Ыбырай Жақаев және қазақ қаламгерлері |
Дән атасы Ыбырай Жақаев сөзге жоқ, айтса бір-ақ айтатын аузы ауыр адам еді. Сексенінде екінші Алтын Жұлдызды тағып, салтанатты жиын тарқарда қонақ боп келген Әбділда Тәжібаев: «Ыбекеңнің өзі бір ауыз сөз айтсын да» деді жиналыс төрінде отырып. Сонда диқан қос Алтын Жұлдызы жарқырап мінбеге шығып: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді. Басқалар тақсын да», – деп мінбеден түсе берді. Алдында ғана «Ағатай!» деп өлең оқыған Әбділда Жарықтығым-ай!» деп көзі жасаурап тұрды.
***
1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағында «Әдебиеттегі еңбек адамның бейнесі» деген тақырыпта пленум өтті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев құрметті қонақ боп шақырылды. Одақтың 1-хатшысы Әнуар Әлімжанов баяндама жасап болып, алғашқы сөзді Ыбырайға бергенде, сексеннен асқан диқан Әнуарға қарап тұрып үш-төрт ауыз сөз айтты.
– Мен кетпеніме, Жазылбек қара қойына, сіздер, жазушылар, қаламдарыңызға ие болыңыздар…
Зал ду қол соқты. Көңілі бостар көзіне жас алды. Артқы жақтан «Еңбек адамының бейнесі дегеніміз – осы!» деген Өтежан ақынның сергек дауысы естілді.
***
Ыбырай мен Әбділда Тәжібаев бір топырақта туып, ағалы-інілі боп қабырғасы ажырамаған адамдар. Қайда жүрсе де тонның ішкі бауындай етене.
Сәбит Мұқанов Жазушылар одағын басқарып тұрған кезде Алматыға жиналысқа келген Ыбырайды үйіне қонаққа шақырады. Жол бастатып, Әбділданы ерте барыпты. Ас та төк дастархан басында Сәбең аңқылдаған ақ көңілмен: «Ыбеке, 300 сом айлық алам, сол жетпейді ғой, жетпейді» десе, Әбділда: «Бұл күріш сұрап отыр ғой» деп құлағына сыбырлапты.
***
Әбділда Тәжібаев 70-ке толып, туған жері – Шиелі жұрты құрметті қонақ қып шақырады. «Қызылтуға» (қазіргі Ыбырай Жақаев ауылы) келіп, Ыбырай ағасына арнайы сәлем береді. Басына құндыз бөрік кигізіп, иығына шапан жапқан диқан: «Мінгізген атым осы!» дейді күбірлеп.
Ертеңіне ауданда салтанатты жиналыс өтіп, жер тарпыған сәйгүлікті Мәдениет үйі алдына әкеп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов: «Мынау ауылыңыздың мінгізген аты» деңіз, «Ыбеке» деп жүгенді ұстатпақ болса, «Менің мінгізетін атым жоқ» деп қолын созбапты. «Өзің айта бер» деп бұрылып кетіпті. Ақыры, аудан басшысы өзі айтып, өзі жүген ұстатыпты.
«Ыбекеңнің қолы таза ғой» деген сөзді Д.А.Қонаевтың аузынан естіп қалдым.
«Тазалық тұқымына дарыған» дегенді ауылдастары да әркез айтып қалады.
***
Ыбырайдың 80 жылдық тойына Алматыдан бірі ақын, бірі сыншы – қос інісі Әбділда Тәжібаев пен Мұхамеджан Қаратаев келді. Мәдениет үйіндегі салтанатты жиында әуелгі сөзді Әбділдаға берді. «Ағатай!» деген өлеңін оқып:
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең,
Үстінде туған ырғала басқан түйенің,
Бүгін дүниеге даңқы тараған
Диқан атамсың,
Сүйенерімсің,
сүйерім.
Топырақтың,
Судың,
Жарықтың,
Сырына қанық киелім.
Мен де бүгін сексенге
келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды
Алдыңда тұрып иемін! –
деп, кеудесінде қос Алтын Жұлдызы жарқыраған диқанға қарап басын иді. «Келесі сөз Ыбекеңнің академик інісі, Қазақ совет энциклопедиясының Бас редакторы Мұхамеджан Қаратаевқа беріледі» деді жүргізуші. Мұқаң нық қадаммен серпіле басып мінбеге шығып:
– Ақын сөйлегесін қара шодырға түк те жоқ қой, – деп сөзін бастады.
– Мойындауын қарашы, – деген бел құрдасы Әбділданың күмбірлей шыққан даусы естілді.
– Тіл табысып сөйлесеңдерші. – Диқан кең залға қарап көзін жыпылықтатып отыр екен.
Бойлары босаған көпшілік бұған да ду қол соқты.
***
Ыбырай Алматыға келгенде Әбділданың үйіне соқса, Мұхамеджан Қаратаев екеуі «Қайраттың» ойынына барғалы отыр екен. «Сіз де аяқдоп көріңіз, Темір Сегізбаев деген балаңыздың доп теуіп, қақолдарды қансырата жеңгенін қызықтаңыз» деп, Әбекең қоярда – қоймай қолпаштап алып барыпты.
«Қайрат ә дегеннен ұтыла бастапты. Екінші кезеңнің ортасына жетпей-ақ Киевтің «Динамосы» есепті 3:0-ге жеткізіпті. Жанын сап алабұртқан ақынды сол жағында отырған құрдасы иығынан түртіп қап:
– Бар бәле өзіңнен. «Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» деп жылайсың да жүресің, – деп жынын келтіріпті.
– Мына қақолдарың қайратты екен, кетпен шаптырса ғой өздеріне, – деп күбір етіпті оң жақтан диқан ағасы.
– Екеуің екі жағымнан бәле болдыңдар ғой. Жүр, кеттік, онан да үйге барып шай ішейік, – деп қаны қызған ақын ұшып тұрып, сылти басып алдарына түсіпті.
– Қазақтардың аяғы сынды-ау, бұғанасы аман ба екен? – деп Ыбырай соңынан ерген Қаратаевқа қарапты.
Қуандық Боқай