Асылбек Байтанұлы. Азбенен көпті қамту эталоны немесе Асқар Сүлейменовтың Бесатар хикаяты турасында
Қазақ әдебиетінде өзінің интеллектуалдық өресімен дараланған қаламгерлердің бірі – Асқар Сүлейменов. Қаламгердің шығармашылық ғұмыры социалистік реализм атты көсілтіп бауыр жаздырмас, шығандап шығартпас шектеулі дәуірге тап келді. Сонда да ол ұлтының арман-мұратын, мұң-зарын үміт-аңсарын төл туындыларының тұңғиық терең қатпарларына сыналап енгізе отырып, бөгенайлаған ойлы оқырманға анық-қанық жеткізіп кетіпті десек, қателеспеспіз.
Қазақ әдебиетінің классигі, сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Кітап аты – «Бесін», авторы – Асқар» атты мақаласын: «Ойға мырза, образға бай, бос сөзге сараң кітап – ең үлкен арман. Әдебиет осыны күтеді, оқушы соны күтеді. Бел астында ма, ол арман барлық қалам ұстағанның «Темірқазығы» болары сөзсіз»[1,3], — деп бастауының өзі бекер емес. Расымен де Асқар Сүлейменов шығармашылығы, әсіресе прозасы ұтымдылық, қысқалық, нақтылыққа құрылғанын көреміз. Жазушының әр туындысы шымыр сюжетке, берік композицияға, терең тартыстарға құрылған.
Шындығын айту керек, Асқар Сүлейменов қаламынан туған кез келген шығарманы бірден түсініп кету оңай емес. Тіпті, кейбір оқырманға мүлде кілтін ашпай қоюы да мүмкін. Әр туындыдағы ой мен сезім қақтығысы қабаттасып, монологтар мен диалогтар, қалыптан тыс баяндаулар қазақ тілінің құнарлы ділмарлығымен өріліп көз алдыңызға келгенде, бірден дендеп еніп, жорғалата жүгіртіп кете алмай кібіртіктеуіңіз кәдік. Яғни, өзге көптеген жазушылардағыдай оқиғадан оқиға жеңіл өрбіп, оқырманды ілестіріп әкететін үрдіске сырдаңдығына қайран қалуыңыз әбден мүмкін. Бірақ, бәрібір терең толғамның, оқыс та шебер қиюласқан композицияның тұңғиығына біртіндеп батып, еріксіз баурай бергенін байқамай да қаласыз. Сөз басында Ғабең айтқан: «ойға мырза, образға бай, бос сөзге сараңдық» – шын жазушының шеберлігі деген осы болар.
Проза, әдеби сын, драматургия, аударма салаларында еңбектер қалдырған қаламгердің біршама шоқтығы биік еңбектері проза жанрында жазылған екен. «Проза жазбаған ұлы ақын кем де кем. Ақынды прозамен тексеріп алса теріс емес»[2,47], — деп өзі жазғанындай, Асқар Сүлейменов прозасында сомдалған ұлттық кейіпкерлер, олардың күйініш-сүйініштері, адамдық келбеті, түрлі мінез қалыптары тұтас бір қайталанбас кезек образдар галереясын құрайды.
Асқар Сүлейменовтің суреткерлік қыры туралы сыншы Сайлаубек Жұмабек былай деп жазған екен: «Асылы, Асқар Сүлейменов, аз айтсын, артық-кем айтсын тек қана үлкен парасатпен айтатын сирек суреткер болатын. Тым дәлелдеп, тым қазбалап, тым бақайшықтап айту оған жат болған. Ол әрқашан бауыздау тұстан айтатын, әрқашан орып айтатын. Бұл орайда, оның пікірлері, толғамдары Шалкиіз бен Махамбет поэзиясындай әрқашан мейлінше тәнті ететін» [3,3].
Асқар Сүлейменов қаламгерлігінің басты ерекшелігі – әдепкі өмір құбылыстарының өзінен терең философиялық-психологиялық тартыс жасап, оқырманды ойлануға, сол әдепкі құбылыстың өзіне басқаша көзбен қарап ойлантуға мәжбүрлеу болса керек. «Ақ кемпір», «Қара шал», «Адасқақ», «Бесатар» – барлық туындыларында жазушы осы қалпынан еш жаңылмайды.
Асқар Сүлейменов туындыларында шиеленісіп, оқиғадан оқиға туындап жататын сюжеттер де, періштедей пәк идеал немесе қанын қара жер де қабылдауға құлықсыз дерліктей анық жауыз, жағымсыз кейіпкер де жоқ. Оның есесіне, әрбір туындыда өмір құбылыстарымен, ішкі сезім иірімдерімен астасқан сан қилы характерлер бар. Яғни, жазушы өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, ой арпалысына баса мән береді. Және де мұның өзі лайықты іс-әрекеттер арқылы тиянақталып отырады. Осындай туындылардың бірі – «Бесатар» хикаяты.
Қазақтың күллі даласын, қырғыздың сай-саласын өрттей шарпыған 1916 жылғы көтеріліс оқиғасы – қазақ жазба әдебиеті мен фольклорында жазылудай жазылып, жырланудай-ақ жырланған тақырыптардың бірі. Өлеңдер, поэмалар, хикаяттар мен романдарға пьесалар мен киносценарийлерді қосуға болады. Міне, солардың ішіндегі дарасы – «Бесатар». «Асқар 16 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын бір тәуліктің ішіне сыйғыза алыпты. Әңгіме кеше күн көтеріле басталады да, бүгін күн ауа аяқталады. Езбесі көп еріншек өмірден бұрқ еткен жалын, жігері ғана алынған. Сол аз уақыттың ішінде айналасы 4-5 адамның басынан кешкен қақтығыстар арқылы қозғалыстың ішкі сырын, мән-мәнісін аша алған, есте қаларлық бейнелер жасап үлгерген.»[1,3].
Расымен де бір тәулік ішінде арпалысқан түрлі характерлерді өмір шындығымен, мұнда баяндалмаса да, оқырман түйсігі арқылы сезінетін көтеріліс стихиясының өрбуімен шебер астастыра отырып ұсыну – шеберлік емей немене?
Мейманасы әбден тасыған үстемшіл офицер Иноземцевтің қолға түсуінен басталатын оқиға өрісі бұдан ары қарай характерлердің арбасуына ұласып кете барады. Мейманасы әбден тасыған үстемшіл Иноземцевтің тұтқындағы халін, жүні жығылып, бишара күйге түскен қалпын былайша бейнелейді: «Қазақ атаулыны ылғида табанында тауып үйренген ақ патшаның жас офицері және де, погонын көргесін, көп шапан қалайша дір етпес екен деген күшікей үмітке малданды. Алайда шапандар тарапынан тілге келген ешкім болған жоқ, сонсоң, әлгі үміттің орнын мыналар қамшы үйіріп кете ме деген қауіп басты – Иноземцев екі иығын құлағына дейін көтеріп ұялып алды, қамшы бірақ ысқырынған жоқ.»[1,50] Күпінген, бұған дейін погонымен, айдынымен ықтырып үйренген орыс офицерінің ішкі үрейге толы жан дүниесіндегі құбылысты осы бір оқыс оқиға арқылы бере алған.
Шайқаста тұтқынға түсуден өзге шарасы қалмаған Иноземцевтің алдынан кез келген түйе жүн шекпенді, қара ала ат мінген аққұба шалдың сәлем алуының өзін офицердің бұдан арғы тағдырын айқындайтын ұтқыр ишара десек болады.
— Ассалаумағалейкум, — деді. Тізгінді қоя беріп қос қолын қабат ұсынды да. Қараланың үстіндегі құндыз бөрік шал мұның алақанына екі бүктеген қамшысын сұқты. Қазақтардың сәлем үстінде сілкілеспесін білетін Иноземцев қамшыны жеңіл ғана қысты да қоя бере салды. Ақсары шал, сосын иегін көтеріп атыңа мін дегендей ым жасады, шөңге саусақ біреуі сап-салқын шүберекпен, жібек-ау шамасы, көзін таңды» [1,150]. Қазақта «қамшының ұшын да бермеді» дейтін тұспалды айтылым бар. Және де мұндағы әдепкі сәлем алудағы қазақы қалыптың бұзылып тұруының өзі сәлем алушының сәлем берушіге деген наразы да тәкаппар, ызалы қалпынан хабар беріп тұрғандай.
«Бесатарда» жиі кездесетін суреттердің бірі – кейіпкерлердің психологиялық портреттері. «Ташкенттегі маузер байланған көп офицердің ішінде қазақшаға жүйрігі Крейгельдің» әкесінің портреті: «Етжең бет аузы ұйқы қақты боп бір, арақ өтіп екі беті домбыққан батькасы Ташкенттен шығарда бөдене құйрықтатып күзеп тастаған сақалын иегімен қосып уыстағаннан басқа қайрат қылған жоқ-ты. Жазира өлкені жаулап алып, емін-еркін таптап жүрген жат жұрт өкілдерінің өмірлік ұстанымы Крейгельдің өз әкесінің туған жерге деген «ықыласы» арқылы аңдаусызда-ақ анықтала кетеді: «Мамандығы полиция офицері болған соң да кісінің көмейіндегі ойын қабағынан тануға кәнігі болып алған Крейгель әкесінің ата мекенге, қайран Сычевкаға деген деген ықыласының шіркеуге сырт көз үшін ғана баратын кәрі қыздардың діндарлығындай-ақ екенін оңай ұққан.» [1,154].
Хикаяттың оқиғасы осылайша, өзіндегі азғана қаһарманның өзара байланыстағы арбасуы мен толғаныстары, сана-сезім қалып-күйі арқылы өрбиді. Кешегі өктем офицер, бүгінгі тұтқын Иноземцев, айлакер де залым Крейгель, салқынқанды да дәндар Төрехан, кесек мінезді, сом тұлғалы Мұқағали, албырттықты байсалдылыққа жеңгізе бастаған қыршын жас Сәруар, қызметінің қойторысы Голоножкин… Осы алты адамның образы арқылы жазушы өз айтайын деген ойын анық та айқын жеткізе алғандығын көреміз.
Бір-бірімен берік шыжымдалған кейіпкерлер қатарындағы ерегі – Төрехан образы. Иноземцевке қамшының ұшын ұстата салуынан бастап, өзінің бірбеткей өрлігі, өжеттігімен даралана түседі. «- Немене, сонша шыжбыңдап, — деді… Жұқа шапқа бөгелек төнгенде құлын екеш құлын да қайрат қылмақ. Қыңқыл мен қыңсыл үшін оқып жүрсең өзің біл, менің, бірақ, басымды қатырма, айналайын. Алла жазған ырысым бар ышғар. Біреуде артық, біреуде кем – ырзықсыз жан жоқ. Азды-көпті өмір кештік, татып, талмап келе жатқаным сол ырзық, ешкімнің садағасы емес, сенің ақылың емес жүде. Енді бүгін кеп саба түбі сарқынды жасым қалғанда, ақ патшаның ауыздығын қарш-қарш шайнаған күдері желке төресі дікектер екен деп құрақ ұшар жайым жоқ. Ұшпадым, ұша алмадым, уа сақалымды секеңдетіп ұша алмаймын жүдә»[1,158] Елінің азаттығы үшін өзінің де, жалғыз ұлының да басын бәске қойып, біржола бекіген қайсар шалдың кесімді байламы. Төреханның Голоножкинге айтқан мына сөздері арқылы бұл байлам анықтала түседі: «Дұрыс, науетегім. Көрінген күшігенге жем болғанша, қаныңды тазқараның өзі ішкені жақсы. Соның өзі жақсы. Шибөрі тартқан ісектен көкжал жеген теке артық. Мен де бір амалдағы бөкеннің сасай болған текесі дә» [1,158]. Мұндағы этнографиялық танымның өзі бір мақаланың жүгі болып тұрғандай.
Ақ патшаның офицері, барша іс-әрекеті аярлық пен айлаға толы жарау төре, Крейгель образын жазушы тікелей де, жанама да суреттей отырып, қапысыз сомдап шыққан. «Мана, сырттан демесең, көз тоқтатып қарай алмап еді – кірген бетте жұлдыз іздегендей түндікке ұлып тұрып алған ақ төре жарау аттай ширақ кісі екен. Сәруар ұшып орнынан тұрды. Крейгель бел жазғаны ма, қос қолын мықынына таянып оңды-солды теңселіп кетті. Тәрбиесінде кішіден алдымен иба, үлкеннен алдымен салиқалық күтіп үйренген жас жігіт бұтынан бұзау өткендей ұзын сирақ офицердің мына қылығынан қатты ыңғайсызданып қалып еді»[1,161]. Екі түрлі мәдениет өкілінің әдеп, иба тұрғысындағы танымдық өзгешелігін жазушы осынау аз сөйлеммен-ақ бере салған. Сырттан табалдырық аттап кіріп келе жатқан ой-ниеті дұрыс, қазақы әдеп-ибаны білетін адам, әрине, былай жасамайды. Астамшыл, ожар, оспадар әрі көшпенділікке жат мәдениет өкілінің табалдырық аттап қос мықынданып тұруы – әрине, ерсі қылық. Бірақ, Крейгельді былайша бағалауға және де мүмкіндік жоқ екен:
«Ерсі қылығын естілікке жеңдірген төре сөйткенше болмай:
— Ассалаумағалейкүм, — деді. Ұзақ сөзді буынын жұтып қысқартпай, аузын толтырып, созып айтты.
Беліне салаңдатып бесатар асынған, діні бөтен, тілі бөтен офицердің су таза қазақшасы, қазақша қираһаты, сондайлық тосын екен. Сәруар біт сәтке, сүтке тершіген тас көргендей аңырып қалды. Ұсынған қолының төреген жетпей ауада қаңтарылғанын да байқаған жоқ.»[1,161]. Демек, Крейгель – қазақ дәстүрін білмейді емес, біледі. Қажет жерінде оны табанынан таптай келсе, реті келгенде бодан ұлттың тілі мен салтын өз қажетіне жарата білетін, әскере жырынды қу. Қазақтың енді қалыптасып келе жатқан жас буын оқымыстылар буынының өкілі Сәруардың бойындағы аңғал, аңғырттықты жазушы осылай, сарбдал ойлы Төрехан мен ысқаяқ Крейгельмен тіл қатысулар мен аз-мұз әрекеттер арқылы, көбінесе сезім қалып-күйлері арқылы аңдатып, бекіте түседі.
Төрехан мен Сәруар, Крейгель мен Төрехан, Крейгель мен Төрехан, Крейгель мен Сәруар, Иноземце пен Мұқағали арасындағы психологиялық диалогтар арқылы характер ашылумен қатар, оқиғаның немен аяқталатынын да жазушы біртіндеп аңғартып, оны оқырманның өзінің аңдауына тастайды.
Хикаяттың ішкі иірімдерін зейін сала меңгеріп, ілесіп отырмасаңыз, адасып қалуыңыз да мүмкін. Күрделілік пен қарапайымдық қатар егізделген туындының әдеттен тыс иірімдері – осыны талап етеді. «А.Сүлейменов – әлемдік әдеби процеске ішкерілей енген, оның терең иірімдеріне бойлаған жазушы, Сүлейменов прозасы күрделі эксперимент проза. Экспериментті болатыны – ол әлі толқып тұрған, әлі аптығы басылмаған проза. Оның прозасы ХХ ғасыр жаңалықтарын бойына тұтас сіңіре білген, жинақталған нағыз әлем» [4,7].
Автор жалқыдан жалпыға ауыса отырып, тұтастай бір халықтың бойындағы жағымсыз мінез-болмыстарды тап басып ашып көрсетеді, типтік мінездеме жасайды: «Қазақ екеу болса, оның бірі шоқ, бірі мұз кескінде келмек. Бұлар басқа түгіл, ойнап табысатын орайдың үстінде жем көрген құзғын көзденіп шыға келеді. Ал бұлар үшеу болса, ана-мынау цирктен табыла бермейтін мейрампаздықтың қилы-қилы иіріміне тап болдым дей бер. Себебі, от кескін мен мұз кескін ырсылдасып-ысылдасып жатқанда, үскірік соққан үсік алмадай үшінші қазақ қаша тартар шақ іздеп, жиынып-түйініп отырмақ» [1,199]. Ілгерідегі Абай айтып кеткен қазақ бойындағы мінез-болмыстың тамыр-талшықтарын өткір лупамен жақындата түскендей қалып. Азғана сөйлемдермен, шағын абзацпен-ақ көп жағдайларды жүрегіңнің безбенінен өткізіп, санаңа салмағын сездіріп кетеді. «Көп жазып күлдібадам туынды беру екінің бірінің қолынан келді. Аз жазып, сазды да мәнді шығарма жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Аз жазу, бірақ саз жазу мұраты – Сүлейменов шығармашылығының басты өлшемі»[3,3].
Шым-шытырық сюжеттерді ойнатудан гөрі ақыл-ойдың ағынына құрылған талғамды, өрелі туындылар жазуды мұрат еткен Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» хикаяты – тек жазушының өз еңбектері арасында ғана емес, жалпы қазақ прозасындағы шоқтығы биік жауһары ретінде жасай бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. А.Сүлейменов. Шығармаларының толық жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2006 ж. – 368 бет
2. А. Сүлейменов. Кек. – Алматы: Өнер, 2002. -728 б.
3. С.Жұмабеков. Парасат падишасы. //Алматы ақшамы. — 1992. 29 желтоқсан
4. А.Қалшабеков. Асқар және модернизм. //Қазақ әдебиеті. 2003. 29 желтоқсан
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.