Абай тұрған үйде

0

Шығыс Қазақстан дегенде ойымызға Абай, Шәкәрім, Әуезов келеді. Шығысқа барсаңыз, ендігәрі сізді басқа жердің  сұлулығы таңғалдырмайтынына бәс тігемін. Бір жылда жеті континентті көруге болатын мекенге бес күнге саяхаттадық. Табиғатта демалып қана қоймай, тарихи-мәдени мәліметке байып қайттық. Өскеменге қонған соң аласа үйлерді жағалай отырып қонақүйге жеттік. Журналистерге арналған баспасөз турын Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған. Алғашқы екі күнде Сібе көлдері мен Зайсанды араладық. Ал үшінші күннің мақсаты – Семейге барып Абай ауданын көру, Шәкәрімнің 160 жылдық тойына қатысу.

«Абай жолын» сегізінші сыныпта оқып, ұлы ақын қайтқанда ентігімді баса алмай жылағаным есімде. Одан бері қанша жыл өтсе де Жидебайдағы Абай тұрған үйге барар жолда іштей толқыдым. Қазақтың бас ақынының саусағы тиген заттарды ұстап, үйін көрмекпін. Құнанбай қорымына барып, Абайдың ұрпағы жерленген зираттың басында құран оқылмақ. Еңлік пен Кебекті сүйреп өлтірген жолмен жүруге тура келмек. Абайды әлемге танытқан қазір жеті-сегіз ғана оты бар Бөрілі ауылына барып, Мұхтар Әуезов тұрған үйге де соғамыз.

Абай бұл үйде өмірінің соңғы он бір жылын өткізіпті. Тоғжанмен де, Әйгеріммен де емес, інісі Оспан қайтқанда әмеңгерлікпен алған Еркежанмен тұрыпты. Ақын көзінің тірісінде 1885 жылы орыс достары арқылы Құнанбай әулетінің, өз әулетінің алпыстан астам тұтынған затын Семейдегі өлкетану мұражайына өткізген екен. Кейінгі ұрпаққа жету себебі осы. Шүкір дедік. Әйтпесе, туған ұл-қызы тірі бола тұра сөрелері бос ақын- жазушының мұражайы қаншама?! Жидебайды Абайдың әкесі Құнанбай 1840 жылдан бастап иеленген. Қартайып, Ақшоқыға көшкенде қарашаңырақты ұлдарының ішіндегі сері, балуан, шаруа мен малға ептісі Оспанға қалдырады. Оспан Абайдың ерекше жақсы көрген інісі еді. Ақынды мал-жаймен қамтамасыз етіп отырған да осы інісі. Үш әйел алса да ұрпақсыз ертерек өмірден өтіп кетеді. Артында қалған үш әйелін үш ағасына әмеңгерлікпен қосады. Абай Оспанның бәйбішесі Еркежанды алады. Абай Құнанбайұлы 1895 жылдың көктемі шығарда білекті отыз жігітті жауып, өз жобасымен осы үйді салғызған. Үш бөлмесі тастан қаланып, қалған бөлмелері саман кірпіштен көтеріліпті. Абайдың арғы аталары Сырдың бойында қоныс тепкен. Кеңгірбай бабасы өте қасиетті адам болыпты. Ауру-сырқаудан айыға алмай жүрген адамдар біз тұрған жерден 7-8 шақырымдағы Кеңгірбай бидің басына түнейді екен. Тобықтыларды Шығысқа, Жидебайға бастап келген де осы кісі еді. Абайдың шыққан тегін айтқан екенбіз, Шәкәріммен туыстығын да ажыратып алайық. Мектеп кезінде екі тұлғаның туыстық қатынасын сол күйі түсінбей кетіп едім. Ақынның арғы тегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жандос есімді үш ұрпақ тарайды. Жандостан Кеңгірбай туады. Ал Айдостан Ырғызбай, одан Өскенбай туған. Өскенбайдың ұлы Құнанбай. Оның Күнке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным есімді төрт әйелі болған. Күнкеден Құдайберді, одан Шәкәрім туған. Ал Ұлжан Абайды дүниеге әкеледі. Сонда қазақтың бас ақыны Абай мен қазақтың ойшылы, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы бір-біріне немере бауыр болып тұр. Құдайберді ертерек 37 жасында қайтып, Шәкәрімді Абай тәрбиелеп өсірген. Шәкәрім атамызды халық жауы деп 1931 жылы атып, сүйегін құдыққа тастайды. Сөйтіп ақталғанша отыз жыл сүйегі құдықтың түбінде жатыпты. Өзінен туған төрт ұл да халық жауы деп, Ғапыр түрмеде жатып қайтыс болады. Зияты шекарадан Қытайға өтіп кеткен соң бір жылдан кейін ұсталып, ату жазасына кесіледі. Қабышы елге жетпей, аштықтан қайтады. Тек Ахаты ғана Шәкәрімұлы деп емес, атасы Құдайбердінің атына жазылып кеткені үшін аман қалыпты. 1961 жылы әкесінің аты ақталғаннан кейін құдықтан сүйегін алып, өз қолымен осындағы Абай атамыздың жанына арулап жерлеген.

Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінде «атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» дегенін білеміз. Атадан алтауы Құнанбайдан туған алты ұл Құдайберді, Тәңірберді, Смағұл, Абай, Ысқақ, Оспан болса, анадан төртеу деп анасы Ұлжаннан туған бауырларын айтады. Халиолла есімді бауыры ертерек қайтыс болып кетеді. Ақынның бәйбішесі Ділдәдан алты бала, Әйгерімнен төрт баласы бар. Алты ұлдан он тоғыз немере, он үш шөбере сүйген. Қазір көзі тірі төртінші, бесінші ұрпақтары Айдар, Айдос пен Данияр ғана. Олар Алматыда тұрады. Шежіре қазір осы ұрпақтарымен тоқтап тұр.

Абайдың үйін түйеқора да қылған

Үй сегіз бөлмеден тұрады. Алғашқы кірген бөлмеміз – қонақ бөлмесі. Абай мұнда сырмақтың үстіне құрақ көрпе төсетіп, келген кісімен әңгіме-дүкен құрған. Үйді салған соң қаладан арнайы пеш соғатын шеберлерді алдыртып, әр бөлмеге контрамарка пешін салғызыпты. Абай атамыз бос уақытында тоғызқұмалақ пен дойбы ойнағанды жақсы көрген. Біз көрген үстел үстіндегі дойбы тастары қойдың топайшық деген сүйегінен жасалған екен. Былғары дорбаға тоғызқұмалақтың тастарын салып жүріпті. Бәйбішесі Ділдә Аралтөбеде, екінші әйелі Әйгерім қазір Құнанбай қорымы тұрған Ақшоқыда тұрған. Екі әйелі Аралтөбеде бірге жерленіпті. Ал Еркежан Абайдың зиратының жанында жатыр.

Абай

Экскурсовод апай бізді тағы да қонақ бөлмеге апарды. Бұнысы алдыңғысынан үлкен екен. Тостағандары кәдімгі тостағаннан үлкенірек болғандықтан шарааяқ деп аталған. Ожауға күміс тізіліп жапыстырылған. Ол заманда қыздың саусағында күміс болмаса, ас адал деп есептелмепті. Бұрышқа әр тасы күмістен жасалынған ер-тоқымды ақын Әйгерімге қосылғанда сыйға тартыпты. Абайдың 51 және 58 жасындағы екі суреті сақталған. Түпнұсқалары осы музей-үйде сақтаулы тұр. Біріншісі 1896 жылы екі әйелінен туған тұңғыштары Ақылбай мен Тұрағұлмен түскен фотосы. Ал екіншісін 1903 жылы осы Жидебайда отбасымен түскен. Әйелі Еркежан, Ақылбайдан туған немересі Әубәкір, оның әйелі Камалиа, Тұрағұл мен Мағауия тұр. Балалары болмағандықтан Пакизат пен Әубәкірді Оспан мен Еркежан бауырына басқан. Абай атамыз қайтыс болғанда қарашаңырақ Әубәкірге қалады. Бай ұрпақтарының көзін құртып, жер аударатын заман туғанда Абай атамыздың үйін Кеңес өкіметі жан-жағынан есік шығарып бірде дүкен, бірде кітапхана, тіпті малқора да еткен екен. Төбесі биік болғандықтан үй түйеқора болған кезді де бастан өткізіпті. 1970 жылы ақынның туғанына 125 жыл толғанына орай Абай атамыздың сызғанын еш өзгертпей, үш бөлмесін тастан қалап, терезесін қайта қалпына келтірген. Оған дейін кішкентай ғана екі бөлмесіне осында тұрған бар затын жинап, сақтай тұрған. Шәкәрімнің ұлы Ахат ақсақал қалпына келтіру жұмыстарына қатысыпты.

Абай атамыздың протез тісі де сақталыпты

Абай

Ортаңғы бөлмеге өттік. Оң жақта Әйгерім анамыздың жасауымен келген ағаш пен сүйектен жасалған кебеже тұр. Бетіндегі оюы жылқының жұқа жақ сүйегінен ойылыпты. Басқа малдың сүйегі оюлауға келмейді екен. Қарап тұрсақ төсектің бас-аяғы бірдей. Оның екі пайдасы бар. Көші-қонда түйеге арта салуға жеңіл әрі бас-аяғы бірдей деңгейде көтеріліп тұруы қанайналымға жақсы. Қазіргі медицинада екінші нұсқа дәлелденді. Қазақ оны ертеден білген.  Жанындағы жез тостағанға Абай атамызды қырқынан шыққанша шомылдырыпты. Ары қарай жұмыс бөлмесіне өткен біз Абай қараған шарайнадан қарап көрдік. Қызыл пұлышты диванын қолымыздың ұшымен болсын сипап көргіміз келгені де жасырын емес. Осы үстелді көтеріп орнына қойған жұмысшылар қандай бақытты деп ойладық. Абай атамыз Семейге барғанда Әнуар Молдабаевтың үйіне түседі екен. Жұмыс үстелі мен орындығы Молдабаевтың үйінде сақталыпты. Батырып жазған сиясауыты мен қаламы, қабырғада оқтын-оқтын көз қиығын салып отыратын қабырға сағаты ілулі тұр. Ал өте жарық жанған отыздық майшамды сол замандағы қолы жеткен адам ғана жағыпты. Ділдә анамыздың жасауымен келген төсекті осында қойыпты. Бетіндегі тастарынан-ақ әлгі көрген жатын төсектен қымбат екені көрініп тұр. Иә, Қазыбек бидің ұрпағы, Алшынбай бидің немересінің төсегі алтын-күміспен апталмаса, қай қыздың жасауы олай өрнектелмек?! Алайда аласапыран уақытта бетіндегі күміс пен алтын тастары ұрланып кетіпті. Күмістелген салақұлаш белдігінен-ақ ақынның аса ірі болғанын байқауға болады. Келесі бөлмесінде де қонақ қабылдапты. Үшінші әйелі Еркежанның бөлмесіне өттік. Сол жақтағы құндыз бөрік пен көйлек Ақылбайдан туған немересі Пакизаттікі. Маржан моншақ, сырға, кимешекке таққан жағаөңір сынды асыл бұйымдар үш әйелінің біріне тиесілі. Жарық жоқ заманда адамдардың киімді қалай үтіктегенін білесіздер ме? Кіршомбал арқылы. Жуан домалақ ағашқа киімді орап, төмен қарай тартса ағаш қызып, киімнің қыртыс-ыртысы жазылады. Сандықтың аяғы дым тартпас үшін ол кезде сандықаяқ қоятын. Еркежанның төсегінің артында жасауымен келген тұскиіз тұр. Әр жеріне тұмар ілініпті. Бүгінде тұмарды мойынға тақса, ол заманда кілемге ілетін болған. Күміс қалта сағатын жанынан тастамаған Абай атамыздың протез тісі де болыпты.

«Бір қап бауырсақ екі-ақ күнге жететін»

Абай

Ет сақтаған тошала немесе шошала деп аталатын бөлмесі жерден бірнеше метр төмен орналасқан. Сойылған малды ілетін төрт тағанды ағашты адалбақан деп атаған. Келетін қонақ көп болғандықтан жұмасына төрт-бес қара мал асылады екен. Шошаланың тек шаңырағын өзгерткен. Абайдың кезінде қажет уақытында жауып, керек емес кезінде ашып қоятын киіз үйдің шаңырағы тұрған екен. Қазір оны әйнекпен алмастырыпты. Мұнда қара қазан, жез ожау, құман, күбі, келі-келсаптары, итаяқ, шаруашылыққа пайдаланған қолшалғысы, шиті мен бытыра мылтықтары, қасқыр қақпаны мен қолшоқпары тұр. Қабырғадан Абай атамызға қызмет еткен үш кісінің суретін көрдік. Олар: ерлі-зайыпты Қатпа мен Мақып Қорамжановтар және Мұхтар Бәшеев. 1971 жылы осы мұражай салынғанда Мақып апаның көмегімен қай жерде қандай заттың тұрғанын біліп, бәрін Абайдың кезіндей жасап қойған. Абай атамызға бес жыл қызмет етіп, шәйін құйып берген осы Мақып апа. Естелігінде былай деген екен:

«Абайдың омырау тұсында күміс сағаты жүретін. Отырғанда көйлегін киіп отырады. Тысқа шыққанда костюмдерін киеді. Сары тоны болды. Соны иығына жабамыз. Аяғына мәсілі галош киеді. Басына дөңгелек бөрік киеді. Қыста саптама етік киетін. Асты асүйде ішетін де, қонақ келгенде қонақ бөлмеге өтетін. Сиырдың сүтін пісіріп, мәшинеге тартқызып соны ішеді. Бірер стақан ғана шәй ішеді. Еттен екі-үш жапырақ қана жейді. Артынан хаһрім дейтін айранды қосып аздап сорпа ішетін. Бастарына бір-бір жастық береміз, соған қисаятын. Еркежанның киімі көп еді. Бірақ үйде қарапайым киінетін. Оқалаған камзолы сандықта жататын.

Үйдің асты-үсті сары тақтай болатын. Шошалаға қамыр илейміз, бір пісіргенде бір қап бауырсақ пісіретінбіз. Кісі көп. Не керек, пісіргеніміз бір-екі-ақ күнге жететін».

Музей салынып біткен соң бір жылдан кейін қайтыс болған екен. Ас бөлмесінде бала-шағасымен қалғанда тамақты осында ішкен. Үстелде тұрған қымызтегенесі мен ожауы арқардың мүйізінен жасалған. Абай атамыз тамақ пісіретін пешті де арнайы шеберлерді шақыртып жасатқан. Доғаланған пеш деп аталады. Иісті бері шығармаған. Келетін қонақ көп болғандықтан қос қазанның бір жағында ет асылып, екіншісіне қуырдақ қуырылған. Кесе салынатын асадал биік екен. Сөйтсек асадалдың бірінші тартпасында тәтті тұрады екен. Балалардың қолы жетпеу үшін биік етіп жасапты. Есік алдында келген адам атын байлайтын бастырма салынған. Қазір онда Семеймен екі ортаға жүрген өте жайлы күймесі, шаруашылыққа пайдаланған атарбасы мен жер жыртқан соқасы тұр. Ал музейдің сыртында дүниежүзі ғалымдары спутникпен зерттеп Еуразияның кіндігі деп атаған кіндіктас тұр. Жерорта кіндігі сол жер.

Абай Ділдәдан туған Әбдірахманды ерекше жақсы көріп, Әбіш деп кеткен. Алматыда әскери қызметте жүргенінде 27 жасында туберкулезге шалдығып, қайтыс болады. Қыс мезгілі болғандықтан сонда жерлеп, басына «Аманат» деп жазып кетеді. Күн жылынып, қар еріген соң үш атты жегіп сонау Алматыға барып баласының сүйегін алып қайтады. Қазір Әбдірахман Ақшоқыдағы Құнанбай қорымында жатыр. Арада жеті жыл өтіп, Мағауия қайтыс болған. Мағауияның қырқын бергенде Абайдың өзі дүниеден өтеді. Ал Абай атамыздың қырқында тұңғыш баласы Ақылбай өмірден өтіпті. Біз тұрған Жидебай – ақынның қыстауы. Жайлауы Шыңғыстауда Балашақпақ деген жерде екен. Бұл жерден алпыс шақырым. Құнанбай қорымы ары қарай алпыс шақырым. Балашақпақта шіліңгір шілдеде қайтыс болған ірі денелі ақынды 120 шақырым қашықтықтағы Ақшоқыға, Құнанбай қорымына жеткізе алмапты. Жидебайдың өзіне үш күн жүріп жеткізіп, осында жерлеген. Ақсақалдар ақылдасып, «мәйітті ары қарай қинамайық» деп Оспанның жанына жерлеу себебі сол. Әйтпесе әкесінің жанына жерлемек ниет болып, бірақ жеткізе алмаған. Алғашқы қабірі саман кірпіштен тұрғызылыпты. 1940 жылы Мұхтар Әуезов ақынның басына көктас қойғызған. 1961 жылы зират жаңартылып ескі зиратты бұзып, ескерткіш орнатқан. Ақынның 150 жылдығына 1995 жылы қазіргі зират кең сахарадағы қос желкенді кеме секілді салыныпты. Екінші үлкен зиратта Шәкәрім ұлы Ахатпен бірге жерленген. Абай ақынның қасында Оспан жатыр. Оған жақын жерде Еркежан жерленген.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Қамшы» сілтейді