Адам құндылығына жетер нәрсе жоқ
«Жаңаөзен қаласында тәртіп күшейтілуде, қалаға әскер кіргізіліпті, бронетехника көбейтіліпті, әскери ұшақтар мен тікұшақтар қонып жатыр, жастар қуғындалып жатыр» деген алып-қашпа сөздер әлеуметтік желіде көбейіп кетті. Бұл сөздер қаншалықты рас?! Біз алаңдаулымыз.
Егер шындыққа жанаспайтын болса, халықты дүрліктірмей, хабарлауыңызды сұраймын.
Егер рас болса, біз 2011 жылғы Өзен оқиғасының қайталануынан қауіптенеміз. Халықты бұлай күшпен қорқытып ұстауға болмайды.
Жаңаөзен мәселесі асаба әкімдердің жалынды сөздерімен шешілмейді!
Жаңаөзен мәселесі полицияның шошаңдаған мылтығымен шешілмейді!
Жаңаөзен мәселесі прокурорлардың қоқан-лоқысымен шешілмейді!
Жаңаөзен мәселесін халық арасында ықпалы бар, конфликтілі жағдайларды шешуде тәжірибесі бар, халыққа сөзі жүретін, жергілікті беделді азаматтарды ортаға салып, келіссөздер жүргізіп, соңғы сөзді халықтың өзіне айтқызып, күш қолданбай-ақ, бәрін де бейбіт жолмен шешуге болады. Менің ойымша, халқымыз бұған дайын, тек билігіміз дайын болса. Сондықтан, халықты күш көрсету арқылы қорқытамын деп, 2011 жылғы оқиғаларды қайталаудан сақ болайық!
Еліміздің аңсап қол жеткізген Тәуелсіздігіне жетер нәрсе жоқ. Биліктегі басшылар да отпен ойнамасын. Конституциямыз кепіл болған адам құндылығына жетер нәрсе жоқ. Жастарды сақтайық!
Уайс Ерсайынұлының facebook парақшасынан
Abai.kz