Оралханның Шерханға жазған хаты

0
«Оралхан еске түскендегі елес пен ойлар» мақаласынан
Мен алпысқа толғанда Оралхан маған арнап екі-ақ абзац сөз жазды. Бірақ сол екі ауыз сөзге ол ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сидырып жіберді.
«Аға! Мен Сізді ешқашанда аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алдымен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де aт құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім.
Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз.
Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Meн кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен? » (1992 ж.).
Соңғы сөйлем… Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты».
Сонда… Қатон-Қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…
Шерхан Мұртаза. «Оралхан», Ертіс өңірі. 2005 жыл, 7 шілде