Әлия Іңкәрбек. Сел-сезімге селт етпейтін шақ мынау

0

АЛМАТЫ

Алматы, өзің айтшы жөн бе мұным,
Өлеңнен озып кетсе пенделігім?
Жанымды жауын жуып жылайын бір,
Қосылып аспаныңа мен де бүгін.

Даңғылыңдай тағдырдан бос өтер кім,
Жалғыздықпен туғалы дос екенмін.
Алматы, ию-қию көшелерің,
Шимайы емес пе екен пешенемнің?!

Жаңбырыңды аяулы құрбым еттім,
Күттік біз тағат таппай жырды көп күн.
Лүпілінен қуат ап, тірі жүрмін,
Алматы, сенде соққан мың жүректің.

Асқарыңнан өзімді таныдым мен,
Жан дертіме бəрібір ауылым ем!!!
Алматы, дəл осылай тұрсаң болды –
Шығарып сап, қарсы алып жауыныңмен…

ТƏУБЕ

Ағаттығыңды кешкенмен,
Кімге Өмір оңай дес берген?
Менен де өтіп барады,
Он сегіз дейтін көш-керуен…

Бақытты қайтем кеш келген,
Тағдыры неге өш дер ме ең?
Айыбым шығар өлең деп,
Адасып кетсем «есті елден».

Болмасам-дағы баққа құл,
Сүріппін өмір тəп-тəуір.
Адамның бəрі – жанашыр,
Адамның бəрі – жатбауыр!

Тірліктің, білем, түбі – мұң:
Жану мен сөну бір ұғым.
Ащы болсаң да сүйер ем,
Тəп-тəтті менің ғұмырым!

ҚАРСЫЛЫҚ

Такаппар Дүние,
Мені де көрші енді!
Шегір көздерден,
небір сөздерден тіктедім еңсемді.
Мен емес шығармын бақытсыз алғашқы,
Мен емес шығармын сормаңдай ең соңғы!

Ғасырлар жаратпай жылдарды,
Жылдарға жастығым ұрланды.
Сапарға бір шыққан жолдастан,
Қасымда кім қалды?

Менікі аңсау ма жоқ бақты,
Бір мақтау – кеудеме от жақты.
Бір мақтау – езуді жидырмай,
Бір мақтау – күлкімді тоқтатты.

Алдайды. Ойы боп көздеген,
Тең етіп қояды өзгемен.
Болды енді, көп əуре болмаңдар,
Жігіттер, сенбеймін сөзге мен!

ӘЖЕ

Өсиет айтсаң өзіңді тыңдарым анық,

Ұялмай оқып берейін жырларымды алып.

Танымай кейде қалар деп қорқамын, Əже

Жылда бір барып…

Кеше көр мені, Уақыттың құлына айналдым,

Балалығымның сағындым күнін, айларын.

Қаланың мынау күйбені қажытқан екен,

Бүгін ойландым…

ҒҰМЫР

Тағы, міне, телідім жырды мұңға,
Адам түгіл,маған бұл қала бөтен…
Менің сəби – Сезімім шындығында –
Тек Өмірге еркелей алады екен!

Көрінсем де такаппар, өр боп елге,
Балалығы ерімес асқар едім!
Жарақатын жазмышым емдегенде,
Бəрін мүмкін басынан бастар ме едім…

Жо-жоқ, қайта келмес ем, бұл жалғанға,
Бір-ақ ғұмыр жетеді!!!
Шын сүргенге:
Өзіңді ойлап оңаша мұңданғанға,
Өлең жазып, бейуақ күрсінгенге!

КҮТУ

Алматыға келдім дедің,

Қарсы алды ма мың жүрек?

Оқымайтын жырды көп…

Вокзал қандай кең болғанмен

сезіндің де тарлығын,

сыртқа шықсаң ерке қала

төгіп тұр ма жаңбырын?

Қолшатырың бар ма, жоқ па,

маңызды емес ол мүлдем,

Мен де солай жанымдағы

жалынымды сөндіргем!

Күлімдеші,

аспан біздің

Маған қарап бір күлсін,

Шаттандың ба,

шаршадың ба кім білсін,

бара жаттың әлдеқайда асығып,

Күткеніңді жасырып…

Бәрі де бар –

Алматының жаңбыры мен наласы,

Тек мен жоқпын –

Анау бір қыз мен емес пе,

қарашы…

НАЗ

Мен ішіндемін,
Əлеміңнің.
Сен түсінбедің,
Жəне…күлдің.

Мен күрсінбедім,
Күте, жүдеп…
«Сен – гүлсің», — дедің,
Тікені көп!

Мен жалған дедім,
Бар өмірім.
Сен алдан дедің,
Қане, бір күн…

Мен пендемін ғой,
Бар шыны – Өлең.
Сен келмедің ғой,
Қалшы дер ем!!!

ҚЫРЫҚ ҮШ

(Нұрлан Әбілдиннен)

Қырық үш жас,

Алдамағын мені енді!

Самайымда сен қатырған ақ қырау,

Жанарымда — шаттық та жоқ,

мұң да жоқ.

Жастық шаққа жатпын-ау.

Бәлкім, жиі жүк арттым ба

жырға көп?

Сел-сезімге селт етпейтін шақ мынау…

Жалыны кем жүректердің сырларын,

Келмейді енді тыңдағым.

Жалғыз сәуле нұрлы үмітке жалғанар,

Қырықта да алынбаған бар қамал.

Тоқтата алмай Уақыттың ағысын,

Есту қиын жүрегімнің Дауысын.

Мезгіл жетсе әдетінше гүлдейді —

Шие – «ескі танысым».

Табиғатқа жүрмейді, рас, пәрменің,

Биыл тағы шие ағашы гүлдеп тұр,

Самайыма ақ түсіпті ал менің…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.



Әдеби портал