігі Түркістан жеріне кетті.

Ендігі кезекте Исхақ баб бастаған «ислам аша» келушілер Түркістан қандай өзгерістерге себеп болды? Қандай діни құндылықтар әкелді? Олар сол кезеңдегі  түркілердің саяси және қоғамдық өміріне қандай өзгерістер әкелді? Осы мәселелерді қысқаша тарқатып көрейік.

Түркістан жеріне ислам дінінің 150/766-67 жылы келуі алғашқы түркі- ислам мемлекетінің қалыптасуына әкелді. Ол туралы «Насаб-наманың» Қараспан нұсқасында мынадай жолдар бар: «Кашғарға келіб түштілар. Кашғарда бір тарса бар йерді. Лақабы Мункөзлук Бұғра Қара хан, тарсача аты Йуханийан йерді. Шаһ ʻАбд ар-Рахим Йуханийанды иманға даʻуат қылды. Унамады. Айды: Менің дінім хақ турур деп. Сізлар бірлә тоқуш  қылурмын,-тиді. Йерса, йелік мың мұсылман, тақы тоқсан мың тарса черікі бірлән атланыб, уч күн-түн тоқуш қылдылар. Хақ Таʻала Ислам черикига нусрат беріб, қырық мың тарса өлуб, Йуханийар қачыб барыб Ақсуф қорғаныға кігандин суң, Кашғар йелларі барчасы мұсылман болдылар. Ислам ачылды. Ун йекі мың мұсылман шаһиж болдылар. Ана лиЛаһи ана иләйҺи ражиʻун. Шаһ ʻАбд ар-Рахимның уч ұғлы бар йерді. Бірінің аты – Шаһ Ахмад. Уртанчының аты – шах Мұхаммад, Учінчісінің аты – Шаһ Хасан. Шаһ Амадны Кашғарға қойдылар. Лақабы – Шай хан. Шах Мұхаммадны Йетікенд йубардилар. Лақабы – Шамси хан. … Ул йерда йекі қорған йасатыб, Чалыш турған ат беріб, Сатуғ Бұғра Қара хан атанды.» [2, 168]. Ислам дінінің Түркістан жеріне таралуын «Насаб-нама» нұсқаларында осылай баяндалады. Бұл біздің тарихымызда белгілі Қарлұқ мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен сай келеді. Демек, біз білетін Қарлұқ мемлекеті алғашқы түркі-ислам мемлекеті болды деп түсіуіміз керек. (Біз мұны кезінде дәлелдеп шыққан болатынбыз.). Сырдың төменгі ағысындағы Оғыз мемлекетінің тарих сахнасына шығуы да осы ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихымен тікелей байланысты.

Ендігі кезекте ислам дінінің Түркістан жеріне таралуы түркі халықтарының рухани-мәдени өміріне қандай өзгерістер әкелді деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Ол үшін «Насаб-нама» нұсқаларында жазылатын «илм ал-хикма» деген сөздің мағынасына мән беріп, талдап көруіміз керек. «Илм ал-хикма» сөзін қазақ тіліне аударатын болсақ, онда «даналық туралы ілім» деген мағына береді. Даналық ілімінің Түркістан жеріне келуі түркілер арасында ғылым мен білімнің дамуына мүмкіндік берді. Қаншама ғұламалар Отырардан өсіп шықты. Солардың бірі  Абу Насыр әл-Фарабидің басты жаңалығының бірі Алланы танудың рационалдық жолы-«хикма иләһийа» болатын. Ол үшін Абу Насыр әл-Фараби екінші ұстаз деген атақ алды. Бұ уақыт өте келе «Бақыт әкелуші ілім» деген атпен тарала бастады [9, 24]. «ХI ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнидың «Құтты Білік» еңбегінде бұл тұжырым толығымен көрініс тапты. Түркістандық ғалымдар мен ақындардың еңбектерінде «инсан ал-камил» мәселесі көтерілді. Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Философияның дінге қатысы» атты еңбегінде  қайрымды қала башысының Жаратушы дәрежесіне дейін көтерілу мәселесін қояды. … Алла әлемді қалай басқарса (қала басшысы) қайрымды басшы қаланы солай басқарады. Жаратушының әлемді басқару мен қайрымды қала әкімінің қала басқаруы арасында айырмашылық болғанымен, екеуінің арасында үйлесім, ұқсастық бар.» [10, 185-186]  Түркістан жеріне «ислам аша келген» тұлғалар ықпалымен түркілер отанында исламдық ғылымдардың нағыз даму орталығына айналды. Ғылым мен білімнің даму деңгейі Халифат орталығындағы дамудан артық болмаса, кем болған жоқ. Жалпы  IХ-Х ғасырларда Түркістан жерінде ашылған жаңалықтардың бүкіл Ислам әлеміне ықпалы болды. Ахл ар-Рай мектебінің еркін дамуына Түркістан жері мол мүмкіндіктер берді. Тек, Х ғасырдың екінші жартысында Қарахандық билеушілердің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдағанынша ой еркіндігіне, ақылға шектеу қойылған жоқ. Ең бастысы түркі халқының діни-сенімінің жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етті. Бірақ, түркілердің мемлекетті басқару жүйесіне, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпына оншалықты ықпалы болмағанын, түркілердің өздерінің дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуға мүмкіндік бергенін көреміз. Мысалы, Қарахандық мемлекет құрамында ру-тайпалардың сақталуы түркі мәдениетінің Қарахандық билеушілердің шафиʻи мазхабын қабылдағанынша өзгермегендігін көрсетеді.

Жалпы осы VIII ғасырдың екінші жартысынан бастап түркілердің рухани болмысынан терең орын алған исламдық ғылымдар ХII ғасырда Қожа Ахмет Яссауиге өзінің сопылық жолын қалыптастыруындағы негізі қайнар болғандығы анық. Ең бастысы сопылықтың басты белгісі болып табылатын «рух әлемімен сабақтастықтың» сақталған жері Түркістан болды. Өйткені, Түркістан жеріне «рух әлемімен сабақтастықты әкелген тұлға Исхақ баб болатын. «Насаб-нама» деректерінде ол «суфра, суфрадарлік, суфра тұтмақ» және деген терминдермен беріледі. Сонымен бірге,  Исхақ бабтың Хзыр, Иляспен сұхбатта болғандығы жазылады. Ол туралы «Насаб-намада» былай делінген: «Одан Исхақ баб Шашқа барды. Шаштан Ка‘баға барды. Ка‘бадан Сариамға келіп, Жуба мешітін салды. 3500 алтын қаржы қылды. Исхақ бабтың 120 жыл өмірі болды. 90 жыл Хзыр ‘алейһи-с-саламмен сұхбаты болды.» [11, 76-83]. Немесе «Ол жерде Исхақ баб 85 жыл падшалық қылды. Хзыр мен Ілияс пайғамбарлармен сұхбатта болу үшін 80 жыл суфрадарлық қылды. Бір күнде 100 қой, 10 соғым (жылқы) соятын еді». [12, 116-118].  Бұл жерде рух әлемімен сабақтастық Хзыр, Иляс арқылы болғандығын көрсетіп тұр. Бұл жерде Исхақ бабтың рух әлемімен сабақтастығы Хзыр, Ілияс пайғамбарлар арқылы болғандығы, ол үшін «суфрадарлық» жасағандығы айтылады. Демек, Түркістан жеріндегі рух әлемімен сабақтастықты Түркістан жеріне әкелуші Исхақ баб екендігін дәлелдейді. Осы рух әлемімен сабақтастық Исхақ бабтан Қожа Ахмет Яссауиге дейін жалғасып келді. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың сопылық ілімінің негізгі қайнарлары Хорасанда да, халифат орталықтарында да емес, түркілер жерінде болды. Көптеген зерттеушілер Қожа Ахмет Яссауи өзінің сопылық жолын қалыптастырғанда ілімді ана жақтан алды, мына жақтан алды дегенді айтады. Алайда, Түркістан жеріндегі ислам дінінің таралу және даму бағыттарына жасалған талдау – бұл жердегі исламның даму қарқыны Хорасаннан да, Халифат орталығынан да жоғары болғандығын көреміз. Демек, сопылық ілім негіздері Түркістанның өзінде жасалды. Бұл туралы белгілі исламтанушы Ә. Муминов Яссауи ілімінің шығу негізі туралы былай дейді: «Бағдат пен Хорасандағы сопылық ағымдардың Яссауийа тариқатының қалыптасуына ықпалы оншалықты күшті болмағанын байқаймыз. Яссауийа тариқатының ілімі – бірнеше ғасырлық тарихқа ие Түркістан мубайидиттері ілімі мен әдет-ғұрпының табиғи жалғасы болды» [9, 28]. Белгілі ислам тарихын зерттеуші ғалым С. Г. Прозоров та Яссауийа тариқаты өзінің бастауын исхакийа ілімінен алатынын жазады [13,  с. 39]. Қайсанийа – мубаййидийа ілімін Түркістан жеріне әкелуші Исхақ ат-Түрік болғандықтан, автор ол ілімнің Түркістан жеріндегі формасын исхакийа деп атайды. Ал, Қожа Ахмет Яссауи шежіресі осы Исхақ баб-Исхақ  ат-Түріктен басталатынын ескерсек, онда Ә. Муминов пен С. Г. Прозоров пікірлерінің бір жерден шығатынын көреміз.

Қорыта айтқанда, Түркістан жеріне ислам дінінің таралуына Ислам орталықтарында болған саяси, рухани тіке-тірестің тікелей ықпалы болды. Билік үшін таласта ʻАли ибн Абу Талиб ұрпақтары басымдық алып кету ықтималдығынан қорыққан халифат билеушілері оның ұрпақтарынан да, олар иелік еткен ілімнен де өлердей қорықты. Ислам дінін араб дәстүршілдігі шеңберімен шектеп,  рух әлемімен сабақтастық туралы мүлде есіткілері келмеді. Сол ілімді ту еткен ʻАли ұрпақтары араб жеріне сыймастан түркілер арасына кетуге мәжбүр болды. Түркістан жерде олардың ілімі көктеп, алып шынарға айналды. Сол 150/766-67 жылдан бері 1250 жылдан аса уақыт өтсе де, Исхақ баб әкелген ілім әлі өзінің маңзын жоғалқан жоқ. Ол ілімді сол Исхақ бабтың ұрпағы Қожа Ахмет Яссауи сопылық жолдың түркілік бағытын қалыптастырып, түркі халықтарының дәстүрлі діні негіздерін қалыптастырып берді. Яссауи жолы түркілер санасында үстемдік етіп тұрған заманда түркілер әлемге ықпалын жүргізген ұлы халыққа айналған болатын. Ол шегінген кезеңде мемлекеттері күйреп, өзгелерге бодан болды. Бұл Исхақ баб бастап «ислам аша» келген тұлғалардың әкелген рухани ілімінің маңызының қаншалықты құнды болғандығын көрсетсе керек.

Міне, бұл келтірілген тарихи мәліметтер Яссауи ілімінің негізгі қайнарлары қайда екендігін, қандай ілімдерден нәр алғандығын және ол қайнарлардың жалпы Исламдағы бүкіл ғылым мен білімнің Халифат орталығында емес, Түркістан жерінде дамуына ықпал еткен негізгі фактор болғандығына дәлел бола алады. Бұл тарихтың ешбірінен хабарсыз «неодіндар», «неоқұраншыл» Тұрардың Яссауи бабамызға қарсы жасап жатқан амал-әрекеті қазақты қайтсем де өзінің рухани өзегінен тайдырамын деген мақсатынан туындап отыр. Егерде қазақ өзінің рухани өзегінен айырлып, бітұтас халық емес, тобырға айналатын болса, онда оны бөлшектеп, жоюға да, мемлекеттігінен айыруға да болады. Мұндай арам пиғылды іске асыруға белсене кіріскен адамды қазақтың жұлынына түскен жұлынқұрт демей не дерсің? Ал, оны демеп, оған қолдау көрсетіп отырған топтың бар екендігі ешкімнен жасырын емес. Олардың көздегені не? Олардың қатарында кімдер барлығын қазір атап жатпай-ақ қояйық. Кезегі келгенде олардың да еңбектеріне талдау жасаймыз.

Ендігі кезекте бұл топтың Қожа Ахмет Яссауиге, Яссауи жолына қарсы өре түрегелуіне не себеп болды? – деген сұраққа жауап беру кезегі келген сияқты. Соңғы жылдары қазақ арасында сопылыққа, сопылық жолға деген оң көзқарас қалыптаса бастағаны, халықтың жақсы мен жаманды ажырата бастағаны айқындала бастады. Оның үстіне Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары қазақ халқының қайта рухани жаңғыруына мүмкіндік беретін бірден-бір мүмкіндік болды. Қазақты рухани жаңғырту, Яссауисіз, Яссауи ілімінсіз мүмкін емес. Оның үстіне Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы, қаланың дәрежесін көтеріп, Түркі дүниесінің рухани орталығына айналдыру мақсаты қойылуы – Қожа Ахмет Яссауидің, Яссауи жолының қайта жандануына апаратын төте жол екендігі белгілі. Мұны түсінген өзге діни ағым жетегіне ерген,  қазақ руханиятына қарсы топтар шошынып, айғайға басып, Яссауиге, жалпы қазақ руханиятына шабуылды бастады. Қазақ халқының рухани тұтастығы қайта қалыптасып, Яссауи ілімі негізінде қайта топтасатын болса, онда қазақтың ешкімге теңлік бермесі анық. Бұл ол топтарды да, олардың сырттағы қожайындарын да қорқытып отырған осы мәселе. Бұл күресте кім жеңеді? Мәселе сонда.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бартольд В.В. Сочинения. Т. I. –Москва: Изд. Вост. Лит., 1963. с. 315.
  2. Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии. Алматы-Берн-Блумингтон. «Дайк-Пресс», 2008.
  3. Ал-Хасан ибн Муса ан-Наубахти. Шиитские секты. Москва, 1973. сс. 131-132
  4. Али ибн Мұхаммад ал-Фахри. Китаб талхис ал-байан фи зикр фирак ал-адиан. –Москва: Изд. «Наука», 1988.
  5. Hülya Alper. Imam Matürıdı*de Akıl-Vahı İlişkisi. 3 Baskı, Istanbul, 2013. 21 s.
  6. Abdüluahap Öztürk. İmam-ı Abu hanife’nın hayatı// İmam-ı Azam Abu Hanife Eserleri. İstanbul: Millat, 55-57 ss
  7. Ализаде А.Хроника мусульманских государств I – VII хиджры. Москва, УММА, 2007. сс. 101-103
  8. Ибн ан-Надим. Ал-Фихрист // Яссауи тағлымы. Түркістан, 1996. 115 б.
  9. Муминов А.К. Новые напрвления в изучении истории братства йасавийа // Общественные наукм Узбекистана, 1993. №10-12. сс. 34-38. (82), 24
  10. Әліпхан М. Құттың кіліті – кісілік. Түркістан, 1997. 185-186 бб.
  11. Аққорғандық қожалар шежіресі, А.Юлдашев қолжазбасы.
  12. Аққорғандық қожалар шежіресі, П.Маменов қолжазбасы.
  13. Прозоров С. Г. Исхакийа // Ислам на территории бывшей Российской империи. Энциклопедический словарь. Выпуск 1. – Москва: Издательская фирма «Восточная литература» РАН, 1998. с. 39.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

Abai.kz