Түркiстан – дала өркениетiнiң түпқазығы |

0

Ұлт руханиятын түгендеуде, оны халық бойына сіңіруде тарих ғылымының алар орны ерекше. Ал, тарих ғылымының ғылыми, тәрбиелік, танымдық, болжамдық деген өзіндік функциялары бар. Олардың қоғамға қызмет етуі үшін теориялық, методологиялық және идеологиялық өзегі болуы тиіс. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тарих ғылымына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Тарих ғылымы үшін бұл мақаланың жоғарыда аталған методологиялық маңызы ерекше екендігін атап айтуымыз керек. Көбіне мемлекеттік тапсырыс, ұлттық мүддеден туындаған сұраныстар тарих ғылымының дамуына елеулі деңгейде ықпал ететіні белгілі. Осы жолы да солай болып отыр. Тарихи зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ұлттық идеяға айналған Қазақстанның үшінші жаңғыруындағы адам факторы шешуші маңызға ие болғандықтан да ұлттың рухани жаңғыруы болашақ дамудың бағдарын айқындайтын мәнге ие болды.

Тарих ғылымы үшін маңызды оқиғалар­дың бірі 2018 жылдың 19 маусымында орын алды. Бұл күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының әкім­ші­лік-аумақтық құрылысының кейбір мәселе­лері туралы» мәселе қаралып, Түркістан қала­сына «облыс орталығы» мәртебесі беріл­гені жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды.
Түркістан – ежелден мұсылман баласы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты, қа­сиет­ті мекен. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ах­мет­тен тіле» деген қанатты сөз сол ерте за­ман­дардан қалған. Бұл қала заманында үш ғасыр бойы қазақ хандарының тұрағы – Қазақ хандығының астанасы болған. Мұнда қазақтың хандары мемлекеттік істерді жүргіз­ген. Қожа Ахмет Иассауи мұражайында Абы­лай, Есім хан, Әбілқайыр хандар мен халқы­мыздың басқа да ардақты ұлдары жерленген.
Қаланың тарихы IV ғасырдан бастау алады. Алғаш қала атауы «Шауғар» деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ғасырлық тарихы бар, Орта Азия мен Тұран даласындағы өзіндік орны айқындал­ған ең көне қала. Орта ғасырда Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан шығысында тарихи Отырар қаласымен, батысында Жаңақорған ауданымен, солтүсті­гін­де Созақ ауданымен және Кентау қаласы­мен шектеседі.
Түркістан – ежелден мәдениеттің, ғылым мен идеологияның, бүкіл түркі әлемінің сая­си әрі рухани орталығы болған.
Сан ғасырдан бері өзінің мәдени және саяси құндылығын сақтап келе жатқан Түр­кіс­тан қаласы Әзірбайжанның Шеки ша­һа­рында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 34-отырысының шешімімен «2017 жылы түркі мәдениеті дүниесінің бас қаласы» атанып еді.
Бұл мәртебеге ие болудың да өзіндік се­беп­тері бар. Оған соңғы жылдары Түркіс­тан­ның әлеуметтік-мәдени тұрғыдан қарқынды дамуы әсер етсе, екінші жағынан қаланың атауы да ықпал еткендей. Өйткені, «Түркіс­тан» атауы түбі бір түркі этникалық тұтастық­тың бәріне бірдей ұғынықты болғандықтан, мұндағы рухани құндылықтан әркім де өзі­нің бастапқы тамырына ортақ тұстарды табары анық. Түркі мәдениетінің орталығы саналатын шаһар – жергілікті халық қана емес, түбі бір түркі жұртшылығы тәу етер ғұлама Қожа Ахмет Иассауидің елі. Бабаның құрме­тіне қойылған кесененің бітімі бөлек, тағы­лымы зор. Мир-Салих Бекчуриннің: «Адам қолы­мен сомдалған ғажайып дүние сол замандағы шеберлердің дарындылығын көрсетумен қатар қазіргі көркемдік дүние­лерге де үлгі боларлық деңгейде…» деген пікірінде үлкен шындық бар.
Ендігі ой-түйін болашақ Түркістанның архитектуралық және ұлтты ұйыстыруға арналған рухани келбетінде болмақ.
Мәселен, Алматы – зиялылық пен ғы­лымды, Астана – саяси шешімдер мен ұлттық бірегейлікті ұштастырған алып қалалар. Ал, менің ойымдағы болашақ Түркістан рухани құндылықтан нәр алып, ғылым мен білім ізде­ген жастардың арманын ұштастырған сәулетті қала болуы тиіс. Олай дейтінім, бұл өңір – жаһан кезіп білім іздеген тұлғалардың туып-өскен мекені.
Сол тектіліктен нәр алған, жүректен туып, санамен жазылған Ұлы Дала философиясымен сусындаған Елбасы Н.Назарбаев­тың Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы жарқын болашақты бағдарлаған шешімі дер едім.
«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзі­нің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан», – деген Президент Түркістан қала­сына «облыс орталығы» мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қою арқылы түркіс­тан­дықтарға үлкен сенім артумен қатар, ұр­пақ алдында маңызды жауапкершілік жүктеді.
Бүгінгі Түркістан әлем өркениетінде мына тұстарымен танымал болып отыр.
Біріншіден, Түркістан – тарихы тереңге тартқан көшпелі өркениетте тарихи құн­ды­лық­тарды бойына сіңірген көне қала.
Екіншіден, Түркістан – ғұлама Қожа Ахмет Иассауидің есімімен байланысқан ойшылдар қаласы.
Үшіншіден, Түркістан – «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған Алаш зиялыларының ұран қаласы.
Төртіншіден, Түркістан – жастар ізет­тілі­гімен із алған, имандылықты құрмет тұтқан, білім мен ғылымды ұштастырған даналықтың қаласы.
Бесіншіден, Түркістан – тарихи құн­ды­лық­тарды бойына сіңірген қала Һәм рухани астана.
Алтыншыдан, Түркістан – жолаушылар басын бұрып тағзым етпей кетпейтін Ұлы Даладағы қасиетті қала.
Жетіншіден, Түркістан – Әлемдік жаһан­данудағы Қазақстанның инновация­лық технологияларды жеделдету үрдісінде көш­бас­шыға айналудағы тың жобаларды іске асырушы жалынды ұрпақтың қаласы.
Алдағы уақытта тәжірибелі басшылар мен кәсіби мамандар іскерлік танытса, өндіріс пен ғылым ұштасса, ғасырдағы әлемнің бәйгесі Қазақстанның еншісінде болары ақиқат.
Түркістанның дамығаны – Қазақстанның рухани-мәдени дамығаны. Ал, Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаңғырғаны.

Жанат ЖҮНІСБЕКОВА,
Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей Жаратылыстану ғылым академия­сының профессоры

Қазақ әдебиеті