Ілияс Жансүгіров өлеңдері
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілді.
1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1925- 1930)
ЛЕНИН ТІРІ
Зымырап өмір кемесі
Сермегенде құлашын,
Көсем Ленин денесі
Өлі деп жұрты шуласын,
Деп қана шашқан дақпырт қой
Айтқанда егер турасын.
Өлді ме, көсем тірі ме,
Оның көп айтар расын.
Өмірде өлмес адам бар,
Ол кім! Ленин, ол басшы.
Өлместей ісін қалдырған,
Өлімге қалай қиясын?
Егер де өлді десеңдер
Тарихқа қиянат қыласын
Жалшы табы, жарлы жұрт,
Өлтірді ме мұрасын:
Ленин жолы даңғыл жол
Өлді де кәне, мына ісін?
1925 жыл.
БЕТАШАР
Айт — айт, келін, айт, келін,
Аттың басын тарт, келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала — құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Желп — желп еткен немене,
Желегің бе, туың ба?
Қыруар қырға нұр шашар
Желегің сенің қызыл ма?
Көгінде күнің нұр қосар
Бетіндегі қызылға.
Қызылды — жасыл бөленген,
Мынау қырдың. қызы ма?
Қылымсыма, қыр қызы,
Аттаған соң босаға.
Бетіңді бермен икемде,
Ашайын, айнам, сызылма!
Келін, келін, келдің бе?
Керілмей сәлем бердің бе?
Құтты болсын босағаң,
Құт келін бол еліңе.
Құтты болсын қосағын,
Қосылыпсың теңіңе.
Құт — береке оралсын
Желегіне, жеңіңе.
Күргейсіз күнге маңдай бер,
Ұмтылыңқыра, шегінбе.
Шеткерліктің шегесі — ау
Шегіншектік тегінде.
Келеде кеңес кеңейді,
Кер кеткен әдет шөмейді,
Қуанышын көңілінде.
Басыпсың қадам тауып жол,
Жармасып жаңа өмірге.
Оныңды ақын кұттықтайды,
Қуанышы көңілінде.
Тұсындағы торғайды
Қомсынбайды, қорғайды,
Жыры жылы, жерінбе.
Өзгеріпсің, өмірде,
Өлшегенде о күнге
Білезік жоқ па білекте.
Ойған танаң өңірде.
Омырауда ол сурет
Отырған кім, Ленин бе?
Жабырлаған жамағат,
Жуықтасын жолын бер,
Аш аранды келінге.
Ақ қоғадай бұралтып,
Айнам, бетіңді ашайын,
Анау бір өткен күндерді
Әуелі жырға қосайын.
Ол күнгі ауыл әлі бар,
Онан қалай қашайын.
Қаша алмасам жөні сол,
Ендеше саған басайын.
Қамқорсынып өз анаң,
Қыз табам деп ойлап па еді
Қыз тапсаң, араз болам деп,
Әкең айтып қоймап па еді?
«Күнге» кіндік кестіріп,
Қалжаға құртаң соймап па еді
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Осы күнге енді бір сәлем!
Асырады анаң амалсыз,
Алақанда аялап.
Ақ торсықтан сүт сордың,
Анаңның төсін аймалап.
Ақ бата оқып қой сойып,
Құда түсті бай, манап,
Жә бір жарлы мал берді,
Тайынша, тайлап, таналап.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қырқылжың қырттар қыжап қып.
Қылмаң қаққан қыз аңдып.
Қыз көнбесе «жесір» деп,
Сарапқа салған лаң қып.
Бесіктен белін шықпастан
Қыруар малын матаған,
Құлқындыны құмар қып.
Баса айттырды бай тәбет,
Көп «сұңқарға» сыңар қып.
Қылаң сақал шандыр шал
Күйеу болды күркілдеп,
Жиіркеніп ең жылан қып.
Сары су құйды санаңа,
Көңіл шер, көзді жылау қып.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Матаулы малын әке алды,
Әже де алды аужалды.
Жеңгетайды жеңге алды,
Жеңге де киді дамбалды.
Құдаға қатын қадалды,
Қадалды да кәде алды.
Топыр болды, той болды,
Жан — жағына жар салды.
Тойды өлеңші толғантты,
Жамыратты жар — жарды.
Жар — жар емес, жанулы
Жүрекке салды қанжарды;
Жылады қыз жырлады,
Ағытты о да арманды.
Кейіді, күйді, қорланды,
Тудым деп неге қарғанды.
Ата — ананы қарғады
Қаңғыттың деп қарғанды.
Сүйткен қызды шал алды,
Қыз үйінде мал қалды.
Қыз қызықтан не көрді,
Қыз өмірге зарланды.
Ол шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Жарым жолдан жаяулап,
Жаңа жұрт көрдің жылысып.
Азаға салған арықтай,
Қоңыр желек қолпылдап,
Құтың қашты құнысып.
Абиырсыз абысын
Арсаңдап ашты бетіңді,
Сумаң қағып сұлусып.
Жыландардан жирендің,
Итере алмай имендің,
Имен қақтың қылымсып.
Топыр болды, той болды
Кәрі — жасы ыбырсып.
«Кешегі кеткен малымнан
Сілекей «қайтса болды» деп
Көрінді күндес биімеп.
Шал күйеуің шалмалап,
«Шәугімді әпер, ей», — дейді- ау,
Оқыранып, үйірсіп.
«Құтты болсын құт етек», —
Болсын деп шу — шу етеді,
Өңшең жылан құйыршық.
О шіркіндер о күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қолында қоңыр домбыра,
Қыдырынды бір ақын
Қиқылдайды, сарнайды.
Домбыраның басына
Бәйбіше әлем байлайды.
«Беташар жолы сенікі» деп,
Әлеумет ақынды алдайды.
Жылан тиген жылқыдай
Оқиды, сені арбайды.
«Айт, келіншек, айт, келіншек…»
Арман таман айдайды.
Атын атап әркімнің
Әркімге сәлем арнайды.
Әркімге сәлем арнаса,
Алудың қамын қамдайды.
Өзінше о да өсиет.
Үйретеді хал — жайды.
«Өзін жатып, байыңа.
Тұр, тұрлама, келіншек;
Қаптың аузы бос тұр деп
Құрт ұрлама келіншек»,
Деп күйсейді, шайнайды.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Одан әрі не болды,
Онысы өзіне аян ғой,
Оны менен сұрама.
Ақын әлгіні айтқан соң
Бай бадалғыр тұра ма,
Әйелге таң атты ма
Аттанған соң босаға?
Күндіз малшы, отыншы,
Түнде күзет қораға.
Батымды күндес баурады,
Болдың, қалдың қол бала.
Бүйідей бүрді сұр сона
Өгей ене дүзқара.
Қарарқұл, қортық
Қоңызбай
Қоқаңдады қамшы ала.
Жан жалын, қанын от күнде
Қазан соқты күл болдың,
Көмір болдың бір шала.
Жібек едің. жүн болдың,
Жүре — жүре күң болдың,
Отауын болды көр — мола.
Қол сілтедің дүниеге…
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Онан бері өтейін,
Келеге кеңес кіргізген
Кешегі күнге жетейін.
Өріске жұртты өргізген,
Бұл күнді айта кетейін.
Тұсына туып төңкеріс,
Бағыңа туып үлкен іс,
Басынды ашқан тұманнан.
Жылауыңнан жұбатқан,
Қабағыңнан қуантқан,
Қойныңды қаққан жыланнан,
Еркіндік беріп еліңе,
Қосып сені теңіңе
Шығарған шер — құмардан.
Ендігі сәлем шын сәлем
Бұл күніңе бір сәлем!
Айт, келіншек, айт, келіншек,
Атыңның басын тарт, келіншек.
Сауысқаннан сақ келіншек,
Жұмыртқадан ақ келіншек,
Алдыңғы түйең итіншек,
Итіншек деп ренжіп
Басқа соқпа, келіншек.
Артқы түйең тартыншақ,
Тартыншақ деп қабаржып
Көтке соқпа, келіншек.
Осы күнің, қай күнің?
Зарығып көрген заманың,
Күніңе туған сәйкестен:
Тулы жерде қайрат қыл,
Істейтін жерде еңбек ет.
Ептейлі жерде ебінше еп.
Жасарарсың, жасарсың,
Жауынды жазғы сен бір шөп.
Өнер үйрен, білім біл,
Оралында ойна, күл,
Ойлай, біле өмір шек.
Өзің жатып байыңа
Тұр — тұрлама келіншек.
Байың жатып жайына,
Қылқылдама, келіншек.
Жалқау болса жатқызба
Жұлқыла да, келіншек.
Болғандарың игі емес
Екеуің бірдей еріншек.
Қатар жүр де, қатар тұр,
Еріншектік — шегіншек.
Еңбегіңді еншілес,
Еңбексіздік — еміншек.
Үй шаруасын сен құра,
Желекті адам жеңілтек.
Тұз шаруасын сен құра,
Малыңды бақ, егін сеп.
Осылай бетіңді ашайын.
Желегіңнен жетелеп,
Жөн осы деп төтелеп,
Ілгергі елге қосайын.
Жол осылай жөн білсек.
Қуаныш қылған қоғамың,
Беташарға не бермек,
Кім жомарт, кім көңілшек?
Бергені сол жұртыңның
Бәрекелді десеңші,
Мәзбін соған: күлемін
Болғанымша көк ішек.
Күлкім сенін күнің ғой,
Көркіңді күттім, күнішім.
Көркей, көгер, гүліңді ек.
Көркей, көгер сенімен
Көгерерміз көгерсек.
Құтты болсын отауың,
Атың «қызыл» қойыпсың.
Дөдегесін дүрдитіп,
Оған борлат ойыпсың.
Ортасына от жағып,
Тойыңа тоқты сойыпсың.
Қайғысыз қазан асыпсың,
Қазанның түзе қайқысын.
Оңынан түндік ашыпсың,
Ошағын түзе ойқысын.
Ілгері аяқ басыпсың,
Өкшең түзе шойқысың.
Керегеңді кеуделет,
Тарта байла танғышын.
Белбеуіңді бекемде,
Беленді жердің желі жын.
Сынын түзе үйіңнің,
Орналастыр олқысын.
Мінін түзе киімнің,
Оңалт олпы — солпысын.
Аялап айран ұйтыпсың,
Айнымай айран ұйысын.
Жеделде, сүтті суытпа,
Ертерек күй ұйтқысын.
Қосағыңды қузай көр
Заман мынау көші — қон,
Бөле ұйықтасын ұйқысын.
Тап — тұйнақтай тазала,
Қоқсымасын қоқысың,
Отауының орны сол:
Тәрбие — тәлім еліңе
Болсын, отау отырсын.
Қабаржыма, қалың қол
Бергелі тұр қол ұшын.
Қонайын, құстай түтейін,
Қодар қолын көтерсін.
Қалың қалды — азатсың,
Шамдансын да шал жатсын.
Құбылмасын қорқыныш,
Өз басынды теңеуге
Білімнен шүйке шүйкелеп.
Өнерден өрмек тоқырсың.
Жаңа тірлік жассыңдар,
Өңшең, көзді соқырсың.
Сауықсын десең соқырлық,
Ұмтыларсың, оқырсың.
Ендігі үміт отауда,
Отауыңа кітап жи,
Оны ауылың оқысын.
Айт, айт келін, айт, келін.
Күлген күнді көрдің бе,
Ай жүзіңді аш, келін.
Кешкен елді кердің бе,
Аядай алға бас, келін.
Жаңа өмірге өрлепсің,
Жас сүлгім, жас көгім.
Өмір майдан өзгеше,
Әзірлен оған әліңше,
Жас жасақ, әйел әскерім.
Ауылда әдет әлі бар:
Қас дұшпаның, қаскөйің.
Оны жеңер жалғыз жол,
Жолың әне — оқу ол.
Өз талабың, жігерің,
Қағаз оқы, хат таны,
Сауатыңды аш, келін.
Оқығаның өкіл бол,
Әлеуметке бас, келін.
«Қазаншы қатын да үкімет
Басқарсын», — деген Ленин.
Ол ұранды орында,
Орындау оз міндетің.
Білімсіз теңей алмаспыз
Тең теңсізің, бас кемін.
Беталды сөйлей бермейін,
Беташар бітсін осымен:
Жамырашы, жасашы
Жас өркенім, жас өрім!
Бәріңе менен бір сәлем!
ЖЕЛДІ ҚАРАҒАЙ
Жайлауым желді қарағай,
Жайлауында елі жарасқан.
Жанымда жайлау жағалай,
Жанса, қалай жақашпан.
Қарағайың сыңысып,
Қалың малың қаптаған.
Қара бұлт боран, бұлықсып,
Қара іңген тауды қап саған.
Туырлықтай тұманда
Тұмшаланды тұғыл сай,
Тобылғы торы құнандай,
Томсарды қасы қапсағай.
Шоқшиған шұбар шоқының
Шоғырланса ұшпа ұшынан.
Шолақтың лоңқа шоқтығын
Шолады көкте күшіген,
Ол күнде біз бала едік,
Оздыра құнан шауып ек.
Орғыта ойнақ сап едік,
Ойнай қозы бағып ек.
Жалбағай тымақ, жауқияқ
Жауырынымызға жабысқан;
Жая шыққан қозы — лақ
Жамырауға жарасқан.
1925 жыл.
САБЫН
(Жеңгем жыры)
Сақарың еді сексеуіл,
Сабыным, сағызша оралушы.
Сабыннан ырым етуші ек,
Оралсаң, ісім оңалшы.
Көйлегім көптен жуылмай,
Кимешек кірлеп кетіп еді.
Бырт — бырт (бидай қуырмай).
Биттің де бейнеті өтіп еді.
Жабағы болды жібек инаш,
Жабылып жаман жабысқақ.
Сыңысып сірке бұрымда,
Қаптап еді қалың қайызғақ.
Сабам сауыс, қасық қақ,
Сатала самсып безде тұр,
Орамалым он батпан,
Баланың басы көз қотыр.
Арулансын астауым,
Мұнтаздансын сапты аяқ.
Өңезден күбім арылсын,
Оны біреу айтпай-ақ.
Ауру — лас, кір — қолаң,
Ауыртып еді мазаны aп.
Арылта жуып, сабындап,
Алайын бәрін тазалап.
Базарда сабын көп дейді,
Адыра қалсын, арзан ба?
Аларлық арзан болмаса,
Жазғы жұт тағы мал — жанға.
Сығалама, қарама,
Еркек аулақ! Қыз қашық!
Абысын байғұс қайда жүр,
Алатын болса бұзаушық.
Сақырла қазан, былғауыш,
Сағыздай сабын оралсын.
Сабыннан ырым етуші ек,
Оралсаң, ісім оңалсын.
Сары ұзын күн сарылып,
Адасқан ит қаңғырып,
Ұлы жол ұзап кеткенде:
Көш қонаға жетеді.
Жадырап жапан, жаз маздап,
Жарлауыттан қаз — қаздап,
Жамырасып жеткенде;
Күн астында алыстан
Басшы барлап шанышқан,
Көріне көзі жеткенге
Найза қылт — қылт етеді.
1925 жыл.
КОММУНА
Баяғы батқан бір күн батыстағы
Жарқ етіп біздің жақтан шықты тағы.
Масайрап еркін, бостан жолға тартты,
Езілген еңбекшінің барлық табы.
Ол қай күн? — Коммуна еді Париждағы,
Коммунар коммунге қан ағызғаны.
Ақ жолға алғашында құрбан болған
Ерлерді еске алуға қарыздағы.
Жер қандай? Дүние де бір тазқарын
Үрлейтін қарын құртын қызыл жалын
Батыстан батқан күнің бізден шықты,
Кәдіксіз нұрға орайды жердің шарын.
Жауына еңбекшінің қанымен қас,
Айнымай шейіт болған егеу алмас.
Дүниеге төте жұлдыз көзеп кеткен,
Қабырына қаһармандар иеміз бас!
1925 жыл
СҰРАУ
Жер ажалы от па екен?
От ажалы жер ме екен?
Жел ажалы от па екен?
От өлімі жел ме екен?
От ажалы су ма екен?
Су деген соз шын ба екен?
Су ажалы жел ме екен?
Жел деген сөз шын ба екен?
Су ажалы жер ме екен?
Жер ажалы кім екен?
Аспан ба екен?
Күн бе екен?
Күн ажалы кім екен?
Күн деген сол шын ба екен?
Күн менен жер дүние екен?
Дүние деген ол не екен?
Қайда дүние түбі екен?
Мұны айтатын кім екен?
1925 жыл.
У
Қашаннан «Құдай», «құран» деп
Қаңғырған талай ой жазған.
Құдайдан құрыған құлдар көп,
Құранмен қуған қулар көп.
Сорлы аузына у құйған,
Құранмен құй қазған,
Төбесінен сорлының,
Сорған қанды сол жазған,
Тұзақ тоқып, ау салып,
Дін, ораза, намаздан.
1925 жыл
ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ
ЖАЛПЫ СЫН
Жер таппан жерге жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.
Жетісу, кеудең асқар, аяғың қол,
Қоңың құм, мықынында бар сексеуіл.
Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,
Ол бір маң мал есірген өлкедегі ел.
Көктемде құмнан әсем жер болсын ба,
Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер.
Бойдағы бозбаладай асыр салса,
Қозысы құйрықтанып дөңгеленер.
Шөгіскен шоғыр асқар қатпарланып,
Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып.
Емес пе көк ала бас ақ буралар,
Оралған шудалары мақпалданып.
Саятта аң аңдыған ол бір мерей,
Мылтық, ап, бүркіт ұстап, қақпан салып.
Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері.
Қайырлады еткенімен сақпан саңық.
Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп,
Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп.
Ойнақы, құба, тарлан тағы андарын
Тәбеті тау — тасына қонған теліп.
Құлпыртар құмда соққан қоңыр самал,
Мәсімнің масатысын желі желпіп.
Қар кетіп, қара жері жасанғанда
Қонбасын қалай құсша елі келіп.
Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен,
Алайда айналармын, айтам әлі,
Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен.
ТАУ СУРЕТІ
Тарбиған Тарбағатай жердің құты,
Барлық — ел «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мың шұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы.
Аршалы, Амантекше, Қарасырық, Қараүңгір,
Қалмақасу, Қаражырық. Сауыры Салқынбел мен
Сайымбелек, Суығы соғып тұрады аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» қосады өзін таң асырып.
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
Қойыпты сәукеледей жарастырып.
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас қора мұзбен жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
Талақтай талаураған Баянжүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдейі тірелгендей.
Қар кете қарлы аланы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшеді Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.
Қоңыртау қорқатыным бала жастан,
Жыланы түрі жаман — түкті, түрпі.
Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,
Дуана заржақ байғыз шайқы — бұрқы.
Талғар тау тарғыл ала шоқы биік,
Асқақтайды емшегі, ерні көкке тиіп.
Арқырап асқарынан құлаған су
Бауырын балбыратқан еліне иіп.
Малға жай, елге жайлау Ұшқараштың
Сүбесін мекендеген суыр сүйіп.
Асы — астау, отырған ел — өрелі құрт,
Құрт жайып қодырайған Бақай биік.
Албыр бет Алматыда алма әдемі,
Алғандай ақтамақты ауызға үріп.
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт — ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың тересіндей.
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үшкүлше құрттың жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған
Ұшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған
Түптің суы,
Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей.
Жыландай ирең қаққан Иірсу да
Білдірмей тау іргесін сөгетіндей.
Лабасы төрде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей.
Бота жүн, бозғылт, күрең шалғын біткен,
Жайлау жоқ Көктөбенің төбесіндей.
Жарбиып осы өреңге ықтырмалап,
Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей.
Ешкідей үркіп шыққан
Шоладыр тұр,
Қасқырдан бір тықырды көретіндей.
Телміртіп
Текес аса ай туады,
Тайыншаның тарғыл ала зересіндей.
Жайлаудың ортасында
Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбел таздың төбесіндей.
Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар,
Тіміскіп тос түртпесе өлетіндей.
Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай былдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің, енетіндей.
Тұмсығы
Торайғырдың түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың
Үшмеркіден ұшы — қиыр,
Қарағай қара шашты өретіндей,
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын ертедегі
Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұтқыл күйген, тұлан тұтқан
Сорлы тау неге болсын
Сөгетіндей.
Қып — қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су — күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен,
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау — тасын мекендеген жазы, қыспен.
Картадай қатпар — қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі карда шықсаң құспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал сонда алды — артыңа көзді салсаң,
Оңды — сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзін шалып Түптің суын,
Албанның қонысына қайта айналсаң:
Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кенеу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай — ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейді сүзбе тұзды бара қалсаң.
Жер бар ма зәу
Бақайдан көрінбеген,
Жүйеге тау қалсын ба бөлінбеген.
Көресің алдындағы дастарқандай
Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген,
Лабастың саласын да шолар көзің,
Тұлымдай тобыс соққан өрілмеген.
Аса алмас алғыр қыран ала асқардан,
Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген.
Шығысқа беттей төрe жатқан таулар,
Құшысып, сүйісіп түр көгіменен.
Меруерттей жалтылдайды күңгей
Мұзарт, Көз түгіл үңілесің көңілменен.
Құзары Құдырғының құлдыр шұнақ,
Өрікті ол біз биедей желіндеген.
Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын
Жалмауыз шығар көктің көгін жеген.
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнармен белін буу.
Көлдегі көп шағала ортасында,
Тартпасын көзді қалай айдында аққу.
Өзгені үйме — жүйме отырғызып,
Ортада бір ақсақал кеңес құру.
Қайырып топты үйірін бір боз айғыр,
Жусатып, қалғып көзін ашып — жұму.
Осыған ұқсамаса сөкші мені,
Басына Кіндіктастың қарап тұру.
ЖЕТІСУДА СУ СУРЕТІ
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын тас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда — санда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз — қазақ суын сулап:
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, күт, береке» дейді «тұмақ!»
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін — Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сезден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым — жылас.
Қысылып қыспақтағы қыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақ сарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау,
Тау жуып, тасты қуған содыр суы,
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Ақылдайды арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Ақырап айқай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлеседі үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Сар бала, қарақазан болып қарық.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға қойындасады жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштан қалың құмға кетеді лағып.
ЖЕТІСУ ЖӘНДІГІ
Баяғы баяғының заманынан,
Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң,
Тағылар тарғылтасқа баурын төсеп,
Бар тышқан қоныс алған балағынан.
Жасанған театрдағы ойыншыдай,
Құздардың көрінеді аң алаңынан.
Қиынның жынысында бар деседі,
Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан.
Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ,
Шуылдайды шиебөрі үй артынан.
Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат,
Сол таудың іздейді аңшы ту сыртынан.
Таутеке, асқар, құлжа, қарақұйрық,
Көруге болады бәрін жайылымнан.
Маралды мал ішінен атпен қуып,
Әкеп жүр ауылына айдап Албан.
Тазқара, балтажұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын керем ұдай,
Жарғақ бас, жұртшы, саржақ су бүркіттер,
Құмайдың. қоғамында құдасындай.
Лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи,
Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.
Бидайық шында ғана болады деседі,
Бүркітпен барымталы ел ала жаздай.
Тығанақ, үкі, ақсары, құладыңдар
Сықылды толып жатыр мөжен — томпай.
Албандар атын атап түстейтұғын,
Мінеки Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық;
Шапшақай, майлық, маубасбұқа, шөже,
Тоқылдақ сан — сапалақ атаулысы
Айтарға сай — салада жүр лықсып,
Тас жарып, балақ біткен шынға шықсаң,
Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып.
Көркемі көбелектің сол сайларда,
Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып — сып,
Үстіңнен аю тасты сылдырлатса,
Самайдан ішкен қымыз шығар шып — шып.
ЖЕР ТҮГІ
Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз — ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сары ағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітеді шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,
Қымызын сарыкүйіктің, ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,
Сүттіген, ендік, мейіз, киізкиік,
Ақшалғын, көкмарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра қисық иық,
Балдырған, қорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып,
Жүлкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр.
Сауыны бие емшектің кеп түр иіп.
Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ,
Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып,
Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын — ақ.
Өріске біткен осы өңкей сүттің
Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір — ақ:
Қалақай қара тарғыл ол айтқаным,
Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап.
Өзге жан өмірі оған жоламайды.
Төңбекшіп түйе жесе қалар құлап.
Шалқиды шалғын көлдің қамысындай,
Атқұлақ Тасарықтың тарысындай.
Үш қырлы, сұлу сырлы айылқияқ,
Кіндігі қырғыз өрме қамшысындай.
Селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап,
Саржағал сәлемдеседі танысындай.
Жуалар шайқаңдаған ол бір кербез,
Шалма орап мұсылманның абызындай.
Құстаңдай самал соқса сыбырласады,
Әзілді әйел, ажын — абысындай.
Солармен судырласып ойнайды жел,
Дүрмектің қақпар тартқан шабысындай.
Неше елді аттандырған құтты қоныс,
Әлі тұр әсемдігі таусылмай.
Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,
Жерінің Жетісудың бәрі сондай!
1925 жыл.
ОҚИМЫН
(Жеткіншектің жырынан)
Бесікке бөлеп бөбегін,
Шөките қойып шүмегін,
Бауырсақ шайнап жегізген.
Жая десем жал беріп,
Секер десем бал беріп,
Аялап мама емізген
Аяулым Анам аман бол!
Рұқсат қыл оқимын,
Оқығанда кім болам?
Жанарыңа нұр болам.
Ашамайлап тай байлап,
Тай терлетсем «бай — байлап»,
Азырақ ағат іс қылсам
Әуліккен әкем айғайлап,
Қозыдан ұйықтап қалғанда
Ат бауырына алғанда,
Айырған анам «қой-қойлап».
Азапқа мені айдаушы ең,
Ұзақ, күн өзін дойбы ойнап,
Әзірге, әке, аман бол,
«Жол болсын» айт, оқимын
Оқығанда кім болам?
Шаруаң да мен болам.
Желегіменен желпіген,
Жеңешетай — ау, жылама.
Тұлымшағы селтиген
Қарындасым Нұрбала,
Бала да сендей бола ма?
Сағынба, сәулем, келемін,
Айналып сені сүйемін,
Аман бол деші ағаңа.
Женешең, қарғам, қарайды,
Шашынды жуып, тарайды.
Оқимын, кетем қалаға.
Оқығанда кім болам?
Мен сендерге тіл болам.
Ақ меруерттей көгендеп,
Ақбоз аттай жүгендеп
Ойнаған қоңыр қошақай,
Маңқиып қосыл, аман бол!
Шап айылдап шымшылған,
Шымшылған қыздай қымсынған,
Қысырын емген қызыл тай,
Текбішегің терлемес,
Әзірше аман жүре тұр,
Кісінемей кішкентай.
Ұқ сонымды, айттым сол!
Жібек жүнің желпілдеп,
Мөлдір көзің мөлтілдеп,
Қаз — қаз басқан баладай
Келуші едің селкілдеп.
Боздамашы, ботақан!
Ойыма алдым ұзақ жол
Ол бетімде оқимын.
Оқығанда кім болам?
Төрт түлікке төл болам.
Қарта бұйрат, қос қолат,
Құм сағызды құмым — ай!
Тауым, сүттей суың — ай!
Сылдырлай тұр әзірше,
Айналармын әлімше.
Заңы заңбар заманым
Беті — қол саған жуғызбас.
Қояны қойдай Ақөзек,
Қоғалы көлдей Көкөзек
Көбелек сенен қуғызбас.
Қой — серкеш қол хат оқытып.
Қоралы қойды қоқытып,
Желілеп жылқы жиғызбас.
Есім кірді, есейдім,
Ендей алман еліме,
Бекер жүрмін белімде.
Батбағында ойнап күміс қол,
Балшықтан түйе қойғызбас.
Қол — аяғым босанып
Дәуірледі дәуірім.
Белімді буып, бет алмай
Басылмайды ауырым.
Алып ұшады көңілім,
Өзгеленді өмірім.
Жұлып ұшады жүрегім,
Телегейленді тілегім.
Тұнығыңда ойнатып
Түбегім шыбық қиғызбас.
Аман бол, мекен, аттандым,
Аттанғанға шаттандым.
Қабағыма қарамай,
Қалайша қала сиғызбас.
Құтты қоныс, хош, есен,
Ұмтылдым өрге оқимын.
Оқығанда кім болам?
Күркіреп жанар күн болам.
Қараша ауылым шошайған!
Көшесің қашан сол сайдан?
Жалқаулық пенен кедейлік
Көшірер ме екен сол сайтан?!
Бекемге байлап белімді
Айналам оңға осы айдан.
Тарыққан әлем табына
Қолымды қоса шошайтам.
Осы бетпен, ниетпен
Ауылға әзір хош айтам.
Аман бол, ауыл, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Ауылыма ай, күн болам!
1925 жыл.
БӨБЕК БӨЛЕУ
(Ана жыры)
Бол — бол бөбек, бол бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым тор төсек.
Бөпешім, бесік — отауын,
Отауыңа кір, бөбек.
Бол — бол бөбек, бел бөбек.
Бүлдіршін шүмек бәйтерек,
Балалы үйрек, бас бармақ,
Күшіне бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлеңе қойсын қос білек.
Бол — бол бөпем, бол бөпем;
Бөлесем жөнге көн, көкем.
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық тесей сор, көкем.
Бол — бол бөпем, бол бөпем,
Бөлейін бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм, көкем,
Жуынып ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем.
Ақтан қара біл, көкем.
Бол — бол бөбек, бол бөбек,
Бөлекең қонған көк өзек.
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек.
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
Бол — бол бөбек, бол бөбек.
Боларсың, бөпем, көлкөмек:
Әлпештеген ата — анаң,
Бола қалса мүгедек.
Таңайын, ұйықта, таң атсын.
Түнде оянба, түн түнек.
Бол — бол бөбек, бол бөбек.
Бөріден бөстек ки, бөбек.
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бол — бол бөбек, бол бөбек,
Бөгелмей білім біл, бөбек.
Білмесең білім бекерсің,
Бет алдына кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек.
1926 жыл.
ЖАУЫН
Көк шатырлап, жел қарпып,
Жайлар түсті жайнақтап.
Қап — қара сұр мұнартып,
Бұлт аспанда ойнақтап.
Қырыққан ешкі бүгежектеп,
Күзеген түйе тайрақтап,
Боранды бұршақ шүмектеп,
Жер су болды тайғақтап.
Құздардан құйды күңіреніп,
Сай — саладан ылайтып,
Сұрғылтым бұлты түнеріп,
Моланы езді шұнайтып.
Жадыраған жазғы күн,
Қоштасты бізге «мұң» айтып.
Арық, әлсіз наз — мұңын,
Жылады, шырқап шын айтып.
Қараңғы перде қанаты
Аспанды шалып, жерді алды.
Меңіреу ұйқы қуаты
Ұйтты жеңіп, елді алды.
Қышқыл уайым, ащы сөз,
Бойдағы сіңген терді алды.
Болжаған түс болып кез,
Ел ұйқысын енді алды.
САУДЫҢ САНДЫРАҒЫ
Бедерсіз, бұлтсыз, бұйра көк
Көлеңкем бе, үйім бе.
Шырайы шымқай шам шапақ,
Шатырым ба, шиім бе.
Жастығым ба асқар, қымқап қыр,
Жатырмын ба үйімде.
Масатым майса, бәйшешек,
Төсегім бе, үйім бе.
Шымылдық — шалғын, жақпар тас,
Сандығым ба, жүгім бе,
Шатырға шанышқан шамшырақ,
Шалқыма, жұлдыз күлімде.
Шалқиды шам, жынды жел,
Жыбырлама, жүгірме. Жым!
Жапырақ мызғысын,
Салқын самал іңірде.
Жұм көзіңді, күміс көл,
Батсын балық түбіңе.
Айдында жүзген алтын қу,
Ай аяңда, сүрінбе.
Жалғыз — ақ саған ықтияр,
Қалғыған көлге сеп сәуле.
Алтын сырық суға сал,
Сәуле суда дірілде.
Көңілді жерді күргейле,
Ағаштан түсір көлеңке.
Аймалассын асықтар,
Ойнасын онда екі ерке.
Еңсеткен ерік еркеге,
Сусатқан су егінге.
Жұлқынған жүйрік жүректе,
Бұлқынған асау көңілде.
Сыбырлы сырлар сөзінде,
Шарпулы жалын лебінде.
Жұлдызы мөлдір кезінде
Құндызы қастың мөрінде
Ақ өндіршегі ақ қайың,
Алмалар төстің терінде.
Қоламта қойын, қос құшақ,
Сілекей — секер тіліңде
Бал, тістері меруерт,
Сылпылдап ләззат ерінде,
Шынайы шынар, шырмауық,
Шырмалсын білек белінде.
Сонымен солар сүйіссін,
Сарғайсын сартаң көгінде.
Танасын таулар тарбай тып,
Талтайсын таңның лебіне.
Сұшысқан құштар қоштассын
Тамағын таяп ерінге.
1925 жыл.
ӨТІНІШ
Шырмаяқ өмір шырмалып,
Басынды шатса шырмауық.
Қамығып көңіл қажыса,
Қайратсыз, қайғың құм жауып.
Әнеки сонда жүйрік жан,
Өлеңнен ғана сыр тауып.
Сырласар да мұңдасар.
Жыласар жырмен жылауық.
Жеңілтер үшін жан жүгін,
Жылағым келеді бір ауық.
Жылаған жырым — жан сырым,
Ұғылмаса — бұл қауіп.
Жылаған жырым — жан мұңым,
Құлағың қоя, құлап ұқ.
Өтінішім сол ғана:
Жаппа жала, шын сына,
Өз ойынды бұлдауық.
1925 жыл
КӨШ – ЖӨНЕКЕЙ
Жалындап шығыс жиек талауратып,
Күн шықты, жаздың таңы баяу атып.
Бозторғай көкке шықты күнді мақтап,
Көмекейі бүлкілдеп, қоңыраулатып.
Кезімді көкке тігіп шаңырақтан,
Жырға ұйып тыңдағанда ояу жатып;
Қозы алып, қой өргізіп келген шешем
«Тұр — тұрлап» мазамды алды манауратып.
Қынжылып тұрдым азар төсегімнен,
Күл қаптап бет — аузымды шешем үрген.
Желбегей шекпенімді иінге іліп,
Лашықтан шықтым, қарап күнге күлген.
Құлпырған, тоты құстай жасыл дала
Құжынап құрт — құмырсқа, шыбын өрген.
Мен — үйрек, шалғын — айдын, көгал гүлдей,
Жоталап келе атырмын әлгі түрмен.
Балбырап тамылжыған төңіректі
Шолыдым былшық көзбен қоңыр дөңнен.
Ойнақы — сұлу сағым мұнарланған,
Бәйшешек, шалғын, шайыр шұбарланған,
Күпіні күншуаққа жайып тастап,
Қойшы да бит қыруға құмарланған.
Қыңсылап адасқан ит, тай кісінеп,
Дауысқа құлақ салдым құрайлаған.
Жөңкіліп сағымменен көшкен бұлттай
Өзеннен бір қош шықты мұнарланған.
Тал, қамыс салаланып мәуе төгіп,
Жапырақ жалпайысып шыққан бөгіп;
Майысып ақ кербездей сұлу сөңкел,
Тәлімсіп келіншектей құрақ, шілік.
Көлде той. Көктен үйрек топ — топ түсіп,
Шағала табақшыдай қарқ — қарқ күліп;
Қырында қызғыш қақсап жер қорыса,
Көбелек өшіккендей өрілді өріп.
Осындай әсем маңай ортасынан
Қызыл ту, қызыл жайнақ, көшті бастап
Көшбасшы Қоңыр дөңге шықты желіп.
Кедейдің толастай ма сор қырсығы,
Қараша үй, біздің ауыл ығы — жығы.
От өшсе, от басынан көк көздесек,
Жұлдызды санататын үй жыртығы.
Өмірдің өзгерісі — көші — қоны
Қараңғы қай мөлшерде тұрғандығы.
Салт — сана, әдет — ғұрып томағалап,
Тозғындап қымтырылған ел қылығы.
Бозбала, ауыл қылжақ, алаңғасар,
Қараңғы ел, жұбатпас жас қылтыңы.
Әне, анау жер күңірентіп көш те келді,
Қанғандай көрініске көңіл қыбы.
Тарс көміп будақ түтін, төңкеріс боп,
Жайратты қасқырларды көш мылтығы.
Көш қандай? Аттанғандай жер түбінен,
Болжалдан таң қармалай көшкен білем.
Қып — қызыл қырғауылы сияқтанып,
Қырмызы құлпырады жапқан кілем.
Сапталған сая еді бозбаласы,
Жас өрім жауға қорған жастар кілең,
Жапырлап жасағымен жас келеді,
Сәйгүлік мінгені де құнан, дөнен.
Төгілтіп бүлдіргелі жез қамшысын,
Ыңырсып, күн ұялтып, айтады өлең.
Қоңыр қаз көш үстінен қиқу салса,
Қыз мінген кісінейді арда күрең.
У да, шу! Деген осы «ел көшкендей»,
Ел түгіл осы көшпен жер көшкендей.
Көлденең шөгіп жатқан көш жолында
Алатау аспанымен тілдескендей.
Жымыңдап ерулікпен көктен күтіп,
Көркіне көшкен елдің күн де өскендей.
Көшбасшы төңіректі көзбен шолып,
Тұнжырап тұрса біраз сірескендей.
Тосырқап көшбасшының түсі — түгін,
Қаңқиып қатып қалдым тіл кескендей.
Ауылға жөңкілген көш ойқасқан соң,
Көшбасшы болды ауылға тілдескендей:
«Ей, байғұс, езілген ел, сорлы кедей!
Елдіктен кетіпсің ғой «өлдім» демей.
Дәуірдің қопарылып көшуінде
Жабығып жатқаның не түк үндемей?
Қалыпсың бұйығы боп қорғалақтап,
Алданып бір күркеге шөмеледей.
Көшінін көрінгеннің жолындасың
Алмай ма әркім ұрып бөденедей.
Бұл дала. Құрттайсың ғой, маса, шыбын;
Қойынды күнде қылар қасқыр шығын.
Шыққандай өрттен, жұттан ауылын түрі,
Үйіңнің өрт шалғандай туырлығын.
Бұл қоныс елдің шеті, жаудың беті,
Түбіңе жетпес пе екен осы құрым.
Қанаттас өзіңменен ел болмаса,
Нашарлап жойылмай ма тұқым — түбін.
Жылтырап сөнген оттай құрып кетсең,
Бұл елдің қайдан таптық жұртшылығын.
Таласты көш тырмысып ала асқарға,
Болжал жер социалдық таудың төсі.
Әне анау, күн астында жалтылдайды
Өрлеген көштің күміс үзенгісі.
«Кетелік осы көшпен — ауылыңды ала,
Бол қамдан, көлік ұста! — деді басшы.
«Ақсақал, олай болса көштік», — дестік,
Көл қойысып көлік ұстап, үйді шештік.
Мінеки жылдан — жылға көшіп өстік,
Еркіндік, тендік, енбекші үстемдігі
Сияқты көштен көлік, олжа үлестік.
Кемеңгер көшбасшының көмегімен
Ілесіп ұлы шаңға біз де көштік.
1925 жыл.
ТАС ШЕШЕЙ
Жын қаққандай долданып,
Су жұлқына соғады.
Салдыр — гүлдір күркіреп,
Судан боран борады.
Қалбақтап қалақ бұлқынса,
Бұрқақтайды бораны.
Тас сырылдап айналып,
Бірін — бірі жонады.
Тас ұршықтың тесігі
Мамадан бидай сорады.
Суыра сорған бидайын
Шайнап, жұтып, обады.
Майда, малта мамық ұн
Тас толғақтан туады.
Сырғыта айдап ақ, ұнды
Кең шанаққа құяды.
Сабақта ине, дайындал,
Қарағым, қабын толады.
Бұрқылдақ ұн борасын
Бет — ауызға қонады.
Кірген кісі боз кемпір
Болады да қояды.
Бауырсақ, тоқаш, майшелпек
Әнеки әжең соғады.
Құймақ же ген кәрі атаң,
Кекіріп, қылды тобаны.
Күйік күлше — күлдемеш
Қойынға қойшы орады.
Жеген адам жетісті,
Нан екен бар болғаны.
Бітеуіңді уатқан,
Балаларды жұбатқан,
Кемпір — шалды қуантқан,
Тіршілік екен тиірмен,
Айырмай астық салалы…
Ағызып ағын төсінен,
Шайнап беріп өсірген,
Асыраған анаң кім?
Тас шешей сол болады.
1925 жыл
ЗАМАН
Зар, зар, зар, зар заман,
Зарлатып өткен о заман.
О заман кетсін өзімен,
Күлдірген бізді бұ заман.
Заманымда зырлаймын,
Жыламаймын, жырлаймын.
Ұмтылып өрге басып оң,
Аулым, елім көшкен соң,
Күлмес пе, көңіл өспес пе,
Ауылың болса көші — қон.
Көш жөнекей күлемін,
Күлетін күнің, күл, елім!
Көңілім көл, қабағым,
Айындай ашық талабым.
Талпынса көкке үмітім,
Ұмтылады өрге жаңа ағын.
Ағыннан айқай туады
Көпіре,.көңіл жуады.
Арынды, арналы, өзекті ой,
Тербетер тіл, сыр барда.
Оны сақтау қиын ғой,
Бұл заманда, бұл таңда:
Тетігі терең, тілі орам,
Төгілмеген ой арам.
Жаңадан жаңбыр жаудырар,
Жай отындай жүйрік жан.
Қозғалар, тасыр, быж қайнар,
Қорғасындай ауыр қан.
Сорғалар жауын жеріне,
Толғанар жан еліне.
Жарасам, жұртым, кірпішпін,
Сен үйіне қалаған.
Керегеңе келіссем,
Сағанағың бола алам.
Салдырар көшсе сағанақ,
Жаңғырар жас жұрт жаңалап.
1926 жыл.
МАЙДАН
(Үзінді)
Алдымда айқын айнам бар,
Алдымда жойқын майдан бар
Ағарту елді — майданым!
Майданда қан ішпеймін,
Майданда іс істеймін,
Майданда майда майдамын!
Аң беруге ауылға,
Аң беруге бауырға,
Шаң беруге жауыңа
Оқы, қалқам, қарулан,
Жасан, жасым, жайнағым!
Жеңген жауға жетуге,
Жермен — жексен етуге
Жеделде, жүйрік, жете бас;
Желпілде, қызыл байрағым!..
Қараңғылық дұшпаным,
Долданбай дұшпан серпілмес;
Надандық кектес түс жауым.
Асқарды асар бетім бар,
Бетіме келер кедергі
Берекесіз, пейілі тар.
Өнерсіздік қыспағым,
Қыса алмас, қыспақ, қысылар.
Көлденең күлі көкке ұшар,
Өшіккен оған ұстамын.
Өңшең ұста ұшқырлар,
Өңшең қыран ұшырар,
Мектебім ұям, ұшқаным.
Күн күлдірді көкке ұшам,
Көлден қуып құс құшам
Құсым оқу құштарым.
Құс емеспін қолға алған,
Қыдырса қалың жауыңа
Қалың қолмын қозғалған.
Қаламым қолда қылышым,
Қырқам қырсық қыртысын,
Қырды қызықтандырам.
Табымның тартам тартысын,
Жарлының жыртам жыртысын,
Мешеудің мейірін қандырам.
Шабуыл шабам, шаң қылам
Қараңғылық кайтқанша,
Қараңғы мынау ауылдан
Андамауды ар қылам!
Керлік көзін ашқанша.
Қараңғы қалын бауырдан,
Көңілімді кепкен жұмсатам,
Қолымдағыны ұқсатам,
Жоқтан жонам, бар қылам!
Өрісімді өсірем,
Өремді үзем, көсілем,
Ауылдың алдын мал қылам,
Мал аяма майданнан.
Майданнан қалған малың — мал;
Жаудан қалған жаның — жан,
Шында, шығар шығынды;
Елеме, елім, елеме!
Жақ жарлап, жырым жырғалсын,
Өршеленсін өлеңім,
Күнбатыста көмегім,
Тартуға түссін таңғы ұран!
Өрістенсін өнерім,
Күншығыста өз елім,
Барқадар тапсын бауырдан!
Кемтікті кедей кенелсін,
Еліміз елге теңелсін;
Тегістікте теңеліп,
Шалқысыншы шаруам!
Майдан деген немене?
Майдан оқу майданы,
Ұмтылғаным өнерге.
Жауыққан жауым надандық
Өнерсіздік — өштесім,
Қараңғылық — қастасым;
Жігерім жегем жеңерге.
Оқу майдан болады,
Жұмбақ жолдар жоғалды,
Саулап, гулеп келеміз,
Жел біздерше желе ме?
Аянбас, азу басулы,
Біз ашынған ашулы,
Ол ойыңа келе ме?
Мектебім мерей, мекенім
Мекенім емес дүкенім;
Дүкенім құрған шеберім,
Шеберле, шеге шегеле!
Қарулан қала, қалың жұрт,
Қараңғылық қаусасын!
Қарапайым қалғанда,
Есінде шығар, елім — ау,
Қарасақ біреу бере ме
Есінде шығар, елім — ау,
Өлтіре шөккен үкімің,
Өксіген өгей ұл едің,
Құлақсыз құлдыр құл едің
Кешегі бір күндерде,
Күндер емес түндерде,
Түнекте түрткен, түйреген,
Түннен күнге сүйреген
Төңкеріс емей, немене?
Желпе соқты жерді жел,
Серпе соқты сенді сел,
Шайқалмаған шара жоқ,
Теңселмеген тегене!
Кеңескен келе аза ма,
Кең пішкен киім тоза ма,
Кен кенезе кебе ме?
Елеңдеп елім бұл баққа,
Екі езуі құлақта:
Мәз — мейрам, майдан, шабуыл,
Өнерге, елім өнерге!
Жел желпінді, жел желіп,
Тұманды түрді, бұлт сөгіп,
Қырға қызыл нұр төгіп,
Күлмең қақты күн ене.
Енді біздей еркін кім!
Елді оятқан еркін күн!
Ендігі сенің міндетің:
Себеле, нұрды себеле!
1926 жыл.
АУЫЛДЫҢ АЛДЫ
Ауылдың алды айдын көл.
Айдын көлде шағала.
Айдын көлді жағала.
Айнала қонған қалың ел.
Ауылдың алдын абайла,
Ауылдың алды ұлы кеш,
Алдында өткел, оны кеш.
Аянда, ауыл, аяңда!
Ауылдың алды айқын жол.
Аңқылдар ауыл, аңырмас.
Аңыртпай бастар бауырлас
Қозғалармыз қалың қол.
Ауылдың алды асқар тау,
Асқар таудан асармыз.
Асып жайлы жасармыз;
Ел ер жетіп есен — сау.
1926 жыл.
ЖҮДЕУ ЖҮРЕК
Былапыт, Ылат,
Былжыр күз.
Түнжыр қабақ,
Қылжыр көз.
Қыр қызықсыз
Тау түрсіз.
Су сұрықсыз,
Сүйкімсіз.
Жылауық көз
Сылбыр күз.
Көріксіз,
Әрсіз,
Ажарсыз.
Сілбірең
Тұман,
Көңілсіз.
Жауын
Айсыз,
Жұлдызсыз,
Түн,
Түнек
Түтін…
Үй жалғыз.
Отын дым,
От бықсиды.
Үрлейді қатын,
Сықсиды.
Қайнамай қазан,
Мықшиды,
Түксиді,
Мұқаш
Бүкшиді.
Ірге күңгірт
Көлеңке.
Бұрылды солай
Шүй желке.
Көрдей күңгірт
Үңгірде
Жатыр төсек,
Кір көрпе.
Кеше ғана үйге енген
Кеткен тоқал сүйгенмен.
Жүрегі сыздап,
Бой мүздап,
Үһ! — деді
Іші күйгеннен.
1926 жыл.
КҮН ШЫҚҚАНДА
Шырт ұйқыда жатқанда
Шырылдайды торғайым.
Ұйқыны ашты, оятты.
Құлан иек, құлқын сәр,
Құрылып торғын шымылдық,
Шырға тартты, таң атты.
Желі желпіп желегін,
Жердегі бәйшешегін
Күлдіре, сұлу күн шықты.
Шыру, шыру, шіркін! — деп,
Көмекейі бүлкілдеп,
Торғайдан «тұрлап» жыр шықты.
Жайшы көрпе, жастықты,
Таста тастай тасбықты,
Апа — ау, әне күн шықты.
Шеш қазықтан сиырды,
Аналар жібін иірді,
Алсаңшы, апа, ұршықты.
Оят, кигіз шекпенін,
Қолына алсын кетпенін,
Барсын әкем егінге.
Қызылдан қымыз сабасын,
Жыртығыш үйдің жамасын,
Айт, апатай, келінге.
Орамалын оймыштап,
Оған оқа қойғыштап,
Тәтеме айт, тіксін кестесін.
Шүлен шал мал береді,
Қырығы қыздан дәмелі,
Өз қызығын ескерсін.
Текеметін тұйықтап,
Жатыр ма ағай әлі ұйықтап,
Барсын, малын көздесін.
Барсын, барсын малына,
Шаруа! Жалғыз шаруа!..
Қойдық сөздің өзгесін.
Жастық па, әлде мастық па?
Жатыр басы жастықта.
Інішек мұрны шуылдап.
Күн әлемді оятқан,
Күн күлкісін жел айтқан,
Тұр торғайың шырылдап.
Мал масайрап өрісте,
Құрт-құмырсқа бәрі істе,
Түр, көкешім, күн шықты.
Малда ағаң, әкең егінде,
Тәтең кергіш керуде,
Иірді апаң ұршықты.
Қалыпсың, ұйықтап, қарағым,
Қалады — ау сенің сабағың,
Жуын, жүгір мектепке.
Ашасың, көзді сабақтан,
Аласың, білім кітаптан,
Боласың адам мектепте.
1926 жыл.
ЗАВОДТА
(Мәскеудегі «Орақ — балта» деген шойын,
темір қорытатын заводта)
Қабат — қабат салынған,
Бөлек — бөлек болат үй,
Электр шамы жағылған,
«Тұр, жұмысшы, киім ки!»
Деп, гудогі гүрілдейді.
Ұршықтар ойнап, билеп би,
Дөңгелектер дүрілдейді.
Машинада қоңыр күй…
Арыстандай толғанып,
Жалын көкке бойлайды;
Жолбарыстай жынданып,
Темір тербеп толғайды.
Толғатқандай отты пеш,
Салады бебеу ойбайды.
Қолы — басы күйелеш,
Онымен жұмысшы ойнайды.
Қап — қара тұтқыш қаһарман,
Күйелі қара құмандай,
Булыға буға қақалған,
Тұнжырайды түтін тұмандай.
Қызыл темір қылмаңдап,
Ырғиды оқжыландай.
Жұмысшының жылдамдап,
Қышқашы қысады қырандай.
Шұрқ — шұрқ еткен шойын шоқ,
Қазанда қайнап бітеді.
Бөренедей темір от,
Тербеліп тесікті өтеді.
Сол бөрене ұзарып,
Жіптей ұзап кетеді.
Машина шеге шығарып,
Зырылдап зырқ — зырқ етеді.
Осыны көрген қазақтың,
Ойын мына ой орады:
«Бәріне де жан — жақтың
Осындай оттар толады.
Тегістік деген ұлы үйге
Осылар шеге соғады.
Күндердің сондай күнінде
Біздің де ел сондай болады».
1926 жыл.
ОКТЯБРЬ EЛECI
(Октябрьдің тоғыз жылдығына)
Қызбалықты, қызықты,
Қызылды — жасыл кең дала.
Бұл күн қай күн, неткен жұрт
Қиқу салады қыр мен ой?
Қызыл туын қолға алған,
Қолына орақ, балға алған,
Жұмысшы, қара шаруаның
Октябрь — ұлы той.
Тоғызында толғанған,
Әлемге айқын жол салған,
Ұлы күні ұлыстың
Бүгін ғой, жұртым, бүгін ғой.
Қилы да қилы заманнан,
Қиуа, қиын шамадан,
Елестен өрген өзгеріс,
Октябрь біздің қолтума.
Желі тұрып оңынан,
Желбіреп туы қолынан,
Тарыққан табы әлемнің
Сол октябрь соңынан
Айналды міне жортуға.
Айналды демей не дейін,
Оны ашалап берейін,
Өрге үңіле қарашы
Анау алыс шығысқа.
Қытай деген қалың ел
Қиналады, қынжылады,
Қалың халық қан жылайды;
Жұртшылығын жұмырлап,
Белсенді бекем ұрысқа.
Ұрысқаны өз жауы
Отаршы обыр, усойкы.
Жандаралын айтақтап,
Олармен ойнайды мысықша.
Ойын демес ондағы,
Кантондағы қалың ел
Кешіп отыр қанды көл,
Ұлы күнгі ұлыста.
Тілейтіні жалғыз сол:
«Азаттық!» Бізге созады қол.
Тұқия төмен қарашы!
Мынау баран батыста
Тұңғиық, топ тұншығады.
Тау ақтарып, тас жарған
Төменгі түпкі түбекте,
Жабысқан тесе, күрекке
Онда да ұлы шу шығады.
Қарын байдың қалтасы,
Карта ішінде балтасы,
Қан шашуға таяу тұр,
Бірақ қызыл ту тұрады.
Туға төне түнеріп,
Топырлаған қалың көп
Қолын бері созады,
«Жәрдем!» «Жәрдем!» су сұрайды.
Бұлар ненің нысаны?
Батыста да, шығыста
Не қозғалыс, неткен шу?
Төңіректе, түбекте
Дүрілдейді қызыл ту.
Төңірек тобы тұтасып,
Отаршыға обырға
Құлдар пышақ салысады;
Терлеген ерлер тепсініп,
Табандап тапты тартуға
Түзеді бетін, шабысады.
Бірақ оның дұшпаны,
Босамай әлі құйысқаны
Қарын байлар қағысады.
Бұлар ненің қаразы?
Төңіректе, түбекте,
Төңкеріс пе, түтін бе?
Әйтеуір байлар наразы.
Әлеуметі әлемнің,
Әлде теңдік, әділдік,
Әлде сұрайды таразы?
Төңіректе, түбекте
Түйдек — түйдек топ көрем:
Тап тартысы тамырлы,
Тау аса туған тайпақ ай,
Әйтеуір айқын ажары!..
Октябрьдің өкімі
Алып мықты — палуан,
Үстем бізде мерейі!
Бізде ағынның көмейі,
Тұтасуға күн жақын
Жалпы жиһан кедейі.
Шартарапта, жан — жақта
Оянды үрей, тұрды үрей.
Қырылып қытай қынжылады,
Қыл бұғауда шыңғырады;
Отар елдер — обырды
Қылуға дайын зым — зият.
Күнбатыста көмірші
Күңіреніп ол жатыр;
Түйдектеліп төңкеріс,
Күннен — күнге ширығады,
Қорқып қорғау сырылады.
Бұлар ненің белгісі?
Келеңке ме, сағым ба?
Зырлайды елес зымырап.
Елесі елді оятып,
Қызылға туын боятып,
Болжалды таң атты деп
Дүниені елес қыдырады.
1926 жыл.
ҰЙҚЫМА
Бадалғыр, батқыр тас ұйқым
Теңіздің терең түбіне.
Көзді кер, жанды жарымдап
Тұншықтырдың түнімде.
Енді тағы иектеп,
Еліткің келеді күнімде.
Қараңғы ұйқы, қас ұйқы,
Қабағым ашық, қалғытпа.
Қараңғы үйлі, қанқұйлы,
Заманың жоқ, албытпа.
Ауылымнан аулақ, жолама,
Басымды енді қаңғыртпа.
Қай ұйқым, қалың тұмансың,
Қалайша желім қумасын.
Жайдары жаным жарқылдап,
Қан қайнап, қайрат қузалсын.
Мен ояуда — ел ояу,
Қозғалсын жұрт, қуансын.
1926 жыл.
ҚОСАЯҚ
Һей! Қосаяқ!
Шара бас.
Жарғақ құлақ
Жалаңаш.
Атаң аты айуан!
Шөп жеместен
Жедің нан.
Нан жеместен
Іштің қан.
Жейсің қашан
Қансыз нан.
Қашан, қашан
Қашаннан,
Ісі айуан
Түсі адам.
Өз денесін улаған,
Өзін сорған сұр жылан.
Жалмауызсың,
Жауызсың.
Сен тозған,
Сен алжыған
Капиталшыл қу қоғам!
Анау айуан
Арық, аш.
Ол қандай жан,
Өзі кім?
Тас қашаған
Жер қазған
Ол өз балаң
Қу қақпас.
Тірісінде көзінің
Әкесіне көр қазған.
Ол жұмысшы жаншылған.
Һей, қосаяқ!
Адамзат.
Анау ұран
Туға, тарт!
Ту
СССР шаншылған
Ұр!
Әкеңді желкелеп.
Кем!
Әкеңді ертерек!
Жеймін десең қансыз нан!
1926 жыл.
ҰМЫТСЫН, КӨҢІЛІМ ҰМЫТСЫН!
Болар де елең дап — дайын,
Тыңдамай — ақ бұлбұлды.
Білмей — ақ сұлу мән — жайын
Жазар едім бір жырды.
Өсіп, өмір сүргенім,
Өз көргенім өзіме;
Өз өткізген күндерім,
Көрінеді көзіме.
Өткізген күн, өткен күн,
Көз алдымда бұлаңдап,
Неткен жақын,
Неткен сұм,
Алдай ма, тым жылмаңдап?
Ынтам өлең көксесе,
Көңіл сөзге қозғалса,
Бойдың күйін ой жексе,
Қаламды қуат қолға алса:
Мені жаз деп топырлап,
Бермес маза шіркіндер.
Алдайтын да байлайтын,
Болар көбі сол күндер.
Суыққа тоңып, сүмірейіп,
Баққан жаста қойларым.
Қойдай өзім меңірейіп
Ойлаған тәтті ойларым.
Бақайшығым майысып,
Шаршап кешке қайтқаным.
Қатықсыз қара көжемен,
Жабуда жаурап жатқаным.
Қара қиды маздатып,
Ертемен от жаққаным.
Қазан тола мұз қатып,
Көже жылытып жатқаным.
Сирағына от құлап,
Ләпиені күйдіріп,
Бажыл қағып ол жылап,
Жеген күнім жұдырық.
Майтабанды кә — кәлап,
Қоймен өріп кеткенім.
Көзім — күзгі шұқанақ,
Жүрегім — жұлма шекпенім.
Осылар мені жаз дейді,
Енді қалам алғанда.
Өзгеге жол бермейді,
Қайтып қалар жалғанда?
Өткен өмірім сол күндер,
Арылдым ғой, аулақ кет!
Десем дағы шіркіндер,
Қалмады бір иектеп.
Миды жастай меншіктеп
Қалған қалай тез шықсын?
Мінген жастай ершіктеп,
Күнді көңілім ұмытсын!
1925 жыл.
КІМ ҮШІН?
Жым- жырт, жан- жақ тып- тыныш,
Кәрі тау — кәрі қалыбы.
Су дамылсыз былш — былш,
Баяғы жұлдыз жарығы.
Жер тесер өңшең жеркене
Көр үңгір, кемір аласың.
Өзіңе ме, өзгеге?
Керді кімге қазасың?
Тақылжырдан тамған тер
Еңбегің бе, қаның ба?
Бұл жыр 1926 жылғы майдағы
Англия көмір кеншілерінің көтерілісі басылған кезде жазылған еді.
Еңбегің, терің тама ма
Қарынбайдың қарнына?
Қыбырлаған құрттар — ау,
Құрттатыпсың жер астын.
Қимылдаған жұрттар — ау
Кімдер үшін кен аштың?
Алыстан біздің созған қол
Айқасар, алға шығарып.
Құлданған сені қожаға
Салармыз әлі — ақ бұғалық.
Көрерсің, күшті күн ауыр,
Шығыңдар талай қазалы ер.
Күрескен жауды көмерміз,
Қаза бер көрді, қаза бер!
КҮНГЕЙ
Асқар тау маужыраған албыт алып,
Тұманда тұмшаланып шалғырттанып.
Ананың көкке сауған емшегіндей
Тұс — тұстан орғып бұлақ, ойнақ салып.
Кәрі асқар мәңгі меңіреу, ежелгі құз
Томсарып жатыр әлі жамылып мұз.
Жел қуып, қара тұман қақ жарылып,
Асқарға шыға келді күліп бір қыз.
Отты кез ойнақтаған, алма албыр бет,
Шыққанда қалып едік күн екен деп.
Жоқ, күн емес, халықтың жаңылғаны,
Бүл сұлу күннің күні күнгей еді.
1926 жыл.
ҚАЗАҚ ҚАЗЫНАСЫ
Қазақта қазына мол қазылмаған,
Қағазға қасиеті жазылмаған.
Қарусыз қазынасын қазған бар ма?
Құр қолмен, құр даурықпен бажылдаған.
Сан сыр бар айналада айтылмаған,
Сарыннан аулақ жатыр тасырлаған.
Кілті жоқ сыр сақталған сандық жатыр,
Дей түсіп: «Малым да аман, басым да аман».
Төмен түр әлі көзге шалынбаған,
Сан сурет әлі соны салынбаған.
Сәулесі самаладай айна керек,
Жұрт құмар, жүйрік жаны жалындаған.
Миллион үн әлі естілмей жатыр жырақ,
Иесі есітерлік күйін бірақ,
Ол үннің есітетін иесі сол,
Елегі елдікінен ерек құлақ.
Інжу көп әлі жіпке тізілмеген,
Көрместен кім тереді кежгігенмен.
Бұқа ма інжу көрер, маржан көрер,
Күл шашып көрінгенге күжілдеген.
Сөз керек солырқатып сөйлейтұғын,
Көз керек көр қыңырға «ой» дейтұғын,
Кекеспей кен кеулеуге кел, жолдастар!
Көп түртпей «кедейлермен» қой — қой түбін.
Қоялық қон соқпай бөренемен,
Бұлбұлсыз жұрт жұбанбас бөденемен.
Бытқытпай бытпылдықты доғаралық,
Жұрт кетер түк өнбес деп бұ немеден.
1926 жыл.
ҰРШЫҚ
(Жеңгем жыры)
Сыртылдама он саусақ,
Майдалап,мапа түтілші.
Шыртылдама шынашақ,
Шыр айналшы, шүйке ілші.
Оймышты ұшқат, ырғай сап,
Ұршығым, сені қолға алам.
Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ,
Жез бұйдалы — желмаям.
Желмаям желші нар тайлақ,
Тартына берме тайтаңдап.
Тартына берсең тайтаңдап,
Тақымдап қоям қайта айдап.
Қыла ма жалқау жарлылық,
Қылмаса ділгер жүн азы.
Екілен, зырла енді, ұршық,
Иірейін биязы,
1927 жыл.
ҰШТАСҚАН ҮШ ТІЛЕК
(Октябрьдің он жылдық мерекесіне)
Еркі желдің еркінде,
Ел емес едім, ебелек.
Өткен күнде белгі жоқ,
Айтып — айтпай не керек.
Ебелек болсаң күн қайда
Еркіңше көктеп, гүлдемек?
Арынды дауыл асқақтап,
Көтерілмек, гулемек.
Қарысар қайрат қайда бар,
Ебелек бірге шүу демек.
Көшерді жел, қонарды
Сай білді, жүрдім дөңгелеп.
Ебелек емес, ел едім
Көркөз, көзсіз көбелек.
Қуғынның қуып тыққаны
Жырасы қысаң бір өзек.
Жырасы — жылан ұясы,
Арбады, шақты тістелеп.
Тілімді тісім тістеді,
Қолымды қолым шегелеп.
Уыты алды, уландым,
Жығылдым, жаттым әлсіреп,
Жаралы, жалғыз жар асты,
Жатты өлімші көкірек.
Қанды сорып, жанды жеп
Жатты жылан… түн түнек.
Аспанмен астас Алатау,
Асусыз асқар кезеңін
Асқақтап асқан жалғыз жел
Өткелсіз өткен өзенін.
Бұрқыратып бұлт айдап,
Тербеткен теуіп терегін.
Тағысын тайдай тулатып,
Таптырмаған дерегін.
Қиядан, қыран қырқысып,
Ұяда болған тез өлім.
Бұрқ — сарқ еткен бораны,
Тербеген теңіз тереңін.
Жауынды жасыл жалтылдап,
Өкірткен дауыл өлеңін.
Ақ бура толқын арсылдап,
Айнала соққан кемерін.
Қара қайық қан сасып,
Сүңгіткен суға өз елін.
Жылтылдап оты, желкені
Желкілдеп, қызыл кеменің,
Басында даңғыл капитан,
Төңкеріс туы — Ленин.
Жалшыны жағаға aп шығып,
Жарлыған жұртқа керегін.
Жұмысшы жауын бөріктірген
Мұжықтан тауып көмегін.
Жарлы елді де оятқан:
− Октябрь!
− Кеңес!
− Төңкеріс!
− Ленин!
− Ленин!
Деген үн.
Есалаң жатып ең — аулақ,
Есіттім жылан түсті деп;
Еңбегі егеу көп бауыр
Кісенді қырқа кесті деп;
Бұғаудан қолды босатып,
Шынжырлы торды шешті деп;
«Езілгендер енді еркін!
Есейтіп, есіп, ес білмек»,
Дегендей дауыс құлаққа
Еміс те, еміс естіледі.
Көзімді аштым нұр толған
Қырмызы жылау көк тіреп…
Ескіге соқты есілте,
Есімді жидым «үуһ!» деп.
Балғалы бауыр баста тұр,
Күйелі дене, күс білек.
Орақты бауыр қаста тұр
Маңқиған мұжық түстірек.
«Әйдә, бірге жүр!» — деді,
Ұмтылдым, тұрдым үш тіреп.
Ұстадым қолын бұлардың,
Айқасып қалды үш білек.
Таяғым таптым, таяндым,
Өзімді сездім күштірек.
Үшеуміз бірге аттандық
Ұштасқан соң үш тілек.
1927 жыл
АТТАНҒАН АЗАМАТ
Бозарып атты жазғы таң,
Қозғалып өрді жанды жан,
Қызарып шықты отты күн.
Баласы жамап тұрманын,
Анасы жамап тозғанын,
Қараша үйде жоқ тыным.
Ана:
− Жамадым, балам, жамадым,
Тозыпты, түйме қададым.
Шаршадым… біз не етелік,
Қалғанда кімге сүйендік?
Бәрібір күйдік, үйде өлдік.
Қаусадық, біз де кетелік.
Бала:
− Жамасаң кием, бер бері,
Жағасын жөнде, кел бері.
Аттанайын, асығам.
Білемін, анам, қош айтпа,
Босатпа мені, босатпа.
Босармын көзің жасынан…
А на:
− Жайыңа жүрмей, «солдатқа»
Азғырған кім бармаққа?
Жазды ма әлде ауылнай?
Ұшарсың оққа, өлерсің,
Ауырарсың, шөлдерсің,
Аузыңа сусын табылмай.
Бала:
− Ел тілегі — деді, — аттан!
Ешкім жоқ мені айдатқан,
Жазылдым тілеп әскерге.
Жай жүргенде не етерміз?
Жақында, бәлкім, кетерміз.
Ташкентке я Мәскеуге.
Орынсыз уайым, сақтығын,
Бақтымын, анам, бақтымын.
Заманда тудым тасыған.
Қызыл әскер — мектебім
Мектебіме кеткенім
Әрі оқимын, ашылам.
Еңбекшінің қанына,
Еңбегіне, нанына
Жалаңдаған жаулар бар.
Жан — жағымыз толып тұр,
Жау қылышын соғып тұр,
Біз болмасақ кім қорғар?
Ана:
− Анаң жермен — жексен боп,
Жеткіншегің жеткен жоқ,
Бұлар кімге таянар?
Өзіңмен түтін түтеткен
Лашығын мынау құс түткен,
Кім жамар, кім жаңалар?
Бала:
− Қой деп ем, апа — ай, осыңды
Қоймадың… ащы түсіңді.
Мінеки мені босаттың.
Енді жинал ержүрек,
Енді қош, ана көкірек.
Жоқ, босаман!
Қош айттым!
Ана:
− Қош айттым… мен де қош айттым…
Қош айттың да шошайттың.
Жолын болсын… шыбығым…
Олжаңменен жауыңнан
Жүректі жарып қайт жылдам,
Қараша үйде сырығым.
Сүйенгенім… тірегім…
Тіршілігім… білегім…
Қарайғаным… қарағым…
Көздей — көздей, келер деп
Екі көзім болар төрт,
Қуатым — сызған қағазың.
Бала:
Туған соң анам, жазар күн,
Жазармын сәлем жазармын.
Көп ойлама жүдерсің.
Теңге болса тиерлік,
Жіберемін, киерлік
Шоқпытыңнан түлерсің.
Өзің өрмек тоқырсың,
Күлсімің сабақ оқысын.
Тұрсының жарар әжетке.
Күйіңді көрер басшы бар.
Қол ұшын берер «қосшы» бар.
Қош! Тапсырдым советке!
Күлсімнің бетін бір сүйді,
Тұрсынға ерні бір тиді.
Аттанды да қыр асты.
Қарасты… көздер жыласты.
«Қайтар қашан… Жазар хат…»
1927 жыл.
БАЛАСЫНАН АНАСЫНА ХАТ
Қорғаным, анам, қамқорым,
Қолыңа тисе осы хат.
Құлының жазды қолынан,
Қуан да хатқа қыл қуат.
Хатты оқыт, сергіт көңіліңді,
Қарғашың аман қазадан.
Көйлегім көк, қарным тоқ,
Мінеки хатты жаза алам.
Есімде, анам, есімде,
Есімнен сөзің қала ма?
Жолаушыменен жөнелтіп,
«Оқысын» деген қалаға.
Сонан бері міне үш жаз,
Бетімнен сүйіп қалғанға.
Өзім жазбай, жаздырып,
Ұялдым хат салғанға.
Түйеміз желе түн қата,
Қалаға жеттік сол күні.
Жатсынбай жайымды айтып ем,
Алды оқудың бөлімі.
Жиылған мұнда жан- жақтан,
Гүл шешектей көп бала.
Оқимыз да ойнаймыз,
Жуынамыз моншада.
Оқыдым оқу құралын.
Айырдым есеп анығын.
Таңбасын танып, хат сызып,
Қағаздан қара таныдым.
Пионер болып жазылдым,
Мойнымда қызыл мойынтақ.
Бізде жиын, жиналыс,
Жақында ойын қойылмақ.
Қатарлап қаздай тізіліп,
«Дайын бол!» — дейді үйретіп.
«Дайынбыз!» — дейміз дауыспен,
Дәу үйдің залын күңірентіп.
Ленин деген басшымыз
Бастапты да өтіпті.
«Жалшы, жетім жетілсін»,
Дегенді айтып кетіпті.
Патшаны, байды құлатып,
Кеңесті жасап қайтыпты.
«Кеңеске кедей оқыт», — деп,
Көбірек осыны айтыпты.
Төңкеріс — Ленин сол екен,
Жеткізген бізді бұл күйге.
Әйтпесе бұл күй болмағы
Екіталай сұм дүние.
Қанатың Ленин жолында,
Қарғанды десең қайда жүр.
Апатай, басшымды ұмытпа,
Апатай, Ленинді айта жүр.
Қош, анам, сүйдім қолыңнан,
Қуансын деп жаздым хат.
Қуансаң қуан, анашым,
Болатын болдым қолғанат.
1927 жыл.
РЕСЕЙ ЖЕРІ
Көрпе қара топырақ,
Ресейге жер біткен,
Майда мақпал — торқадай,
Тоғайы тұтас томсарып,
Қыздың қолаң шашындай,
Өңкей өрім қарағай.
Үйеңкі, шетен, барша тал,
Мүсін сұлу ақ қайың,
Бұрала біткен қалқадай
Балауса қоңыр желімен.
Бөксерілген бұлты
Кілегей күрең тортадай.
Сілбірең күзгі жауыны
Жердің көнін жібітіп,
Сорғалайды екен сорпадай.
Сұлу қоңыр даласы,
Мұжықтың, қалын қаласы
Үйшіден түскен жоңқадай.
Ұлтарақтай бос жер жоқ,
Үлпілдейді ұлпадай.
Қыруар қырман, сары аңыз,
Күрделі күлте, көп салам;
Жер күзем алған сықылды,
Бұрқырап жүн — жұрқадай.
Шын диқаншы мұнда екен,
Қызбалықты еңбек, ну науқан,
Күндіз — түні ұйықтамай.
Жарты десе жер жыртып,
Жаздай елді қыдырып;
Күздігүн акшом болатын
Қойшыбай қалай, бұл қалай?
Жұмысына мұжықтың
Шыдайтын емес дәт қылып.
Жеңіл — желпіге үйренген
Біздің батыр Бұқабай.
Қыдыра жүлге саласы,
Мұжықтың үйген маясы,
Көгендеген марқадай.
Жас жоңышқа форымы,
Пішендіктің орыны,
Жасыл мәуіт — қамқадай.
Кезіп аққан көк өзен,
Есепсіз жүкті кемемен
Тасып жатыр шаршамай.
Соқа айырған қара жер,
Қабатынан қарасаң,
Туырлады қартадай.
Жамылып жас жапырақ,
Аударып торқа топырақ
Баласына дейін қаршадай.
Отынға қияр ағаш жоқ,
Селтиген қотыр сексеуіл,
Тарбиған тарғыл аршадай.
Шөжиген нәжік қойы жоқ,
Қара қоңыр мәліштер
Құйрығын жүр тарта алмай.
Сидиған шөжік сиыр жоқ,
Қарыны салпы Зеңгіата
Қазанқап желін қалтадай.
Міне осының ортасын
Жара, зырлап келеді
Жүйткіген жүйрік отарба,
Пысыл қағып маңқадай.
Арпылдаған паровоз,
Қайратты қайсар қара өгіз!
Тарбық танау, шой қара!
Кәдімгі біздің «Жоңқабай».
Көз шолар жер теңіздей,
Телегейленген боз өлең,
Жеңілше жолмен желпілдейді,
Орақ сулы арпадай.
Балшықты балтыр, сом білек,
Арбалап астық тасып жүр
Маржалары Марфадай.
Екі қолды қусырып,
Отырған қатын көрмейсің
Қаладан алған «қалқадай».
Бәрін айт та, бірін айт,
Сорғалап тұрған береке
Барлық аймақ, бар маңай.
Еңбекші қылар еріксіз,
Жер маңызы бар екен
Қол қойыпты жалпылай.
Жаралыс әсем, жалпы еңбек
Жадыратпас па жаныңды,
Қоя ма шерің тарқамай.
Осының бәрін көргенде,
Ұшсыз, шетсіз cap жапан,
Отсыз, сусыз қызыл құм,
Жоқ па дедім сорлы жер
Мақтайтын Сарыарқадай..
1927 жыл.
ОТАРБА
(Жетісу жолында)
I
Айдалам, арқам, ауылым,
Алатау, жапан, қалың құм,
Ортаңнан өтеді отарба.
Отарбаның үнінен,
Босанар түйе жүгінен;
Төталар жүрген ат — арба.
Үкідей көзі жарқырар,
Айғырдай өзі арқырар,
Тегілте тігер түтін ту,
Пысқырып үркек құландай,
Ысқырып жүрдек жыландай,
Пыс — пыс, күрс — күрс… ізі шу.
Айдала, айсыз түндерде,
Мандайын бере Үркерге,
Арқырар арба, шарқ ұрар.
Түйелердей тіркелер,
Келіншектей бүркенер,
Дөңгелер арба зырқырар.
Зырқылдар, тартар ыңқыл күй,
Төрт тағанды отыз үй
Омыртқадай тізілер
Станция, ауыл — Шоққара,
Үйірін көрген құт қара:
Ақырар да кіжінер.
II
Аспанның ұлы аласқар,
Асқардың жүгі құз тастар,
Көргені оның жалғыз жел.
Ағыны боран ұлы өзен,
Ақ дауыл аспас аш кезең,
Қарта қатпар, бұйра бел.
Шырышы шұбар жыландай,
Жаужұмыры құмандай,
Қолқа қолат, құба құм.
Сеңсең бұйра сексеуіл,
Жабағы шағыл, мар шеңгел,
Шұраты шуда, шыралжың.
Өлеңді өзек, тұзды сор,
Өзенді өрлей ұзын жол,
Төбеде топ — топ тораңғы.
Жыңғылды жыныс, жиделі ой
Ой — қой, біздің мекен ғой!
Сағынам қатты соларды.
Қыз білек қоға, қулы қол,
Қасқыры қайсар, қабаны ор,
Қамысты қопан, ну дүлей.
Жайнар ма жасыл күркірей,
Жауар ма жаңбыр сіркірей,
Өсер ме көгің дүркірей!
ІІІ
Қызғылы қыздың ерніндей,
Бозғылы боздың өңіндей
Қырдан атқан таң сұлу.
Атқан отарба түтін ту…
Сол сурет, тіпті, тым сұлу
Таңда тауға шаншылу.
Қыбыр — қыбыр қазақ үй,
Қалауыштайтын, қараша үй,
Тоқтышақ, тон, кір тымақ,.
Шалағай шаруа, шалап мас…
Тыр — тыр — тыр — тыр тіс ағаш,
Мә — ә — ә — ө қозы, лақ…
Жарлы, жалшы, батырақ,
Кедей, орта дабырап
Көшпек қамын қамдаулы.
Өгізінде ыңыршақ,
Ерттеулі тұр сұр шолақ,
Түйе тегіс қомдаулы…
Кедей көшті, топыр… топ…
Байдың көшер жөні жоқ,
Бай алдында өмір жоқ.
IV
Арба келеді.
Алатау!
Мәңгі марқұм байғұс — ау,
Қалтырар кеудең, дірілдер,
Меңіреу, мылқау, құм қоныс,
Керен дала, тым-тырыс…
Жатушы ен жансыз, жан кірер.
Жолбарыстай жонында,
Жондарыңның қойнында
Қазынаң қалмас қазылар.
Елдерің жатқан өңірде,
Ерлерің жортқан белінде,
Заводтар зәулім азынар.
Асқағы аспан Алатау,
Жексені жер Қаратау,
Кеулетер, қойнын ақтарар.
Асылға бай кендерім,
Астыққа бай жерлерім,
Дәулетті көлдер мақтанар.
Далаларың быжынар,
Қалаларың құжынар,
Жапанда жанар электр.
Телеграмма, радио, телефон…
Дыңылдасар тілсіз үн,
Сыбырласар жансыз тіл.
Басталған анау жаңа жол,
Бастаған мынау қалың қол,
Бастайды қайда, не жерге?
Басталды анау төте жол,
Бастады мынау қалың қол,
Социалшыл дәуірге.
Өзен кезер кемелер,
Жерді жыртар трактор,
Қырды қырқар шойын жол.
Үмітті ілгері ұмтылған,
Жұрт аударып жұртынан,
Көшерсің. ауыл, көлік сол.
Еңбекшіңді қайнатар,
Еңбегіңді жайнатар,
Арығың қунар, қонаяр.
Малайың, малшын, құл, жалшың,
Табанды табың, таянышың
Жұмысшы табың молаяр.
Аулыма келді отарба,
Баурым, жеттің қатарға,
Сол жолды өзің жасарсың.
Тапсыз тату таң атар,
Еңбек өнер, ел жасар,
Жасарсың, жұртым жасарсың
1927 жыл
БАЙ, БӘЙБІШЕ
(Қосшы тойына)
Ауыл анау. Байдың үйі жапырақ.
Байың анау қайта — қайта қақырып,
Қамығады, байбаламды сап отыр.
Бәйбіше анау — баптап саумал сапырып.
Бай:
− Ой, бәйбішем! Мұндай күн бар екен.
Құй, бәйбішем, саумалың тым бал екен.
Бәйбіше:
− Саумалым бал, саған ғана сақтап ем,
Білейін деп жаста көңілі бар ма екен.
Бай:
− Жасы құрсын, жасты алатын мал екен.
Тоқал құрсын, законы тым тар екен.
Бәйбіше:
− Еһе, еһе, енді осылай көштің бе,
Тоқтаса екен, тоқал тобаң шал екем.
Бай:
− Осы күнде ұстап жатыр ұрыны.
Жесір сөзі, жердің дауы құрыды.
Бәйбіше:
− Шапқыласып шабындықты бөледі деп,
Қоңқиып жүр қосшылардың мұрыны.
Бай:
− Қосайға айтшы, қоңыр атты ерттесін.
Түйе қайда? Біреуге қой кетпесін.
Бәйбіше:
− Бүгін тойы, жалшылардың бірі жоқ,
Малшылардың ертіп кетті төрт — бесін.
Бай:
− Мына сығыр, не дейді ойбай,
Қосай да Кеткені ме сұр шолақпен сол тойға?
Бәйбіше:
− Кетпе дедім, кекеді де жөнелді,
Жетіліп тұр, айтқаныңмен босай ма?
Бай:
− Қатынына айт, қойға барсын, жүгірсін,
Қой жоғалды, қайда кетті, кім білсін.
Тоба… тоба, тойдың түбі бір сұмдық,
Тағы үйретеді қосшыларға бір қулық.
Бәйбіше:
− Жерді — суды тойда түгел айтады дейді,
Комиссия келер әлі — ақ у — шу қып.
Бай:
− Сығыр Құдай!
Сиыр қуды оқыра.
Жылқы кетті бөгелектеп шоқыра.
Бәйбіше:
− Құл құтырды, күң жетілді, малға бар,
Айрылармыз осы ойбаймен отыра.
Бай:
− Ойбай, белім, буын неге бұлтылдайды?
Бәйбіше:
− Қойшылар жоқ, қой күзетсем, ұйқыны айт.
Бай:
− Қой күзетер бір жас адам керек — ау!..
Бәйбіше:
− Қой оныңды, бәйбіше әлі құйтыңдап.
Бай:
− О, Құдай — ау, біз не қылдық, жасаған!
Жалшы кетіп, үңірейді босағам.
«Атқамінер», «ақсақал» деп айтады дейді,
Қалса игі еді, қатын, сірә, бас аман.
1927 жыл.
ҚОНАҚТАР МЕН ҚОЖАЙЫН
I
БІРІНШІ ҚОНАҚ- ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ
Қожайын:
− Алыңыз қонақ, алыңыз,
Сойғанымыз қартаңдау.
Қонақ:
− Бәсе, мом — мом…
Солай ғой,
Тарамыстау, қатаңдау…
Қожайын:
− Құданың жері қуаң боп,
Оңалмапты жануар.
Қылыш сырты қазысы,
Солқылдақтау жалы бар.
Қонақ:
− Қалыңға бұрын жүруші еді
Он қойға мұндай кәрі бие.
Ендігі мынау заманда,
Енді осының бәсі не?
Қожайын:
− Үкіметшілдеу құдамыз,
Өткізді маған түйе үшін.
Кім біледі, түбі не болар…
Жақтырмайды үй ішім.
II
ЕКІНШІ ҚОНАҚ- МИЛИЦИОНЕР
Қожайын:
− Алыңыз, жолдас, алыңыз,
Сойғанымыз қартаңдау.
Қонақ:
− Бәсе, мом — мом…
Солай ғой,
Тарамыстау, қатаңдау.
Қожайын:
− Жеріміз биыл қуаң боп,
Оңалмады жануар.
Қылыш сырты қазысы,
Солқылдақтау жалы бар.
Қонақ:
− Қалыңға бұрын өтуші еді,
Он қойға мұндай кәрі бие.
Ендігі осы заманда,
Енді осының бәсі не?
Қожайын:
− Ендігі бәсін кім білсін,
Қолтумам еді жануар.
Үкімет деп отырмыз,
Қалды ғой, балам, қалыңмал…
Қонақ:
− Қатты, қатпа кәрі екен
Алсаңыз да, түйе үшін,
Әдейі кеп отырмын
Сіздің осы бие үшін.
Қожайын:
− Оны сізге кім айтты?
Жаздым ба қонақасы ма?
Мұсылман қайыры басына
Жетер деген осы да.
Милиционер қонақ:
− Қалыңмалды қосшыға,
Деді үкімет, — бақыла.
Қосшы айтты, мен келдім
Кеңсаларға шақыра.
Қожайын:
− Құдай ұрды, қатын — ау,
Құдайы қонақ қосшы екен.
Жишы әрі! Жүрек лоблыды,
Тұздығы тым ащы екен.
1927 жыл.
БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ
Жолдастар! Мен де өзіндей белсендімін,
Айтайын маған бір сөз берсең бүгін.
Қаңбақтай желді күнгі қалбаңдаумен,
Барады — ау, бастан асып мөлшерлі күн.
Кейде оңай, кейде қиын белсенділік,
Белсенділік — көпті ерту, ел сендіріп.
Боласың әрі кесем, әрі шешен,
Өтесіндер менше тұрып, менше жүріп.
Сөз сөйле, тіл біткенді бұзыңқырап,
Боза — ботқа докладты мыжыңқырап…
О күніңді жоям деп бақыра түс,
Күшеніп, «жасасынға» қызыңқырап.
Тезис жаз дүмбілездеу сырлаңқырап,
Кітап жаз одан — бұдан ұрлаңқырап.
Сирақтай шала үйтілген өлең жазып,
Оныңды енештей бер, бұлдаңқырап.
Молдадай әдеттенген мұқтасарға,
Марксті айт, білмесең де, оқтасаңда.
«Ленин көсем сүй деген» деп айта сал,
Лениннің не дегенін ұқпасаңда.
Мақалаң келмесе де бұ заманға,
Айдай бер, көкімылжың созалаңға.
Баспаса газеттерге азу басып,
Өкпелеп, өсек айтып, қызараңда.
«Айт» десе айқасып қал, білмесең де,
Құмарлан керіп, созып, сүйресерге.
Қасақана қаулыға қарсы болып,
Сал да отыр қыңыратқып бір кеселге.
Бұқараны бұқтырып мешеуірек,
Сылдыр сөзбен кісі бол «шешенірек».
Еңбекші көп етегін жинағанша,
Есірелік, қалғанша есеңгіреп.
1927 жыл.
ҰЛЫ ОКТЯБРЬ
Талайғы тарих тұрқыңда
Тапты тап жеп қанаумен,
Тапты тап жеп талаумен,
Тапталған тап тарыққан.
Табына талай құрбан боп,
Талай қызыл қырман боп,
Талайдың орны зындан боп,
Талайлар қажып қамыққан.
Талайлар жаудың торында,
Талайлар жаудың қолында,
Талайлар жаудың оғында,
Талайлар талай қан жұтқан.
Ел қан жұтқан қырғыннан,
Ер зарыққан шынжырдан,
Масайратып, мәз етіп,
Қандай қамқор ағытқан?
Сақтаған кім, панаң не?
Бұрқылдаған бораннан,
Жалтылдаған жасылдан,
Қалтылдаған қайықтан?
Патшалық құрған жуандар,
Жұртты сорған жыландар
Жағасынан алдырып,
Жағасын қашан айыртқан?
Ашынған топқа азан боп,
Асқынған топқа ажал боп,
Шауып, жаншып — жаныштап,
Жауды кім бүгін арылтқан?
Қажыған таптың қамы боп,
Қараңғы шақтың шамы боп,
Әлемнің әділ таңы боп
Алдыңды айқын танытқан?
Мешел ұлтқа арба боп,
Мешеу жұртқа тұлға боп,
Жол былай, жөн мұңдалап,
Даңғылында дамытқан?
Ел жауызын тізерлеп,
Жалмауызын жүгендеп,
Зарлы жұртты жұбатқан,
Жарлы жұртты уатқан?
Еңбекші елге қуат боп,
Жарқыраған шырақ боп,
Сарқыраған бұлақ боп
Қырға қыдыр дарытқан?
Ол кім? Қашан? Октябрь?
Октябрь ұлы — СССР.
Ол ұлға дәл он бір жыл,
Туысы тұңғыш тарихтан!
1928 жыл.
БҮГІНГІ ДАЛА
Ертеде, ерте, ерте еді,
Ел шапқанның еркі еді,
Хан қаһарлы еді,
Қара матаулы еді.
Би беделді еді,
Бейкүнә не көрмеді?
Батыр балпаң еді,
Байғұс жалтаң еді.
Төре сұлтан еді,
Төленгіт ұлтан еді.
Бай мығым еді,
Кедей шілдіпірім еді,
Күн күңгірт еді,
Дала жым — жырт еді.
Онан бері, бергі күні,
Чиновниктің шенді күні,
Cap даланың отар күні,
Саудагердің қатал күні,
Ұлықтың долы күні,
Болыстың бөрі күні.
Бай, патшаның өрлі күні,
Тілмаштардың зәрлі күні.
Азулының аруақты күні,
Ата ұлының салмақты күні,
Байдың өктем күні,
Кедейдің кетеуі кеткен күні:
Күн — тұман еді,
Дала — жылау еді.
Кеше, кеше, кешеде,
Кешегі күн Ресейде
Қара табан, қарға тұяқ
Қарсы шапты жауға шындап,
Жау қамалын быт — шыт қылды,
Үкім қылды, кеңес құрды.
Алпауыттан алды жерді,
Анталаған жауды жеңді.
Cap далаға дүбір келді,
Дүйім кедей түрегелді.
Құлдар құнжың қақты,
Күндер ыржың қақты,
Алашты айдап, ақты қуды,
Дала елінің бақыты туды:
Күн — күн еді,
Дала — даң — мұң еді.
Бүгін, бүгін, бүгін дала!
Мұндай ма еді бұрын дала?
Көктен күні сәуле шашып,
Көкке шарпып нұрын дала.
Өлкем өсіп, ел кенелді,
Көгім жайнап, жер гүлденді.
Тауым ашып қазынасын,
Жомарт жерім шашты кенді.
Елім жаңа жұртқа қонды,
Жұрт жұмысқа қойды қолды.
Білім бұлақ сусын болды,
Елдің өмірі жырдай болып,
Сұмның күні қуғын болды.
Қоныс қойнын енбекке ашып,
Жаңа еліне шашу шашып,
Қыр кілемін сілкіп салды.
Кимешектер кітап оқып,
Малма тымақ мылтық алды.
Жалба шекпен жауға аттанды,
Жер түрленіп, ел шаттанды!
Бүгін, бүгін, бүгін дала
Мұндай ма еді бұрын дала?
1928 жыл.
БІЗДІКІ
(Жалшы жыры)
Енді аттандым, ежелгі жау — бай, жуан
Шынжыр балақ, шұбар төс, нән адуын!
Аударамын, төңкеремін, арылтам!
Сорған жылан, теріс азу айуан.
Қанды сорған, еңбекті емген сұр сүлік,
Жанды жеген, елді құртқан жегі құрт.
Темірдейін тегеурінім, тепсіндім,
Тебем көтке, тазалаймын сыпырып.
Еңбегіммен, елді емумен мал жиып,
Мойнымнан бір түспеп едің шалжиып.
Малдан, жерден, елден қылам тып- типыл,
Қалған сақал өзіңдікі қаужиып.
Баяғыдан басындың да шайнадың,
Амалсыздан ашындым, азу қайрадым.
Жеттім, жауым, жағаластым жағаңа,
Міне саған, тап дұшпаным, таяғым!..
Ішкен қаның, жиған малың кімдікі?
Тапқан, баққан, күткен — күл мен күндікі.
Арамтамақ аластаймыз ауылдан,
Мал да, жер де, ел де, үкім де біздікі!
1928 жыл.
ҚОРҚАМЫН
(Мектебміздің аты бар, заты жоқ. Мектеп саламыз деп жиналған қойды қулар жеп кетті. Мұғалім шала молда алдынан әлі бір бала шыққан жоқ,. Оқытпайды, мал жинап байиды. Атқамінерлік қылады.)
(«Тілші»)
Курстан оқып күйбеңдеп,
Мұғалім болдым мығымдап.
Төрт амалдан түртектеп,
Тіл құралдан тығындап.
Құйқалақ бала, шым мектеп,
Оқытып бердім қимылдап.
Отын — су жоқ дірдектеп,
Жел жабықтан ыңылдап.
Құм төсеніп, шаңға аунап,
Өкпе болды балаларым,
Көкірегі сырылдап.
Сонда да болмай сүйрелдім,
Қаңылтыр тақтай қылып ап.
Дыбыстан жинап сөз құрап,
Ол сөзімді буындап.
Буындап едім болсайшы,
Жалғаудан жалғау туындап.
Балапандай жұмыртқалап,
Балалады мың жұрнақ.
Шатылдым, айтып жатырмын.
Балам түгіл, өзіме
Қиын болды — ау ұғынбақ.
Бас айналды, мәңгірдім,
Отырған өңшең «құйқалақ»,
Есінеп, көзін уқалап,
«Е!» демесе, ұйықтамақ.
Келер жыл мектеп салуға
Қаулы болды шуылдап.
Кәмесие жасалды
Ата — анадан ұрулап.
Елге жайып шығын сап,
Түтіннен түгел қой жинап,
Бидайықтай қуырмақ.
Елден түгел қой тимей,
Оқытуға қол тимей,
Қаулыны жүрдім қуғындап.
Сонан соң қолды бір сілтеп,
Жалықтым, жаттым жайыма,
Тиесі қойды жиып ап.
Оқытудан тазамын,
Мектебіңнен мен аулақ.
Елден ерек ен аулақ.
Болдым, қыстай қылғаным:
Қылжақ, ыржақ, қыдырмақ.
Анау өңкей «құйқалақ»
Қарды қыстай қиқалап.
Айдаған қойдай шұбырмақ.
Келер жыл боппын «болбюджет»,
Жайғалды жаным тынымдап.
Там — тұм дап табыс тағы бар,
Тебендеп, теңге — тиындап.
Жатып жедім жалуан,
Үкіметтен қылына ап.
Аяғын айдың мөлшерлеп,
Қалаға келем қырындап.
Алдын ала отделге
Ведомость берем бұрындап,
Шермендерім шытырлап,
Ауылға қайтам пұлымды ап.
Қайтсе де далаң қала емес,
Расход ұстар шылымдап.
Ақшалата мал алам,
Тай — таналап ырымдап.
Жетістім, желі байладым,
Бес — алты бием құлындап.
Айрандық қой жинадым,
Шөмішімді жұғын дап.
Ақ үй тіктім шалқыдым,
Аруақты байдың қызын ап.
Жасауым сайман — жабдығым,
Өсти — өс ти жиылмақ.
Кейде ақсақал боламын
Ағайын сөзі қуғындап.
Кейде үкім қыламын,
Советтеп, сөзді қызылдап.
Сондағы ойым, ниетім:
Дәурен баста тұрса деп,
Қымпаңдау ғой шыжылдап.
Ай, білмеймін не болар,
Отдел отчет сұрайды,
Инспектор қыдыңдап.
Алдынан бала шықпайды деп,
Оқытпайды, ұйықтайды деп,
Көпшілік кетті шуылдап.
«Сынасу» деген шыққалы;
Тілшілері жыбырлап.
Жариялап қазбалап,
Бар мінімді жұмырлап,
Газетті тағы жыр қылмақ.
Сөйте — сөйте сор қайнап,
Сынау түбі сұрыптау
Бола ма деп қорқамын,
Төбе құйқам шымырлап.
1928 жыл.
ӘНШІ
(Ескі әнші аузынан)
Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған.
Көмекей көк қапысын әнмен ашса,
Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған.
Тұлпармын, топтан озған, тосырқаман,
Шаршы топ, шаршы өрім жоқ шабылмаған.
Жорғамын, жұрттан озған, жортарманмын,
Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның аса топыр жиынында
Бүгінгі ән адыра қалсын салынбаған!..
Тауықпын, тары тердім
Найман шалдан Найман ел айы туған маңдайшадан.
Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көл елде, көп жұртымда қыдыр шалған.
Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім,
Тау өтпес Тарбағатай, Тянь — шаньннан.
Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер,
Мекенім, ертеде елім ірге жайған.
Құм — қыстау, өлке көктеу, өзен күзеу,
Жайлауым — жалпақ дала қарлы таудан.
Ойда орыс, өрде қытай қоныстасым,
Аулым бар Ауғанға да теуіп барған,
Желғабыз, сол ортаның заржағымын,
Толқытып тоқсан бунақ әнге салған.
Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп,
Күңіренткен cap даланы, күндер жалған!
Ән құмар әлеуметім анталап тұр,
Сайра тіл, аңыра әнім, «Інжу — маржан».
Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,
Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып.
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
Боздатып саулы інгендей күңірентіп,
Нөсердей нөпір төккен жауындатып,
Қазандай қарсы соққан дауылдатып,
Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып.
Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Қақтырып, бұрқақтатып, қағылдатып;
Жүйткітіп, сонарлатып, саяттатып,
Қыранды қыр жонында шаңқылдатып;
Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,
Аңқытып, аңқылдатып, ағындатып;
Қаусырып қағып, түйіп, төгіп әнді,
Қайырып, қалтылдатып, қалтыратып.
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дөсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсердетіп,
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,
Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп.
Қарқынды үн — қан қайнатып, жүрек жұлып,
Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сүйе бер, суырылтам ән сұлуын,
Тілін бал, сілекейін секерлетіп.
Сарайым — сабам құям пісіп — пісіп,
Қойдырман ән қымызын ой кернетіп.
Сөз жаңбыр, даусым дауыл, әнім ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп!
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Маужырап тау, күн күліп,
Албырап аспан нұрлы көк.
Мажырап қыр, жер жусап,
Баяулай соқса жел жібек.
Қырмызы жалау желбіреп,
Өктем — өктем басқан топ,
Октябрь тойы болды деп,
Он бір жыл оған толды деп,
Жамырап ду — ду қалың көп.
Сол дүбірдің ішінде
Топтанған әйел бір бөлек.
Қаймақы қабақ қара қыз,
Жинақы көйлек, келте шаш,
Жаға, жеңін түймелеп;
Жігерлі даусы саңқылдап,
Сартылдатып тұр сөйлеп.
Тұр десеңдер не сөйлеп:
Анау, анау, заманда,
Анау қалған атам заманда,
Ер әбігер заманда,
Ел әбігер заманда,
Хан тағында заманда,
Халық шабынды заманда,
Шен шіренген заманда,
Ел күйзелген заманда
Қазақ қызы кім едік?
Байдың шұлғауы едік,
Бәйбішенің тулағы едік,
Мырзаның әуесі едік,
Тұлпардың бәйгесі едік,
Найзагердің олжасы едік,
Саудагердің саудасы едік.
Қулардың қуыршағы едік,
Қазақ қызы күң едік.
Енді мына, мына атқан таңда,
Еңбекші жауын құлатқан заманда,
Ескілікті қиратқан заманда,
Езілген жұртты қуантқан заманда,
Игілікті орнатқан заманда,
Келелі кеңес қолға алған заманда,
Оған он бір толғанда,
Осы өмірдің осы жұрттың,
Қазақ қызы кіміміз?
Күң емеспіз, азатпыз,
Азаттық алған қазақпыз.
Жылағанды уатқанбыз,
Сұмырай заңды суалтқанбыз.
Ілгері басқан елі бар,
Бірлігі күшті, қадамы құтты,
Жаңа тұрмысты, жас жұртты
Жасаушының біріміз.
1928 жыл.
ҚАҚПАН
Жамылып иығына жамаулы тон,
Далаға Иса шықты таң атқан соң.
Оранып ақ кебінге өліпті өлке.
Шымқанып шаңқан киіз, қалыпты құм.
Әуенің тиірмені түнде жүріп,
Тастапты ақ ұлпаға жерді көміп.
Қадап тұр үскебегің таңғы ызғырық,
Аспанның, артын ашып, таңын түріп.
Атқан таң, ақша қарлы ала кеуен,
Жылмиып жұмыртқадай қыр мен өзен.
Тұйықтап туырлығын терең көлдер,
Қалтырап тал, қамыс түр ренжіген.
Антұрған, арамза туып жатып,
Күшігін қаншық жатыр шуылдатып.
Қыстауға көтеремдей жабу жауып,
Қойыпты қар кірпігін қимылдатып.
Қайтадан қапыл — құпыл үйге кіріп,
Уа, қатын! — деді, — жылдам көжені жылт,
Әуе ашық, қалғыға жатыр қанды сонар,
Мұндайда отыра ма үйде жігіт!
Па, шіркін! Қырда қызық міне бүгін,
Жортар ма еді Ақөзектің тарғыл құмын.
Түлкіні алтай қызыл бұлаңдатып,
Қуатын қайда менің ат — айғырым.
Шаңқиып сонар дүние, ертеңгі уақ,
Қыстаудан шықты малтып құзғын тымақ.
Айғыздап ақпа төсте малтады аяқ,
Жылытпа ішкен маңдайынан бу бұрқырап.
Қамысты жара — мара, түре — мүре,
Түндегі жетті малтып түбегіне.
Жеткенде қақпан құрған жемтігіне,
Ырылдап қоя берген мінебір не!?..
Жортқанды ойды — қырды, тамақ айдап,
Қалыпты қанды қақпан, қасқыр шайнап.
Қақпанды қазықтаған, арс — ұрс қауып,
Ызалы долы шіркін жатыр шайнап.
Тұқырта тұмсығынан ұрды қатты,
Қаңқ етті, серейді де, дір — дір қақты.
Көкжалға қанды қақпан ажал болып,
Жылы қан тұмсығынан жылжып ақты.
Жалмауыз, жауыз, қорқау түзде жүрген,
Тентек, сұм, теріс азу, тентіреген.
Қылғаны ұрлық — зорлық өмірінде,
Несібін елден жеген, жерден жеген.
Қораға қашаннан бұл шапқан қатты,
Жарып жеп жабағыны, жылқы тартты.
Адасқан жалғыз — жарым адамды алып,
Қуалап қой сорлыға талай шапты.
Бөрі етті, бөлтірігін жемір етті,
Жарлының жалғызын жеп еңіретті.
Боздатып боз іңгеннің ботасын жеп,
Бұзаусыз не сиырды мөңіретті.
Тиіп ап бала алдынан бес ешкіні,
Жеп кеткен кеше ғана жемтік міне.
Алғанда жау жағадан, бұл етектен,
Қабынған қыс аңғарды жаман жылы.
Қу қақпан, күйсіз қақпан, жарлы қақпан,
Майланып бүгін қасқыр алды қақпан.
Сілейіп, қанжулы боп жатты көкжал,
ЬІғыр қып елге шапқан, зар жылатқан.
Тасқындап тас жүрегі, тулап тайдай,
Жарқылдап, жабырқау жүз, күліп айдай,
Көзі ойнап, желбезегі желбелеңдеп:
«Болатын болды — ау, — деді, — көйлек пен шай.
Қақпаным Жауымды алдың, алдың азық»
Деді де әлді қолын алды жазып.
Сүйретіп құзғын тымақ үйге қатты,
Орнында қан, сауысқан, қалды қазық.
1928 жыл.
ТОЛҒАУ
(Кәнпеске кезінде)
Қозғауы қозған қоғамым,
Қолқалап әңгіме айт десең,
Қобалжимын, қозғалам,
Қозғайын десем далаңды,
Домбыраң емес, қаламды,
Қобалжимын, қолға алам.
Көңілдің күйі келмесе,
Көп мылжыңға мен саран
Көңілдің күйі кернесе,
Көтерілем, ән салам.
Бүгінгі топты жара алмас
Толғанбай Жанақ арсалаң,
Бүгінгі құлақ қана алмас,
Болдырған сөзге шаршаған
Әңгімем менің бүгінгі,
Бүгінгі жиын аңсаған.
Ағытылды әңгімем,
Ал әлеумет, ал жаран!
Әңгімем алды тыңдасаң:
Осы бір заман, қай заман?
Бұл заманың сол заман
Алатаудың баурынан
Аспанды аршып, жел желпіп,
Алтын күрек ескен күн;
Аруақтының аулынан,
Арыстан айдан мерт болып,
Ауырған аруақ көшкен күн.
Тау сілкініп, мұз босап,
Тас желіні иген күн;
Қыр қорқаулы бөріге
Құл «жапалақ» шүйген күн;
Аунаған аруақ қордаға
Жиылып, тастай түйіліп
Ашынғандар тиген күн;
Борт — борт сынып босаға,
Орнаған аруақ ордаға,
Күң тепсініп кірген;
Алтын, күміс алынып,
Шынжырлы шен табылып,
Тығулы теңді тілген күн
Мырза мінген жорғаны
Құл шайқалтып мінген күн;
Ханша киген торқаны
Күн найқалып киген күн;
Бұл заманың сол заман,
Сөйтіп — сөйтіп түрленген,
Күннен — күнге, күннен — күн!
Бұл заманың сол заман,
Күннен күнге түрілген.
Ақ ордалар ойран боп,
Ақсүйектер сүрілген.
Аруақты белдің үстіне
Ел еркіндеп қоныстап,
Қараша үй қалың тігілген.
Я, мұны кім көрген!
Бұл бір белен біз көрген.
Бұл бір мерей біз көрген.
Айналаға қарасам,
Оралған нұрға әуе — аспан.
Күн көрем де, нұр көрем.
Нұр көргенде не көрем:
Тандыры қайнап, бұлақтап,
Тақыры жайнап шуақтап,
Бөленген нұрға жер көрем.
Нұр үстіне нұр қосып,
Нұрлы дала жерлеген
Еңбекші қазақ — ел көрем!
Ел шетінде кім көрем:
Қақпандағы қасқырдай,
Мылқау… көзін төңкерген,
Мал, мүлікті алдырып,
Елден, жерден айырылып,
Күйзеу, жүдеу, меңдеген,
Айналаны жау керген,
Алдында азап, кер керген
Қаңғырып қалған бай көрем.
Еміс те емес есітсем,
Зарлаған үні, еңіреген:
Еңірегенде не деген:
Бүліндім, біттім, таусылдым!
Енді өлемін! Енді өлем…
Ел ішінде кім көрем:
Қабандағы қорқауға,
Қан қозып, кек кернеген,
Құралысып, байды айдап,
Қуанысып, малды айдап,
Кедей көрем кенелген.
«Бірлесейік» дегенмен,
Еңбекші көрем өрлеген!..
Бұл көргендер көңілді!
Бүгінгі күн тербеген,
Тербетер бұл талайды,
Көрмеген мұны кемде — кем.
Қозғауы қозған қоғамым,
Қолқалап әңгіме айт десең,
Қобалжимын, қозғалам.
Қозғайын десем далаңды.
Домбыраң емес, қаламды,
Қобалжимын, қолға алам,
Кеше ғана ойнаған,
Темір емес, өмірді
Өзгеше сокқан балғадан
Ойнаған да күй алғам;
Мінеки біздің алған күй,
Мінеки біздің салған ән.
Мінеки біздің әңгіме,
Әлі де талай толғанам.
1928 жыл.
ШАЛ МЕН КЕЛІНІ
Шал ыңқылдап, жоқ шыдам,
Ауырады ыңыранып.
Кепкен дене, сіңір жан,
Бірде суып, бір жанып.
Шалда түнде жоқ дамыл,
Тынбай сусын сұрайды.
Жылап, зарлап, келін жүр,
Көзінен жас бұлайды.
Шалды айнала жүгіріп,
Кемсең — кемсең жылайды.
Түнде тұрып, жығылып,
Дат қылады Құдайды…
Екі өкпесі қысылып
Кетті шалдың сорлының.
Кеткен кезде тұншығып,
Келін даусы болды жым.
Лоқсып — лоқсып қан құсып,
Шал тыншыды азырақ.
Келін көзден жас ыршып,
Қоя берді азынап.
− Мұнша бейнет мойнымда,
Тәңірі, саған не жаздым?
Арылмаған соры ма
Мен сықылды бейуаздың?
− Қой, жылама, сабыр ет,
Десті абысын — ажындар,
Ауру өле бермек пе?
Атаң байғұс жазылар.
Сонда келін сөзі кеп:
− Сорлатқаны Құдайдың,
Осы әтиім тезірек
Өлмегенге жылаймын.
1928 жыл.
ЕГІНІШ ЖЫРЫ
Көктен нұрға шомылған,
Жерден жібек жамылған;
Біз еңбекші — егінші,
Егін еккен Ленинше.
Жайдары жазым жалбырап,
Жапаным, далам балбырап;
Күнім көктен күліп тұр,
Келгенімді біліп тұр.
Білектерді сыбанып,
Қосқа шықтық құралып.
Торқадай топырақ туырылттым,
Уыстан шашу суылттым.
Тұқым тырс — тырс тасталды,
Жырымыз жаңа басталды.
Көктен нұрға шомылған,
Жерден жібек жамылған;
Біз еңбекші — егінші,
Егін еккен Ленинше.
1928 жыл.
ГИМАЛАЙ
(Жиһангер жайлаған шығыс)
Сұрау
Ақшалап басын қар көміп,
Аспанның төсін арда еміп,
Анасындай алтын күн,
Сел жіберіп бір жуып.
Жел жіберіп бір желпіп,
Ауық — ауық құшақтап,
Әлсін — әлсін нұр сеуіп,
Есейген асқар Гималай…
Сол күннен нұр ала алмай,
Басы мұнар, бауыр тар…
Гималай асқар неге олай?
Буырқанып, бұрсанып,
Бұлттанып, құрсанып,
Бірде жылы, нұрланып,
Бірде ашулы, томсарып,
Бірде торғын жұмсарып,
Көк үйрілген анадай…
Сол анадан сүт алмай,
Көзі соқыр, көңілі тас,
Гималай асқар неге олай?
Ырғалып, тулап, тербеліп,
Тербетсе асқар күңреніп,
Жазықта аттай жарысып,
Иықта жіптей күрмеліп,
Тауды бұзып, тасты айдап,
Сылдыр — сылдыр сөз сөйлеп,
Өзендер салған неге айқай?
Сол судан сыр ала алмай,
Қабағы күз, мұрны мұз,
Гималай асқар неге олай?
Жемісі жерде мәуелеп
Терегі көкке тәуелеп,
Тағысы таста ойнаса,
Қиядан қыран әуелеп,
Андыздап ара бал сорып,
Шешегін шымшып көбелек
Құндағы ну, қарағай
Сол сәулетке оранбай:
Борбайы борша, арша арқа,
Гималай асқар неге олай?
Бұлт тамшылап, қамшылап
Бұрқақтатып күн шығады.
Сол бұрқақтың астында
Қиналған бір үн шығады.
Қиналад та, күңіренеді.
Асқар әлде тұншығады,
Басқан оны қай Құдай?
Түсті ме екен найзағай?
Жатыр ма екен жау жайлап?
Гималай асқар неге олай?
Жауап
Гималай — көктің кіндігі.
Гималай жердің түндігі.
Мұз туырлық, қар үзік,
Түрілмеген бір күні.
Қалған құсы басында
Сауысқаны, құзғыны.
Ол құлаған құландай.
Күшіген қорқау, құмайдай
Жемтігіне жабысқан.
Гималай сорлы, сор маңдай.
Күнін көміп, батырған,
Өзенін тас қатырған.
Құзын, мұзын шеңгелдеп,
Тегеурінін батырған.
Апшысын аяз қуырып,
Қақалса қан қақырған.
Бар бір басқан тұмандай.
Сол тұманнан шыға алмай,
Жүрегі жара, көзі көл
Гималай сорлы, сор маңдай.
Жерін жайлап, у қылған,
Ерін қанап, құл қылған,
Елін талап, еңбегін
Жалмап, жеуіп, жүн қылған,
Құлдың жанын кұм қылған,
Құлдың қанын қылғыған,
Бар бір зәрлі жыландай…
Сол жыланнан жылжымай,
Қабағы жабық, қаны арық
Гималай сорлы, сор маңдай.
Тоқ қарыны басылған,
Аш қарыны ашынған.
Тұман өдет, қар сәлде
Арылмаған басынан.
Құлғанасы құл жайлап
Ғасырдан шіріп сасыған,
Дертке дене толғандай…
Сол бір дертке ем қонбай,
Жаны жара, тәні ауру
Гималай сорлы, сор маңдай.
Тауды, тасты қашатып.
Ойды, қырды жасатып,
Ойбай! — десе тас атып,
Қойдым десе босатып,
Жалынса табан жалатып,
Қарысса қан асатып,
Бар құлданған зор Құдай…
Сол Құдайдан құтылмай
Заманы дозақ, қанды азап,
Гималай сорлы, сор маңдай.
Батыста қауырт бір қол бар,
Қол алдында бір ту бар,
Ту жазуы «Коминтерн».
Шығыста қалың бір құл бар,
Құл аузында бір шу бар,
Шудың туы «Коминтерн».
Сол туды шу қолға алмай,
Тау толғанбай, қозғалмай,
Дерт жыланнан,тұманнан
Айыға алмас Гималай!
Гималайда қуат бар,
Қозғалды оны құрауға.
Гималайда ұлы от бар,
Таянып тұр, тұтауға.
Гималайда улы оқ бар
Құл атады Құдайға.
Болса болар, болғандай…
Көксеп күн мен көк орай,
Дейтіндерге неге олай?
Айтар сонда Гималай!
1929 жыл.
ТОҒЫЗДА
Көзінен нұр төгіліп,
Жерінен дүр гүл өніп
Мажыраған бұл қай жақ?
Отарбасы гүрілдеп,
Заводтары дүрілдеп,
Қайнаған жақ қай аймақ?
Жұмыскері жұрт билеп,
Батырағы байды илеп.
Мәз болған кім масайрап?
Коллективін өргізіп,
Трактормен жер бұзып,
Жүргендер кім, қос айдап?
О күнде, патша отары,
О күнде, байдың отаны,
Жері қуаң, елі құл.
Бұл күнде еркін, жері нұр,
Нұрландырған Октябрь,
Қазакстан елі бұл!
ЖАҢА ӘДЕБИЕТ
Күреспен, күшпен,
Білекпен
Төгілді жерге жаңа нұр.
Жігермен, іспен,
Еңбекпен
Соғылды жерге жаңа өмір.
Жаңа өмірмен,
Жаңа елмен
Түледі біздің дала, қыр.
Күшті күймен,
Тәтті әнмен,
Үдеді біздің жаңа жыр.
1929 жыл.
НҰР АЛҒАНЫ СОЛ ШЫҒАР
Алысқанын құлатып,
Жау — дұшпанын мұқатып,
Тоғызында толған кім?
Ұрандасып, көптесіп,
Білектесіп, күш қосып
Еңбекке қол қойған кім?
Қуарған қыр қуанып,
Суалған сыр нұрланып,
Маужыраған бұл қай жақ?
Қырды бір нұр алғандай,
Көз тосырқап қалғандай,
Қарамаса абайлап…
Жаудың шебін қиратып,
Жарлы жұртын қуантып,
Езілген — ел болған күн.
Еңбекші елдің иесі,
Қазақстан кеңесі
Тоғызына толған күн.
Кеше жалшы күс білек,
Бүгін жарып жұрт билеп
Отырған құл, қойшылар;
Жер желіндеп, тау тасып,
Қыр қызығы ұласып,
Нұр алғаны сол шығар.
1929 жыл.
ЖАҢА ДАЛА
Мыс толғатып, жез туып,
Қарсақпайлар айғайлап,
Жаппай қаулап коллектив,
Ембілерден май қайнап.
Автомобиль, трактор
Алды қырда, салды ойнақ,
Қазакстан картасын
Темір жолдар шимайлап.
Аэроплан аспанда,
Бұлт қайырып, құрайлап.
Алтын құсты Құмсағыз
Жатқан дәулет құм шайнап.
Қақырығы құйма алтын,
Түкірігі түйме алтын
Қазақстан болды аймақ.
Далада ұлы төңкеріс,
Қаулап қырда қалың күш
Қол қойды да,
Қол қоймақ.
ҚЫЗЫЛ ӘСКЕР ӨЛЕҢІ
(Орыстың «Проводы» әнімен)
Мылтығымыз оқтаулы
Ел қорғауға.
Қайратымыз сақтаулы
Келген жауға
Жігер білек, жаужүрек
Қызыл қыран,
Үйрен, оқы жас түлек,
Ойна, жайна.
Еңбекшілер қорғаны,
Қызыл әскер.
Еңбекші елдің қорғаны
Біздер, жacтap
Қылышымыз қайраулы
Жиһангерге,
Жиһангердің жендеті
Чемберленге.
Елімізді салуға
Сергелдеңге,
Тап бергенге біз дайын
Кел берменге.
Еңбекші елдің қорғаны
Біздер, жастар.
Еңбекші елдің қорғаны
Қызыл әскер.
1929 жыл.
ЖОРЫҚ ЖЫРЫНАН
Бүгінгі күнім — ұлы күн,
Бүгінгі күнім — жорығым.
Жау жағасын жығуға,
Жалауды биік байлаған.
Тапсырғамын… үкімет
Шығарсын деп декрет,
Тепсінгем, тастай түйілгем,
Құжынап құрттай қайнағам
Ашынғанға ашу боп,
Асынғанға тосу боп,
Жорыққа шапқам жауыма,
Салдырған күнім байбалам.
Өңшең жауыз, қанды ауыз,
Жеті жүз бас жалмауыз,
Ордаңа тигем ойрандап,
Аластап елден айдағам.
Жаншылғанды қуантқам,
Жаншығанды қуартқам,
Еңіренткенді күңіренткем,
Шайнағанды шайнағам.
Емес пе еді сол бүгін!
Еске салар оны кім,
Белгілі төбем маягім,
Белгілеп арнап тойлаған.
Тағы бүгін етем серт:
«Аударылсын жер мен көк».
Бүлдіріп, жасап, күлдіріп
Мұратқа жетем ойлаған.
Жау оңда ма, солда ма,
Жау сыртта ма, жолда ма,
Бойда қайрат, ойда жау,
Сақадай саймын, сайланам.
1929 жыл
КӘНЕ, ШЫДАР ҚАЙ МАЙДАН?
(Алматыға паровоз даусы естілді. Түтіні көрінді).
Өмірге өлген Алатау мен құба құм.
Тірілгендей көкті жарып шығады үн.
Өшкен жанды, өлген жерге жан кірді,
Қыр қозғалды, үнге тікті құлағын.
Күн нұр төкті, қырға қызыл шырайын.
Жер көкке атты желіні тандыр бұлағын.
Қаулап шықты, қара табан аттанды,
Жыртық үйден жалба жең, жәутік тымағың.
Жерді жонған, тасты опырған әлді қол,
Ұрандасты, ұлы күшті қосты мол.
Жерді жарды, шамын шашты, тірілтті
Кеңдаланы кесіп, пішіп келді жол.
Жүрек тулар қыр қозғалтқан айғайдан,
Жарқырап қыр, сарқырайды бал сайдан,
Еңбекшінің тілегіне білегі,
Қайнап кетті, кәне, шыдар қай майдан?
15 шілде, 1929 жыл.
МАВЗОЛЕЙ
Москва…
Көше…
Лық — лық.
Жөңкіліс,
Жүріс,
Тық, тық.
Автобус
Құқ, құқ!
Автомобиль
Пық — пық!
Трамвай,
Тыррр — тыррр…
Фабрик, завод
Күрр — күрр!
Бұрқ — бұрқ.
Жанған жазу
Жайған мүлік.
Газет!
Газет!
Қызық!
Қызық!
Аспан,зәулім
Қабат — қабат
Кремль,
Сағат
Шық — шық.
Қызыл алаң.
Ол — дария,
Күндіз ағады.
Түнде тынбайды,
Селдей қаптайды,
Сендей соғады.
Қыбыр — қыбыр,
Жыбыр — жыбыр,
Қайнап қан
Қайнар өмір,
Шегіртке шірет.
Құмырсқа рет,
Бір — бір басады.
Жылжып келеді.
Пропуск,
Билет береді,
Қайда береді?
Қайда кіреді?
Кімді көреді?
Соқты сағат,
Қапты
Пәлен минут.
Ауған шалма,
Араб башмақ,
Өзбек шапан,
Қазақ тымақ,
Неміс кепкі,
Американ қалпақ,
Самосд тон,
Бұйра негр,
Ағылшын таяқ.
Үнді желек.
Қытай аяқ.
Жылжып, ілбіп,
Келеді таяп.
Барлық әлем
Өтпек қарап,
Еңбекші жұрт,
Езілген тап
Мавзолейге
Етпек тауап!
Әне Ленин,
Әне құбыла.
Текше — текше
Ұшырмада
Орақ — балға,
Жұлдыз танба.
Мықты күзет,
Қос босаға.
Шошақ телпек,
Сұрғылт шинель,
Қызыл жаға.
Мылтық істік,
Көз қырағы,
Оңға, солға.
Жылжы төмен,
Қызыл ұя.
Барқыт бесік,
Қызыл шұға.
Ақырын аяқ…
Ақырын жүрек…
Саспа…
Міне сен де,
Жер қойнында,
Ақырын халық.
Электр шам
Қызғылданып
Тұр жанып.
Сұрғыл өңмен
Тұр көлденең.
Мәңгі төсек
Баптап салып.
Өмірден, желден
Қымтап жауып.
Киімшең қолын
Қаусыра алып,
Омырауына
Орден тағып.
Көз мықтан,
Көңіл, сақтан,
Кетпе ағып,
Ақырын аяқ,
Бекін буын,
Мықтанып.
Ұлы басшы,
Ұлы алып
Тыншығыпты
Тыншу алып.
Міне Ленин,
Miне құбыла,
Міне бес жыл
Ленин мұнда.
Әне сыртта
Ұлы майдан,
Туы қолда.
Жолы — сара,
Айтқаны — ұран,
Ісі — мұра,
Майдандағы
Миллиард құлға.
Сол соғыста
Алған әлем
Басшылыққа,
Туы қолда,
Компартия!
Қойған әлем
Мавзолейін
Қарауылға.
Аты мәлім,
Жер шарында,
Аты ардақты
Сорлы жұртқа,
Мың — мың құлға.
Оқып сөзін,
Тігіп көзін,
Қосқан жырға.
Әке мұнда,
Жер қойнында.
Қансыз, жансыз
Ұлы ұйқыда
Бір тұлға.
1929 жыл.
ҚАЗАҚСТАН
Көгінен нұр төгілген,
Жерінен дүр, гүл өнген
Жердегі ұжмақ
Бұл қай жақ?
Мотор жыры дүрілдеп,
Гудок үні гүрілдеп,
Қайнаған жақ
Қай аймақ?
Өгей ұлы теңеліп,
Еңбек елі кенеліп,
Күлгендер кім
Масайрап?
Бұрын патша отары,
Бұрын байдың отаны,
Жері қуаң,
Елі құл,
Бүгін еркін жері нұр,
Нұрландырған — Октябрь!
Қазақстан елі бұл!
1929 жыл.
«ШОҚПАРҒА»
Талай жылғы тандыр тау,
Талайғы кәрі байғұс — ау,
Мәзбісің тек жатқанға?
Тұншықтырып мұздарың,
Көмірдей күйе құздарың
Булықтырып жатқанға?
Құрыш қашау, алмас шот,
Буды мінген, бүріккен от
Басыңнан аса шапқанда
Шыдарсың, қалай шыдарсың?
Біз қоймаспыз жатқанға.
Еріксіз қойныңды ашарсың,
Қойныңнан шашу шашарсың,
Енбек қақты қақпаңа.
Өзгерте соққан балғамен
Кақпанды қатты қакқанда
Алысың бар ма таусылмас,
Ышқынып, ойнап пысқырып,
Танабыңды тартқанда…
1929 жыл.
АЛАТАУ
Алатау, басың бәтес, баурың торқа.
Туың ба, тұманың ба басың қалқа.
Бала едім баурында өскен суыңды ішіп,
Жерсітпес сен тұрғанда Сыр мен Арқа.
Сен неге мелшиесің күнге қарап,
Серуенге шықпайсың ба бойың тарап.
Өскен ел, біткен шөбін, жүрген аңың
Мәз болсын, масайрасын тамашалап.
Еркінде тас бұлағың лөкілдесін,
Аң қорқып адамыңнан бекінбесін.
Құса боп кейде долдан, кейде ашулан,
Нөсерің көк жарылған нөпірлесін.
Дауылың ышқынсыншы тұманды айдап,
Қалмасын жалғыз бұлт — көкте қаймақ.
Сұрапыл сорын өрсін, талқандасын,
Кім екен сол боранды қойған байлап.
Тіл бітсін қара тасқа, жүрегі исін,
Ұшығы ұлы желдің жылы тисін.
Елжіреп жар жүрегі махаббаттың,
Қайыңды құшағына ап ыстық сүйсін.
Мен сонда көріп тұрып сол суретті,
Мастанған махаббатпен жер мен көкті,
Жылаған мұны күтіп жылдар, айлар,
Дер едім жұмсақ жүрек сертке жетті!
1929 жыл.
* * *
Демеймін, төгілейін, ағылайын,
Батқан соң күңіренем жанға уайым.
Ұстайды жүректі алған суық безгек,
Десем де сағым қуып неғылайын.
У ма екен өмір деген, азап па екен?
Өзгеге осылай деу ғажап па екен?
Тас туған — ешбір қандай сезімі жоқ
Өскенге осы толғау мазақ па екен?
Қош енді жынды қылған қан жүрегім,
Таппадым талпынсам да жан тілегін.
Аямай әл — шамама қарамастан,
Сенікі де рақымсыздық деп білемін.
Әуре аяқ аттап өтті талай ізді,
Албырт қол істеп кетті талай істі.
1929 жыл.
* * *
Көгілжім жердің кенерін
Күн күйігіп шөккенде,
Күңгірттеп тұман даланы
Көлеңкесін төккенде.
Қу жүрек сонда сезеді
Махаббатты, мәңгіні.
Адасқан көңіл кезеді
Арттағыны, әлгіні.
Сезсін, кезсін, не пайда?
Кеп тұр таяу мазарға.
Өмір қайда, күн қайда?
Бір тарқаған базар да!
1929 жыл.
АЙДАУШЫ
Ойдан ойды тудырып,
Толқынды толқын қудырып,
Айдаған бәрін бір өлең;
Тар жүрекке қысылып,
Кең теңізде шашылып,
Көк жүзіне көлбеген.
Көпіріп көкке бір шығып,
Жүректің жарын қусырып,
Күңіренген де, тербеген.
Теңізді терең сапырып,
Жүректен құрақ жапырып,
Тепсіне тепкен, ерлеген.
Жүйрік жанды жүйткітіп,
Жай көңілді ұйтқытып,
Тербегенде не деген?
«Қурайдай өмір солғанша,
Жер койнына қонғанша
Айтарыңды айтып ел!» деген.
1929 жыл.
ДОМБЫРА
Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл, тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін, жел соқтыр
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қалмасын,
Ойды — қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда — бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің күйшісі — ау,
Құлағымды қиқулат,
Көңілімді қандыра,
Тәтті — тәтті күйге тарт
Көргеніңді күй қыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің жыршысы — ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті — тәтті күйге тарт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен, сұңғыла,
Құлшына тарт, домбыра!
1929 жыл.
СЕРТ
Жинал бүгін, кел бері!
Бүгін әлем нұр шашты.
Көктемдегі күн, жердегі
Ел жайласты, ұласты!
Екпінде, қалам екпінде!
Ақындар!
Ежелгі ескі қу дала,
Бүгін еңбек ойнағы.
Ес өлеңді, шудала!
Қырдың жыры қайнады!
Еңбекке, қалам,еңбекке!
Ақындар!
Өмір деген, бүгін түс,
Соқ! Сақылдат балғаны!
Өмір деген бұл күрес,
Ақын күрес палуаны!
Күреске, қалам, күреске!
Ақындар!
Бұл бір сертім ақынға,
Бұл рапортым бүгінге!
Ақындық аз «ақылда»,
Жыр жүректің түбінде!
Жүрекке,! Қалам, жүрекке!
Ақындар!
Еңбек табы екпіндеп,
Бес жылдығын төрт жылда
Орындауға етті серт,
Қыздыр ақын, қимылда!
Көмекке қалам, көмекке!
1930 жыл.
КОМБАЙН
Ертіс деген бір су бар,
Сол Ертістің сыртында
Аты «Октябрь» бар совхоз,
Егіні ұшан cap теңіз,
Қыр еңбегі қыруар.
Егін сары болғаны
Қазан соқты, келді күз.
Желге ойнақшып cap теңіз,
«Пістік, пістік, пістік біз,
Пістік, пістік», — деп шулар.
Сол теңіздің. төсіне
Қаптар құрыш қаз, құстар,
Қонар қаптай көк қулар.
Қызыл жемсау, көк тұмсық,
Қанаты іштен дүрілдеп.
Жүрсе гүр — гүр сілкініп,
Ойнайды іші күрілдеп;
Зыр — зыр қағып көк ұршық
Тракторы тырылдап,
Құрыш арыстан ырылдап,
Жіп шынжырлар жыбыршып.
Алтын бидай белінен,
Шалып оттап шалғысы
Ұстарадай сырылдап.
Машиналы еңбектен
Шығады әсем қоңыр күй
Қыр балқытып ыңырсып.
Қырда жүзген осы қу,
Әрі шалып, әрі орып,
Әрі баулап, әрі айдап,
Әрі ұшырып, суырып.
Жүзді қулар, егін — су…
Жүзіп қырда, белесте,
Атсыз, жансыз жүгіріп,
Қу дегенге келмес пе
Сабан саңғу, дән құсу.
Бұ не деген керемет?
Астық жерде тік тұрып,
Қас қаққанша сыпырылып,
Машинаға жұтылып,
Бастырылады, еленеді.
Оқтын, оқтын жанына
Ағып келеді грузовик,
Грузовикке байырқап
Емізгендей ботасын
Талтаяды бұ шіркін,
Салбырайды бір емшек,
Емшек емес, көк шүмек
Сорғалатып дән төгеді.
Дәнге толып құшағы
Автомобиль ышқынып
Қайта қайтып жөнеледі.
Мұның аты комбайн
Өзі шалғы, өзі орақ
Өзі қырман, өзі арба,
Өзі күрек, өзі қап,
Ал қаптай бер, дән дайын!..
1930 жыл.
МӘСКЕУ- ҚАЗАҚСТАН
АТТАНЫС
Бірінші
Қаңғыр қоңырау,
Жүгірген жан ентелеп.
Жұртты жұтты вагондар,
Биязы түтін шүйкелеп.
Ащы ақырды аспанға
Паровоздан бір гудок.
Екінші
Қаңғыр қоңырау,
Бұл ең соңғы звонок.
Қалтырады отарба,
Болды безек дөңгелек
Жылтырады электр,
Ал жарысты көп діңгек.
Осындай ұшқыр бір поезд
Мәскеуден шықты
Шүу — шүулеп.
ЖОЛ
Мәскеуден кеткен бұл поезд
Бұлтты қапты бұлдырап,
Ен даланы, тоғайды
Қақ айырды құлдырап.
Дала, қала, поселке
Шимай шытыр екі жақ.
Қоштасқандай қол бұлғап
Жел тиірмен қос құлақ.
Жапан жарған қос шойын,
Жатыр қасқа жол ұзақ.
Тиегені қару — жүк.
Трактор — так, трактор — так,
Тасығаны қалың қол;
Еңбек, көмек, күш, кітап.
Трактор — так, трактор — так.
Тепті поезд сырғанақ.
Мәскеуден тартты бұл поезд,
Беті — бері, біздің жақ.
ЕЖЕЛГІ ДАЛА
Мәңгі қарға оранып,
Тауы аспанға тілдескен.
Асқары атқып, суы ағып,
Бұлт асқарға мінгескен.
Бурыл шағыл, бұйра құм
Өмірге жел күрескен.
Дәл осындай біз жақта
Ежелден бір ел өскен.
Өмірі бұлт, уақыты жел,
Құралайша күн кешкен.
Батыр билеп, бай жайлап,
Ханы қанап қан ішкен.
Ішінен дерт, сырттан өрт
Жарлыны жеп жегі құрт,
Жайлаған да түгескен.
ЖАУ ЖОРЬІҚ
Бұл даланың бұрынғы
Бұлдыр өткен күні мол,
Сонау өткен күндердің
Біле білсең бірі сол;
Бұл далаға ағылған
Ескі Мәскеу, Петрбор,
Ағылғанда неғылған:
Қаптаттырған қалың. сор.
Қаптағанда неғылған:
Таптап тұрған қанды қол.
Шекпен жауып, шен тағып,
Қан қақсатқан залым, зор.
Жұртқа құрған улы тор,
Соныменен не керек,
Дала өлік, ел киік,
Артында жау, алдында op.
САЯТ
Онда аттанған жау еді
Дәметіп қыр аңынан,
Сарыарқада саятқа
Сары ала иық жабылған.
Болыс — бүркіт, тілмаш — ит,
Сонарлаған қуып аң.
Еділ, Іле екі өзен,
Екі ортасын жуып қан;
Азып — тозып еңіреп,
Дала қанға шомылған.
Төреге тарту — бұқара,
Дала меңіреу зарынан.
Еркін қорқау ен қойға
Отаршыдан, обырдан
Ел жылап, мәз ақсүйек;
Талай қорған, талай шеп
Ел қанынан соғылған.
ОКТЯБРЬ ОДАҒЫ
Сол дала есті жиғанға
Ерік алып уһлеп,
Аттай он жыл боп қапты,
Сорған жылан түсті деп,
Қуанғанға болып шат.
Жарылғанға шер жүрек,
«Жаман тондар» үстем боп,
Бастан қырсық көшті деп.
Бай, жуанның, патшаның
Үкімі, үні өшті деп.
Қорғаным деп құтқарған,
Сауыс саусақ, күс білек.
Қолын соның алғанда
Таяқ, орақ балға да,
Ұштасқанға үш тілек!
ҚИМЫЛ
Мәскеуден шыққан сол поезд
Қиқулап қырда шапқандай;
Зіркілдеген дөңгелек
Жерге қазық қаққандай;
Ұйқылы — ояу Алатау
Құлағы елең қаққандай;
Қазақстан өзені
Өзге арнамен аққандай;
Қазақстан тастары
Өрге құлап жатқандай;
Қауырт атқа мінгендей,
Қалмаған жан аттанбай;
Еңіреген ел ол күнде,
Масайрасып бұл күнде
Күшті күйді тартқандай.
КЕЛГЕН КІМ?
Ежелгі ыза — кек кернеп,
Тау суындай тасқандар;
Ақ патшаны аударып,
Алпауытты басқандар;
Бай, бұржойды бөріктіріп,
Жауымызды шанышқандар.
Қарумен, қанмен, қайратпен,
Сорлыға жол ашқандар;
Октябрьді ұрандап,
Жер жүзіне шашқандар;
Мынау поезд, келгендер,
Сол басшылар, сол ерлер,
Бүгінгі бас қосқандар.
ШЕФ МӘСКЕУ
Қанқор Мәскеу марқұм боп,
Көп болды өліп қалғанға.
Қамқор Мәскеу бұл күнде
Жалғыз жұлдыз жалғанға.
Маяк Мәскеу, күн Мәскеу
Зарыққанға, талғанға.
Азаттыққа алысқан,
Әлем табы арманға
Жетуіне жол — Мәскеу.
Штаб Мәскеу майданда,
Қол ұстасқан бірлескен.
Басшы — Мәскеу, шеф — Мәскеу;
Бізден кейін қалғанға.
БІЗДІҢ ОРДА
Тағдыры боз, тас, жусан,
Тарығып қырда өскен кім?
Тағдырдың тар бұғауын
Білеміз кім шешкенін.
Есіңді жи, ел бол! — деп
Аштың есік, Мәскеуім.
Даладан, таудан, алыстан
Саған қарай көшкен кім?
Біліміңнің бұлағын
Мейірі қанып ішкен кім?
Октябрьдің ордасы,
Сенде қайнап өскен кім?
Сол сорлы елдің баласы
Мыңдаған жас әскерім,
Ендеше ордам, одағым,
Қамқорым, менің Мәскеуім!
ҚОШ КЕЛДІҢ
Ежелгі ескі далада,
Ебелектей көшкен кім?
Қонысы — сай, көші — жел,
Көгермей қурап ешкен кім?
Ел сүйегін сондағы
Сұр жыландай тескен кім?
Сол жыланнан құтқарып,
«Мен бауырың!» — дескен кім?
Қолдан құлдық кісенін
Кескен кім де, шешкен кім?
Сендер, сендер, жолдастар,
Оны салсын естен кім?
Ендеше шебім Мәскеуім,
− Қарсы аламыз!
− Қош келдің!
КӨМЕГІҢ
Сахарада жатқан ел,
Деуге келдің — қоссын бас!
Жер астында жатқан кен,
Деуге келдің қойныңды аш!
Жаңа жолым Түрксіб,
Жаңа даланы, сал құлаш!
Жаңа аулым — коллектив,
Өнерлі бол, егін шаш!
Құлақты құрт, байды жой,
Деуге келдің, бауырлас.
Айдалада андай ел,
Деуге келдің қоссын бас!
Ен далада жатқан кең,
Деуге келдің қойныңды аш!
Қазақстан — еліңе,
Социалдық өмірге
Деуге келдің жылдам бас!
Қарсы аламыз, қош келдің,
Кел, көсемім, Мәскеуім,
Көмегіңе біз мұқтаж!..
1930 жыл.
АЛТЫН ҚАЗАН
Төгілген алтын Алтай сілемінде,
Ертістің көкті қапқан иегінде
Жез бесік, алтын құндақ Риддер жатыр,
Сақтаған бар асылын жүрегінде.
Тау сұлу Алтайдағы батсайыдай,
Қар орап әсемдеген ақ шайыдай.
Саңқылдап Алатаудан аққан бұлақ
Боз малта, тасты төккен ақ сабындай.
Асқардан Үлбе өзені ақырған су,
Алтайдың мұзын, қарын сапырған су.
Ақ жалын лапылдаған асқан қуат
Тау — тасқа электрден шашқан шашу.
Әне аспан, әне ала тау, қар менен мұз,
Өзен мен шулап жатыр шың менен құз.
Ағын су нажағайдың отын шашып,
Электр жарқыратқан жерден жұлдыз.
Егерде Үлбені өрлеп шыға келсең,
Айнала асқарларға көз жіберсең,
Кенге бай кен Алтайға тояр көзің,
Кең алқап — әлде қазан, әлде керсен.
Ашқандай аспан көкке асқар қойнын,
Қазандай асқар қойны алқап, ойдым.
Сол ойдың ортасында отын төбе
Орнықты ордасындай ұлы тойдың.
Сол төбе әсем сұлу бұл маңдағы,
Қызылдай үйіп қойған қырмандағы.
Үйіліп қалды ма екен дегізгендей
Асқарда алтын қайнап тұнғандағы.
Міне, осы асыл Риддер — алтын қазан,
Қорғасын құйып, мұнда алтын қазған.
Іргелеп сол төбені заводтар тұр,
Айқайлап ала тауға тартып азан.
Сақырлап машиналар тасығандай,
Үгіп тұр тасты, кенді насыбайдай.
Тетіктеп бір жұмыскер жүргізіп тұр,
Өзінің бір жақсы атын қасығандай.
Мырышты алып жатыр илеп нандай,
Қорғасын шыжғырылып еріп майдай.
Арылып арамынан алтын жатыр,
Кілегей сүтке қаймақ ұйығандай.
Қош айтып жарық дүние ала тауға,
Шахтыға түспек болдым шыңырауға.
Кигенім шахтер шекпен, алғаным шам,
Түскенім төмен мініп — шелек қауға.
Қозғалсам, не ойласам, әлде нетсем,
Біржола кеткендеймін қыбыр етсем.
Құлдырап шыңырауға түскен тастай
Жөнелдім жер астына жеті жексен.
Кім көрген жердің астын бұдан бұрын,
Індікеш, тарам — тарам, бұлың — бұлың.
Тамшылап, су сорғалап, батпақ ағып,
Үстің тас, алдың үңгір, астың жылым.
Ерлер көп бұл арада істеп жатқан,
Жол шапқан, қазық қаққан, шамын жаққан.
Ақтарып асыл кенді бұзып алып,
Тоқтаусыз тиеп, сүйеп өрге тартқан.
Азулап алтын, жезді, цинктерді
Кеміріп алмас қашау, киркі жеді.
Арадай гүлге қонған асыл бұрғы
Бұлқынса Алтай асты дүркірейді.
Сықпалап жезіңізді ірімшіктей,
Соқталап қорғасынды жіліншіктей
Талқандап, елеп, екшеп алып жатыр,
Тастамай бір асылын түйіршіктей.
Қайнаса міне осындай кен қайнасын,
Ойнаса міне осындай қол ойнасын.
Алтын, жез, қола, күміс, қорғасын,мырыш,
Тапқандай табиғаттың бар қоймасын.
Еңбекке жең сыбанып, бас байлаған,
Ер сонда жерді жонып, тас шайнаған.
Қорытып қорғасыннан құрт қайнатып,
Ешкі емес қазақ сонда тачка айдаған.
Тастамай тас желінін идірмеген,
Бірлесіп бие сауған Риддер деген.
Ел сонда, еңбек сонда, ерлер сонда
Соңырқап жер астында шүйгіндеген.
Қолдарға асыл іздеп ішін ойған
Сияқты асқар төсін төсеп қойған.
Ала бер қазынаңды, қоймаңды ақтар,
Жігіттер, «соғым шүйгін» тауды сойған!
Бауырым, көн иықты, тымақты інім,
Риддердің қорғасыны сияқты інім!
Қимылда, кеңіте бер кең құдықты,
Беруге тілден басқаны ұяттымын.
Білім біл, машинаңды өзің жүргіз,
Басшы бол бауырыңа енбек сүйгіз.
Ауылда қара жаяу бозбала көп,
Соларды машинаңа бірге мінгіз.
Дабыста мына завод ақырғандай,
Дүркірет қырды еңбекке шақырғандай.
Талқанда тауды — тасты қаз, бауырым,
Еңбектен ішкен суың татыр балдай.
Жасарсын кәрі Алтайың жаңарғандай,
Нұр алсын ен далаңды ағарғандай.
Ауылға артта жатқан нұр болыңдар,
Жарқыра Риддердегі жаққан шамдай!
1930 жыл.
ЕРТІСТЕН ХАТ
Журналыңның бетіне,
Жұртым, жаздым сәлем хат.
Жүзгенім Ертіс өзені,
Мінгенім «Алтай» — пароход.
Төбем — аспан торғыннан,
Маужыраған кең майдан.
Астым ағыс толқыған,
Сылдыр — сылдыр су ойран.
Жатыр жосып нұр төгіп,
Ежелгі Ертіс енеміз.
Ағын жазып, су сөгіп,
Ертіс өрлеп келеміз.
Жар жағалап қиқулап,
Пристаньды көреміз.
Қалғандарға қол бұлғап,
Кетсек белгі береміз.
Бай, сұлу жер Өскемен,
Қатпар — қатпар қойнау тау.
Алтын, күміс, қорғасын,
Асыл қойма қойған тау.
Алтын ботқа кен Риддер
Еңбекшілер сойған тау.
Дария дүлей, Ертіс өр,
Біздікі бір қой малтау.
Ақырын аяң қу қалқу,
«Алтай» атан еріне.
Иір — иір шыған су,
Ертіс жатыр төгіле.
Күндіз бұлтсыз күн ашық,
Маңай нұрға көміле.
Кеш бұлтсыз, ай жарық,
Бетке салқын леп үре.
Малақайлы матрос,
Кочегар, жүкші өзіміз.
Орысыңның аузында
Өзіміздің сөзіміз.
Тарбағатай, Ертісті
Өрлей, құлдай көріңіз.
Жиырма бесті шырқайды
Кәдімгі көк көзіңіз.
Қыстай кітап кемірген,
Шәпкілі, шашты інішек
Аттаныпсың ауылға,
Бұған болады сүйсінсек.
Бригада комсомол
Қаптаңдаршы халыққа.
Электрдей шырақ бол,
Шығарыңдар жарыққа.
Мен де жүрмін жүк сүйреп,
Ертіс — «Алтай» пароход.
1930 жыл.
*∙*∙*
Бәйшешекпен безенген
Биік — биік белдер — ау!
Қырдың гүлі — қыр қызы
Дөң басына шықса кеш,
Маужырап бойың тұра алмай
Жатармысың сен тыныш?
Сол белеңді құлпыртып
Құрметіне қонақтың
Сақ — сақ неге күлмейсің,
Тұрармысың тым — тырыс?
Қызыл шапақ, сен дағы
Шаш нұрыңды, сәуле төк!
Әңгүрттенбе, қой тентек,
Ақырынырақ, жел тыныш!
1930 жыл
КҮН БОЛАМЫЗ
Туғанбыз күн нұрынан күн боламыз,
Нұр шашып қараңғыны жарқ етіп.
Ту ұстап, тұлпар мініп толғанамыз,
Көк жерді көміп нұрға, қарық етіп.
Қар, мұзды жерді қысқан сел етеміз,
Жаудырып көктен нөсер дүрілдетіп,
Бұлтты айдап, тұман түріп желдетеміз,
Есілте ескекті өңнің күйін шертіп.
Жадырар жанның бәрі нұр бөлеген,
Маужырар жан- жануар, жер көсіліп.
Жер қалмас жаңармаған, түлемеген,
Көгалмен көріктерміз гүл өсіріп.
1930 жыл.
ДОМБЫРА
От шалып, жалын жалап, қозғап қанын,
Шыжғырса қуырдақ қып жанның жанын,
Еріксіз қол қағылды екі ішекке,
Назды мұң, сылқылдақ үн жалғап сарын.
Мойындап мұңаясың, бас иесің,
Еріксіз тыңдағандай шердің зарын.
Ызылдап жерден төмен сызып кетіп,
Көресің жан-жағынан ән қанжарын.
1930 жыл.
* * *
Есалаң минут
Жынды жүрек
Жүгенсіз
Осылай жүреді.
Ұсынар кімдер,
Heгe тіреп?
Көрген адам Маған
Күледі, күледі.
Есерді кешер,
Кез болса сол жан:
Ащыны татқан,
Алыстан жортқан
Біледі…
1930 жыл.
EЛECKE
Қара бір көзің мөлдіреп,
Қарама, жүректі өртейсің.
Елесіңе ішім елжіреп,
Жанымды улап дерттейсің.
Асау жүрек құр тулап,
Күзетеді, тосады.
Көрінбейсің мені улап,
Елесіңді елес құшады.
Сүйемін сені өңімде,
Құшамын тек түсімде.
Мендей сүйген өмірде
Болды ма екен кісіде?!
Күдіктімін осыған,
Жоқ, болған да жоқ шығар.
Мен осыдан шошынам:
Суретің елес боп шығар!..
1930 жыл.
П – ҒА
Жаным сәуле,
Болдым әуре,
Мен тыныштық көрмедім,
Өз дертіңмен,
Сарғайдым мен,
Құр әуремен өлмедім,
Сен жалғанның,
Барша жанның
Жұлдызысың, нұрысың,
Сені таппай,
Таңым атпай,
Қараңғы өмір құрысын,
Неге сезім,
Неге көзін
Жандырады жүректі?
Саған батып,
«Заң» қиратып,
Білдіре алмай күн өтті.
1930 жыл.
ТАҒЫ СОҒАН
Айнымай, қоспай дәл айтсам,
Жалғанда, сәулем, сұлусың.
Бет бітімді сұлу бар,
Туылса сендей туылсын.
Көкке біткен сұлу көп,
Сұлуда күннің нұрысың.
Жүрегім аяз, жаным мұз,
Жақында, саған жылынсын.
Жерден өнген сұлу көп,
Сұлуда соның гүлісің.
Дауа таппай жүр жаным,
Иіскейін, дерт үзілсін,
Кенде біткен асылдан,
Ақ алтынның. буысың,
Көлге біткен сұлу көп,
Сұлуда көлдің қуысың.
Көлінде көрін, жарқылда,
Кетейін суға қу үшін,
Таңға біткен таза көп,
Тазаның ағын суысың,
Күл, сарқыра, жарқыра,
Көңіл кірі жуылсын.
Көңіліме дерт, жаныма өрт,
Болған сенің тұрысың.
Арманым сен, дертім сен,
Сермедім қол, жетер ме.
Ұстар ма екен уысым.
Құшақтап еркін тиіскен.
Еріннен еркін сүйіскен.
Бал ішер ме екен, у ішім…
1930 жыл.
ТҮС
Білмеймін әлде дала, әлде сарай,
Күз десем, тас көрмедім қарай, қарай.
Жақпара, жарма жапқан зер шымылдық,
Әсем саз, алтын нақыш айнала орай.
Көк шулар, таста толқын ырғып ойнар,
Фонтандар мөлдір тұнық ырғып қайнар.
Балықша құлаш ұрып жүрген кеп жан
Шомылып, малтып, қарғып, сүңгіп бойлар
.
Ішінде сол думанның мен де бірге,
Шат — шадыман кірген екем өзге түрге.
Қасымда қара маубас жолдасым бар,
Білмеймін әлде күндіз, әлде түн бе?
Қара көз жауқазын ет, сауысқандай,
Секіріп судан шықты бір ақ маңдай.
Жоқ болды шымылдықтың қалқасына,
Бір сурет болды, қалды айналғандай.
Қалғанын білем және көзім шалып,
«Тұра тұр…» — дегенімді білем анық.
Білемін оттай жанып, оқтай ағып,
Шап етіп қалғанымды құшаққа алып.
Сақ етіп машинаның тетігіндей,
Жауында жасынның жарқ етуіндей.
Құшақта ырғатылып тұрды толқып,
Ерінге ерні ілініп, беті ілінбей.
Жаттығын жатсам да ұйықтап сездім толық,
Жүрегім қалған екен ойнап соғып.
Нөмірдің төсегі екен, жалғыз екем,
Жоғалтып… оймен іздеп жаттым жорып.
Жол бар ма? Кімге өмірде ұшар екен?
Бұл кімнің осынша отты құшағы екен?
Алған кім күндізгі есті, түнгі түсті,
Бұл сезім мұнша неге қысады екен?
Бұл анық П- ға ұқсар ма екен?
Тұзағым түсер ме екен, тұсар ма екен?
Алынып сол сүйгеннен жылы жауап,
Қытықсыз түстегідей құшар ма екем?
1930 жыл.
*∙*∙*
Сұм жалғаннан,
Жаннан,жардан
Таңдаған ем,
Тапқан ем
Жанға жанған,
Жана талған
Бол деп қорған,
Айтқан ем.
Соңғы, бұрын,
Іште сырым,
Еш жасырын
Қалмаған.
Көңілімді,
Өмірімді,
Бар шынымды
Арнағам.
Өртеп арды,
Асау қанды,
Албырт жанды,
Ноқталап,
Бекер сөзбен,
Мекер көзбен,
Мен бе іздеген
Ақ тамақ?
Отты қанды,
Бар иманды,
Жайдым жанды
Алдыңа.
Сенсін дегем,
Мен білмегем,
Неге іздегем,
Қаңғу ма?
Ұшан — теңіз,
Кез болып күз,
Жамылып мұз
Суыған.
Үміт еткен,
Күндей күткен.
Мен дәметкен
Жылы жан.
Сағындым деп,
Жалындым көп,
Неғылдың? — деп
Үздігіп.
Жан суыған,
Жауабыңнан,
Азынаған,
Ызғырық.
Сендіре алмай,
Жылай — жылай,
Неше жылдай
Жаздым хат.
Шашылмай нұр,
Ашылмай сыр,
Көргенім бір
Дипломат.
Отты сезім,
Өтті сөзім…
Жан қайығын
Жарға ұрдым.
1930 жыл.
*∙*∙*
Жүр ме екен сәуле көлеңдеп,
Жайдары көңіл, жаны жай.
Не болды деп, байғұс — ай,
Ойлай ма екен көрем деп.
Онда да осы суық жел,
Семейше соғып тұр ма екен?
Онда да өмір сұр ма екен,
Жан таппай дос кенелер.
Жаңбыр жауып, жалынды өрт
Әлде мәңгі өшті ме?
«Барға қанағат» десті де,
Бітті ме екен айтқан серт.
Әлде жүр ме ол құры,
Таппай ма екен ләззат.
Махаббат ісі — мұнажат,
Жей ме екен жан сорлыны.
Әлде өзімен — өзі боп,
Қайғысыз, менсіз, алаңсыз,
Тиюсыз, жансыз, имансыз,
Барға сабыр, мейлі тоқ?..
* * *
Жаным, жылама, Жасыңды бұлама,
Ажалды, ажалсыз жерде,
Қазасыз пенде
Бола ма?
Білем, білем…
Жүрегіңнен,
Мейірімді сен
Бір ана.
Бақытың бітпейді,
Қызығың бітпейді.
Жылама!
Қош айт!
Сен алманың ағашысың,
Көгересің әлі,
Қалсын қара жер, қалсын!
Бер қолыңды, кәне!..
1930 жыл.
ЖЕТЕРМІЗ БЕ TIЛEKKE
Ақылдың аузын шарт байлап,
Қосылуға серт ойлап,
Бердік билік жүрекке.
Алдымызда асқар тұр,
Ауыр, ауыр тастар тұр,
Тұрмыз әзір түнекте.
Сол асқарды асқанша,
Сол тастарды басқанша,
Талай бейнет шегерміз.
Бәлкім, тауда ұрынып,
Бәлкім, тасқа сүрініп,
Құрбандық боп өлерміз.
Әлде жолды ашармыз,
Әлде асқарды асармыз,
Қосылармыз армансыз.
Бізге бақыт кез болып,
Иесі оның біз болып,
Қосылармыз алаңсыз…
Әңгіме боп ермекке,
Дос азайып кембекке,
Жау көбейер ұрмаққа.
Шулатармыз талайды,
Істің алды қараңғы,
Ойлар ауыр кей уақта.
Қадір қалмай тырнақтай,
Қырық кісі бір жақтай,
Қыңыр кісі біз болып,
Айналаның қылығы,
Бізге қоғам билігі,
Жарамызға тұз болып,
Аяғандар «байғұстап»,
Жылағандар қарғыстап,
Жұмыртқа боп шіріген.
Жанның бәрі таң қалып,
Жау өшігіп, қамданып,
Айрылғандай үйіріңнен.
Сүйеу қылып көңіліме,
Сүйдім сені өміріме,
Саған қояр сұрауым,
Сен де «сүйдім» дедің бе?
Жүрегімді идірген,
Ғашығымсың күйдірген.
Мен разы өмірге,
Сүйген үшін сүйдірген.
ЖАНДЫ АСЫРАУ
Жаңармау деген ауру,
Жаңалау жанның тілегі.
Соңырқау қанның жүрегі,
Жапырақсыз ағаш қу емен.
Айбар қылып «арам» мен,
«Адал» менен алдалау,
Азаттық емес, жан қамау,
Адамдыққа несі тең.
Біреуді біреу сүю бар,
Ол — от, ол — күн, ол — көңіл.
Батар, кетер, өзгерер,
Сүюде, жану, сөну бар.
Біреуге біреу тию бар,
Ол — мер, дағды, ол — өмір.
Қоңыр өмір, құм көңіл,
Үйрену бар, көну бар.
Төрт аяқтан екі аяқ
Ажырайды несімен?
Махаббат ісімен
Айуан, адам — екеуі
Бір туысқан ағайын,
Адамда өткір көңіл бар,
Айуанда сезім тым доғал,
Талабы жоқ — «таңдайын
Махаббат жалын, жан оты,
Сөнді, болса жоқ күтім,
Онсыз өмір көк түтін,
Жандыруға жаңа отын!
1930 жыл.
ӨМІР БЕКЕР ӨТІПТІ
Өмірдің өрін өрмелеп,
Көңілдің өрін көрмеп ек.
Өткелінде кешіп ек.
Қайығында қалтылдап,
Теңізінде тербеліп,
Дауылында көшіп ек.
Орта белде кездесіп.
Бір көңіл, бір жан! — десіп,
Жүрек шерін шешіп ек.
Сүйісіп шын жүрекпен,
Өмірден бұл тілекпен
Өтерміз — ақ десіп ек.
Сол сөзбенен келеміз,
Сол сөзбенен өлеміз,
Сөгер бізді «несі?» деп.
Не дегені — не керек?
Саған жүдеп жүр жүрек,
Көзім қарай тесіледі.
Өмір менен көңілде
Біреу тонып секіреді,
Біреу бес күн есіреді,
Мұның бірі бізде жоқ,
Бұлардікі, қай қылық?
Дегендікі кесір еді.
Көп толғадық біз сырды,
Көп сынадық өмірді,
Өмірде әлденеше рет…
Жылдамырақ сүйіс деп,
Барады сүю тым күштеп,
Түр ғой бақыт елестеп…
Шын осылай шешіледі!
Өзің жоқта жан ауру,
Қаным құйын, ойлай,
Маужыраймын есінеп.
Жалғыз арман көңілімде!
Өртеген от өмірде
Кешірек, жаным, кешірек
1930 жыл.
ОРМАН
Махаббат гүлі ерекше,
Ерте неге көктеп ең?
Өртедің — ау бөлекше,
Махаббат гүлі ерекше,
Құлады қиял терекше,
Мен құлағам, жетпегем
Махаббат гүлі ерекше,
Ерте неге көктеп ең.
Қырға қызыл атты таң,
Тарихи ұлы шабуыл,
Алда айқын даңғыл жол,
Текпінді екпін, көшті ұран,
Еңбек алдыналаны.
Еңбексіздер ыңыранды,
Ұлы думан, ұлы шаң.
Қалсын кәне кім бұдан!
Қуан, жүрек, шын қуан!
1930 жыл.
АҚЫН МЕН МАҚЫМ
Мақым деген бақсы болды,
Тамыршы, құмалақшы болды.
Ақ тоқымды жаяр еді,
Бір ысқырып қояр еді.
Қырық бірді шашар еді,
Бір сарынға басар еді.
Бұлдыр тұман бірдемені
Отырар еді тантып тегі.
Өзі тіпті күлмеуші еді:
Күңк,
Күңк,
Мыңқ,
Мыңқ
Үндеуші еді.
Әлдекіммен сөйлескендей,
Оттың басын үрлеуші еді.
Ап!
Сап!
Қара пышақ!
Ай құлақ!
Бақ!
Бақ!
Бақ!
Бақ!
Оқыранып, Мекіреніп,
Кейде жаман екіленіп,
Мұның тілін, жын болмаса,
Тірі пенде білмеуші еді.
Біздің маубас ақын болды,
Ақын болса, Мақым болды.
Сөз дегенің қырық құмалақ,
Ақ қағаз — ақ тоқым болды.
Аунап тапты, күлден тапты,
Әйтеуір бір түрлер тапты.
Қырық жіліктеп бөлшектейді.
Ұстатпайды, өлшетпейді. Жырқылдатып,
Тырқылдатып, Ыңқылдатып,
Қырқылдатып, Бұтып,
Шатып…
Сөз сорлыны қуалайды.
Сөз сайысып тұра алмайды.
Оны қуып оқыған жан,
Сүрінеді, тұралайды.
Өлең деген быт — шыт болды.
Күй, көркемдік ұмыт болды.
Ішек — қарны ақтарылды,
Быт — шыт болды.
Быт — шыт болды.
Өлең деген бұл ақынша.
Бақ! Бақ! Болды. Қық! Қық! Болды.
Так! Так! Болды. Пық! Пық болды.
Таптық, міне, осы жолды.
1930 жыл.