Мерейтой аясындағы кездесу |

0




Түркістан қаласында қазақ әдебиетінің қос алыбы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Осы айтулы әдеби кеш қарсаңында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың зайыбы Есімкүл Әлімқұлова мен белгілі сыншы-драматург Асқар Сүлейменовтің ұлы Әлішер Сүлейменовті арнайы қабылдады.

Облыс әкімі жүздесу барысында әдебиет майталмандарының айтулы мерейтойы «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзе­ге асып отырғанына тоқтала келе, қарымды қаламгерлердің шығармасын жан-жақты насихаттап, олардың есімін ұрпаққа ұлықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтып өтті. Облыс орталығынан салынатын жаңа кітапхана мен музейден бұрыштар ашы­лып, кітаптары шет тілдеріне аударылып, халық назарына ұсынылатынын жет­кізді.
— Аймақтан шыққан айтулы азамат­тар­дың есімдерін халықтың жүрегінде мәңгі қал­дыру мақсатында бірқатар жоспарымыз бар. Тек өз елімізде ғана емес, түркі әлеміне де таныстыру жұмыстарын қолға аламыз. Түркістан қаласында Асқар Сүлейменовтің атына берілген көшеге күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілетін болады және №21 жал­пы орта мектепке Тәкен Әлімқұловтың атын беру жөнінде Президент әкімшілігіне ұсы­ныс хат жолданды, – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Есімкүл Әлімқұлова жазушы ұрпақтарының бұл күнде өсіп-жетіліп, әке мұрасын жарыққа шығара бастағанын айтып, қуанышымен бөлісті. Өңір басшысына жақында Швейцарияда жарық көрген кезекті жинағын тарту етіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. №21 мектепте өткен Тәкен Әлім­құловтың шығармашылығына арналған ес­ке алу кеші мен облыстық деңгейде қам­тыл­ған мерейтойға қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс айтты.
Әлішер Асқарұлы да әке ұлағатын наси­хат­тау жұмыстарының барлығына атса­лысу­ға әзірлігін жеткізіп, жаңадан құрылған об­­лыс­тың мәдениеті мен әдебиетінің өркен­дей беруіне тілектестік білдірді.





Қазақ әдебиеті