МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ КОНТЕНТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТІЛТАНЫМДЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ РӨЛІ |

0

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты

Мақалада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан бастау алатын тілтанымдық зерттеулердің болашақ тілдік контентті қалыптастырудағы орны мен рөлі мынадай мәселелермен тығыз байланыста қаралады: қазіргі тілдік жағадаятқа әсер етіп отырған түрткіжайттар, болашақта шешімі табылуға тиісті тілдік жағдаяттағы көкейкесті проблемалар, тілдің дамуының болашақ моделі мен контенті.

Тілдің өміршеңдігі әлеуметтік тілтанымдағы аса маңызды ұғым­дар­дың бірі. Өміршеңдік тіл мен адам, тіл мен қоғам, тіл мен мем­ле­кет арасындағы күрделі қарым-қа­ты­насты көрсететін құбылыс, кез кел­ген тілдің өміршеңдігі осы қа­рым-қатынасқа тәуелді болатыны да белгілі. Нақты айтқанда, тілдің өміршеңдігі дегеніміз тілдің әрі қа­рай (болашақта) даму, өзгеру немесе құрылымдық және функционалдық қасиеттерін сақтау қабілеті. Орыс ғалымдары тіл өміршеңдігінің мынадай параметрлерін көрсетеді:
– тілдің әлеуметтік қызмет­тері­нің саны мен көлемінің сипат­та­ма­лары арқылы айқындалатын оның аймақтағы немесе қарым-қатынас саласындағы үлес салмағы;
– тілдің әдеби өңделу деңгейі.
Ал өміршеңдік деңгейіне әсер ететін факторларға: 1) осы тілде өз ана тілі және екінші тіл ретінде сөй­лейтіндер саны, жас ұрпақтың тілді тұтынуы сияқты фактілерді қам­титын демолингвистикалық ахуал; 2) тілдің функционалдық (са­ра­лық) даму деңгейі; 3) жазба дәстүрдің болуы; 4) тілдің стандарт­тал­ған нұсқасының болуы; 5) тілдің қызмет етуі мен ресми мәртебесін қолдайтын мемлекеттік бағдарла­ма­лардың болуы сияқты басқа да сырт­қы әлеуметтік факторлар жата­ды [1].
Қазақстан аумағында қоныста­нып қалған кәріс тілінің юкчин диа­лек­тісін зерттеген ғалым Н.С.Пактің еңбегіне сүйене оты­рып, осы диалектінің өлі тілге ай­нал­уына әкеп соқтырған жағдай­лар­ды талдай келе, профессор
З.Ахметжанова тілдің өміршеңдігіне кері әсер ететін мынадай фактілерді көрсетеді:
– тілдің қоғамдық беделінің тө­мендігі;
– жазу дәстүрінің болмауы;
– қызмет саласының тарлығы (бі­лім беруде, БАҚ-та қол­даныл­мауы);
– жас ұрпаққа берілмеуі[1]. Осы теріс әсерлердің салдарын жан-жақты түсіндерген ғалым қазіргі қа­­зақ тілінің өміршеңдігінің пара­метр­­лерін «Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде» профес­сор Э.Д.Сүлейменова бастаған ға­лым­дар дұрыс анықтаған деп көрсе­теді [2, 5-7-бб.]. Осы сөздікте тіл өміршеңдігінің мынадай маңызды параметрлері берілген:
1) әлеуметтік-саяси параметр: тілдің статустық және корпустық жос­парлануы бойынша жүргізілетін мақсатты тіл саясаты тілді қолдап, дамытуға бағытталған нақты Мем­ле­кеттік бағдарламалар, тілдің толық­қанды қызметін қамтамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылым (білім беру мекемелері, баспа ор­ган­дары, теле-радиокомпания, бағ­дар­ламалар, кітап баспасы, т.б.);
2) әлеуметтік-демографиялық параметр: мемлекет аясындағы бас­қа тілдік ұжымдағылармен салыс­тыр­­ғанда осы тілде сөйлей­тін­дер саны, осы этникалық топ ішін­де осы тілде ана тілі ретінде сөй­лейтіндердің жалпы саны, осы тілде ана тілі ретінде сөйлейтін жас­тардың саны, біртілді және қостілді тұлғалар санының ара-қатынасы, қостілділік сипаты мен деңгейі, т.б.;
3) лингвистикалық параметр: әдеби тілдің болуы, тілдік нор­ма­ның тұрақтылық деңгейі, тілдік инно­вациялардың (жаңар­­т­палар­дың) таралу жыл­дамдығы, өзге тілдің әсе­ріне қарсы тұру имму­ни­теті, салалық терминология, жалпы лек­си­калық қордың даму қарқыны, динамикасы, диалектілердің болуы және олардың әдеби тілге қа­ты­насы, т.б.;
4) әлеуметтік-функционалдық параметр: тілдің әлеуметтік функ­ция­лар санымен және оның қоғам өмі­рінің маңызды салаларындағы, соның ішінде тілдік құзіреттілікті қалыптастыратын маңызды сала – білім беруде, ғылымда (жаратылыс­тану-техникалық және қоғамдық-гуманитарлық), бұқаралық ақпарат құралдары, әкімшілік басқару, іс­қа­ғаз­дарында, сот ісінде, өнеркәсіп-өндірістерде қолданыс қарқынымен өлшенеді;
5) ұлттық-мәдени параметр: тіл­дің ұлттық өнердегі, театр, кино, дін­дегі, әдебиеттің көркем, лекси­ког­рафиялық, діни, әскери, оқу, тер­минологиялық, басқа түрлерін­дегі, атакәсіптегі және т.б. қолда­нысы [2].

Қазіргі тілдік жағдаятқа әсер етіп отырған түрткіжайттар

Саяси түрткіжайт. Қазіргі тілдік жағдаятқа әсер етуші саяси түрткі­жайтты анықтап отырған үрдіс – ұлт­құрылысы мен мемлекетқұ­ры­лы­сы үдерісі, бұл екеуі де ел хал­­қы­­ның ұлттық біргейлігін қа­лып­тастыру үдерісімен тығыз бай­ла­нысты. Кеңестік Одақ құлағаннан кейінгі тәуелсіз мемлекеттің жаңа саяси жолының ізденістерінен бастау алған қазіргі саяси процестер бүгінгі тілдік жағдаяттың ­қа­лып­­тасуына ықпал етті. Сая­сат­танушы И.Черных екі ке­зең­ді ажы­рата­ды [3]. Әр кезеңді ашып айтатын болса, бірінші кезең тәуелсіздіктің алғаш­қы жылда­рын­да, яғни ХХ ғасырдың 90 жылдары мен 2000 жылдарға дейінгі уақытты қамтыды: тәуел­сіз­дікті нығайту үшін, елдегі тоталитарлық режімді аңсаушы әсіресоветтік пиғылда­ғыларға төтеп беру мақсатында мем­лекет саяси арқасүйер күш ре­тінде негізгі ұлтқа басымдық берді. Сол жылдардағы барлық саяси құжаттарда «титулдық ұлт», «мем­лекетқұрушы ұлт» тер­мин­дері тек қазақтарға бағытталды, сәйкесінше мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға арналған ір­гелі саяси құжаттар дайындалды.
ХХІ ғасырдың басына тұспа-тұс келетін екінші кезеңде негізгі ұлт­тың басымдығына қарамастан, сая­си электорат құрамында сол кез­де әлі де мықты позицияда бол­ған ең ірі диаспора мен басқа диас­по­ралардың да қолдауына сүйену көзделіп, көпұлттылық идеясы ба­сымдық ала бастады, мемлекет­құру­шы ұлт ретінде тек қазақтарды ғана емес, басқа диаспора өкілдерін де тану керек деген талпыныстар жасалды. Мұны «қазақстандық ұлт», «жалпықазақстандық бірегей­лік» ұғымдарын қолданған «Ел док­тринасы» (2009) құжатынан біле­міз [4]. Елбасының Қазақстанда үштілді білім беру жүйесін енгізу керек деген алғашқы идеялары да осы кезеңде алғаш айтыла бастады. Бұл кезең алайда демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты ақырындап келесі үшінші кезеңге ойысып келеді. Бүгінде жаһаният­тағы күш алып отырған бір-біріне қарама-қарсы бірліктегі жаһандану – этнизация (ұлттану) үдерістерінің әсеріне қазақстандық кеңістік те түсіп отыр. Бір жағынан әлемдік экономикалық құрмаласуға жауап беретін саясат ұстану керек болса, екінші жағынан қазақтану үдері­сінің де талаптарын естен шығармау керектігі көрінеді, осыған байла­ныс­ты ағылшын тілі бір компоненті болып табылатын білім беру жүйе­сіне енгізіліп жатқан үштілділік те өзектілігін жоймай отыр, сонымен бір­ге ұлттық сананы, ұлттық тілді жаң­ғыртуға, ұлттық идеологияны жан­дандыруға бағытталған Елбасы­ның 2017 жылдың сәуір айындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламалық мақаласы да ерекше кең қолдау тауып отыр [5]. Міне, осындай әр кезеңдегі саяси өзгерістер бүгінгі тілдік жағдаятты қалыптастыруға әсер етті.
Демографиялық түрткі­жайт. Қа­зақстан Рес­пуб­ликасы Статисти­калық агент­­ті­гінің 2017 жыл­­ғы 1-шіл­­де­дегі мәліметі бойын­ша ел­дің халқы­ның саны 18 034 мың адам­­ды, он­ың ішінде қала халқы­ның саны – 54,7%, ауыл­дікі – 45,3% пайызды құрайды. Ресми мәлімет­тер бойынша 2016 жылы қазақтар халықтың 66,48 %, орыстар – 20,61%, басқа ұлттар – 12,91% құра­ған. Халықтың едәуір бөлігі репро­дук­тивтік жаста болуы қуантып отыр, сол сияқты 1989 жыл­ғы сан көр­­сеткішіне 2009 жылы жетіп үл­гер­­гені де демографиялық ахуалдың жақсаруының белгісі болып отыр [6].
Тағы бір ерекшелік диас­пора­лар арасында түркітілділердің саны­ның күрт артуы және олардың жасаруы, еуропалық нәсіл диаспора санының төмендеуі болса, екінші ерешелікке қазақтардың қалалануы есебінен бұрынғыдай бала санының тек ауылда емес, енді қалаларда да кө­беюі сияқты құбылысты жат­қызу­ға болады [7]. Бұл алдағы уа­қытта қазақтілін тұтынушылар­дың саны­ның ғана емес, сапасының жә­не со­ған сәйкес қазақ тілінің кең қолда­нысы мен сапалы қызметін талап етушілердің де арта түсетінін көрсе­теді. Демек, тіл саясатында да осы талапқа сай бағытта күшеюі заң­ды.
Көші-қондық түрткіжайт. Сырт­­қы көші-қон және этникалық көші-қонда да айқын көрінетін өзгерістер тілдік жағдаяттың бүгінгі ахуалының қалыптасуына ерекше әсер етті.
Сыртқы көші-қонда 1990 жыл­дар­дағы сыртқы миграцияның теріс балансы 2003 жылдан бастап оң салаға қарай ойысты. Осы кезден бастап, бүгінгі күнге дейінгі елден кеткендердің тілдік иелігіне қарай­тын болсақ, дені еуропатілділер, соның ішінде орыстілділер болып шықты. Сонымен бірге, олардың 43 пайызынан астамы шетелге тұрақты тұруға кеткен 15-34 жас аралы­ғын­да­ғы жастар. Мұндай жағдай өз бола­шағын мемлекеттік тілді білу­мен байланыс­тыр­май­тын­дар­дың біржола сыртқа кеткенін көрсетеді.
Этникалық көші-қондағы жағ­дай да тілдік жағдаятқа тікелей әсер еткен күшті түрткіжайт болды. Ең алдымен елге оралған оралмандар­дың тілдік жағадаятта тек қазақ тілінде сөйлей алатындардың са­нын көбейткенін айтуға болады. 1991 жылдан 2013 жылға дейін 924 363 қазақ оралман мәртебесін ие­лен­ді. Олардың 61,0% Өзбекстан­нан, 14,0% Қытайдан, 9,5% Мон­ғолия­дан, 7,0% Түркіменстаннан, 4,8% Ресейден және 3,7% басқа ел­де­­ден оралды. Олардың ел аума­ғы­на орналасуы да болашақта әр өңірдегі тілдік жағдаяттың ерек­ше­ліктеріне әсер етпей қоймайтын жағдайға айналады деп санаймыз, мәселен, оралмандардың ең көп қоныстанған жері Алматы – 16,1% (148 980 адам), Оңтүстік Қазақстан – 21,3% (197168 чел), Маңғыстау – 12,6% (116 437 адам) Жамбыл– 9,4% (87 302 адам) облыстары және 40,6% – басқа об­лыс­тарға таралды. Бір қуантатыны, оралмандар арасында еңбек жасына жарамды жастардың үлес салмағы 55,2 %, 18 жасқа де­йін­гі балалардың үлесі – 40,3 % құрайды.
Кез келген миграциялық үде­ріс­тер әртүрлі тілдік ұжымдардың бір-бірімен араласып-құраласуына, сөйтіп кеңістіктегі тілдік жағдаят­тың өзгеруіне әкелетіні белгілі. Бүгін­гі күні оралмандардың көшіп келуі­мен, ауыл халқының жаппай қа­лала­ларға үдере көшуі­мен, қазақ­тар арасында табиғи туыт санының артуымен байланысты Қазақстан­ның ірі қалаларында қалыптасқан тілдік жағдаят қазақ тілінің бола­шақ­тағы коммуни­ка­тивтік әлеуе­тінің артуына себепші болып отыр. Алайда бұған қиын­дық­тар мен қауіптер жоқ деп қарау­ға болмайды.
Қазақ тілін қолданатын қала халқының саны артқанымен, елдегі қалалану үдерісінің дұрыс жолға қойылмауы, яғни қаланың ауылдан келген тұрғындарға инфрақұ­ры­лым­дық, қаржылық, экономика­лық, т.б. жағынан мүлде дайын бол­мауы себепті ауыл халқы қанша жылдан бері қаладан өзіне лайық орын таппай, әлеуметтік лифттер­дің ең төменгі сатысында жүріп қалып жатуға мәжбүр. Тіл иел­мені­нің әлеуметтік беделінің төмен­дігіне қарай оның тілді сауатты игеру, жоғары кәсіби деңгейде білу, ғылыми санаға қатысты тілдік білімдердің иесі болу сияқты сипат­тары да кемшін түсіп жатады. Демек, қала халқының мемлекеттік тілдегі коммуникативтік әлеуеті артуға бет алғанмен, оның сапасы, мәдениеті туралы мәселелер өте көп екені байқалады.
Сонымен, көші-қонға қатысты тілдік жағдаятқа әсер етіп отырған мықты жағдайлар мыналар: 1) елде қазақтану үрдісі мықты, қазақтар­дың саны 75,1% пайызға табиғи туыт есебінен өсіп келеді; 2) елге кел­ген мигранттардың дені түркі­тілдес ұлт өкілдері болса, кеткендер еуропа­тілдестер, әрі келгендердің ішінде еңбекке жарамды жаста­ғы­ла­ры басым; 3) ірі қалаларды қазақ­тану үрдісі ішкі этномиграция есебі­нен ерекше қарқын алды, қа­лалар­дың қазақтілді ком­му­ни­кативтік қуаты артты.

(Жалғасы келесі санда)

Қазақ әдебиеті