Желтоқсанның сегізі |

0

Дадзай Осаму
(1909-1948)

Бүгінгі күнделік ерекше, жақ­сылап жазайын. 1941 жылғы жел­тоқсанның сегізі күні жапон­ның кедей отбасындағы әйел бір күнді қалай өткізді екен, соны жазайын. Енді жүз жылдан кейін Жапония осы эраның 2700 жылын (Дзимму император таққа отырған б.э.д. 660 жылдан басталатын көне жыл са­нау. – Ш.Ж.) тойлап жатқанда менің күнделік дәптерім бір сарай­дың бұрышынан табылып, жұрт жүз жыл бұрынғы осы бір маңызды күні жапон әйелі қалай тіршілік етке­нін білсе, бұл жазбам аз да бол­са тарихи мәліметке жарап қалар. Сондықтан сөйлемдерім сүреңсіз болса да өтірікті қоспауға тырыса­мын. Қалай болғанда да бұл эра­ның 2700 жылын ескере отырып жазу керек, қиын-ақ. Бірақ тым қатқыл болмауға тырысамын. Күйеуім­нің сынына қарағанда менің хатым болсын, күнделігім болсын, сөйлемдерім ауыр әрі сезімсіз көрінеді. Көңіл күй әуені­не берілу атымен жоқ, жазуым сиы­қ­сыз. Иә, мен бала кезімнен әдеп­ке бағынған жанмын, әлі күн­ге мейлінше еркелей алмай, кемдік көріп келемін. Бәлкім көп нәрсені қалайтын шығармын. Ал, жақсы­лап саралап көрейік.
Осы эраның 2700 жылы деген­де мына оқиға еске түседі. Күйеуім­нің досы Има араға біраз уақыт салып келе қалды. Күйеуім мен қонақтың әңгімесін көрші бөлме­ден тыңдап отырып күлдім.
— Расында, осы эраның 2700 жылын қарсы алу мерекесінде, нисэннанахяку (2700 санының бір оқылуы. – Ш.Ж.) жылы дейміз бе, әлде нисэншичихяку (2700-дің екінші оқылуы. – Ш.Ж.) жылы дейік пе, кәдімгідей бас қатыратын мәселе. Мен қатты уайымдаймын. Сен ше? — деді Има сан.
— Иә, — деді күйеуім ойлана қалып. — Мен де уайымдаймын.
— Жарайды, нанахяку жылы келді делік. Меніңше, шичихяку жылы деген дұрыс сияқты. На­на­хяку қиынырақ. Біртүрлі емес пе? Телефон нөмірі емес, цифрдың дұрыс оқылғаны жөн ғой. Шичихя­ку атауын дұрыс көремін.
Има сан, кәдімгідей күйзелген адамның мәнерімен сөйледі.
— Бірақ, — деді күйеуім білгіш­сініп. — Енді жүз жылдан кейін шичихяку да емес, нанахяку да емес, бұл сан мүлдем басқаша оқылатын шығар. Мысалы, нуну­хяку деген сияқты…
Еріксіз күліп жібердім. Расын­да ақымақ сияқты. Күйеуім бұл жылды қалай атасақ дұрыс болады деп, қонағы екеуі қызу талқылап отыр. Күйеуім әңгіме жазып тірші­лік етеді. Жалқау, сондықтан кірі­сі­не көңіл толмайды, күнделікті та­быспен күн көрудеміз. Күйеуім­нің әңгімесін оқымайтындықтан не жазатынын да білмеймін. Жазу­ға шебер де емес сияқты.
Ой, тақырыптан ауып бара­мын. Бұндай сандырақпен осы эраның 2700 жылына баратын дүниені қағазға өрілтіп түсіре алмаспын. Қайтадан бастайын.
Желтоқсанның сегізі. Көрпе ішінде Соноконы (биыл маусымда туған қызым) емізіп отырғанымда, радио саңқылдап қоя берді:
«Император ордасы, құрлық және теңіз күштері бөлімінің мәлім­демесі. Империяның құрлық және теңіз күштері сегізі күні таңға жуық Батыс Тынық мұхитта Аме­рика мен Англияға соғыс жариялады».
Хабар жабулы амадо саңылауы­нан қап-қараңғы бөлмеге түскен сәуледей жарқын естілді. Екі рет, анық қайталанды. Бұл хабарды естігенде мен өзгеріп кеттім. Өткір сәуле өтіп, денем мөлдір боп кет­кендей. Немесе әулие рухтың демі тиген, салқын гүл күлтесінің бір талы кеудеме қонғандай күй. Жа­пония да, таң ата басқа Жапо­ния­ға айналып кеткен-ді.
Хабарды көрші бөлмедегі күй­еуі­ме жеткізейін деп, «сіз» дей бер­генімде «Білемін ғой, білемін» деді ол бірден. Сөзі қатқыл, сіркесі су көтермей тұр. Әдетте таңғы ұйқысын қимайтын оның бүгін ер­те тұрып алғанына таңым бар. Өнер адамы ғой, алдын ала сезген болар. Бұдан соң ол үйлеспейтін нәрсені сөз етті.
— Батыс Тынық мұхит дегені қай жақ? Сан-Франциско ма?
Мен түңілдім. Күйеуім неге екені географиядан түк білмейді. Кейде бұл Батыс пен Шығысты ажырата алмайды-ау деп қаламын. Ол кешеге дейін Оңтүстік Полюс ыстық, ал Солтүстік Полюс суық деп ойлапты, соны сұраған кезде мен күйеуімнің болмысына күмән­дана бастадым. Былтыр Садоға қыдырып барған едік. Сонда айтты, Садоның аралын кемеден көргенде Манчжурия деп ойлапты. Ол университет пе, бірдеңеге оқуға түскен. Бірақ тастап кеткен.
— Батыс Тынық мұхит деген Жапония жақтағы Тынық мұхит қой, — десем,
— Солай ма? — дейді жақтыр­май. Содан соң сәл ойланған сыңай танытып:
— Алғаш естуім. Америка Шы­ғыста, ал Жапония Батыста деуге болмайды ғой. Жапония Күншы­ғыс елі деп аталады және Шығыс Азияда делінеді. Күн Жапониядан ғана шығады деп ойлаушы едім, олай емес екен. Жапонияның Шы­ғыс Азияда болмауы көңілге қонбайтын әңгіме. Жапония Шы­ғыста, Америка Батыста емес пе еді?
Сөзінің бәрі біртүрлі. Күйеуім шектен асқан отансүйгіш. Өткенде «шет елдіктер қанша мақтанса да мына ащы кацуо балығын аузына ала алмас, мен болсам кез-келген еуропалық тағамды жей беремін» деп, кеуде соққаны бар.
Күйеуімнің былшыл сөзін тың­дамай, жылдам тұрып, амадоны аштым. Ауа-райы жайлы. Бірақ өте суық. Өткен түнде шатыр астына ілін­ген жаялық қатып, баққа қы­рау түсіпті. Садзанка гүлдеп тұр. Тыныштық. Тынық мұхитта қазір со­ғыс басталды ма деп ойлап қоя­мын. Жапондық рух бойымды кернеп кетті.
Құдыққа таяп, бетімді жудым. Содан соң Соноконың жаялығын жуа бастап едім, көрші әйел келді. Таңғы амандықты сұрасқан соң мен:
— Бұдан былай қиын, ә? — деп, соғыс туралы айта бастап едім, көр­шіміз кешеден бері тонари­гуми­­дің (көршілер қауымдастығы, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Жа­по­ния үкіметінің арнайы бағдар­ла­масымен құрылған, 10-15 үйдің бірігуінен тұратын бірлестік түрі. – Ш.Ж.) басшысы болып сайлан­ған, оны ойламай, «Жоқ, ештеңе болмайды» дегенде біртүрлі боп қалдым.
Көрші әйел соғыс жағдайын ойламады емес, бірақ содан гөрі то­нари­гуми басшысына жүкте­ле­тін міндетті қиынсынып тұр. Иә, бұдан былай тонаригуми басшы­сына қиын. Жаттығу кезі болса бір жөн, әуеден шабуылдағанда жауапкершілік басшылыққа түседі. Мен Соноконы арқалап, ауылға қашып баратын шығармын. Сонда күйеуім жалғыз қалып, үйді күзе­тер, қолынан бірдеңе келетініне сенбеймін. Түкке жарамауы мүм­кін. Күйеуімнің ұлттық әскери киімі де, басқасы да дайын емес. Басына күн туғанда не болмақ?
Жалқаулығы сонша, мен дайын­дап қойсам «мынау не?» деп, күңкілдесе де іштей қуанып, киіп алады. Ал өлшемі өте үлкен болып, дайынын сатып әкелсем – жарат­пайды. Қиын.
Күйеуім таңертең сағат жеті ша­масында тұрып, таңғы асын жыл­дам ішті де жұмысына кіріс­кен. Бұл айда ұсақ-түйек шаруасы көп көрінеді.
— Жапонияда шынымен ты­ныш па? — деп едім.
— Бәрі дұрыс. Міндетті түрде жеңеді, — деп, жақсы сөз айтты. Күйеумнің айтқаны ылғи өтірік, титтей де пайдаға асқан емес, бірақ бүгінгі сөзіне иландым.
Ас үйді жинап жүріп, түрлі ой келді. Көзінің реңкі, шашының түсі басқа болғаны үшін дұшпан­дық пиғыл туғызу керек пе? Қытай қарсылас болса, сөз басқа. Көркем де ыстық жапон жерінде сезімсіз Амери­ка солдаттары хайуан сияқ­ты жосылып жүргеніне төзбейміз. Қасиетті жерімізге бір қадам ба­с­саңдар, аяқтарың шіриді. Өйткені, сендердің құқыларың жоқ. Жапон­ның сайыпқыран солдаттары, қанеки, күл-талқанын шығарың­дар олардың! Бұдан кейін отбасы­мыз тапшылыққа ұшырап, қинала­ды-ау деп қам жемеңдер. Біз міз бақпаймыз. Еш наразылық білдір­мей­міз. Бұндай қиын кезеңде туғанымызға еш өкінбейміз. Кері­сін­­ше туған заманның қадірін білеміз. Осындай кезеңде дүниеге келгеніміз қандай жақсы! Иә, біреумен соғыс туралы әңгімелес­кім кеп барады. Ақыры басталды ғой.
Радио таң ата әскери әндерді беріп жатыр. Түрлі әскери әндерді бере-бере, түгесілді ме екен, «мың­ғырған жау болса да» деп келетін ескі әуенге көшкенде күліп жібер­дім. Радиостанцияның аңғалды­ғына мәз болдым. Үйдегі күйеуім радионы жақтырмайды, бірде бір рет құлағын бұраған емес. Мен де бүгінге дейін радиоға соншалықты құмартқан емеспін. Бірақ осын­дайда радио керек екен. Жаңалық­ты көбірек білгің келеді. Күйеуім­мен ақылдасып көрейінші. Сатып әперсе ғой.
Түске таман маңызды жаңа­лық­тар көбейген соң шыдай ал­май, Соноконы көтеріп сыртқа шығып, іргедегі үйеңкі ағашының түбіне тұрып, радиоға құлақ түрдім. Малаккаға кенеттен шаб­уыл жасалыпты, Гонконгке шаб­уыл, соғыстың басталғаны туралы император мәлімдемесі, Соноконы құшақтаған күйі көз жасыма ерік бердім. Үйге кіріп, жұмысқа кірісіп кет­кен күйеуіме қазір естіген жаңа­­лықтың бәрін жеткіздім. Күйеуім тыңдады да, «Солай ма?» деп мырс етті. Орнынан тұрып, қайта отырды. Көңілі орнына түспеген сыңайлы.
Түс ауа бере күйеуім бір жұмы­сын бітірген сыңайлы, қолжазба­сын алып, сыртқа асығыс шықты. Журнал редакциясына қолжаз­ба­сын апарады, түріне қарағанда тез арада қайта қоймайтын сыңайлы. Ол сыртқа асығыс шыққан күні көбінесе кеш келеді. Қанша кеш кел­се де мейлі, далаға қонбаса, жа­ным тыныш.
Күйеуімді көзбен шығарып сал­ған соң мэдзашиді (кептірілген иваши) қуырып болып, Соноконы арқалап, станцияға зат сатып алуға шықтым. Жолда Камэи санның үйіне кірдім. Күйеуімнің ауылынан көп алма келген, кішкентайы Юно-чянға (бес жасар сүйкімді қыз) бірнешеуін орап апарған едім. Қақпада Юночян тұр екен. Мені көрген сәтте үйіне жүгіріп кіріп, «Соноко-чян келді, апа» деп, ана­сын шақырды. Арқамдағы Соноко көршімізге мәз боп қараған сы­ңайлы. Әйел «әйбәт-әйбәт» деп мақтап жатыр. Отағасы үстінде жемпір, вестибюльдің астынан шыға келді, сондағы төсеніш үстінде отырған болуы керек.
— Вестибюльдің астын еңбек­теп айналып шығу жаудың алдына түсуден кем түспес. Мынандай кір кейіпте көрінгеніме кешірерсіз, — деді.
Вестибюльдің астында төсеніш төсеп, не істеді екен? Әуеден шаб­уыл бола қалған жағдайда еңбектеп кіру үшін бе? Қызық.
Бірақ Камэи санның жолдасы менің күйеуім сияқты емес, отба­сын шын жақсы көреді, қызғанып қалдым. Бұрын бұдан да қатты жақсы көретін, осы маңға көшіп келгелі бері күйеуім сакэ ішуді үйретіп, сәл бұзды. Әйелі де, әрине менің күйеуімді жақтырмайтын шығар. Ыңғайсыз-ақ.
Камэи санның қақпасы ал­дын­да хитатаки (от сөндіргіш құрал. – Ш.Ж), тырма дегендер қойыл­ған. Ал менің үйімде ештеңе жоқ. Күйеуім енжар болған соң амал бар ма?
— Дайындығыңыз әжептәуір екен, — деп едім, күйеуі:
— Иә, тонаригуми басшысы­мын ғой, — деді, көңілденіп.
— Негізі тонаригуми басшы­сының орынбасары, басшы жасы келген адам болған соң орнына жұмыс атқарып жүр, — деп, әйелі сыпайы үнмен түзетіп қойды. Кам­эи санның жолдасы шынымен еңбекқор, менің күйеуіммен ара­сы жер мен көктей.
Кәмпит алып, вестибюльден түстім.
Содан соң поштаға барып, «Шинчоу»-дың 65 иен гонорарын алып, базар араладым. Бұрынғыша тауар аз. Екі тал кальмар баяғыдай 40 тиын. Кептірілген балық 20 тиын.
Базарда да радио маңызды жаңалықтарды бірінен кейін бірін таратуда. Хитоу, Гуам әуеден атқы­ла­нып жатыр. Гаваи бомбалануда. АҚШ флоты түгел талқандалған. Империя үкіметінің декларация­сы. Толқып кеттім. Бәріне риза­шы­лық білдіргім келді. Базардағы радио алдында ұзақ тұрып қалған едім, екі-үш әйел біз де тыңдайық деп, менің жаныма келді. Екі-үш кісінің қарасы көбейіп, он шақты адамға жетті.
Базардан шығып, күйеуіме те­мекі алу үшін станциядағы киос­кіге бардым. Қала көрінісі еш өзгермепті. Тек көкөніс, жеміс сататын жерде радио жаңалығы жазылған қағаз ілінген. Дүкеннің алдында да адамдар бұрынғыдай сөйлесіп тұр. Бұл тыныштыққа қуану керек. Бүгін аз да болса ақ­ша бар, өзіме дереу аяқ киім сатып алдым. Бұндай заттарға осы айдан бастап 3 иеннен асатын 20 пайыз салық салынады екен, білмеппін. Өткен айда алуым керек еді. Бірақ алдын ала сатып алғанды ұнат­пай­мын, ұят. 6 иен, 60 дзэниге аяқ киім, 35 дзэниге крем, 31 дзэниге конверт алып қайттым.
Үйге қайтып келген соң Васэ­да­ның Сатоу саны, бұл жолы оқу­ын бітіріп, әскерге баруға бекінген көрінеді, қоштасуға келіпті. Үйде күйеуім болмаған соң өкініп қал­дым. «Аман бол!» деп, ізгі ниетімді білдірдім. Сатоу сан қайтқан соң ізінше Император университетінің Цуцуми саны да көрінді. Цуцуми сан да оқуын сәтті бітіріп, ме­дици­налық тексеруден өткен көрінеді, үшінші деңгей екен, өкінішті. Сатоу сан да, Цуцуми сан да бұрын шаштарын ұзын етіп өсіруші еді, әдемілеп тықырлатып тастапты, расында студенттерге қиын-ақ, аяп кеттім.
Кешқұрым, көптен көрмеген Кон сан да таяғын селтеңдетіп келді, күйеуім болмаған соң ыңғайсызданып қалдым. Расында Митаканың қойнауына арнайы келгенде күйеуімнің үйде болм­а­ғаны-ай. Қонағым шығып бара жатып, өзін біртүрлі сезінген шығар. Ұят болды.
Кешкі асты әзірлеуге кірісе бергенімде, көрші әйел келіп, тазар­тылған сакэнің желтоқсан айына арналған талоны түскенін айтты. Бірақ тоғыз үйге бір мастық (сұйықтық өлшемі. – Ш.Ж) та­лоннан алты тал ғана бар екен, не істейміз деп ақылдасуға келіпті. Кезектесіп алсақ қалай болады деп ойладым. Бірақ тоғыз үйдің бәрі алғысы келеді ғой. Ақырында ал­ты масты тоғызға бөлуді ұйғарып, дереу бөтелке жинадық, Исэмотодан сакэ алуға. Мен тамақ әзірлеп жатыр едім, бәрін тастап, жиналдым да Соноконы арқалап, сыртқа шықтым. Көр­шілер бір-екі бөтелкеден құ­шақ­тап қайтты. Маған да жылдамдата бір бөтелкені ұстатты. Содан соң тонаригуми басшының вестибю­лін­де сакэні тоғызға бөлу бас­талды. Тоғыз бөтелкеге құйылған бір мас сакэні дәлдеп етіп өлшеп, бөліп құйдық. Алты мас сакэні тоғызға бөлу оңай емес.
Кешкі газет келді. Сирек жағдай, төрт бет қана. «Империя Америка мен Англияға соғыс жа­рия­лады» деп, бадырайта жазы­лыпты. Негізінен бүгін естіген радио жаңалығындағы ақпараттар шығыпты. Дегенмен қайтара оқып шығып, жаңа әсер алдым.
Кешкі асты жалғыз өзім ішкен соң Соноконы арқалап, моншаға бардым. Иә, Соноконы суға шомылдыру менің ең сүйікті ісім. Соноко суды жақсы көреді, суға түскенде момақан. Судың ішінде аяқ-қолын жинап, маған қарап қояды. Сәл қорқатын сияқты.
Қандай адам болса да бала де­ген­де жанын береді, суға түсір­ген­де де өбеді ғой. Мен де сәбиімнің аяқ-қолына сүйсініп, есім шықты. Соноконың іші циркульмен сызғандай дөп-дөңгелек, резеңке доп сияқты, аппақ, жұп-жұмсақ, бұның ішінде титтей асқазан бар-ау деп қоямын. Мен үшін қандай кимоно кигізсең де сәбидің жала­ңаш денесі сүйкімді. Судан шы­ғар­ған соң, кимоносын кигіз­гім келмейді. Баламды жалаңаш күйін­де құшақтай бергім келеді.
Моншаға барған уақытта жол жарық еді. Қайтқанда қап-қа­раңғы. Соғыс уақытындағы ал­дам­шы жарық қана. Көз үйрен­беген. Бүрісіп келемін. Бұндай қараңғы жолда бұған дейін жүріп көрмеппін. Аяғымды аңдап басу­дамын, жол ұзақ көрінді. Анау аралия егістігі мен криптометрия тоғайының арасы тастай қараңғы екен, қорқынышты. Қыздар мек­те­бінің төртінші сыныбында оқып жүріп, боранды күні Нодзава ыс­тық қайнарынан Гидзимаға дейін шаңғымен барған кезде қорық­қаным есіме түсті. Ол кезде ар­қам­да рюкзак болса, қазір Соноко. Соноконың ештеңеден хабары жоқ, ұйқыда.
Арт жақтан «Императорымыз шақырды-ау» деп келетін, әуені үйлес­пейтін әнді айтып, алшаң басып біреу келеді. Жөткірінгені жақсы естілді. Күйеуім ғой.
— Соноко шаршады, — деп едім, күйеуім гүж етті:
— Не?! Сендерде сенім жоқ, сондықтан түнде қорқасыңдар. Менде сенім болған соң түннің өзі тапа тал түс сияқты. Ер соңымнан! — деп, алға түсті. Қашанға дейін ішпей тұрар екен, шынымен сұмдық күйеу.

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

Қазақ әдебиеті