Мұхтар Әуезов фольклортанушы

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Мұхтар Омарханұлы Әуезов фольклорды жинаумен, зерттеумен жастайынан шұғылданғаны белгілі. Ол ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Таң», «Шолпан» секілді журналдарға өзінің ілкі зерттеулері мен жинаған фольклорлық мәтіндерінің бір парасын жариялай бастайды. Мәселен «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Халық әдебиеті туралы», «Қобыланды батыр», «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» секілді мақалалар осы кезеңде жарық көреді. Жиырмасыншы жылдардың басында жарық көрген осынау зерттеулер Мұхтар Омарханұлының жасы отызға толмағанымен ойы толысқан кәсіби зерттеушінің ғылым әлемінің табалдырығынан аттағанын көрсетеді. Бұл зерттеулерде Мұхтар Омарханұлының фольклор туралы ғылыми көзқарасы, анығырақ айтқанда фольклор табиғатының күрделі ерекшелігі, фольклор мен әдебиеттің айырмашылығы, фольклордың халықтың тұрмыс-тіршілігі, салты, тарихымен тікелей қабысып тұратындығы туралы ойлары анық бой көрсетеді. Кәнігі фольклортанушыдай М.Әуезов сол кезеңнің өзінде әдебиет пен фольклорлық мәтіндерді ел аузынан қатар жинап, ешқандай өзгертпей ұқыптылықпен жариялай бастайды. Осының нәтижесінде «Таң» журналында «Ай, Таңсықтың қоштасқаны», «Жаман бақсының сарыны», «Жаман сарт сарыны» мен бірыспыра авторлық туындылар жарияланады. Жас М.Әуезов бұл мәтіндерді қайдан, кімнен, қашан жазып алғаны туралы мәлімет беріп, қосымша түсініктермен байытып, мұраның деректік құжатын арттыра түседі. Бұл жайт мәдени мұраны жазып алудың ғылыми принциптерін қатаң ұстанып, оны жариялаудың да тәртібін мұқият орындайтын жас маманның қалыптаса бастағанын көрсетеді.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысы мен отызыншы жылдардың басында М.Әуезов өзінің таңдаулы көркем шығармаларын жазумен бірге туған елінің аса бай фольклорлық қазыналарын жинаумен, зерттеумен үзбей шұғылданғанын байқатады. Бұл тарапта «Әдебиет тарихы» деген монографиясы («Әдебиет тарихы», 1927) мен 1927 жылы жазылғанымен қалтарыста қалып 2001 жылы ғана халыққа жеткен «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» деген аса мағыналы зерттеу мақаласын айырықша атауға болады. Көрнекі зерттеу әйгілі «Әдебиет тарихы» монографиясы жарық көре салысымен сиясы кеппей тәргіленіп, оқуға тыйым салынады. Сол себептен де болар үндес жазылған «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» мақаласы жарияланбастан тасада сақталыпты. Бұл екі еңбек алдыңғы жарияланымдарынан мүлде басқа өрісті танытады. Егер алдыңғы мақалалар негізінен ақпараттық-практикалық сипатта болса, автор бұл екі зерттеуінде тарихи-теориялық тұжырымдармен байытылған күрделі ғылыми қолтаңбаны аңғартады.Шынтуайтында «Әдебиет тарихы» алғашқы оқу құралы еді, онда қазақ фольклорының негізгі жанрлары мен оның мәні, әдебиеттің даму кезеңдері, жекелеген ірі эпикалық шығармалар жан жақты талдау нысанына айналып, тарихи-хронологиялық тұрғыдан жүйелі зерттеледі. Монографияда фольклордың барлық жанрлары: салт өлеңдері, ертегі, батырлық пен романдық эпос, тарихи өлең, айтыс секілді жанрлар жүйелі де бірізді зерттеу нысанына айналды. Қазақ фольклоры мұндай кең ауқымда бұрын-соңды зерттелмеген еді. Әлбетте автордың кейбір жекелеген ойлары мен ғылыми байламдары бүгіндері өз мәнін жойды, әйткенмен монографияның негізгі тірегі болған жоталы тұжырымдар қазақ фольклортану ғылымының өзегіне нәр берді, бүгіндері хрестоматиялық құндылыққа айналды.

Монографияның І бөлімі сыршылдық салт өлеңдері деп аталады да оның ішіне ел салтындағы шер өлеңдер (жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту), дін салты мен дін ұғымынан туатын өлеңдер (наурыз, бақсылардың сарыны, жарамазан), қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдер (жар-жар, қоштасу-танысу, беташар) деп жіктеледі. Әрине, бұл классификация бүгінгі ғылымның талабына жауап бере алмайды, мұнда отбасылық ғұрып фольклоры, маусымдық ғұрып фольклоры, магиялық фольклор үлгілері бір-біріне араластырылғаны байқалады, әйткенмен М.Әуезов салт фольклорын ең ежелгі жанр ретінде саралағаны танымының зерек екенін білдіреді.

ІІ бөлім батырлар әңгімесі деп аталады да ішінен ұлы батырлар әңгімесі («Едіге», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора»), кіші батырлар әңгімесі («Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» ) деп бөлініп талданады. ІІІ бөлімде ел поэмалары («Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Қыз Жібек»), ІҮ бөлімде тарихи өлеңдер («Кенесары– Наурызбай», «Исатай –Махамбет», «Бекет» ) Ү бөлімде ертегі, ҮІ бөлімде айтыс өлеңдер, ҮІІ бөлімде зар заман ақындары (Асанқайғы, Бұқар жырау, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Нарманбет) талданады. Әрине, бұлайша жіктеу мейлінше шартты екенін автордың өзі де айтқан: «Қазақ ескілігін тексерген тұңғыш қызметте, – деп жазады ол. Біздің көздеген мақсатымыз, әуелі қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен ескіліктің ұлы денесін тұрғызып алмақшы болдық». М.Әуезовтің қаһармандқ жырдағы бас кейіпкерлерді «ұлы батыр», «кіші батыр» деп атауын сол кездегі ғалымдар да ара-тұра пайдаланған. Рас, кейінгі заманда эпосты бұлай жіктеудің орнына тарихи-стадиялық тұрғыдан саралау орнықты.

1927 жылы жазылған «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» деген ауқымды зерттеуінде М.Әуезов отандық фольклортану тарихында күрделі методологиялық-теориялық мәселелерді көтергені бүгіндері анық болып отыр. Автор мұнда халық мұрасының үлгілерін оны тудырушы әлеуметтік ортамен тығыз байланыста тексеруді, яғни географиялық-этникалық белгілерді есепке алу керек екендігін пайымдайды. М.Әуезов бұрынғы европалық зерттеушілер негізінен фольклорды тіркеу, жазып алу, жариялауға үлкен үлес қосқанымен «қазақ – ақын халық», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – шығыстың Ромео мен Джульеттасы» деген секілді тосын таңырқаныстан, сырттай сүйсінуден аса алмағаны туралы сыни көзқарасын білдіреді. Әйгілі Радловтың өзі «қырғыз фольклорында эпос, қазақтікінде тек қана лирика үстем» деген үстірт пікір айтқаны дәлелсіз екенін М.Әуезов «Ценные памятники киргизского и казахского фольклора» деген 1935 жылы Москвада жариялаған тағы бір еңбегінде атап көрсетіп, «тек қана эпик халық немесе лирик халықтың» болмайтынын айтып, шетел зерттеушілерінің олқы пікірлеріне түзетулер енгізген болатын.

Сондықтан, «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» деген зерттеу шын мәнісінде отандық ғылым үшін бүгіндері де өзекті болып келген келелі мәселерді қозғауымен құнды деп қорытынды жасауға әбден болады. М.Әуезов бұл зерттеуінде қазақ фольклорлық үлгілерінің барлық жанрлық құрамын тұтас бірлікте, сонымен бірге өңірлік ерекшеліктерге жіктеп талдауды ұсынады. Ол ұшы қиыры жоқ кең далаға жайылып жатқан қазақ халқының тілінде ешқандай диалект болмағанымен фольклорлық бай мұрасының жанрлары, түрлері, тектері өңірлік ерекшелікке әбден ие деген байлам жасайды. Айталық ол кіші жүз жұртында ұлт азаттығына дабыл қағатын эпикалық шығармалар, тарихи жырлар мол таралғанын, ал ұлы жүзде «фольклордың кіші жанрлары» үстем екенін айтады. Кіші жүздегі күрескерлік рухқа толы азаматтық әуезді жырлар ол елдің бодандық қамытын ерте киіп оған деген наразылықтың да дабылы ерте қағылғанынан бүкіл далаға саяси ұран секілді үн қатқанын, ол жақта ежелгі қаһармандық жырлардың біртіндеп тарихи жырға ұласып жатқанын, бұл дауылпаздық сарын қазақтың соңғы кездегі жазба әдебиетіне де ықпал етіп отырғанын байыптайды. Ал ұлы жүз еліне эпикалық ірі шығармалардың, Абай бастаған жазба поэзияның, тіпті соңғы кезде далаға кең тараған діни қисса дастандардың да әсері аз болғандықтан мұнда поэзиялық «кіші жанрлар» басқа өлкеге салыстырғанда ескілікті машықты үлгіде сақталып қалған деген түйін жасайды. Бұл «кіші жанрларға» тойбастар, жар-жар, сыңсу, жоқтау секілді отбасылық ғұрып фольклорының үлгілерін жатқызады. Жетісу өлкесіндегі белгілі ру-тайпалар бөтен елдердің бодандық әсерінен және таулы өлкеде тұрғандықтан басқадай қандастарынан оқшауланып қалғандықтан мұнда біршама көне үлгілер сақталып қалған деген пікір білдіреді. Фольклорды тудырушы, таратушы әнші-ақындар мен ақсақал типі екеніне арнайы деректермен тоқталып, негізінен «кіші жанрларға бай» осы ортаның өкілі Майкөт ақыннан Жүсіпбек Шейх-Исламовтың эпикалық «Шора батыр» жырын жазуып алуы сирек кездесетін оқиға қатарына жатқызады. Жетісу өңірі үшін Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын секілді жартылай-мифтік кейіпкерлері бар қаһармандық жырлар, сонымен бірге «Қозы Көрпеш– Баян сұлу» секілді көлемді ғашықтық поэмалар да бейтаныс екенін атап өтеді. Тойбастар, жар-жар, беташар, айтыс, қара өлең секілді жанрларды, оларды орындаушы әнші-ақындардың ерекшелігін талдай келе, тойдағы драмалық тартыс, жұп-жұп болып хормен айтысу үлгілері болашақ опера театрының дайын ұйытқысы болатынын білгірлікпен тұжырымдайды. Жетісу жыршылары 1916 жылғы көтеріліс туралы аңыз-жырлардың лек-легін өмірге әкелгенін тілге тиек етеді, бұл туралы Етекбай деген ақынның шығарған тарихи жырын тілгі тиек етеді, Албан Асан ақынның зар заман сарыны отарлықтың көлеңкесінен үрейленген Асан қайғы,Бұқар жыраудан бастау алған дәстүрлі желінің Жетісу жеріндегі жалғасы екенін аңғартады. Дәстүрлі ортаның әдет-ғұрып жүйесін қатаң сақтайтын ақсақал типі фольклордың қоймасы ғана емес оның таралуына, орындалуына үлес қосып, қатал қадағалайтын ерекше тұлға екеніне талдау жасайды.

М.Әуезов бұл мақаласында қозғаған фольклор мен оны тудырушы, таратушы әлеуметтік ортаны бірлікте зерттеу мәселесін кейінгі «Манас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларына арнаған іргелі зерттеулерінде ары қарай дамытып, сабақтастыра түседі.

М.Әуезов құрастырып, алғы сөзін жазған «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жинағы, «Песни степей» антологиясы мен «Эпос и фольклор казахского народа» деген мақаласы фольклортануға қосылған кезекті бір қомақты табыс еді. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырының осынау нұсқасын ол ақын Уәйіс Шондыбайұлының аузынан жазып алып, алғы сөзімен, түсініктерімен қамтамасыз етіп 1936 жылы жариялайды. Бұл Қазақстанға совет билігі орнағаннан кейінгі уақытта алғаш рет эпикалық мұраны ғылыми тұрғыдан жариялаған жұмыстың бірі еді. Осы мәтіннің төркіні Шоқан Уәлиханов жазып алатын ХІХ ғасырдағы белгілі жыршы Жанақ ақын вариантынан бастау алады. М.Әуезовтің бұл мәтіні бүгіндері жырдың ең таңдаулы үлгісінің бірінен саналады, ол түрлі фольклорлық жинақтарда тұрақты жарияланады, оқулықтарда, сонымен бірге романдық эпосты зерттейтін салада мәнді ғылыми нысанға айналды.

М.Әуезовтің фольклортануға қосқан шоқтықты еңбегінің бірегейі – «Киргизский геройческий эпос «Манас» деген көлемді зерттеуі. Еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы дайын болып, оны автор әр түрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты 1937, 1940, 1944, 1948, 1954 жылдары редакциялап, өңдеп-жөндегені белгілі. Алайда зерттеудің негізгі тұғырнамасы, іргелі ойлары қаз қалпында сақталып, эпостануға, халық жырының поэтикасын зерттеуге бағыт-бағдар беретін құнды қазынаға айналып отыр. М.Әуезов Манасты жырлаушылар мен оны тудырушы ортаның қарым-қатынасына ерекше мән береді. Эпикалық жырда алғашқы сюжеттің өзгермей оны жырлаушылардың өзіндік нұсқаларында әлеуметтік ортаның сұранысы бойынша аздаған қоспа бояулар ғана кірігіп, түпкілікті жырдың желісі, кейіпкерлер жүйесі тұтас сақталып қалатыны эпикалық бекем дәстүрдің беріктігі екенін таратып талдайды. Эпосты жырлаушылардың біреуі де өз атын «Манас» жырына енгізбегенін, ал қазақта да мұндай дәстүр бар екенін, «Қобыланды батырдың» Марабай нұсқасы дегенде, ондағы Марабайдың есімі жырда мүлде жоқ екенін, яғни жырлаушының әрдайым тасада қалып, эпостың анонимді болатынын жырлаушы мен эпостың ара байланысына қатысты екенін яғни бұл айтылғандар жырдың поэтикалық бітімі мен канондық дәстүрінде кездесетін ерекше нәзік құбылыс екенін түсіндіріп, айналып келгенде бұл эпикалық ұлы тыныстың бұзылмауына әсер ететін астарлы ағыс екенін мәнді мәселе етіп қозғайды. Кеңестік идеологияның құрсауына қарамай «Манасты» жырлаушы жомоқшылардың барлығына киелі күштердің тарапынан осы жыр аян етілген деген ұғымды түсіндіріп, манасшылардың барлығы аруақтың аманатын орындаушы таңдаулы типтер екенін жан-жақты деректермен саралап, жырдың саф таза көне әуезі ауыздан ауызға өзгермей сақталуының негізгі шарты осы ежелгі наным-сенімде екенін айқындайды.

Жырдың негізгі сюжеттік арнасының ғасырдан ғасырға үзілмейтінін, оны жырлаушылардың жадында тұрақты кездесетін жауһар қор секілді ортақ жерлер сақталуы – эпикалық дәстүрдің ұласуының тірегі екенін анықтай түседі. Эпостағы ортақ жерлер мәселесіне бұдан кейінгі зерттеулерінде де жіті назар аударып, тіпті 1953 жылы өткен қазақ эпосы туралы дискуссия кезінде сөйлеген сөзінде фольклортанушы Г.Д.Санжаевтың эпосты жырлаушынының бәрінде кемінде 20-30 ортақ жерлер жадыда дайын сақтаулы тұрады деген түйінді пікірін мысалға келтіреді.

М.Әуезов эпосты айтушы мен тыңдаушының өзара байланысы тығыз, яғни әлеуметтік ортаның жырдың жаңа нұсқасын туғызуына зор ықпалы бар екенін мұқият түсіндіреді. Кітаптың авторы мен оқырманы ортасында қағаз тұрғандықтан өлі тыныштық болса, керісінше орындаушы мен оны бетпе-бет тыңдап әсерленіп отырған әлеуметтік ортаның байланысы жанды да жасампаз екенін нақтылы мысалдармен дәлелдейді. «Тыңдаушы – үнсіз отырған марғау оқырман емес. Ол шығармашылық құбылыстың тірі куәгері, оны бағалаушы, қолдаушы, қызу сезімін білдіруші, жыршыны қанаттандырып жебеуші. Ол бұл тұрғыдан қаһармандық жырды тудырушының бірі болып саналады. Ауызша мұраның тағдыры осындай ерекшелікке ие» деп маңызды қорытынды жасайды.

М.Әуезов эпос пен этностың қарым-қатынасы туралы да салмақты ғылыми пікірлерін білдіреді. Ол «Манасқа» арналған бұл еңбегінде және басқадай сүбелі зерттеулерінде қазақ, қырғыз эпостарында көптеген батырлардың тегі ноғайлы болып келетін айшықты дәстүр түркі бірлігі, Алтын орда, Ноғай ордасы заманын еске түсіретін поэтикалық заңдылықтың бірі екенін ашып көрсетеді. Аталмыш зерттеуінде «Манасты» кейінгі жырлаушы Сағымбай Орозбаков кейбір ұлтшыл зиялылардың пікіріне еріп бұл дәстүрді бұзғанын хабардар етеді. Нақтырақ айтқанда, «Манасты» жырлаушы Сағымбай Орозбаков оның тегін қырғыз деп, ал ноғайды Манастың арғы атасының бірі деп ұлттандыруын эпос поэтикасындағы соңғы жырлаушының қосқан аламыш бояуы екенін М.Әуезов тап басып көрсетіп, эпос пен этникалық байланыстың жыр тудырудағы қатынасы тым иірімде екенін бағамдайды.

«Манас» эпосының пайда болу кезеңін арнайы тарау етіп талдап, бұл эпостың ілкі сюжеті ІХ-Х ғасыр тұсындағы қырғыз қағандығы дәуірінде тууы ықтимал деген пікірге қатысты ерекше идея ұсынады. Мәселен, жалпы түркі қаһармандық эпос сюжетінің көне үлгісі Орхон-Енисей мәтіндерінен бастау алуы мүмкін деген аса құнды пікірін білдіріп, ол туралы «Даже в повествовании одних этих надписей Кюль Тегин вырастает в неповедимого богатыря, равноценного героям древних былин. В данных надписях есть и хронологическая последовательность. Рассказывается о важнейших подвигах Кюль Тегина, начиная с его шестнадцатилетного возраста до сорок семи лет его жизни, т.е. до его смерти. Здесь явствует параллель сюжетному построению героических поэм, где так же неизменно воспеваются деяния героя, начиная с юных лет до конца жизни» деп тарқатып жазады. Ал Тонью-Кук жазуында оның жорықтары ғана емес мәмілегерлік істері, соғыс тактикасы, ғибратты мағынадағы өсиеттері жазылғанына зер салады. Әлбетте, М.Әуезов осы пікірлері арқылы Тонью-Куктың батыр ғана емес, көзі тірісінде мәрмар тасқа өсиетін бәдіздеген ғибратты жырау, абыз би болғанын меңзеп отырса керек.

Жалпы М.Әуезов эпос пен фольклорлық үлгілерді түрік-моңғол халықтарымен бірлікте, одан кейін әлемдік кеңістікпен салыстырып типологиялық тұрғыдан зерттеу тиімді нәтижеге жеткізетінін әр түрлі кезеңдегі еңбектерінде ұдайы ескертіп отырды. 1953 жылы қазақ эпосы мен фольклорына арналған қызыл идеологиялық шырғалаң талқыда сөйлеген сөзінде ол эпосты толық ғылыми тұрғыдан зерттеу үшін қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ эпостарын бурят-моңғол, ойрат, халха-моңғол эпостарымен салыстырып зерттеу ұтымды болатынын тағы да назарға ұсынады. Бурят-моңғолдың «Хан-харангуй» эпосындағы кейіпкердің тазшаға құбылу сарыны «Алпамыста», «Қозы Көрпеш–Баян сұлуда» кездесетінін тілге тиек етіп, ортақ сюжеттік схеамаларды салыстыра тексеру эпос табиғатын тануға көмектесетінін сөз етеді.

1940 жылы жазған «Жәңгір жыры қазақ тілінде» деген мақаласында қалмақтың ірі эпосы «Жәңгірді» қазақ жырымен салыстыру арқылы қазақ эпосының стадиялық кезеңін анықтай түседі. М.Әуезов «Жәңгірдің стиль, мазмұн ерекшеліктеріне қарасақ, осы күнде жарыққа шығып жатқан көп эпостан сонағұрлым басқаша көрінеді. Басқашалығы, бұл дастанның аса көп жасаған кәрілік, көнелігінде. «Жәңгір» ертегі мен эпостың, миф пен ертегінің аралығынан туған жыр. Мұнда шынға бейім жайлармен қатар фантастика үлкен орын алады. Ертегілік әсірелеу, дамытулар көп. Ертегі персонаждары да бұл жырда көп көрінеді. Жәңгірмен салыстырғанда қазақтың батыр жырлары әлдеқайда реалистік жыр болады. Бізде Қобыланды жеті қабат жер астына түспейді, жалмауыз кемпірмен де кездеспейді. Қазақтың батыр жырлары кей кезде тарихи жыр тәрізді бергі заманға бой ұрғандай болады» деп байлам жасайды. М.Әуезов осы түйінді пікірі арқылы қазақ эпосының мифологиялық көне тамырдан ерте айығып кейінгі дәуірлерде тарихи қуатты циклизациядан өткендігін меңзегендей қалып танытады.

М.Әуезовтың қазақ эпосы мен фольклоры туралы орыс тілінде жазған жүйелі зерттеулері мен оның құрастыруымен Москвада жарық көрген жинақтар қазақтың халық қазынасын Совет Одағы кеңістігінде танытуға жарқын үлес қосты. Өйткені мұндай ғылыми еңбектер орыс тілінде жарық көргендіктен әлемдегі өзге ұлт зиялылары қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы мәлімет алуға пайдасын тигізді. Әсіресе 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген қазақ фольклоры мен әдебиетінің «Песни степей» антологиясы біртуар жинаққа жатады. Кітап үш бөлімнен тұрады: эпос және ежелгі фольклор, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдебиет, қазақ совет әдебиеті. Бірінші бөлім М.Әуезовтың «Казахский эпос и дореволюционный фольклор» деген мақаласымен ашылады. Мұнда автор қазақ фольклорының жалпы сипатын тұжырымдап, антологияда жарияланған жанрларға қысқаша анықтама береді. Шын мәнісінде кітаптың құндылығы ұшан-теңіз: ол орыс тілді қалың оқырманды қазақ эпосының үлгілерімен, салт өлеңдері, халық поэзиясы, ертегі, жұмбақ, мақал-мәтелдерімен кеңінен таныстырады. Фольклорлық мәтіндерді сол кезеңдегі орыстың танымал ақын-жазушылар тәржұмалағаны бағалы болған. Мәтіндерді таңдауға М.Әуезов белсенді араласқаны байқалады, кейіннен тыйым салынған «Ер Сайын» жырының мұнда жариялануына оның қатысы бар секілді. М.Әуезов бәлкім осы эпостың қара тізімге ілінетінін сезгендіктен жариялаған да шығар деген ой келеді. 1939-1940 жылдары «Литературный критик» журналының үш санында жарияланған «Эпос и фольклор казахского народа» зерттеуінде «Ер Сайын» жырына арнайы тоқталып, оны «кіші батырлар жырының тобына» қосуы тегін емес шығар.

Сан-салалы қоғамдық қызметтерге араласып, тіпті қуғын-сүргін көргенімен М.Әуезов фольклормен шұғылдануын бір мезет те тоқтатқан емес. Ол кейде зерттеуші ғалым, бірде жазушы ретінде фольклорға тұрақты жүгініп отырды. Оған мысал ретінде фольклорлық сюжеттерге құрылған классикалық пьесаларын былай қойғанда, 1940-1950 жылдары аралығында жариялаған «Ертегілер», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Киргизский героический эпос «Манас»» деген зерттеулерін айтуға болады.

М.Әуезов 1948 жылы жарияланған аса көрнекті еңбек «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1-томы фольклор тарихын жазуға дәйекті де мәйекті ойлар ұсынып, жинақтың жүйе-құрылымын түзіп, жасампаздықпен табандылық танытқаны ерекше бағалы. Өкініштісі бұл кітап жарық көрісімен тұрпайы қызыл цензураның сынына тап болып, ғылыми айналымнан аластатылады. М.Әуезовтің жетекшілігімен орындалған бұл еңбек шын мәнісінде ұлттық фольклордың күрделі тарихын жазуға жасалған алғашқы бетбұрыс еді, еңбектің тарауларында тарихи, теориялық, практикалық бағыттағы келелі мәселелер нысанға алынған болатын. М.Әуезов ұжымдық монографияның тұғырлы концепциясы мен алға қойған бірегей мақсаттарын негіздеп, оның белгілі тарауларын өзі жазып қана қоймай, жұмысты редакциялау, іс барысын қадағалау секілді қыруар шаруаны атқарады. Ұжымдық монографияда М.Әуезов жазған ертегілер мен романдық эпостарға, айтысқа қатысты тараулар ең бір шоқтықты парақтары еді. Монографияның кіріспесін де М.Әуезов жазып, онда еңбектің алға қойған мақсаты мен мағынасын талдап көрсетеді.

Осы монографияда жарияланған «Ертегілер» зерттеуінде қазақ қауымы сөз асылы өлеңді жоғары бағалайтындықтан эпикалық поэзияға мән беріп, ел аузынан ертегі жинау жұмысы да кешірек қолға алынғанын, бұл саланы зерттеу біршама кешеуілдегенін, ертегінің толық жинағы әлі де шықпағандығын айтады.

«Қара сөзбен халықтың өз аузында айтылып жүрген қалпынша аумай жазылып, дәл басылған ертегі жинақтары өте сирек болып келді» деп шын мәнісінде ертегі тілінің нағыз халық тілі екендігіне мән беру керек екенін ұқтырып, жинаушылар ертекшінің өзіндік өрнегіне назар аударып өзгертпей жазып алу керектігін, ендігіде ертекші тұлғасына аса мән беру оң нәтижеге жеткізетінін ескертеді. Ертегінің мәтіндерінде халық тілінің нәрі, мінез-құлқы, дүниетанымы сәулеленетінін талдайды. Қазақ ертегісі туысқан елдер мен сонымен бірге әлем халықтарының рухани мәдениетімен ұштасып, тамырласып жатқанын сипаттап «Онда сонау арғы Үйсін, Қаңлы руларының кезінен санап гундер дәуірінен, қыпшақ елдігінен, мұңғылдар жорығының тұсынан, Алтын Орда дәуірінен айтылып келген көне әңгімелер көп. Қазақ атты ел құралмастан бұрын, мұсылманшылық кірместен бұрын түрік-мұңғыл руларына түгел ортақ болған ертектер бар» деп пікірін тарқата түседі.

Ертегіні аңыз-әңгіме секілді прозалық текпен қоса тексеруді ұсынады, оны қиял-ғажайып, хайуанаттар жайында, шыншыл ертегі (1.Салт ертегі 2.Күлдіргі ертегі 3.Аңыз ертегі 4. Күй аңызы) деп жіктеуді ұсынады. Әрине, қазіргі ғылымда хайуанатар жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық ертегілер, сатиралық ертегілер деп жіктеу орныққан. Аңыз прозалық жеке үлгіге еніп, күй аңызы да дара жанр ретінде зерттелді. Бұдан аңғаратынымыз М.Әуезов жіктеуіндегі қиял-ғажайып ертегілер тобынан батырлық ертегі жеке ажыратылып, салт ертегі үлгілері қазір новеллалық түрге енген.

М.Әуезов қиял-ғажайып ертегілеріндегі көне кейіпкерлер жүйесіне аңшы-мерген типін жатқызады сонымен бірге «Мергендер жайындағы ертегілермен ілес қаралас ер батырлар жайындағы ертегілер жүреді. Осы мерген мен ертегі ерлерінің жайындағы қиял ертектері бір қазақ емес, жалпы түрік-моңғол ертектерінің де ескісі болуға тиіс… Әрине ертегідегі ер батырларды осы елдердің эпостарындағы геройлық дастан, жырлардың батырларынан басқа деп ұғыну керек. Әсіресе қазақта солай. Өйткені қазақтағы батыр жырларында кездесетін ер батырлардың бәрі де бертінірек туады. Беріде болған қыпшақ мұңғыл, ноғайлы қыпшақ замандарынан пайда болады. Ал қиял ертегілерінде атап отырған мерген, ер, батырларымыз тарихтан бұрынғы алыс заман тумалары» деп ертегі сюжетінің көне қабатын ақтарып көрсеткен. Кейінгі кәсіби фольклортанушылар М.Әуезовтің осы құнды пікіріне иек сүйеп «ер, батырлар туралы ертегіні», яғни қазіргі ғылым тілімен айтқанда батырлық ертегіні жеке жанрлық жікке топтағаны автордың ойының өміршеңдігін танытады. Сонымен бірге болашақта қазақ ертегілерін толық жинаған соң халықаралық Аарне сюжеттік көрсеткіші жүйесінде типологиялық тұрғыдан тексеру өнімді нәтиже әкелетініне назар аударады. М.Әуезов айтқан бұл құнды пікір ертегі туралы іргелі монографиялық еңбектерде жемісті қолданылып, институттан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзі» сериясының ертегіге арналған томдарында сюжеттік типтердің көрсеткіші ұсынылды.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» деген мақаласында М.Әуезов бұл жырдың сол кезде белгілі болған 16 нұсқасын өзара салыстырып, түркі халықтары арасына ортақ таралған қосыла алмаған екі ғашық туралы түпкі сюжеттің қазақта кең құлашты романдық эпосқа айналған себептерін ашып талдайды. Сонымен бірге жырдың сюжеттік желісін «Қысырау – Шырын», «Ләйлі – Мәжнүн», «Китаби Дәдәм Қорқуд» секілді мұралармен салыстырып, әсіресе түрікмен Молла Непес жырлауындағы «Таһир –Зуһрамен» жыр сюжетінің параллель тұстарын анықтайды, оның себеп-салдарын сараптайды.

Жырды тудыруда көшпелілердің көне рулық қоғамындағы ежеқабыл мен ант салты, бата, бата бұзу, теріс бата секілді қазақтың ескі әдет-ғұрып заңдарының әсері зор болғанын білгірлікпен дәйектейді, яғни эпосты этномәдени құндылықтар аясында тексеріп, поэтикалық қыр-сырын халық өмірімен қабыстырып аша түседі.

«Қыз Жібек» романдық эпосы тек қазаққа тән төл мұра екенін анықтап, оның шығу тегі ХҮІІ ғасырдағы қазақ хандығы тұсы дегенді меңзейді. Жырдың негізгі ерекшелігі – ондағы ғашықтар бұрынғы ата аманаты мен ежеқабыл, белқұда салтын орындаушы жандар емес, өз қалауымен еркін махаббатты таңдаушылар деген байлам жасап, жыр кейіпкерлерінің танымы, әрекеті бұрынғы ғашықтық жырлардан айырмашылықта екенін көрсетеді.Төлеген мен Жібек еркін сезім иелері болғанымен Төлегеннің қаза табуы әкенің теріс батасынан, ал Сансызбайдың ақжолтай болуы оң бата алуынан, сонымен бірге аға аруағын ардақтап әмеңгерлік аманатты орындауынан деуі – тағы да ежелгі салт-санамен сабақтас туған астарлы құбылыс екендігін айтып, сол себептен де жырда Төлеген, Жібек, Сансызбай үшеуінің махаббаты тоғысып кеткендігі қазақ қоғамына тән нақысты ерекшелік екендігін жан-жақты аша түседі.

«Айтыс өлеңдері» деген зерттеуінде түрік тектес елдердің ішінде қазақ арасында суырыпсалма өнер деңгейіне жетіп толысып дамыған осы жанрды әдет-салт айтысы мен ақындар айтысы деген екі жікке бөліп, айтыстың шығу тегі, стадиялық кезеңдері, жанрлық жүйесін саралап, осы жанрдың өзегіне тартысты сипат берген ру-тайпа арасындағы талас-тартыс деген дәлелді тұжырым жасайды. М.Әуезовтің бұл бағалы байламдары бүгінгі ғылымда қағидаға, жеке монографияның арқауына айналды, дамытыла түсті.

М.Әуезовтің фольклортанулық еңбектері бүгіндері жас мамандарға ғана емес сақа ғалымдарға да бағыт сілтейтін шамшырақ секілді. Ол сонау 1952 жылы Манас эпосын зерттеу туралы конференцияда ілгерідегі пікірін дамытып «Между тем, я считаю крайне необходимым вспомнить орхонские надписи, особенно большую надпись в честь Кюль Тегина и памятник в честь Тонью Кука… Что такие сами эти надписи орхонские? Их изучают до сих пор как памятники языкового порядка, а разве не являются они еще вдобавок и памятниками древнейших образцов фольклора? Ведь здесь подлинно краткие фабулы эпических сказаний. А если подобные памятники высекались из камня, разве не могли быть и более полные редакции на устах… » деген болатын.

М.Әуезовтің бұл сөзі қырғыз эпосына ғана қатысты емес қазақ жырының да түптөркінін іздеуге сабақ болардай, сол себептен де орхон мәтіндерін ежелгі түркі дәуіріндегі фольклорлық мұра тұрғысынан қарауға жеткілікті негіз бар. Осы пікір басшылыққа алынғандықтан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты соңғы жылдары жарыққа шығарған «Қазақ әдебиеті тарихының онтомдығының» 1-томы «Фольклор тарихында» орхон мұрасындағы эпикалық құндылықтарды талдауды жүзеге асырды.

М.Әуезовтің телегей-теңіз мұрасының өрісі тәуелсіздік алғалы бері қайтадан жаңаша мағынаға ие болып кеңіп, ұлғая бастады. Институт ғалымдарының күшімен академиялық 50 томдық жинағының жарық көруі – баға жетпес қазына деуге болады. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тарапынан халықаралық дәрежеде аталып өтіп, сан қырлы қаламгердің жемісті шығармашылығы әлемдік аренада насихатталды. Институтта жыл сайын дәстүрлі «Әуезов оқулары» ұйымдастырылып, академик жазушының көл-көсір мұрасы бүгінгі ұрпақтың соны көзімен сан түрлі аспектіде зерттеу нысанына айналып отыр.

М.Әуезов отандық фольклортану ғылымының қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосты, ол халық мәдениетін терең зерттейтін мамандарға әрдайым көшбасшы бола береді.

С.Қасқабасов,

ҚР ҰҒА академигі,

А.Тойшанұлы,

филология ғылымдарының кандидаты

Загрузка...