Одақта өткен 30 жыл |
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Иә, 1966 жылдың көктемінен 1996 жылдың күзіне дейін Жазушылар одағының құзырында болдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиет қызметкерлігінен басталған жолым Одақ басқармасының екінші хатшылығымен шектелді. Кезекті құрылтайда сайланған жаңа басшылық: «Әдеби қорымызға директор болыңыз, онда он жыл істедіңіз, тәжірибеңіз бар ғой?», – деп қолқалады. Құрметтеріне рахмет айтып: «Жасым алпыс бірге қарай аяңдады, енді мұнда бадалып-қадалып, жастардан ұялмай отыра бергенім жөн болмас», – деп «құтылып кеттім».
Әдеби апталығымызда Бас редакторлар: Нығмет Ғабдуллин, Сырбай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов; Жауапты хатшылар: Ізтай Мәмбетов, Ғаббас Жұмабаев, Құрманғали Ұябаев, Әбірәш Жәмішев ағаларыммен, бірер жасымыз «артық-ауыс» ақын-жазушы, сыншы: Сәкен Жүнісов, Өтеген Күмісбаев, Сабырхан Асанов, Өтежан Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Абылғазы Нағыметов.., іні-қарындастарымыз: Мұхтар Мағауин, Ақұштап Бақтыгереева, Асқар Егеубаевпен қызметтес болдым. Ай, аяулы жандар-ай, бүгінде Ақұштап пен Мұхтардан (екеуінің де 100 жасауларын тілеймін!) басқасы арамызда жоқ…
Әдеби қор директоры, Көркем аударма және әдеби байланыс Бас алқасының төрағасы, басқарманың екінші хатшысы жылдарымда Сәбең – Сәбит Мұқанов бастаған үлкен-кіші әріптестерімнің баршасымен ынтымақты қарым-қатынаста жұмыс істедім.
Әдебиет айдынындағы бұл мерзімде, әрине, небір «қызық-шыжыққа» куә болдым. «Ұсақ-түйегін» айтпағанда, мысалы, «Қазақ әдебиетінде» шыққан мақаласында тіл мамандарының әдеби тілді дамытуға үлес қоса алмай, көш соңында қалтақтап келе жатқандарын нақтылап сынағаны үшін көрнекті қаламгер Ғабдол Сыланов партияның Орталық комитетіне дейін шұбалған арыздан біраз тауқымет тартты. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романын сынаған Мұхтар Мағауин де талай табалдырықты көрді. Алайда Нығмет Ғабдуллин оларды батыл қорғай білді.
Одақтың бірінші басшыларынан (Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин) Әдекең мен Әнекеңді ерекше ризашылықпен атай аламын. Әдекең Одақтың материалдық жағдайын жақсартты: еңбектері еленбей жүрген мүшелерге пәтер, ат-атақ, сыйлық, көлік алып берді. Жамбыл көшесінде жазушыларға арнап еңселі тұрғын үй салдыртты және соның жанына және бір үй салуға, Медеу жақта Шығармашылық үйін салуға жер бөлдіртіп алды. Жамбыл көшесіндегі екінші үйді (қырық пәтерлі) КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының қаржысына, Шығармашылық үйін республика қаржысына мен салдырттым. Осы реттегі бір өкінішім: біресе құрылысшы жұмысшылар, біресе техника жетіспей, сегіз жыл бойы жоғары биліктегілердің талайының есігін қағып жүріп салдыртқан Шығармашылық үйіміздің қызығын соңғы он шақты жылда әдебиеттен аулақ әлдекімдердің көріп жүргені жаныма батуда. Бұл сөзім – Одақтың билігіне өзіміз сайлағалы он ай болған жаңа басшыларға құлаққағысым.
Әнекең – Әнуар Әлімжанов десем, ол Одақтың моральдік деңгейін мейлінше көтерді. Ұстазы Мұхтар Әуезовтің өсиетін орындау ниет-талабына берік болуы нәтижесінде, республикамыздың және КСРО Жазушылар одағы басшыларының құптау-көмегімен Азия және Африка жазушыларының Алматыда өткізілген тарихи конференциясын ұйымдастырудағы, оған дайындық қамымен Жазушылар одағы ғимаратына күрделі жөндеу жасатқан, Мәжіліс залын салдырған және ғұлама бабамыз әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын конференцияға жалғастыра атап өтуге сіңірген ерен еңбегін тәптіштемегенде, Одақты басқарған жылдарында Мәскеу мен Ленинградтан, одақтас ұлт республикаларынан көрнекті ақын-жазушылардың жыл сайын бірнешеуін шақырып алып, әдеби байланыс, аударма жайында әңгіме жасап жүрді. Әнуардың танымпаздық сол қасиеті Одаққа басшы болардан бұрын, осы газетіміздің Бас редакторы кезінде-ақ көрінген-ді. Мәскеуден көпшіліктің қошеметіне бөлене бастаған жас ақын Андрей Вознесенскийді ортамызға келтіріп, ортақ әңгіме тиегін ағытысқанымыз, сонда басына қазақы тақия, үстіне шапан киіп, мәз-мәйрәм болған Андрейдің: «Дорогой мой Анвар, мне захотелось навсегда остаться здесь!», – деп бәрімізді ду күлдіргені әлі күнге есімде.
30 жыл. Оның 8 жылын ашылғанына 85 жыл толмақ осы газет ұжымында өткіздім. Қаламымның төселуіне, әдеби өмірімнің өзіндік өрнегін таба білуіме алғашқы қамқоршым, ақылшым болған «Қазақ әдебиетімізге», оның мың сан оқырмандарына адал еңбектерінің жемісі еселеп нәрлі бола беруін тілеймін!