Қатында қайын жұрт түгілі жай жұрт та жоқ
Сірә, қыз – жат жұрттық, барған жерінде бағы ашылсын дегенге сәйкес қыздың барған жері қайын жұрты емес, өз жұрты болады. Келін өзі түскен жұрт өкілдеріне иіліп сәлем беріп, орталарына енуге ұрұқсат алады, сүйтіп сол жұрттық болады, сол жұртқа тастай батып, судай сіңеді. Яғни ол – оның ешқандай анықтаусыз жұрты. Ал кейде әйелге қатысты қайын жұрты делініп қалатынымен, мұндай атау сөз, түсінік жоқ, болмаса да керек.
Үйткені, қайын жұрт дегеннің өзі – қатын жұрт, қатынымның жағындағы жұрт деген сөз, яғни тек еркекке қатысты. Әдетте, ержігіттің үш жұрты бар деп, жұрт-тың өзін жігіттің жігітіне, ердің еріне телиді. Жұрты, жұрағаты, жамағаты, халқы дегендер де – елдің иесіне, отағасына қарата айтылып, әлдебір әлеуметтік байланыстағы топтың өзін бағып-қағушы адамға бағынысты, қарасты, қатыстылығын білдіреді. Тілімізде қатын түгілі жігіттің жұрты, еркектің жұрты дейтін де тіркес жоқ. Әрі әйелдің төркін жұрты демей, төркіні дейміз. Яғни әйелдің тіпті жұрты да болмайды. Үйткені, оның өзі жұртқа кіреді, өзі жұрт болады.
Әйел де күйеуінің ата-ана, әкпелерін қайын ата, қайын апа, қайын әкпе демей, тікелей ата, апа, ене, әкпе деп қаратады. Ал қайнаға, қайын сіңлі, қайны дегендердің болуы – жұртының да болуы, олар оның жұрты дегенді білдірмейді әрі еркекке қатысты айтылып, содан жұға пайда болған атау-түсінік. Яғни қатынның қайнаға-сы болса, қайын жұрт-ы да болады деу – қыйсын бойынша ғана алынған нәрсе әрі 70 жыл бойы еркек пен әйел тең деп келген кеңестік салт-сана сарқыншағы, соның негізінде қалыптасқан. Мысалы, осы негізде неге әйел де бірнеше байға тимейдідеген де түсінік тууы мүмкін.
«Келін боп түскен қызға келген еліңде өсіп-өн деп айтылады», «Өзі келін болып отырған үйді қайын атамның үйі, күйеуімнің үйі деу дұрыс болмас еді. Олай атаса келіннің өзі бөлектеніп, келген жеріне сіңіспей тұрғандай көрінеді» деген әлеуметтік желі өкілдері – Мухамедали Тлеулиев пен Самалбек Анакбаев пікірлері де осы ойымызды қуаттайды.
turki.kz