Ұлы даланың жеті қыры |
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген күннен бастап, түрлі пікірге өзек болуда. Аталмыш мақалаға орай зиялы қауым өкілдері де ой-пікірлерін ортаға салды.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Халық артисі,
Қазақстанның Еңбек Ері
ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ АЙТҚАН
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып сүйінгенімді ішіме бүкпей айтуды жөн көріп отырмын. Елбасымыз қашан да мемлекетіміздің, халқымыздың алдында тұрған міндеттер мен парызымызды дөп басып көрсетіп отыратыны баршаға мәлім.
Елбасымыз Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің бірегей өркениетін айта отырып, біздің туған жерімізде, Қазақстанда да бірегей өркениет дамығанын тайға таңба басқандай көрсетіп беріпті. Жалпы Қазақстан тарихы да заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда мақтанышымызды оятатындай ұғынықты болуы қажеттігін нақты нұсқапты. Қазақстандағы өркениеттің басым көпшілігі бұрын шетжұрттардан келген дегендей түсінік болғаны рас. Елбасы атап көрсеткендей кейінгі жылдары жерімізден табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың көне заманнан бері ең озық, ең үздік өркениетті жасағанын бұл жәдігерлер тарихымызға тың көзқараспен қарауға мүмкіндік ашып отырғанын Елбасы нақты баяндаған. Тағы бір таңқалғаным ата-бабаларымыз талай техникалық жаңалықтарды ойлап тауыпты ғой. Біз ара-тұра жылқыны ең бірінші біздің бабаларымыз қолға үйреткенін еститін едік. Жылқыны қолға үйрету арқылы мәдениеттің негізін қалапты. Атқа міну арқылы бүкіл әлемде аса күшті қуатқа ие болғанын Елбасы айшықтап дәлелдепті. Тіпті, өкшелі саптама етік, шалбар секілді киімдерді де адамзат баласында біздің ата-бабаларымыздың ойлап тапқаны осы мақалада кеңінен баяндалыпты.
Ал қазіргі әлемге мәшһүр Алтын адамның табылуы біздің де көзқарасымызға тың серпін әкелгені даусыз. Сондай-ақ, ежелгі сақтар, ғұндар, түркілер өз жерімізде өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Соған орай Елбасы «Ұлы даланың өркениеттері» тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге өңірлерінде осы тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуді орынды нұсқап отыр. Мұның өзі туристік жобаға айналады деп ойлаймын. Мені аса қызықтырған мақаладағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімі. Дала фольклорының антологиясын жасап, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығаруды ұсынғаны құптарлық мәселе. Халықаралық мәдениетте кино өнері ерекше орын алатыны белгілі. Елбасымыз Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериялар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу қажеттігін де атап өтіпті.
Жаңа тарихи кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажеттігін көрсете отырып, оны да ұғынықты дәлелдегені мені айрықша сүйіндірді.
Қазір жиі айтыла бастаған Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Тіпті,ы ежелде өскен қызғалдақтың кейбір түрлері әлі күнге дейін біздің жерімізде кездеседі. Бүкіл әлемге таралған бұл жәдігерлерді насихаттау үшін Елбасымыз өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды екенін ашық айтқан.
Жалпы Елбасымыздың бұл мақаласында шешімін күткен, халқымыздың көкейінде, арман-ойында жүрген көптеген мәселе сөз болған.
Ғалым-Қайыр Мұтанов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ғалым, академик
Ұлы Дала Елі – жасампаз тарих елі
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзі атап өткендей «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрді.
Мақалада Ұлы дала елінің бүгінгі мұрагері тәуелсіз, бірлігі мен берекелі тыныс-тіршілігі ұйысқан еліміздің әлемдік өркениетте алатын орны айқындалған. Қазақстан сан ғасырлық тарихтың ғана емес, әлемдік өркениет қазынасына енетін бай мәдени игіліктің иесі екендігін зерделеу, насихаттау аса маңызды міндет екені көрсетілген. Себебі, қым-қиғаш оқиғаларға толы жаһандық үдерістерде кез келген ел мен мемлекеттің бүгінгі әлеуетін ғана емес, өткен замандардың даңқты парақтарының мұрагерлері ретіндегі жағымды бейнесін де әлемге танытудың маңызы ерекше.
Қазіргі таңда әл-Фараби есімі әлем жұртшылығына кеңінен танымал, олар біздің ұлы бабамыздың түркілік тегін, ұлы ғалым ретіндегі рөлін бағалап, мойындап отыр. Мысалы, голландиялық, түркиялық ғалымдар өздері бастама көтеріп, біздің университетімізбен бірлесе отырып, әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне арналған бірнеше деректі фильм дайындады. Әл-Фараби бейнесі арқылы еліміздің ежелгі өркениет ошағы екенін мойындап қана қоймай, оны әлем жұртшылығына таныстырды. Бұл – даңқты бабамыздың мұрасы арқылы елімізді танытудың бір ғана мысалы екенін айтқым келеді.
Жақын арада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Елбасы мақаласында айтылған жасампаз тарихымыздың жеті қырынан сыр шертетін «Қазақ Елі» тарихи-көркемдік кешені ашылады. Бұл кешен студенттердің бойындағы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтқан. Әрине, бұл Елбасы бастамаларын жүзеге асырудағы бір ғана қадам.
Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА-ның Құрметті мүшесі
Тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі
Елбасының Ұлы дала тарихының 7 қырын кеңінен әңгімелеген маңызды мақаласы тарихшылардың көкейінде жүрген аса маңызды мәселелерді көтеріп отыр. Біздің қазақ халқының тарихы әлі де жүйеге түспеген әртүрлі бөтен концепциялармен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзіндік бағдарынан адасқан, сондықтан да едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін себебіміз, күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы Даланың ежелгі және орта ғасырлық тарихын баяндаудың ешкімге ұқсамайтын өзіндік іргетасы әлі қалана қойған жоқ.
Осыны тап басқан Елбасының мақаласы бізге мемлекет құрудағы таңғажайып тарихи ерекшелігімізді анықтауға мүмкіндік беріп отырғандай. Айтылғанға нақты, бір ғана мысал келтірелік. Қазақстан аумағындағы Ұлы дала мемлекеттерінің атаулары қазақты құраған қырықтан астам ежелгі ру-тайпалар тәрізді негізінен жеке адамдар есімдерін иеленген. Бұл мәселені көтеріп отырған себебіміз – Елбасымыз өткен тарихымыздағы харизматикалық ірі тарихи тұлғаларымызды халқымызға қайтаруды күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыдан алғанда ежелгі түркі мемлекеттерінің атауларының жеке тұлғалар есімдерімен аталғаны да еріксіз еске түседі. Әйгілі Рашид ад-диннің еңбегінде кезінде бүкіл түркі дүниесі ұстанып, басшылыққа алған қасиетті шежіре айтылған. Бұл шежіре кейінгі тарихшыларымыз Әбілғазыда, Шәкәрімде, Құрбанғали Халидта және тағы басқаларда толықтырылып қайталанған. Адам Сафиолладан басталатын шежіренің басында 10 Пайғамбардың есімдерінен соң Түрік, Алынша (Алаша), Моңғол, Қарахан, Оғыз хан тәрізді тарихи тұлғалар жалғасып келеді. Алыншадан (Алашадан) тараған екі ағайынды Моңғол және Татар деген кісілерден қазіргі түркітілдес және моңғолтілдес (мәнжуртілдес) халықтар тарайды. Өткен замандарда осы шежірені мемлекет құрушы ірі тұлғалардың бәрі басты идеологиялық саяси ұстаным ретінде қабылдады. Мысалы, Түрік қағанатын құрғандар аталмыш шежіредегі Түріктің есімін иеленсе, Қарахан мемлекетін құрған Сатұқ Боғыра хан «Әулие Қарахан» есімін иемденді, оғыздар болса өздерінің мемлекетіне Оғыз ханның есімін берді. Оғыздар XI ғасырда «Түркімен» атанып түркі атауын біржолата оңтүстікке алып кеткен соң, Шыңғыс хан өзінің империясын жоғарыдағы шежіреде айтылатын Моңғол деген харизматикалық тұлғаның есімімен атады. Бұл мемлекеттердің бәрі түркітілдес халықтарды ғана емес, жоғарыдағы шежірені мойындайтын мәнжуртілдес (моңғолтілдес) халықтарды да біріктірді. Біздің шежірені мойындамайтын ғалымдарымыз көне тарихымыздағы осы ерекшеліктерге әлі күнге дейін назар аудармай келеді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасымыз қазақ тарихын іргелі тарих ретінде қалыптастыруға зиялы қауымды әрқашан бағыттап келді. Бұл «Халық тарих толқынында» деген еңбегінен бастау алып, кейінгі мемлекеттік ірі бағдарламаларда («Тарих және қуғын-сүргін жылдары», «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») жалғасын тапты. Бүгінгі біз оқып отырған мақаладағы принципті қағидалар Елбасымыз өзі әрқашан мұрындық болып, қамқорлық жасап келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның жаңа ұрпағын тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі болып табылады.
Серік Ақсұңқарұлы,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Асқақ шабытты оятқан мақала
Мемлекет басшысының былтырғы жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әр отандасымызға ерекше ой салып, асқақ шабытымызды оятты десек болады.
Елбасы біздің ежелгі мәдениетімізге, ежелгі өркениетімізге оралу, қайтып бару керек дегенді айтып отыр. Сонау Алтын Орда дәуірінен бастап қалыптастырған өркениетімізді қайта ой елегінен өткізіп, жаңғыртуға баса мән берілгені қуантады. Өйткені, біз жоқтан пайда болған ел емеспіз. Біз үш мың ғасырға созылған Ұлы көшпенділер мәдениетінің тікелей осындағы өкіліміз, Түрік империяларының ұрпағымыз.
Президентіміз бұл мақалада атқа міну мәдениетінен бастап, ежелгі «аң стилі» өнерін тілге тиек етеді. Ұлы Жібек жолы – біздің кең-байтақ жерімізден өтіп, дүниежүзін байланыстырған әлемдегі өркениеттердің қалыптасуына айрықша үлес қосқан жол еді. Тарихи сананы қайта жаңғырту жөніндегі пікірін айта келе, нақты жобарларды ойластыруға идея тастауы, «ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деген сенімі баршамызға жауапкершілік жүктеді.
Өткенімізді білмей, болашағымызға бір қадам жақындай алмайтынымыз анық. Біз, осыған дейін экономикамыздың дамуы, гүлденуі жолында еңбек етсек, ендігі жерде түп-тамырымызға қайта келіп, шын мәніндегі рухани жаңғыруға аяқ бастық. Кешегі айтқан рухани жаңғыру, ұлттық код идеяларының жалғасы болған мақаламен толық танысып, барлық тарау-тармақтарын оқи келе, бұл мақаланың жарияланғанына қуанып отырмын.
Сәбит Оразбаев, Қазақстанның Халық артисі
Көтерілген әрбір ой маңызды
Біздің қазақ елінің ұлан-ғайыр жерінде ықылым заманнан бері небір ғажайыптар болған. Осы ата тарихымызды бұрмалап, өзге халықтар жазған. Бодандықтың азабын көрдік. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жариялаған мақаласы – бұл шынында да тарихи маңызды бар рухани дүние.
Мақалада көтерілген әрбір ой маңызды, салмақты. Қадым замандардан сыр шерткен осы бір дүниені түсініп оқи алсақ, көп жайға қанық болар едік. Болашақ жастар өзінің тарихын, ата салтын, этнографиясын біліп өссе, ұлттық рухпен тәрбиеленсе жоғарғы парасат иесі атанады. Елбасы айтқан жеті құндылық олардың зердесіне темірқазық іспетті болар деп сенемін. Түркі халқы ежелден батыр халық, ақын халық, ат құлағында ойнаған жауынгер халық. Шыңғыс хан заманынан біздің елдің бәсі биік, мәртебесі жоғары екені ескі жазбалардан-ақ белгілі. Сондықтан Елбасы айтқан құндылықтарды ұмытпасақ, озық елдердің қатарына сүрінбей жетеміз.
Қойшығара Салғараұлы,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Мүде-Хан – Елбасы тапсырмасы
Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «…Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажеттігін» айта келіп, «нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады», – деп атап көрсетті.
Бұл ретте, яғни тарихи тұлғаларды танытуда кино өнерінің ерекше орын алатынына үлкен мән берілді. «Жалпы халықтың санасында фильмдегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керек», – деп қаламгерлер мен киногерлерге жауапкершілігі мол үлкен міндет артты. Елбасының осыдан бір жарым жыл бұрын жазылған: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да осындай жайлар, ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіру арқылы ұлттық болмысымызды жетілдіріп, ұлттық рухты көтеру – жаңарудың ықпалды негізі екені айтылған болатын. Содан бері Қазақстан қаламгерлері осы бағытта өнімді еңбектеніп келеді. «Қазақ әдебиеті» газетінің әр нөмірі сайын бұрын беймәлім болып келген ұлттық ірі тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жайында тартымды танымдық деректермен өрілген материалдар берілуде. Солардың бірі – кезінде Президентіміздің өзі арнайы тапсырмамен Қытайдың мемлекеттік архивіндегі халқымыздың көне тарихына қатысы бар материалдармен танысып, солардың ең маңыздыларын елге әкелуге жіберген еді. Бүгін газет оқырмандарына Елбасы мақаласына үн қосқан қаламгердің бүкіл түріктектес халықтардың бәріне ортақ тұлға, Ғұн (сиуңну) далалық империясының негізін қалаушы Мүде (Маудун, Модэ, Мете, Мөде) ханның өмірі мен қызметіне арналған киносценарийін жазғанымды халық алдындағы өз парызымның біріне балаймын.
Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Кемел ойлы кемеңгерліктің тағы бір көрінісі
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зер сала оқып шықтым. Бұл дер кезінде жарияланған мақала болды.
Әрі осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаланың заңды жалғасы, сол мақалада айтылған ойларды онан ары тереңдету, дамыту. Шынтуайтында, біздің тарихымыз тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ халқы. Осы арқылы біздің халық өркениеттік дамуға бет бұрды. Тағы да айтар болсақ, ең алғашқы жазуды қазақ жазған, бұған дәлел «Алтын адам» қазбасынан табылған жазуы бар кесе. Бұл қазба байлықтардан табылған жазу, ғалымдардың зерттеуінше, ең алғашқы жазу екені анықталды. Онымен қоса, біздегі металлургияның дамығаны да қазба байлықтар арқылы дәлелденіп отыр. Президентіміз осы жолғы мақаласында жеті деген қасиетті санды пайдаланып, өз толғамдарын осы қасиетке сыйғызып, біздің ұлтымыздың тарихындағы кеңістік пен уақыт жайлы философиялық, практикалық үлкен мәні бар ойлар айтқан. Мақаланың әрбір тарауы тұнып тұрған терең ойға құрылған. Бұл мақала – біздің болашаққа бара жатқан жолымыздағы бағдаршам. Оңтайлы сәтте жарық көрген бұл мақала – тарихи санамызды жаңғыртуға, жастарды патриоттық сезімге баулуға, ұйықтап жатқан ойларымызды оятуға серпін береді.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик
ӨРКЕНИЕТІМІЗДІҢ ДАМУ КӨКЖИЕГІН КӨРСЕТКЕН
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ғалымдарға, әсіресе болашақта маман болатын студенттерімізге әдістемелік тұғырлы бағдарлама екен. Біздің мұнда бәріміз мақтаныш ететіндей көнеден келе жатқан бүкіл әлемге танымал мәдениетіміз, тарихымыз болғаны айьылған. Оның жастар санасын жаңғыртары сөзсіз.
Біздің өркениетіміздің алғы кезеңдегі дамуының көкжиегін жүйелеп, алғы міндеттерімізді де көрсетіп берген. Бұлай дейтінім, өткен ғасырда қазақ жері тақыр дала болған, мұнда ешқандай өркениет болмаған дегендей әңгімелер де айтылған. Ал бұл мақаладан бүкіл адамзаттың өркениетіне біздің ата-бабаларымыз қаншалықты үлес қосқанын бағамдап, кеудеңізді мақтаныш кернейтіні анық. Біз бұрын Батыс Еуропаның, Шығыстағы Үндістан мен Қытайдың көне мәдениетіне таңданып таңдай қақсақ, енді өз өркениетіміздің таңғажайып жетістіктері көз алдымызға елестейді. Елбасымыз Ұлы дала халқы ежелгі және ортағасырдағы Жібек жолы арқылы Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, славян өркениеттерін байланыстыратын сауда қатынасының басты дәнекері саналғанын да ашық айтқан. Тіпті, көнеден келе жатқан жәдігерлерді ата-бабаларымыз ойлап тауып, кейін адамзат баласына таралғанын көрсетіпті. Соның бірі 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында қазақстандық «Тутанхамон» деген атқа ие болған Алтын адам екеніне мақалада назар аударылыпты.
Сондай-ақ, бұрын ғылымға беймәлім болып келген металл өндірудің амал-тәсілдерін біздің бабаларымыз көне заманда тапқаны әлі күнге дейін тереңдеп зерттеуді қажет етіп отыр. Металл кендеріне бай қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі екені жастарымызды сүйіндіретіні анық. Жалпы Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісі ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпаларын алуды бабаларымыз ежелден игеріп келгені бүгінгі ғылым әлеміне жаңалық десем, артық айтқандық болмас. Мұны Елбасы кеңінен дәлелдеп оны насихаттаудың жолдарын да айқындап беріпті.
Бауыржан Жақып,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының орынбасары, ақын,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі
Қазақ қаламгерлері белсене қатысады
Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шығып, бүкіл еліміздің руханият саласына серпіліс әкелген еді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа жобаларды қамтыған мақаласы сол бағдарламаның заңды жалғасы ретінде дер кезінде жария болып отыр.
Мақалада қазақ халқы тарихының әлемге танылуына бұрынғы еуропацентристік көзқарастың жылдар бойы салқынын тигізіп келе жатқандығына жіті мән берілген. «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген тұжырым бәрімізді де ойлантуы керек-ақ. Қазіргі жаһандану дәуірінде біз өзіміздің қандай тарихи рухани құндылықтарымызды қарсы қоя аламыз. Мәселенің мәнісі сонда. Мыңжылдықтар бойы халық санасынан өшпей келе жатқан тарихи жадымыздың ең басты мұраларын Елбасы асқан парасаттылықпен көрсетіп беріп отыр. Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы Ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын Адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны сияқты тараулардың әрқайсысы болашақ ұрпақтың нағыз мақтанышына айналатындай құндылықтар екені даусыз. Тарихи сананы жаңғыртуға қатысты «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасының, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту саябағының, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларының, Түркологтардың дүниежүзілік конгресі мен Түркі халықаралық мәдени күндерін өткізу, Дала фольклорының антологиясын жасау мен «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару, ол үшін бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу сияқты нақты рухани-тарихи жобалардың қай-қайсысының да жүзеге асуына Қазақстан Жазушылар одағы белсенді түрде атсалысады.
Бұл ретте қазақ ақындары мен жазушылары, драматургтері алдында жаңа міндеттер күтіп тұр. Осы жоғарыда көрсетілген әрбір іс бүкіл қазақ қоғамын ертеңгі ауқымды жұмыстар атқаруға жұмылдыратыны сөзсіз.
Маралтай Райымбекұлы,
ақын
Барымызды бағалай білейік
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласымен таныстық. Тақырыбының өзі-ақ «Мен қазақпын» деген кісінің делебесін қоздырып, ұрпақ бойына бабалар рухының асыл болмысын құйып жібергендей әсерде болдық. Құдайға шүкір, негізсіз ел емеспіз ғой! Сол барымыздың бағасын базарлай алатын уақыт бүгін мүмкін боп тұр. Осы мүмкіндікті уыстан шығарып алсақ, болашақ бізді кешпейді. Сондықтан Елбасы осы тұжырымдамасында атап көрсеткен құндылықтарды ел игілігіне исіндіру жолында күллі Қазақстан халқы бір атаның баласындай құлшына күш біріктіруге тиіспіз!