Қазақстанның PR-нарығына қандай мамандар қажет? |
Қазақстандағы PR-нарығы әлемдік тенденцияларды жергілікті жағдайға бейімдеп, өзіндік ерекшеліктерімен дамуда. Жаңа технологиялар коммуникация арналарын арттырып, ақпаратты беру түрлерін, жылдамдығын өзгертті. PR, SMM, интернет-маркетингтің ықпалдасуы жаңа технологиялық мүмкіндіктерге жол ашты. Digital классикалық PR-ды ығыстырып, жаңа форматтар ұсынды. Тиімді коммуникация бұрынғыдай тек БАҚ-қа пресс-релиз таратумен ғана шектелмейді. Әлеуметтік медиа бұл әдістің формасын түбегейлі өзгертті. Бейнеконтенттің рөлі өсті. Онлайн-арналар арқылы аудиториямен тікелей байланысып, сапалы әрі қолжетімді контент жасап, трафик жинау, әлеуметтік желінің алгоритміне сай жұмыс істеу оңай емес. Тиімді арнаны таңдау да кәсібилікті талап етеді. Бір ақпараттың өзін әртүрлі аудиторияға бейімдеп бере білу де өнер.
Медиакеңістіктегі осындай трендтерге ілесіп, жаңа медиа арналармен жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болу PR-маманынан үнемі білімін жетілдіріп отыруды талап етеді. Бүгінгі PR-маманы ақпаратты берудің жаңа құралдарын меңгеріп, жаңа бейнеформаттар, вайндар жасау, креативті ойлап, жарнамалық өнімді, қызметті креативті жеткізе білу, әлеуметтік желіде белсенділік таныту, мультимедиалық өнімдер жасауда қабілетті болуы тиіс. Осындай қажеттіліктерді ескеріп, студенттерге PR-нарығындағы қазіргі трендтер туралы ақпарат беріп, жаңа технологияларды үйрету мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Күзгі, Көктемгі, Жазғы PR мектептер ұйымдастырып келеді. Дәстүрлі V Халықаралық Күзгі РR мектебіне Ауғанстаннан «Aryana TV» телеарнасының журналисі Rasouli Homayoon мен «Dawar Travel Agency» директоры Dawar Mirwais арнайы келіп, дәріс оқып, Ауғанстандағы медианың жай-күйі, телевизиялық инновациялық технологиялар туралы ақпарат берді.
Қазақстанда ішкі коммуникация бойынша мамандар аз. Ішкі PR-дың компанияны дамытудағы үлесі зор болғандықтан, бұл аса маңызды сала. Себебі, қызметкерлердің көңіл күйі, ынтасы, мотивациясы тікелей өнімділікке әсер етеді. Қызметкерлер компанияның құндылығы мен стратегиясын түсінуі тиіс. Қазақстандағы ішкі коммуникация саласының маманы Сәуле Мусинаның шеберлік сабағы осы тақырыпқа арналды. Ішкі ақпарат жүйелері, қызметкерлердің сенімі, кері байланыстың болуы, компаниядағы креативті жобалар туралы мазмұнды ақпараттар тыңдаушылардың қызығушылығын туғызды. Дәріс барысында сторителлинг форматының ішкі PR-дағы маңыздылығы нақты мысалдармен көрсетілді.
«Kaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы Ербол Азанбек қазақ аудиториясының қарқынды өсіп келе жатқандығын, алдағы 4-5 жыл көлемінде қазақ тіліндегі PR-мамандарына, маркетологтарға сұраныс өте жоғары болатындығын айта келіп: «Қазақстанда PR түсінігі дұрыс қалыптасып отырған жоқ. PR-ды түске бөлу де дұрыс емес», – деді. Қоғамда бір күндік, хайпқа құрылатын, PR-дың элементіне жатпайтын, кәсіби PR-мамандары жасамаған нәрселердің көптігі де тілге тиек етілді. «Қарапайым адамдарға өте қарапайым тілмен ақпарат беріп, әр компания өз құндылығын жеткізе білсе, ең жақсы PR – осы», – деп қорытты дәрісін. Банк қызметкеріне қаржылық сауаттылық туралы аудитория тарапынан сауалдар көп қойылды. Нәтижесінде адамдардың өз мүмкіндіктерін түсінбей несие алатындығы, банк өнімдерін түсінбей тұтынып, салдарынан қаржылық зиян шегетіндігі, қарапайым несие картасын дұрыс қолдана алмайтындығы туралы пайдалы ақпараттар берілді. Қазақ тіліндегі жарнамалық технологиялардың дамымай отырғандығы, әсіресе аймақтарда бұл мәселенің өте күрделі екендігі, кәсібиліктің жетіспейтіндігі, жарнамалық тақырыпта жазатын журналистердің тапшылығы сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
Блогер, сайт редакторы Айжан Кульмуханбетова тыңдаушыларға SMM-нен арзан әрі қолайлы push-хабарламалар жасудың қыр-сырын үйретті. Push-хабарламалардың артықшылығы көп. Ақпаратты таратуға, танымал болуға, сайтқа трафик жинауға таптырмайтын құрал. Жаңалықты жедел жеткізу мақсатында қолданылатын, сайты бар компаниялар үшін аса тиімді, журналистер үшін де оңай болып табылатын push-ты кез келген сайт редакторы өзі жасай алады, тиімді уақытта жіберу мүмкіндігі мол әрі хабарлама таратқаннан кейін тиімділігін өлшеу де оңай. Сондай-ақ, 90 пайызға дейін адамдар ашып қарайтындығы дәлелденген. Блогер браузерлік push-тың технологиясын Күзгі мектеп қатысушыларына нақты мысалдармен үйретті.
Қазақстандағы қазіргі PR-трендтер туралы Кселл АҚ PR-маманы Салтанат Бердіқұлова бірнеше бейнероликтерді көрсете отырып, қызықты әңгімеледі. Компанияның коммуникациялық саясатындағы PR-дың маңызы зор. Нарықта табысты болғысы келген компания ең алдымен әлеуметтік желіде беделге ие болғысы келеді. Маманның әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы пікірі көңілге қонымды. Расында, дұрыс қолдана білмесе, әлеуметтік желінің зияны да бар, аңдамай айтылған сөз табыс әкелмек түгіл, абыройды айрандай төгуі мүмкін. Шеберлік сабағы барысында тыңдаушылар Вig data құралдары, Чат-бот бағдарламалары, 360 фотосуреттер мен бейнероликтер, журналистерге виртуалды шындық шлемдері арқылы ақпарат беру мүмкіндіктері туралы қызықты мәліметтер алды.
Блогер, SMM маманы Жалғас Ертай қазіргі әлеуметтік желілерді салыстыра сипаттап, 2018 жылғы әлеуметтік желінің трендтеріне тоқталды. Блогердің айтуынша, әлеуметтік желідегі конкурстар мен тестер трендке ие. Көп аудитория жинап алуға ыңғайлы құралды қолдана білу керек. Мәселен, теңгенің тарихына байланысты, қазақи мультфильмдер, кейіпкерлер туралы тестер жасап, адамдардың көңілін көтере отырып, білім беруге, ақпарат беруге болады. Бейнекеонтенттің көбеюі де осы жылдың басты тренді. Алайда қазақстандық аудиторияға ұсынатын сапалы өнім жоқтың қасы. Бейнеарна ашып, сапалы бейнероликтер жасау дәл қазір сұранысқа ие болары анық. Фейсбуктегі live транляциялар да қазіргі трендті құрайды. Нақты мақсат қойып, тікелей эфирге шығып, ақпараттандыру тиімді құрал. Алайда көп сайттар оны пайдалана бермейді. Блогердің: «Әлеуметтік желіні тек ақпарат тарату үшін емес, аудиторияның сауатын, сапасын, сыни ойлау қабілетін арттыру үшін де қолдану қажет» – деген пікірін тыңдаушылар қуана қуаттады.
Шеберлік сағаты барысында тыңдаушылар ақпаратты сүзгіден өткізіп қолдану, бейнероликті салудың әдіс-тәсілдері, субтитр мен мәтіннің рөлі, әлеуметтік желінің алгоритмдерін түсініп, соған сәйкес жұмыс істеу жолдарын үйренді.
Әл-Фараби телерадиокешенінің директоры Дәурен Мұхамеджанов телерадиокешеннің қалыптасуы туралы айта келіп, қазақ телевизиясындағы М.Барманқұловтың отандық тележурналистика саласының негізін қалаушы тұлғалардың бірі екендігін баса айтты.
Ақын, сазгер, ұстаз Бекжан Әшірбаев Қазақстандағы журналистік білім берудің бүгіні мен ертеңіне тоқталып, осы саладағы қордаланған мәселелердің тиегін ағытты. Университет қабырғасындағы алған білімнің құндылығын жеткізді.
Расында білім беру бағдарламаларын қазіргі заманға сай жетілдіріп, теория мен практиканың таразы басын тең ұстауға тырысқан жоғары оқу орындары жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, түлектердің жұмыспен толықтай қамтылуына баса көңіл бөледі. Болашақта халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті PR-маманы болып қалыптасуы үшін практик-мамандардың шеберлік сабақтары керек-ақ. Осы мақсатта маңызы зор PR-мектептер жалғасын таба бермек.
Назгүл Шыңғысова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы, профессор