Ринат Заитов: «Мына билік көзі соқыр, керең тым»

0
1105

Өзенменен ӨШТЕСПЕ

Мына билік көзі соқыр, керең тым,
Айтқанына оның енді сенер кім?
Жалғыз ойым – анық білем бәрінің
Алыс емес, сазайларын берер күн!

Мыңқ-мыңқ етіп, бірді бірге қоса алмай,
Айтатындары – құрғақ ұран, бос айғай.
Міне, тағы Өзендегі жанжалды,
Әлі де отыр ебін тауып шеше алмай.

Өңшең топас бастық болған кезеңнен,
Жақсылықтың болмайтынын сезем мен.
Он жыл бұрын дәл осылай басталған,
Ей, шенділер, өштеспеңдер Өзенмен!

Өйткені олар әкім, солдат түгілі,
Мылтықтан да қорықпайды кезенген.
Жеті атадан жүректілік жалғасқан,
Маңғыстауда батыр ел бар әу бастан.

Оңбайтынын анық білем олардың,
Жан табылса, жағасына жармасқан.
Сендер түгіл орыспенен, түркімен
Адайлардың айбатынан үркіген.

Намысына шаң тигізбес нар ерлер
Талайларды найзаға іліп, сілкіген.
Қанша жерден тырыссаң да, жақпа от,
Жанға батар естіледі ақпар көп.

Ей, үкімет, құлағыңды сал, барып қайт,
Халық сенен жоқты сұрап жатқан жоқ.
Сенбесеңдер, көздеріңмен көріңдер,
Көріңдер де, дегеніне көніңдер!

Шалқығаның жұмысшылар арқасы,
Сондықтан да сұрағанын беріңдер.
Ешкім елге төңкерісті тілемес,
Өршіп кетсе, оңдырмайды бұл егес.

Естеріңнен шығып кетсе – айтайын,
Ей, үкімет, халық саған құл емес!
Төрелерге төрде отырып, тоймаған,
Дұрыс болар тыныштықты ойлаған.

Маңғыстаудың тіліменен айтқанда:
Басқа – басқа, Адайлармен ойнамаң!

Ринат ЗАЙЫТОВ