Өмірдің алды – үміт, арты – күдік… |
Мырзан Кенжебай
Ақпан. Таң алды
Ақырындап жылжып – Ай батып,
Аспанда солғын iрiп нұр,
Қаңтарға қылыш қайратып,
Таңғы аяз беттi тiлiп тұр.
Құмайдай көзiн жаңа ашқан,
Ақ таңнан берiп әр хабар,
Ақ қырау шашып ағаштан,
Асығып ұшты қарғалар.
Таңда оян, мейлiң түнде оян,
Әр сәтiң тұрса сынақта!
Қорадан шығып бiр қоян,
Жұлдыздай ақты жыраққа.
Шiлтерiн ашты шығыстың,
Көк бояу көлкiп нуға аппақ,
От жаққан үйден
Тiк ұшты
Ақ түтiн көкке будақтап.
Айрылып едiк байқамай,
Отыз жыл қазiр өттi ағып.
Отыр-ау қазiр, қалқам-ай,
Өзге бiр үйде от жағып.
Есiне түсiп әлде не,
Кешiрiм, бәлкiм, сұрады:
Қара шал әппақ сәждеге
Сақалын тiрей құлады.
Жалына таңның жармасып,
Күнә мен Сауап – ескi дау,
Дәурен-ай, Күн, Түн алмасып,
Бiздiң де бастан өттiң-ау.
БАТИХАҒА
Бояуға толы әлемнiң
Алабұлт сол бiр кешiнде,
Қайрылмай кеткен ән едiң,
Қайырмаң қалды есiмде.
Әзәзiл жандар оңай ма,
Бiр өшiп кейде, бiр жандың.
Әйтеуiр, өзiң сол айда
Жұмбақ боп жиi мұңдандың.
Сездiм, сен менi қия алмай,
Дiрiлдеп талай гүл-ернiң,
Көзiңнiң жасын тия алмай,
Төгiп те төгiп жiбердiң.
Көңiлiңнен шаттық күй қалып,
Қоштасып жүрдiң бау-бақпен.
Қоштастың iштей қиналып
Қыдырған бiрге тау жақпен.
Жанарды маған бұрмастан,
Алысқа сосын аттандың.
Жұп болып жүрген гүл-бақта
Өлуге мен де шақ қалдым.
Есiмнен кетпей асыл ән,
Қалғандай қурап гүл бiткен
Несiне жұрттан жасырам,
Түңiлдiм сонда тiрлiктен.
Кетсе де үмiт өртенiп,
Ынтызар болып әнiне,
Шерменде жүрек шер төгiп,
Шыдайды екен бәрiне.
Бәрiне мұның сенер кiм,
Сенбеген өзiң емес пе ең?!
Мен болсам, сiрә, өлермiн
Шығарған күнi сенi естен.
АРЫЗДАСУ
немесе Батихаға арналған соңғы өлең
Сау жер жоқ: балақ – жыртық,
балтыр – тыртық,
Жүз жара, жүрек – жамау, көңіл қаяу.
Өттім-ау «әр үміттің артын күтіп»
Десем де «өмір – жалған, өлім – таяу».
Бар ма екен мына мендей ердің ері –
Жыр жазған атыңды атап, менше қақсап?
Көрдің бе, кеш болса да сендің бе енді
Өмірден өткеніме тек сені аңсап?
Бұл жұрттың – күн өткізген мың заңменен,
Қыңбадым тепкеніне, сөккеніне:
Күні ертең куә қалмас
Мырзан деген
Ақынның келгені мен кеткеніне.
Өмірдің алды – үміт, арты – күдік,
(шықсаң да төре болып төрге мынау)
Сонда да сені күту – артық үміт
екенін біле тұра өлмедім-ау!
Дүниеде малғұндардың мазағына,
Душар боп, қосылмаған жаңғыз біз бе ек?!
Біздерден артық ақыл, ажары да
Талайлар қайғы толы қалдырды із көп.
…Қой қалқам! Сұрама еш кешірімді!
Немене, жылап өткен тек мен бе едім?!
Мені қой! Өзімді-өзім өшіруді
Үйреткен көктемеген көктемдерім.
Оқыма! Мына мендей өлі кеуде
жыр жазса, жыр емес ол заты – жылау,
Жетеді есіңе алсаң мені кейде,
Қызығын құзғын көрген бақытым-ау.
– Ей, Мырзан!
Түсірмепсің құныңды әлі, –
дей көрме, – бұл керемет бір ақыл ғой!
…Уһ, қайтем! Шаршадым-ау,
Бұның бәрі –
Өтірік, өзімді-өзім жұбату ғой!
БЕЙІТ БАСЫНДА АТА-АНАМА АҚТАЛУ
Өксулі өмір деген көш-кіренің,
Мұңы мол, қоңырау үнді қос күйі едің,
Кеп тұрмын, білем сезіп жатырсыңдар,
Оу, менің қос әулием, қос киелім!
Алысып жылдарыммен асау кілең,
Қатайғам, қасаң боп та босай білем,
Егілем «менен онша қызық көрмей
өтті-ау, – деп – мына жатқан қос әулием».
Жоқ кезде келінің мен бала-шаға,
Жан таппай жан-дертіме арашаға.
Оу, менің қос мұңлығым сендерді ойлап,
Аңырап жылаймын кеп оңашада.
«Айтпайды айтшы десең мән-жайыңды,
Ішіп ап күрсінгені қандай мұңды?, –
деп сендер отырдыңдар, мен естіп қап,
қос қолдап ұрғыладым маңдайымды.
Жылдарым жылжығанын ызғарменен,
Ойласам, мұздап жаным, сыздар денем.
Жоламай жолы болғыш жайсаңдарға,
Бір жүрдім бүкіл бақытсыздарменен.
Серік қып септігі жоқ көп сезімді,
Өткізіп алғаннан соң от кезімді,
Кеш білдім, сендер атын атамайтын
«Суды» ішіп тастаппын-ау өртке өзімді.
Мен үшін тас-түнек боп айдын шалқар,
Үрзада үмітімнен айрылғанда әр.
Ішкенмін, қойдым, міне, 17 жыл
Ұйықтаңдар, қос байғұсым қайғырмаңдар!
Бір кезде арман түгел құрбан болса,
Өкпем жоқ дей алам ба жылдарға онша?!
Ішпеймін, қорықпаңдар, енді ішпеймін
Бар бақыт соған қарап тұрған болса.
Мен түгіл жинауда жұрт есін жаңа,
Мақтанам жетілдім деп несін ғана?!
Жыласа ата-анасын еске ап жылар,
Мен де бір сақалы бар жетім бала.
Атса да әр алтын таң алаулап та
Оның да жақсылығы санаулық па:
Талай жыл тұтқындады тұман-тағдыр,
Екеуің кеткеннен соң анау жаққа.
Аралас жылау, күлу қауышу да,
Күндерім алмағайып ауысуда.
Мінекей, жер бетінде сапарымды,
Жақындап қалдым мен де тауысуға.
Кемсітіп кім көрінген күлгенде аяп,
Шыдаса шыдай алар ер мендей-ақ.
Сенделіп келем әлі жер бетінде,
Жазамды өтеу үшін келгендей-ақ.
АҢҚАМ КЕУIП
Аңқам кеуіп, алқынтып аққу-арман,
Қарайлатпай, қанатын қақты да алдан,
Бір бұлаққа кезіктім, кім көрінген
Шөбін таптап, шөл басып, ат суарған.
Өмір деген бедеубет безергенде,
Сезім алдап кетерін сезер пенде.
Сорым қалың екенін мен де сездім,
Сол бұлақтың ернеуі кезергенде.
Жан сусынын қандырып жастық шағы,
Қай қуысқа біздің ат бас сұқпады!
Сылқ-сылқ еткен дыбысты естіп жаттым,
Шөбі қалың бұлақтың астындағы
Қайрылмасты қайтейін енді жыр қып,
Сен де өзіңді өлтірер өрлігіңді ұқ.
Соқпағымыз қосыла алмайтыны
Саған күлкі, мен үшін шерлі шындық.
Амалым жоқ,
Келген соң кемелді шақ,
Сезімімді сен жайлы келем тұсап.
Жиі-жиі есіме ораларсың
Өзегі бар, өзі жоқ өлең құсап.
ҚҰМАРЛЫҚ
Қақсап бір қасаң, қанжылым әнді,
Жүйкеңді жеумен қайта да қайта.
Жүрекке көмген жаңғырықтарды,
Ығыр қылдым-ау, айта да айта.
Құбылып өткен қырғауыл қанат,
Қызыққа толы ғұмыр сүріппін.
Маған, мен жазған жырға бір қарап,
Ұқтың ба мені, қыңыр қылықтым.
Түсінбейтіндер кінәласын тек,
Қыңырсың жаным, еркесің-ақ тым.
Саңылаулы жан ғой, сығаласын деп,
Көмулі көңілдің көрпесін аштым.
Тартып ең бір сәт сәл ысып құшақ,
Аспаннан түскен Айға баладым,
Сен аңсап жаттың ақ мысық құсап,
Басқа бір жанның аймалағанын.
Өзіңді алдап бекерден-бекер,
Кеткен соң өтіп әнді ұғар жас бір,
Оралмай мәңгі өтер де кетер,
Махаббат деген Алдияр тақсыр.
Ақ тәнің асыл құндыз да болса,
Тартқанын талай жармасып қасқыр.
Білсем де басты игізді-ау сонша,
Құмарлық деген албасты басқыр.
КЕҢДІГІ ДЕ КЕСІР БОЛДЫ ҚАЗАҚҚА
Маңдайына бақ бітпеген бір елі,
Шалқарда бір шал бар еді киелі.
«Тойғанға мәз жүре берсе, бұл қазақ,
Қабыл болмас деуші еді еш тілегі».
Байлығын да айта берме даланың,
Байлық деген бақыт емес қарағым,
Ерсі ұранға ере бермей,
Ес жиып,
Мына көрші ұлтқа да бір қарағын.
Басшылары ана тілін баптайды,
Ұл мен қызы салт-дәстүрін сақтайды,
Сатылмайды «коммунизм келед» – деп
Уәдемен ағызсаң да ақ майды.
Аузын тырнап бүгін бітеу жараның,
Сол бір қайран қартымды еске аламын.
Еске аламын бірақ есі кірмейтін,
Қазақ деген ержетпейтін баламын.
Қаңғы қаптап, тырнағыма тұрмас кіл,
Жал-жаяма ауыз салған мың қасқыр.
«Ақ мол болсын!» – деп тілесем Наурызда
Айран емес ішетінім – «Фудмастер».
Елу жылдан соң келер деп ғажап күн,
Өзімді алдап, өзгелерге – мазақпын.
Бұл байлықтың жоғы жақсы ед барынан,
Өз байлығы соры болды-ау қазақтың.
Мөңке айтқан «дүдәмалдау» дінім бар,
Мөңке айтқан «алашұбар» тілім бар.
Көк тиындық пайдасы жоқ қазаққа
Күнаратпа форум, саммит, жиын бар.
Мұнайым бар, мұнай емес – мұңым бар,
Ураным бар, уран емес – уым бар,
«Байқоңырда бақыт құсы – «Протон»,
десе сенем, – бірің өліп, бірің қал!».
«Төрге шықсын басқалардың басы» – деп,
Құдайым-ай, неге мұнша жасық ек?
«Келер күнің болады, – деп, – күмәнді» –
дәл келді ғой Мөңке айтқан қасірет.
Ит иіскемес тоз-тоз болды-ау айналам,
Шар болаттай шарт етеді қай балаң.
Батыр едік, аңқау сәби болдық-ау,
Ойыншық қып құмға қылыш қайраған.
Іздегенге тегін байлық – аз бақ па –
Келіп жатыр арамза да, кәззап та.
Ой мен қырға қаңғыманы қаптатып,
Кеңдігі де кесір болды-ау қазаққа.