Жақсылық Сәмитұлы. ОФИЦЕРДІҢ ЖЕСІРІ
Жүк тиелген «Камаздың» кабинасында үш ересек адам бармыз. Қара мұртты, егде қазақ– жүргізуші, менің нағашы ағам, мен және Тәшкенттен шығарда өлердегісін айтып, жалынып, жабысқаннан кейін отырғыза салған омырауда баласы бар бейтаныс келіншек.
Алғашында нағашы ағам оған онша пейілді болмап еді:
– Қыстың күні, жол алыс. Аядай кабина үш адамға тарлық қылады, – деп келісе қоймаған.
Оған әйел де бой бермеді:
– Құдай үшін, рақым етіңіз. Алматыда қызым бар еді, сол ауырып қалыпты. Әйтпесе мынадай қыстың көзі қырауда жолаушы жүру деген оңай дейсіз бе?! Поездбен баруға жол ақы таба алмадым. Мейірімді адам көрінесіз, ала кетіңіз, – деді үзіт болып.
– Жоқ, болмайды, – деді ағайым тағы да басын шайқап,
– Оның үстіне жас балаң бар екен. Ұзақ жол. Қиын болады. Мұндайдың талайын көріп жүрміз ғой.
– Ағатай, жалынамын сізге! Өте қиын жағдайда қысылып тұрмын. Баланың сізге түк бөгеті жоқ. Құшағымда отыра береді. Бала деген періште ғой. Бір Алладан сіздің амандығыңызы тілеп барады. Балалы жолаушыға ғайып ерен, қырық шілтен жолдас болады дейді ғой. Қасиетті Құран кәрімде де: «жақсылық қылсаң, сәбиге қыл» деген сөз бар деуші еді молдалар . Ағатай, рақым етіңіз. Алла жолыңызды оңғарсын, – деді екі көзі мөлдіреп, ағайымды шыр айналып, қыр соңынан қалмай.
Ағайым біраз жібіп маған қарады , «қайтеміз?» дегендей. Мен де келіншекті қайтадан бір шолып шықтым. Орта бойлы, тығыршықтай, толық денелі. Ел қатарлы әдемі де таза киінген. Сөзінде ауыл адамы емес, қаланың оқыған, зиялы қауымына тән әдепті жарасымдылық бар . Ажары да ашық. Томпақтау келген екі бетінде албыраған күрең қызыл нұр
ойнайды.
Төрелікті ағайымның маған бергенін, аса бір зерделілікпен сезе қойды да енді ол маған бұрылды.
– Ағатай, тілеуіңізді берсін, ала кетіңіздерші, мынау сәби үшін болса да…
Осыны айтқанда оның мұң толы қара көздері алдындағы баланы бір шолып өтті. Шешесінің аузынан түсе қалған қара қасты, жазық маңдайлы, қыр мұрынды, қошқар тұмсық бала оның құшағында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Ұл бала шығар деп ойладым мен. Қай ұлт екені белгісіз, шешен бе, өзбек пе, тәжік пе?.. Әйтеуір түрік тектес мұсылман ұлыстарының бірі екені анық.
Келіншек көзін баладан тайдырып, маған аударды. Кірпік қақпай қадалып қалған екі көзі мені арбап барады. Мен де енді байқадым. Көз болғанда қандай! Қап-қара. Үзіп алған қос мойылдай. Мен оның болатына төтеп бере алмей, кірпігімді еріксіз қағып-қағып жібердім.
– Ойпыр-ай, ағай, сұлудың сілесі қатты болады деуші еді, байқайсыз ба, көз емес, от қой мынау…– дедім қалжың-шыны аралас, күліп жіберіп.
– Жарайды онда. Жиенімді табындырып тұрса, оған қарсы келер менің шамам қайсы?! – деді нағашы ағам да мені қағыта әзілдеп.
Биыл да қыс қатты еді. Солтүстікке қарай ұзаған сайын күн суыта бастады. Қалың күртік басып қалған жол да қиындай түсті. Соның кеселінен жол бойындағы мейманханаларда да бос орын қалмаған екен. Бірінен кейін бірін түгендеп, есіктерін қағып жүріп, қас қарайып, ел орынға отырған кезде жұпынылау бір мейманханадан бос бір бөлме таптық.
Бөлме болғанда да қуықтай, екі-ақ төсегі бар кішкене ғана құжыра екен. Біз қайтерімізді білмей, бірімізге біріміз қарасып тұрып қалып едік.
– Сіздер жайғаса беріңіздер. Ролда кезек отырып, екеуіңіз де шаршадыңыздар ғой. Ал, мен мынау орындыққа отыра саламын. Бір күнге ештеңе етпеспін, – деді келіншек біздің ойымыздағыны дәл тауып.
Сөйтті де бос тұрған орындықты плитканың түбіне таятып алып, соған отыра кетті де, ораулы баласының бетін ашып, емірене төніп қалды.
– Ояу жатырсың ғой, күнішім. Күліп жатыр өзі. Құдай тағала мамасына болысып, сені әдейі сабаз ғып берген ғой маған, – деп күбірледі ол бір сәт бізді мүлде есінен шығарып, баласы оның сөзін ұғып жатқандай тек соны ғана айналып-үйіріліп.
Нағашы ағам мен үшін өте бір аяулы, қадірменді адам болатын. Дәл қазір менің көңілімде сол тұрған.
– Мен алдымен ағайымды сыйлап алайын, – дедім беті-қолын жуып келіп, сүртініп жатқан нағашы ағама құрмет көрсетіп, көрпе-жастықтарын жөндесіп, бәйек бола бастап.
Ағайым қалт тоқтап, аз тұрды да, «сен қайда жатасың?» дегендей менің бетіме барлай қарады.
– Біз мына сұлу екеуіміз ақылдасып көреміз, – дедім мен қалжыңыма қалай қарар екен дегендей келіншекке көз жіберіп.
Келіншек маған ту сыртын беріп, күйбеңдеп баласын құрғақтап жатқан. Дәл қасында гүрілдеп сөйлеп тұрған адамның не айтқанын ұқпай қалуы мүмкін емес сияқты еді. Бірақ ол ештеңе естімеген кісідей, елең етпей баласымен бола берді.
– Бәлкім, екеуіміз бірге жата кететін шығармыз, – дедім бұл жолы дауысымды әдейі көтере сөйлеп.
Келіншек баласын орап болып, құшағына алды да маған бұрылды:
– Сізді әурелеп қоятын болдым, – деді жасқана тіл қатып,
– Рақым етіңіз. Кешіріңіз. Бұл өзі бір маубас бала. Жыламайды. Бір ұйықтаса таң атқанша оянбайды да. Сіздің мазаңызды алмайды.
Мен іштей шешіп те қойғам. Қыстың мынадай ұзақ сары таңында әйел адамды, жоқ, жай әйел ғана емес, құшағында сәбиі бар балалы ананы орындыққа қақшитып қойып, жұмсақ төсекте көсіліп жатып, рахат ұйқыға бас қою менің жігіт басыма ұят екенін білгем. Құдай сақтасын, бір түнгі ұйқы үшін…
– Сіз де кешіріңіз, бикеш, қалжыңдаймын әншейін. Төсекке мына мырза екеуіңіз қисайыңыз. Андағы орындығыңызды маған беріңіз, – дедім мен оның қасына келіп.
– Жо-жоқ, ештеңе етпейді, – деді келіншек менің бетіме қарамаған бойы баласын бауырына қыса түсіп, – Рақымет ниетіңізге!
Мен еңкейіп оның құшағындағы баланы алдым да, төсекке әкеліп жатқыздым. Сонан соң орнынан әлі де қозғалмай мелшиіп отырған келіншеке бұрылып:
– Сізді де көтеріп апарып жатқызып қояйын ба?! – дедім қасына таяп.
Келіншек басын көтеріп маған жарқ етіп, жалт қарады. Бұл жолы өңінде мүләйім бір жылу бар екен. Үлкен қара көздерінде күн бойғы тұнып тұрған мұң да ғайып болған. Екі бетінде болымсыз шұңқыр қалдырып әдемі жымисында жастық шақтың базары тарқамаған балғын табы елес береді.
– Сіз ше? – деді орнынан әлі жылжи қоймай.
– Несі бар, орын ауыстырамыз, – дедім шынымды айтып. Сөйттім де келіншектің екі қолтығынан ақырын демеп,
ойымның шын екенін сездірмек болдым.
– Ұят болды-ау. Сізге қиын болды ғой, – деді ол еш қарсылық көрсетпей орынан тұрып жатып. Сонан сәл ойланып қалды да, мен нұсқаған жаққа беттеместен дереу барып, ағайдың қасындағы орындықты алып келді. Бос төсектің бас жағына таман екі орындықты қатарластыра жылжытты да, баланың басындағы жастықты алып, мен жақ шетіне әкеліп:
– Балаға жастықтың керегі жоқ. Тым болмаса мынаған жантайыңыз, – деді әйелге тән бір ширақтқпен жастықты сілкіп-сілкіп, мамығын қопсытып жастап жатып.
Келіншектің орналастыруы бойынша басымды төсекке қойып, екі орындықтың бойына иіріле мен де қисайып жата кеттім. Келіншек басы төсекке тие-ақ қор ете түсті. Ал мен көп заманға дейін көз іле қоймадым. Ортамызда бала жатқанымен басымыз жап-жақын. Мен келіншектің барлық тынысын естіп жатырмын. Бар мен жоқты , қиыншылық пен рахатты– ештеңені кәперіне алмайтын, құдай тағала кең-молынан пішіп жаратқан бір адамдар болады. Олар көбінде мінезді келеді. Көп нәрсеге пәруәйсіз қарайтындықтан ашу шақырып, ыза болған дегенді білмейді. Тарығып, тапшымайды. Көнпіс , маубастау келеді. Ұйықтауы тез болады да, көзі бір ілініп кетсе, жуырмаңда ояна қоймайды. Мен мына келіншекті де сондайға жорыдым.
Жорамалым тым теріс емес екен. Келіншек сол жатқаннан тұяқ серіпкен жоқ. Түн ортасы мөлшерінде бала әнтек қыңқылдап, қозғалып еді , оны да сезбеді. Баланы құндағынан ақырын тербетіп жатып, бір кезде мен де ұйықтап кетіппін.
Қанша ұйықтағынымды білмеймін. Дабыр-дұбырдан оянып кеттім. Ағайым киініп жатқан секілді. Сыртта да жиі-жиі жеткен машиналар гүрілі. Шықырлаған аяқ дыбысы. Соны біліп жатсам да, таңғы тәтті ұйқыны қимай, еріншектікпен бұйыға маужырап, дел-сал күйде біраз жатып қалдым.
Кенет алақанымның сыртынан ұстай алған біреудің қолының табынан селт ете қалдым. Ып-ыстық бір алақан қолымды ду еткізді де, тез тартып ала қойды. Соған іле:
– Кешіріңіз, байқамай қалдым, – деп күбірлеген келіншектің қарлығыңқы үнін естідім.
Уылжыған жас адамның мамық алақанының ып-ыстық табы қолымның сыртында көпке дейін тұрғанын сезіндім. Жол бойы да ылғи соны ойлаумен болдым. Шынында да байқамай ұстап қалды ма? Жоқ, әлде әйел затының тумысынан бірге жаралған мекерлігі ме екен? Баласын ұстаймын деп жаңсақ қарманып қалғаны рас па? Бәлкім, әлде…
Қайткенмен де менің таудан-тастан, ештеңеден бетім қайтпаған, жоққа еліккіш, кеудемсоқ жас кезім ғой. Оң жақ иығымды жылытып, жабысып отырған келіншекке бүгін енді көп қарағыштай бердім. Жол шетіндегі әлденелерге, алыстағы тау тұлғасына, сонда шөгіп жатқан бұлттарға қараған болып та, көзімнің қиығымен соны аңдыдым. Кейде тіпті менің осынымды елемей, маған қарап та қоймаған тәкаппарлығына іштей жыным ұстап , ызам да келді. Ақыры ештеңені елең құрлы көрмей қатып қалған жансыз мүсінге бір кезде еріксіз өзім тіл қатуға мәжбүр болдым.
– Жол қысқарсын, сөйлей отырсаңшы, бикеш, – дедім бір кезде оған бұрылып.
Ол маған таң атқаннан бергі, мынау бірнеше сағаттық жол бойында бірінші рет көз салып, жай ғана қарап қойғаны болмаса, үндеген жоқ.
– Есімің кім болады?
– Гуля, – деді ол тосаттан үні шықпай, тұншыға тіл қатып. Кавказда, Каспидің батыс оңтүстігінде, Аму дариясының
жағасындағы түрік тектес халықтардың қыздарының аты көбенесе гүлден басталатынын білетін едім. Ылғи «Гүлнара, Гүлсана , Гүлхан, Гүлмария…» болып келе береді. Кейінгі заманда орыстарға еліктеп осылардың көбін «Гуля» деп атай салатын болғаны тағы бар.
– Сонда қалай? – дедім мен осыны ойлап.
– Гуля, – деп қайталады ол еш іркілместен.
– Гүл бірдеңе шығар?
– Иә, Гуля.
Қанша қайталағанмен ештеңе шықпайтынын біліп, мен онан ары құтқуырлағам жоқ.
– Ал, Гуля, жасың қаншада?
Ол менің бетіме бүгін бірінші рет жымия қарады:
– Білмейсіз бе, қыздың жасы он сегіз деген?
– Неше балаң бар?
– Екеу. Бір ұл, бір қыз.
Бір күндік ұзақ жолда осы тектес түкке керексіз, қысқа-қысқа сұрақ-жауаптардан ары ештеңе сөйлесе алмадық. Кеше маған өлердегісін айтып жалынған, сонан бері маған кіріптар болып , менің қамқорлығыммен келе жатқан, өмірі ешбір қатысым болмаған мүлде бейтаныс әйелдің қазір мені алымсынбағандай болғанына іштей ренжулі де едім. Сондай бір ішкі қыжылмен енді мен де тыртысыңқырап, әдейі әдептен аттап, аздап шамына тие , қағыта сөйлеп қойсам да әбестік болмайтын шығар деп те ойлай бастадым. Өйтпегенде ше?
Кімім еді ол менің?! Әрі кетсе өзгенің жақсылығын оның жігіттігі, адамшылығы деп бағаламай, өзінің міндетті меншігі есептейтін көп көр кеуденің біреуі шығар?!
Алматы қаласына ақшам сөніп, қас қарая жеттік. Ағайым бізді вокзалға түсіре салды да, өзі қаланың сыртындағы бір қоймаға жүк түсіруге кетті. Біз жол шетінде қатар тұрмыз. Көше шамының ала көлеңке жарығында мен Гуляның өн бойын тағы бір рет шолып шықтым. Бала құшақтап күрбиіп тұрса да, ол осы тұрқымен де сүйкімді, сымбатты көрінді. Бәлкім, ер адамға құшағында баласы бар әйелдің ерекше жылы көрінетіндігінен де болар. Яки… әйтеуір мен оған бұл жолы да сұқтана ұзақ қарадым. Білектері де жұп-жұмсақ -ау, шіркін! Құшағы қандай ыстық екен!? Бәлкім, оның мынау кеудесінде сүйек те, шеміршек те жоқ, тығыршықтай боп нығалып тұрған тұтас бір мамық шығар!..
Мен еріксіз күрсініп қойдым.
– Сені қимай тұрмын, Гуля. Ол үндеген жоқ.
– Оңаша бір жерге алып кету керек еді…
Ол маған кенет жалт қарады.
– Жолақы тілеп тұрған жоқсыз ба? – деді ренішті раймен. Сөйтті де өзіне-өзі сөйлегендей ақырын ғана күбірлеп қойды,
– Мейірімді, тамаша жігіт қой деп ойлап едім…
Мен қысылып қалдым. Ту бастан панасыз, сүйенішсіз балалы әйелге қолғабыс, шапхат ретінде мейірімім түскені рас. Қазір енді жаңағы жарты ауыз сөзбен соның бәрін де шайып алған сияқтымын. Опынып, өкініп қалдым.
–Жо-жоқ , әншейін қалжыңдаймын, – дедім қалай ақталарымды білмей, қысылып қалып, асыға сөйлеп, – Қажет десеңіз баратын жеріңізге апарып салайын . Бірақ, сізді жақсы көріп қалғаным да өтірік емес. Сіз әрі сұлу, әрі мінезді, тамаша адамсыз. Сіздей асыл затпен танысып, жолдас болып, мұндай оңашада кезіге тұрып, бір ауыз лебіз білдірген болсам… Иә, менде түк кінә жоқ. Сұлу болған, әдемі болған өзің кінәлісің. Егер менде титтей ғана кінә бар делінетін болса, ол менің сендей бекзатты сүйгенім ғана, – дедім сасқалақтағанда «сіз» бен «сенді» араластыра сөйлеп.
Ол менің өне бойымды шола ұзақ қарады. Үндеген жоқ.
Мен такси ұстадым.
– Қайда барасыз? – дедім селқос қана.
Ол баратын жерін айтты. Екеуіміз де үн-түнсіз, жарым сағаттай отырдық-ау мөлшері. Сол беті қаланың шетін ала, жұпынылау бір жекелік мейманхананың алдына келіп тоқтадық.
– Сіз осында тұрасыз ба? – дедім мен таң қалып.
– Жоқ, – деді ол іркіле, сөзін үзіп-үзіп жауап беріп, – Осы араға жақын бір жатақхананы мекендейміз… Бірнешеуіміз бірігіп, бір бөлмені жалдап тұрамыз.
– Ал мұнда ше?
– Мұнда таныс бір қызым бар. Жатақханаға енді мені сол апарып қояды.
– Оны әурелемей-ақ мен апара салсам болмай ма?
– Жо-жоқ, – деді ол тыз ете түсіп. Сонан соң ақырын күрсініп қойды, – Ол жерді сіздей мырзаға көрсету ұят әуелі.
– Жарайды онда. Танысыңызға апарып табыстырып қояйын ба?
– Жо-жоқ, – деді ол бұл жолы да дереу қарсы рай байқатып. Онан әрі әлденеге бөгеліп, кібіртіктей берді.
– Кешіріңіз, мырза, мына баланы кішкене ұстай тұрасыз ба? – деді ол әлденеге күмілжи тіл қатып.
Мен баланы құшағыма алдым. Ол мейманханаға қарай бірнеше адым жүрді де, жол ортада тоқтай қалды. Сәл бөгеліп тұрды да, қайта бұрылды.
– Ой, құдірет, өзім де білмеймін, біртүрлі қызық боп барам. Рақмет сізге. Баланы өзіме бере салыңызшы, – деді бұл жолы сөзінің берекесі қаша аптыға, асыға сөйлеп.
Маған кенет бір ой түсе қалды. «Бәлкім, маған сенбей, баласын албаты біреуге тастап кетуге ана жүрегі дауамай, қайта оралған болар» деп ойладым да, іштей нараулау бір көңілмен:
– Жарайды, сау болыңыз, – дедім қолымды ұсынып. Менің алып алақанымның уысында тұрған оның кіп-
кішкентай нәзік саусақтары жұп-жұмсақ еді. Әрі оттай ыстық та сезілді. Алақанымды дуылдатып, әлсіз лыпылдап қан соғады. Болымсыз діріл аралас, майда леп бар. Сол сәттің арасында ғажайып бір қызумен өзі де еріп, сиқырлы бір ағын менің тұтас денеме сіңіп, балқыта жайылып, улап бара жатқандай.
– Сізден бір нәрсе сұрайын деп едім, – деді ол сыбырға жақын көмескі үнмен жасқана тіл қатып. Қолымды да босатпай, ұзақ ұстап ойланып тұрып қалды. Алақаны аздап дірілдеп, болымсыз демігіп барып, ентіге күбір-күбір етті, – Сіз бағана шын айттыңыз ба?
Мен қапелімде түсіне алмай қалсам да, әнтек ойланып барып есіме түсірдім. Кенет өне бойым ду етіп, жүрегімді лық етіп, асау бір толқын соғып өтті. Жаным жадырап, қуанып сала бердім.
– Сіздей сұлуды алдау күнә ғой, – дедім онан ары арбай түсіп.
Келіншектің буыны босап бара жатыр еді.
– Білмеймін. Сізді енді мен де қимай тұрмын, – деді ол екі иығы жиі-жиі көтеріліп басылып, – Кетпей-ақ қойыңызшы. Ұнатып қалдым. Басқа бір кең жерге барайықшы, – деді ол құшағындағы баласымен бірге маған таман қисайып, құлай беріп…
Сеспей қатқан екенмін. Біреудің сүйгенінен ояндым. Көзімді ашып алсам– Гуля. Киініп, таранып-сыланып, жасанып алыпты. Үстінде кеудесінің ойығы төмен қара пүліш көйлек. Жастық шақтың буымен толысқан етженді, кесек омырауының нып-нығыз бір қиығын мынау күндізгі жарықта да әдейі бір көрсетіп менің көзімнің құртын тағы бір түсіргісі келгендей. Екі аралықтағы қобыда аппақ еттің үстінде ажарлана, ап-айқын көрініп тұрған ұсақ-ұсақ үш қара мең бар. Үлбіреп тұрған ақ ұлпа еркек денесі тиісімен-ақ еріп, ду етіп өртеп, өзі де шым-шымдап, шымырлай жөнеліп, сені де балқытып ерітіп әкетуге дайын сияқты. Түндегіден бүгін жүзі де ашық. Өңінде бақытпен балқаштаған жарқын шырай бар. Көз жанарында менің көкірегімде алдыңғы күннен бері шөгіп қалған мұңлы бейнеден өзгеше кіршіксіз пәк, тап-таза нұр ойнайды. Түндегі қап-қара ұзын кірпігінің ұшынан тізіліп, тырс-тырс тамған кесек-кесек жас тамшыларынан да із жоқ. Онда тағы да ескі жараның аузын тырнаған сол пәруайсыздығым: «Күйеуің кім еді?» деп сұрағам. Ол жерге қарап, үнсіз мелшиіп отырып қалған. Көйлегінің омырауына үзіліп-үзіліп түскен меруерт тамшылар құлаған. Жауап орнына басын шайқаған. Оның бұл ишарасы «күйеуім жоқ» дегені ме , әлде басқа ма, дәп басып айыра алмай, дүдәмәл ойда қалып едім. Соңынан «оны айту маған ауыр» дегені болар деп шешкем. Оны бір сәтке болса да қамықтырып, қасіретке батырған сол ыңғайсыз сұрағым үшін артынан сонда өзім де өкінген болатынмын. Бүгінгі мына көңілді кейпін танып, енді қуанып қалдым.
– Мен кеткелі жатырмын, азаматым, – деді ол ерке нұрмен шаттанып.
– Мен асықпай тұрайын. Шымкент поезді сағат бірде келеді, – дедім мен орнымнан жылжи қоймай.
Ол менің сөзімді түсіне қоймай бетіме аңтарыла қарады.
– Аңқаусың-ау, Гуля, Кімнің егініне түскеніңді білесің бе сен? Әйелім мені поездан күтеді емес пе!?
Ол күліп жіберді. Мойнымнан құшақтап, оттай ыстық демімен шарпый астыңғы ернімді қымқыра, тістеп сүйді. Түнде де солай сүйген. Еркек деген де ақымақ емес. Ол да есепші. «Бұрын осындай бір ләззат алдым ба, жоқ па?». Әрбір төсектесімен бірге болғанда әрбір еркек ылғи осылай ойлайды. Гуля турасында да сондай. Бір есептен еркек көңілін табудың әрқандай амалын білетін кәнігі, желөкпе әйелге де ұқсап кетіп еді. Енді бір ойдан түк сөкеттігі жоқ, өз әйелің емес қой, әрине. Өртеніп сүйеді. Солай да солай. Артынан, әлде қалай, оның бәрін ұмыттырып жіберген.
Мен әмиянымды ашып оған ақша ұсындым.
– Таксимен барарсың.
Ол басын шайқады:
– Жоқ, басқа кезде болса, тартынбай-ақ алатын едім. Бірақ, мынадай кездесуден кейін қиын. Біріншіден, сонша тәтті ләззаттың дәмі түгел шайылып кетеді. Екіншіден, осымен өз арыңды да бұлғап алғандай сезінесің. Мейірбан, жомарт жігітсің. Тек сүйгеніңнің өзіне рақмет. Сау бол.
***
Аудандық полицияға жұмысқа тұрғаныма да екі жылдан аса уақыт болған. Кәдімгі қызмет. Тым жайлы да емес. Әсіресе, «айдап кел, жинап келі» көбірек. Бастығыңның бұйрығын екі етпей атқаруға міндеттісің. Қалай айтса солай орындайсың. Бір күні көшеде салық төлемей тұрған ұсақ саудегерлерді үркітесің. Енді бірде қаладағы паспортсыз жүрген қаңғыбастармен айналысасың. Кейде тіпті қаланың атына кір келтіріп, әр бұрышта садақа сұрап тұрған тілемшілерді тазалауға да жүктеме аласың.
Сондай бір міндетпен келе жатып, адам көп болатын бір бұрыштағы өзіміз күнде көріп жүретін бір қайыршының қасына тоқтай қалдым. Ескі қара шәлімен бет-аузын түгел бүркеп, жауып алған. Екі көзі ғана жылтырайды. Қашан көрсең осы қалпында, ешкімге бір ауыз тіл қатып сөйлеместен, басын бір жағына қисайтып , иіледі де тұрады. Біреулердің келе жатқанын көзінің қырымен тез байқайды да, ұзын жеңін сөбелеңдетіп, қолын жайған болады. Қыс күндері ылғи түрегеп тұрады. Жаз күндерінде жыртылған қағаз жәшіктің үстінде отырады. Қасында екі баласы да бар. Алғаш көрген кезімде біреуін алдына алып отырушы еді. Қазір екеуі де өсіп қалыпты. Әрнені ермек қылып , қасында жүреді. Екеуінің де үсті-басы жүдеу. Үлкенінің есі кіріп қалған. Қимылы да сергек . Кейде келе жатқан адамның алдынан жүгіріп шығып, қолын жаяды. Тиын-тебен бірдеңе берсең, қуанып кетеді. Шешесіне қарай жүгіреді. Бермеген адамға нараулау қарайды да, біраз жерге дейін ілесіп барып, әзер қалады. Кішкенесінде әлі ондай сезім жоқ. Шешесінің қасынан ұзамайды.
Мен бүгін де дәл соның үстінен түстім.
– Сен мұнда қалай тұрсың? – дедім мен оған бірден тігіл келіп.
Ол үндеген жоқ.
– Мен сенен сұрап тұрмын. Кім боласың өзің? Куәліктерің кәне? – дедім онан ары дікілдеп.
Ол тағы да үн қатқан жоқ. Маған тесіле қарап тұрып қалды да, онан көзін баласына аударды. Екі иіні көтеріліп барып басылды.
– Ұғып тұрсың ба? Сөйлесеңші. Кімсің өзің? Қай елдің азаматысың?
Ол дүлей қалпында менің бетіме қарап тұра берді.
– Жарайды, онда мен сені аузың аузыңа тимей сөйлейтін жерге апарайын. Жүр менімен! – дедім сөбелеңдеген ұзын жеңінен ұстай алып.
Кенет оған тіл бітті:
– Рақым етіңіз, мырза, – деді тап-таза қазақ тілінде. Мен кенет өзім де сезбестен оның қолын босата салдым.
– Бәсе, осылай зуаныңды ашпайсың ба?! – дедім оған жасаған айбарымның сәтті болғанына іштей өзіме өзім риза болып, – Кәне, документтеріңді көрсетші.
– Паспортым жанымда жоқ. Пәтерде қалған. Ренжіме-сеңіз жүріңізші. Сол жерден алып берейін.
– Жоқ, бара алмаймын. Өзің барып алып кел. Балаларыңа мен қарай тұрайын.
– Сіз біз сияқтыларды іздеп жүрген жоқсыз ба? Мен жалғыз емеспін. Онда тағы төртеуі бар.
Мен ойланып қалдым. «Айтып айтпай менің бүгінгі мін-детім осындайларды жинау ғой. Мына қайыршы аңқаулық-пен яки серіктерін бірге ала кетейін деген іштарлық ниетпен бекер маңыратып тұр. Біреудің орнына бесеу табылса, онда бүгін менің де асығымның алшысынан түскені емес пе?»
– Жарайды, баста! – дедім мен оған.
Әйел есікті кілтпен ашты. Жалғыз бөлме болса да үй іші ретті екен. Тап- таза, жайнап тұр. Ақ шілтерлі перде ілінген терезе алдында екі ыдыста екі гүл. Бірі қызыл, бірі ақ. Екеуі де гүлдеп ашылып тұр . Тұтас еденді алып жатқан ұсақ гүлді, үлкен күрең ала кілем . Алматы кілемі. Төр алдында дәл кілем түстес жапқышы бар диван. Оның қасында бір кісілік бала төсегі. Қарсыдағы шкафта ыдыс-аяқ. Көрпе-жастық. Терезе жақ бұрышта, ағаш қондырғының үстінде кішілеу түсті телевизор. Бір жақ қабырғада, биікте рамкаға салынған жалғыз фото. Әскери форма киген жас жігіттің портреті. Ер тұлғалы, атпал азамат.
Мен таң-тамаша болып, есік алдында түрегеп тұрғам. Әйел маған орындық ұсынып еді, отырғам жоқ. Ал оның өзі менің қасымда жонын терезеге беріп түрегеп тұрған қалпында көлкемедей кең, әрі ұзын көйлегінің омырауына қолын жүгіртті де, қойнынан бірдеңе іздей бастады. Баспа түйменің шырт еткен дыбысы да анық естілді. Ол қызыл күрең паспортты менің қолыма ұстатты.
Мен паспортты ашып қалдым да, алдымен бірінші бетіндегі суретке көз жүгірттім. Таныс біреу сияқты. Жып-жылы елес береді. Қап-қара екі көз. Қос мойылдай қап-қара. Қадала қарайды.
Кенет жүрегім әлденеге шым етіп барып, тулап ала жөн-елді. Екінші бетті асыға аудардым. «Гуля » деген есімді оқыдым. «Шын ба, өтірік пе ?» дегендей көзімді уқалап жіберіп, қайта қадалдым. «Гуля». Еш қатесі жоқ. Ап-анық «Гуля» .
Дәл осы арада мен абдырап, қолым дірілдеп, сасқалақтап қалдым. Енді не істерімді білмей, қасымдағы әйелге қарадым. Ол әлі де құндақтаулы, басы ораулы қалпы еді. Өзімді өзім билей алмай, ештеңеге тақат етпей, басындағы орамалын жұлып алдым. Қадала түстім. Сол Гуля сияқты. Сенерімді де, сенбесімді де білмей аңырып қалдым. Бір есептен ұқсайтын да сияқты. Былай қарасаң соған ұқсастау басқа біреу. Иә, мұндай қара көздер де, Гуля аттастар да толып жатыр. Қолымдағы суретке бір , Гуляның бетіне бір қарай бердім . Миымның бір нүктесінен үш жылдың алдындғы Шымкенттен қайтқан сапарым да қайта тіріліп, ояна бастады.
Ал әйел міз бағар емес. Қыбыр етпей үнсіз тұр. Дәл осы арада мен өзімді тоқтата алмай, оның көйлегінің басқы түймесін шапшаң ағытып жіберіп, өндіршегінен төменгі жалаңаш етке, онан екі омырауының арасына көз салдым. Үш бұрыштана орналасқан, тарыдай-тарыдай үш қара мең. Анау бір тәтті кездесуден кейінгі таңертең қоштасар алдында Гуля кеудесінің ойығы төмен көйлек киіп келгенде көзім түскен үш ноқат.
Мен басымды шалқайта сілейіп тұрып қалдым.
– Енді таныған шығарсың? – деген таныс дауыстан есімді жидым.
– Саған не болған, Гуля-жаным-ау? – дедім шошына үн қатып.
– Ой, Бәке, қалтырап кеттіңіз ғой. Екі тізеңіз тіпті бір-біріне жуитын емес. Отырңызшы, – деді ол бағанағы орындықты қайта ұсынып.
Мен бір шыны су жұтып барып есімді жидым:
– Мына кәсібің қиын ғой. Елде-жұртта жоқ…– дедім мен шошына, соңынан оның үсті-басын шола қарап.
– Иә, бұл да кәсіп. Және кәсіптің ең қиыны. Елдің бәрі бұған бара бермейтіні де сонан. Оның үстіне жұрттың бәрі кәсіп дегенді тек лауазым, сауда, бизнес деп қана түсінеді. Ал өмірде көп жұрт біле бермейтін осындай бір елеусіз жұмыстар да болады, – деді Гуля түк болмағандай жайбарақат қана түсіндіре бастап, – Бәрі де осы қу тірліктің қамы. Бай болсаң да, кедей болсаң да, адам баласына ең қажеті киім мен тамақ. Онан қалса жатын орын. Әрине, жақсысы, молшылығы, жаманы мен тапшылығы бар екені рас. Ал күндердің күнінде мынау қасиетті қара жер бәрімізді тең қабылдайды. Аспан асты әділетсіз болғанымен, қара жер әділ. Оған бар да, жоқ та ұқсас.
– Философ болып кетіпсің, – дедім мен оның сөзін бөліп.
– Иә, білмейсіз бе, философтың бәрі кедейден шығады. Жоқшылық адамды философ қып жібереді. Онсыз қалай, қиын ғой. Өлу керек пе? Бізді қойшы. Менде үш бала бар ғой. Шынын айтсам, дәл қазір мен солар үшін ғана жасап жатырмын.
Гуля соны айтқанда менің есіме басқа бір сұмдық орала кетті. Енді бар назарым екі балаға ауған. Оны Гуля да сезе қойды.
– Масхат, Дудай, – деді ол балаларын қасына шақырып, екеуін екі қолымен құшақтап, қара қожалақ беттерінен иіскеп, сүйіп қойды.
Оң құшағындағысы Масхат– үлкені. Қара қасты, қара көзді, қошқар тұмсық қара бала. Нағыз шешен ұрпағы. Сол жақ құшағындағы онан мүлде бөлек. Шешесінен де өзгеше. Бөтен нәсілден екені ап-айқын. Бүйрек бет, бауырсақ мұрын, қызыл шырайлы, салпы ауыз қазақ. Жоқ, нақ шынын-ақ айтайыншы, өзімнен аумайды. Сарғыш жиекті қой көзі. Әсіресе, астыңғы ерні дүрдиіп, үстіңгі ернінен асып тұратын маймиған аузы құйып қойғандай.
Қорықтым ба, қуандым ба, оны өзім де білмеймін.
– Ой, Гуля, Гуля, – деп қайталай бердім мен аузыма басқа сөз түспей.
«Дудайды алдыма алып, ұстап көрейінші»– деп ойладым. «Рас па екен? Өңім бе, түсім бе?». Бірақ оған батылым бармады. Иә, бәлкім, жаңылыс сезім шығар? Дені сау, өзі сұлу жас келіншек… Бұл дүниеде салпы ауыз қазақ мен ғана ғой дейсің бе?
Талайы бар шығар , бәлкім!» деп ойлағанда әнтек көңілсізденіп әрі жеңілденіп те қалдым.
– Гуля, бір тілегім, жасырмай айтшы, шын ба? – дедім не айтып, не қойғанымды өзім де анық білмей.
Гуля маған қарамай, кішкене ұлының басынан сипай отырып, ақырын тіл қатты:
– Өмірімде күйеуімнен басқа көрген бірінші еркегім сізсіз,
– деп күбірледі жерден көзін алмай.
«Иә, әйелдің бәрі сөйтіп айтады»– дегім келді де аузымды тез жиып ала қойдым.
– Ондай болғанда мені нағып іздемегенсің? – дедім дереу жалтарып, – Жалғыз адамға қиын ғой.
– Иә, қиын болғаны рас. Екіқабат кезімде, әсіресе, айы-күнім таяған шақта. Бірақ, не деп іздеймін. Өзім ұрындым. Қолыммен істегенді мойныммен көтермей қайтем? Сізде түк жазық жоқ. Кеселдің бәрі өзімнен. Дәл сол жолы сізге өлердей ғашық болғаным рас. Анау жолда бірге қонған түннен басталған. Жол бойы сіз әр нені сұрап, әңгімеге тартып отырғанда да мен сезбеген, елемеген бейнемен сізді ынтықтыра түспек болғам. Бірақ, жүрегімде сіз тұрғансыз. Әдейі шыдадым. Такаппар әйелдің күйігі күшті болады. Сіз ренжіп, ыза болып отырған кезде мен іштей амалымның кәдеге жарағанына, соған ерекше қуанып отырған болатынмын, – деді ол маған езу тарта, жымия қарап.
– Солай ма? – деп мен қарқылдап күліп жібердім, – Әй, Гуля, Гуля!
– Ал, кейін неге іздемедің?
Гуля ақырын күрсініп алды:
– Кейін бе? Кейін де мен сізді көріп жүрдім. Әсіресе, анау шен алып, қуанышты жүрген кезіңізде көп көрдім. Тіпті, күніне десем де болады. Бірақ сіздің алып ұшқан көңіліңізді жарым еткім келмеді. Әйелдер айтатын: «еркектер былай шыға сала-ақ ұмытып кетеді» деп. Енді бір есептен, сізде менің еш бұйымтайым жоқ та сияқты.
Мен сөзді әдейі басқаға бұрдым:
– Қиын емес пе?
– Әрине, қазір елдің бәріне де қиын.
– Ал сенің үш балаң бар ғой.
– Иә.
– Үлкенің– қызың қайда оқиды?
– Бесінші сыныпта.
– Бастауыш мектепте ме? Ойбай-ау, ол ержеткенше қайда әлі!? Соған дейін осылай өмір сүрмексің бе?
Ол біраз мүдіріп қалды:
– Білмеймін, – деп күбіледі аздан соң демін ішіне тартып.
– Гуля, шынымды айтайын, әйелім бар ғой. Үш қызым бар. Ұлым жоқ. Сонда да сені алам деп өтірік айта алмаймын. Дегенмен… енді… Ауыртпалығың азайсын, мына ұлды маған бер.
Гуля ыршып түсті:
– Жо-жоқ. Құдай сақтасын. Алла тағала баланы әр анаға атап береді. Ал ана оны ешкімге де бермейді.
Осыны айтты да, ол көзін менен аударып әкетті:
– Өкінбейсің бе?
– Жоқ, несіне өкінем? Ана бақыты бала ғана. Бір жолы бір сәуегей ақсақалға бал аштырғанмын. Бәрін біліп, өзіме қайтара айтып берді. «Ғашықтықтан туған бала адал болады. Түбінде сені мұратыңа жеткізетін осы балаң»– деді. Соған сендім. Сонымен осы балаларды бағып жеткізейін, қуатым жетсе, университет бітіртейін» деп бәріне көніп жүріп жатырмын.
– Апырай-ә, – деп қиналдым мен, – Бірақ, сенің мынау тіршілігің…
– Біліп отырмын. Сізге ерсі көрініп тұр, – деп бастады сөзін Гуля ешбір қысылып-қымтырылмастан орнықты сөйлеп,
– Мынау жан бағысымды айтам. Бұл сізге, мынау қазақтарға өрескел сезілетіні рас. Сіздер өмір бойы кең сахарада көшіп-қонып өмір сүрдіңіздер. Ал ата-бабасынан бері мәңгі бақи бір жерді қоныстанып, сонда өсіп-өнген тұрақты, отырықшы ел үшін бұл ешқандай да таңғаларлық нәрсе емес. Атадан ұлға, шешеден қызға мұра етіп, ата кәсіп деп ұстайтындар да көп. Тіпті халықарада «қайыршылар қоғамы» дейтін ұйым да бар. Соған мүше болу үшін өзінің құдай берген сап-сау, балғадай қолдары мен тепсе темір үзетін аяқтарын кестіріп тастайтындар да аз емес.
– Сап-сау мүшесін кестіріп тастай ма?
– Енді қайтеді ғой деп едің? Бұл да еңбек. Бұл да білім. Бұл да кәсіп. Ондай ұйымға мүше болсаң, онда сені мына бүгінгі сияқты ешкім де қуғындап, қудалай алмайды.
– Иә, мақұл солай-ақ болсын. Күндердің күнінде заман жақсарып, ел түгел байып кетсе ше?
Ол мырс етіп күліп жіберді:
– Сіз солай деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олай болмайды. Адам бар жерде, байлық бар жерде қайыршылық та мәңгілік болып қала береді.
– Үлкендер айтады ғой, кешегі Кеңес одағының тұсында бір мезгіл қайыршы дегенді ұмытып та кетіп едік деп.
– Жоқ. Оны қойып пайғамбарлар тұсында да болған бұл қайыршылық. Ал Кеңес одағына келсек, онда да болған. Өзінде жоқ нәрсені біреуден бетін салып сұрағанның бәрі тілемшілікке жатады. Сен айтқан кешегі заманда оның түсі ғана өзгерген. Ол тұстағы атақ-даңқ, мансап сұраған қайыршылардың бүгінгіден де сорақы екенін елдің бәрі біле бермейді. Білсе де ашық айтпайды.
Мен онымен онан ары дауласқым келмеді де, сөздің бетін оның өзіне қайта аудардым.
– Ал, мынау өзің сияқты жап-жас, сұлу келіншекке қиын емес пе?
– Иә, қиын екені рас. Бірақ қалай күн көресің? Бір есептен…
Қайта осы жақсы. Бұл бір адал кәсіп. Ұрлық қылмайсың, өтірік атпайсың. Кісі өлтіріп күнәлі болмайсың. Көріп жүрміз ғой, көп адамдар арамдықпен байыйды. Қазіргі байлардың көбі сондай. Тіпті жазықсыз біреуді өлтіріп, соның дайын мүлкіне ие болып, солайша ауқаттанғанын мақтан көретіндер де көп. Ал, мынада ешқандай қулық, сұмдық, жаман ниет дегендер болмайды. Таза, ақ ниетпен: «заман тыныш, дүниеде мейірімді, жомарт жандар көп болса екен!» деген жалғыз тілекпен ғана тұрасың.