Вакцина формуласын ұрламақ болғандар әшкереленді

0

Daily Mail басылымының жазуынша, Ресей Oxford/AstraZeneca вакцинасының формуласын ұрлау үшін Ұлыбританияда жүрген тыңшысын пайдаланған. Мұны британ барлаушылары анықтаған көрінеді. «Осылайша Владимир Путин әлемдегі алғашқы тиімді вакцина шығарудағы жарысты жеңіп алғысы келген», — деп жазды Азаттық рухы аталған басылымға сілтеме жасап.

Ресейлік тыңшының аса құпиялы вакцина формуласын ұрлағанына британ барлаушыларының дәлелі бар екен. Алайда, оны фармацевтикалық зертхана немесе зауыттың құжаты ретінде ұрлап кетті ме, әлде талдау мақсатында дайын дәрі-дәрмек флаконын контрабандалық жолмен алып кетті ме – әлі белгісіз.

Ішкі істер министрі Дамиан Хиндс бұл іс бойынша түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді, бірақ бұл жайтты жоққа да шығармады: «Бұл таң қаларлық жағдай емес, өзге мемлекеттер үнемі құпия ақпаратқа, соның ішінде коммерциялық ақпаратқа, ғылыми құпиялар мен зияткерлік меншікке қол жеткізгісі келеді деп айта аламын», — деді шенеунік.

MI5 тыңшылары ресейлік хакерлердің Оксфорд университетіне бірнеше рет кибершабуыл жасау әрекеті жайлы 2020 жылдың наурыз айында айтқан. Осы уақыт шамасында, яғни бір айдан кейін британдық ғалымдар вакцинаны жасауға кіріскен болатын.

Өткен жылдың сәуір айында Oxford/Astra Zeneca вакциналарын ойлап тапқан ғалымдар алғашқы сынағын бастағаны туралы хабарлаған. Келесі айда, яғни мамырда Ресей коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарғанын жариялады. Ал, тамызда Владимир Путин арнайы тележолдау жасап, халыққа Ресейдің жаһандық жарыста алғаш болғанын және жеңіске жеткенін айтқан.

Кейін Sputnik V-дің әсері британдық вакцинамен өте ұқсас екені мәлім болды. Екеуі де «векторлық» вакциналар, нақтырақ айтар болсақ – екеуі де иммундық агентті тасымалдау үшін басқа ұйықтап жатқан вирусты қолданады. Ал, иммундық агент өз кезегінде коронавирусты жояды. Британ барлау қызметінің болжауынша, Мәскеу өзінің жымысқы жоспарын Ұлыбританиядағы алғашқы сынақтар кезінде жүзеге асырған көрінеді.

«Кремльге жұмыс істейтін тыңшылар трансұлттық фармацевтикалық компаниядан Covid вакцинасының формуласын өз вакцинасын жасау мақсатында ұрлағаны туралы айғақтары бар», — деп хабарлаған ақпарат көздері The Sun газетіне.

Естеріңізге сала кетейік, Мәскеуде өткен екі клиникалық зерттеу мен The Lancet журналы жариялаған ақпаратқа сәйкес, ресейлік Sputnik V вакцинасы қауіпсіз және тиімді болып танылды.