Қар жауып тұр | Қазақ Әдебиеті
Қар жауып тұр қалада баяғыдай,
Адамдарды бақытты ет, ая, құдай.
Туған жерге аспаннан суық гүлдер
Түсіп жатыр қанатын жая құлай.
Қай кезде де қазақтың даласы кең,
Біреу – бақыт, біреулер – жарасына ем.
Іздей ме екен, адамдар бара жатыр
Аппақ-аппақ қарлардың арасымен.
Біреулер жүр тазалап күрекпенен,
Аппақ сезім толтырар жүрекке өлең.
Іздегенін адамдар тапса екен деп
Таза қардың үстінде тілеп келем.
Көптен осы қаланы қар басқаны,
Алатаудың айбарлы қарлы асқары.
Аппақ, аппақ, аппақ қар себелейді,
Үлпілдейді түбіттей тал бастары.
Тал бастары…
Өнгелі не көрмеген,
Мезгіл жетпей жазғандар көгермеген.
Жас суретші қарайды тұра қалып,
Таласа алмай табиғат шеберменен.
Күләш Ахметова