Мұғалімдер неге көше кезіп жүр?

0
302

Белгілі журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай әлеуметтік желі парақшасында ауыл-аймақтардағы интернет желісіне қатысты мәселе көтергенін жазды деп хабарлайды  Kznews.kz.

«Сессиядан соң өткен «NurOtan» партиясы фракциясының жиынында сайлауалды бағдарламаның Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандардың мәселелерін шешу және Инклюзивті білім алуға жағдай жасау, мұқтаж балаларды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу мәселелері қозғалды. Өз сөзімде шалғай ауылдардағы интернет байланысының сапасы мәселесін көтердім.

«NurOtan» партиясы Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасындасын орындау жөніндегі Жол картасында білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған жету жолдарының бірі – оқушылардың қашықтықтан білім алуына толық жағдай жасау үшін мобильді интернет және видео стримингтік платформалардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Осы мақсатта бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлу міндеттелген.

Жалпы, қай ауылға барсақ та өзекті мәселелердің қатарында интернет байланыстың нашарлығы айтылады. Ол түсінікті де. Заман ағымына байланысты дәл қазіргі уақытта құжат дайындау, ақпарат алу мен білім алу мәселелері интернет желісіне байланысты болып отырғаны рас. Әлбетте, бұл қарапайым халық үшін өте тиімді. Әйткенмен, ауылды жерлердегі интернет байланыстың нашарлығы осы мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануға қолбайлау болып отыр.

Жуырда ғана интернеттің нашарлығына байланысты Төлеби ауданы Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғындарынан менің атыма көмек сұраған хаттың келіп түсуі осының айғағы. Мұндай қиыншылық көріп отырған жалғыз қасқасулықтар ғана емес. Түркістан облысында интернеттің нашарлығының азабын тартып отырған басқа да ауылдар жетерлік. Ол ол ма, тіпті интернет байланысының нашарлығы оқыс оқиғаларға да әкеп соғуда. Мәселен, облысымыздағы шалғай ауылдардың бірінде бір келін интернет желісін ұстаймын деп сарайдың төбесіне шығып, абайсызда құлаудың салдарынан аяғын сындырып алған.

Осындай ауылдардың тұрғындары интернет қажет кезде биік жерлерді іздеп кетеді. Қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына сабылады да тұрады. «Ауылымызда интернет желісі ұстап тұрған жағдайда Электронды үкімет порталы арқылы өзімізге қажетті құжатты алу мүмкіндігі жеңілдер еді» делінеді 42 адам қол қойған хатта. Сондай-ақ, балалардың сабағы да өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ.

Перзентінің сабақ үлгерімін бақылағысы келген ата-аналар Kundelik.kz сайтына кіруі тиіс. Ұялы байланыстың нашарлығынан елді мекенде мұны іске асыру тіптен мүмкін емес. Электронды күнделікті толтыру үшін мұғалімдердің көше кезіп немесе қырға шығып байланыс іздеп жүруі қалыпты көрініске айналып кеткендей.

Түптеп келгенде, бұл – шұғыл түрде шешімін табуға тиісті маңызды мәселелердің бірі. Себебі, интернет мәселесі шешімін таппаған жағдайда ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық», деп жазады автор.