«Нәтиже керемет болады!» дейді «жаңбыр адам»

0

Аралға «қолдан жаңбыр жауғызған» климаттық технологиялар маманы, инженер, өнертапқыш Алтай Айнабек кейінгі жаңалықтарын бөлісті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алтай Айнабек Аралға су құю операциясы сәтті өтіп жатқанын мәлімдеді. Тіпті Аралдың тарихи табанында қазірдің өзінде тарихи жауын рекорды тіркеліп, бір жылдық жауын-шашын нормасы жауған.

«Ол дегенің — 68 000 шаршы шақырым теңіздің үстіне шілдеге қарамай, қуаңшылық болжанғанына қарамай, кемі 100 миллиметр су жауын түрінде түсті деген сөз. Сонда ол — шамамен 6-7 текше шақырым су.

Ал жұмыстар басталар алдын мен парақшамдағы бір видеомда ескерткендей, периферияда да жауын болады, өйткені жауынды Арал теңізінің үстіне локализациялау этапына өткен жоқпыз.

Ол кезде нәтижелер бұйырса тіпті керемет болайын деп тұр. Біздің жағдайда периферия деген Аралға су беретін Сырдария мен Амудария өзендері және басқа аймақтар. Жер асты су деңгейі де артып жатыр.

Көрші елдер бұрынғыдай Аралға суды қысып беруге мүмкіндігі де болмай отыр. Яғни, амалсыз суды Аралға «сброс» жасап жатыр, Аралға қайтарып жатыр, барлығына су жетіп артылып жатыр», — деп жазды ол желіде.

Ерекше технология авторының айтуынша, су саласына жауапты министр Қызылорда облысына сапарында Солтүстік Аралға құйылатын су көлемі 12,5 есе артқанын мәлімдеді.

«Ол әлі де аз көрсеткіш. Бұйырса су одан да көп келеді, өйткені соңғы жауындардың сулары әлі Аралға жетіп үлгерген жоқ. Осы постпен сіздерге бірнәрсені айтқым келеді, жобаның басталу уақытын біз белгілеген жоқпыз.

СуШар министірлігі (Су ресурстары және ирригация министрлігі — еск.) болжам бойынша жауын аз болатын кезеңді таңдады және де бірінші этаптың аяқталу уақытын да аталмыш министрлік шешеді.

Біздің ойымыз бен әрекетіміздің барлығы бұлт және жаңбырмен Аралға су құю ғана», — деді жоба авторы.