Қарағанды облысында жұмыстағы апаттан бір адам өліп, үшеуі зиян шекті

0

13 желтоқсанда күндізгі сағат 12:39 кезінде Қарағанды облысы Абай ауданы Топар кентіндегі «Kazakhmys Energy» компаниясына қарайтын жылу орталығында (ГРЭС-2) бу құбыры айырылып кеткен. Апаттың себебін әзірге компания да, билік те айтқан жоқ, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төтенше оқиға салдарынан 62 жастағы жұмысшы көз жұмған. 40, 45 және 49 жастағы үш жұмысшы зардап шеккен. 1-ші және 2-дәрежелі күйік алған жұмысшылар ауруханаға жеткізілген. Үшеуі де негізгі жылу орталығында жұмыс істеген.

«Бұл оқиға жылу мен жарық беруге әсер еткен жоқ. Үйлерде жарық пен жылу бар. Қазір «Kazakhmys Energy» компаниясының күшімен қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр» деп хабарлады Азаттық тілшісіне Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Топар кентіндегі ГРЭС мекемесі осы елді мекен мен Абай қаласының тұрғындарына жылу мен жарық жеткізуді қамтамасыз етеді.

Топар кентіндегі ГРЭС мекемесі осы елді мекен мен Абай қаласының тұрғындарына жылу мен жарық жеткізуді қамтамасыз етеді.

13 желтоқсан күні кешке өткен брифингте Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті департаментінің, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері мен «Қазақмыс Дистрибьюшн» компаниясының (энергия орталығы соған қарайды) бас директоры болған оқиғаға баға берді. Олар бу құбыры айырылып кеткен, бірақ жарылыс болған жоқ деп мәлімдеп, төтенше оқиғаны апат деп атады. Қаза болған 62 жастағы слесарьдың станцияда жұмыс істеуге берілген рұқсат қағазы болғанын айтты. Төтенше оқиғадан кейін жылу орталығында жарылыс болған деген хабар тараған еді.

Брифингте қадағалау департаменті қызметкерлерінің және басқа да құзырлы органдардың қатысуымен технологиялық талапты сақтамау фактісі бойынша тексеру жүргізілетіні хабарланды.

«Қазақмыс Дистрибьюшн» компаниясының өкілі Темірлан Өтегенов қаза болған жұмысшының отбасына материалдық жәрдем, зардап шеккендерге емделуіне көмек берілетінін айтты.