Айнала ажарланған ақ күміс күн… |

0

Тұрсынхан Абдрахманова

Ақ мамық

Жер де аппақ, көк те аппақ көркем неткен,
Шоқ ұлпа тік құлайды торғын көктен!
Мөп-мөлдір таңертеңгі тұнық ауа,
Япыр-ай, жел болсашы-ау бір үф еткен.

Ақ үлпек баяу қалқып үлп-үлп еткен,
Қайыңды қалыңдықтай үлбіреткен.
Теректің әр бұтағын ақ мамыққа,
Тәрізді әдейілеп орап кеткен.

Көркінен көзіңді алмай қарағандай,
Қайсы бір нәзік бұтақ көтере алмай.
Ақ ұлпа төмен сырғып күрп еткенде,
Ақ боран алай-дүлей борағандай.

Оранған ақ мамыққа тарап қандай!
Емес пе көңілден күй боратқандай?
Нұр төгіп тамылжыған бұл сұлу таң
Сан сырлы сезіміңді оятқандай.


Оразақын Асқар

Ақ қырау

Қырау, қырау, ақ қырау,
Мейлі, қайда қарама.
Үйлер қырау, бақ қырау,
Жармасады жағаңа.

Қаны тамып бетінен,
Елдің өңі кіргендей.
Бұрқыратып шетінен
Шылым шегіп жүргендей.

Аяз неткен күйші еді,
Құлақ күйін келтірген.
Жол – домбыра ішегі
Аяқ бассаң шертілген.

Аялдама дегені
Секілді би алаңы.
Тасығандай өнері
Әркім билеп алады.

Аяз күшін содан біл,
Қарыған-ау, шыдатпай,
Күннің өзі қып- қызыл,
Тоңып қалған бұлақтай.


Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

Ақ қары қайда?
Ақ борандардың жынданған
шақтары қайда?
Осы ма аяз?
Осы ма қыс дегендерің?
Жабысып неге қалмайды тістегенде ерін?
Ойылып жатқан шетінде
оқтай аңғардың
іздері қайда тізілген ақ қояндардың?
Айтсаңшы, қайда,
уа, менің армандас құрбым,
үдере көшкен үйірі арлан қасқырдың?
«Құбылған Айдың жасаурап қыли көздері, –
деуші едің маған, –
боранның ұлиды өздері!»
Қария шыңдар жоқ мұнда
тұлыпқа оранған,
тұратын ылғи сыр тартып
күліп бораннан,
қасқайған құздар жоқ мұнда,
қыс қалай келіп,
түлкі ішік киген,
басына ұшпадай бөрік.
Осы ма аяз?
Осы ма қыс дегендерің?
Жабысып неге қалмайды
тістегенде ерін?!.


Қалқаман Сарин

* * *

Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.

Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.

Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.

Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады.
Құшағыма қатты қыстым.

Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.

…Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.


Бауыржан Қарағызұлы

***

…Енді саған көсемсіп, не демекпін?!
Қар жауып тұр…
Қарашы, керемет күн.
Көктем емес, кешіккен тағдыр шығар,
Қар жауып тұр…
Қар емес – көбелек-мұң.
Еркеледің, әдейі, күлімдедің,
Кішкентайым…
Қайтейін, күнім менің.
Бәрі жақсы, тамаша, дұрыс бәрі,
Қызық маған, жығылып, сүрінгенім.
Солай, солай…
…Жылатамын, жүректі ұлытамын.
Өп-өтірік жанымды жылытамын.
Ештеңе де болған жоқ, қар жауып тұр…
Ұмыта алам, ұмытам, ұмытамын…


Танакөз Толқынқызы

Мен аппақ қар боламын

Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.

Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.

Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.

Қолшатырлар шықты міне шеруге.
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген…


Ерлан Жүніс

Қысқы элегия

Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.

Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
…Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əәлде ол жасың ба екен?..

Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?

Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей…
…көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?

Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?

Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..

Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар!
Қар!
Қар!..


Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

АҚ СӘЛЕМ

Артымызда шамалы алыс жол қалды,
Раушан-кеш әлі есіңде барма әлгі?!
Сенің адал жүрегіңнен аумайтын,
Алматыға аппақ-аппақ қар жауды.

Қыс сезімнен тітіркеніп түйсіктер,
Сенбесең сен, анау талды сілкіп көр.
Таңғы сәтте сыр айтады шешіліп,
Сенің күміс сырғаң сынды бүршіктер.

Біз де біраз белестерден өтіппіз,
Мың арманның жалғызына жетіппіз.
Былтырғы қыс ерте түскен еді ғой,
Былтырғы біз – мүлде есейіп кетіппіз.

Аппақ мәрмәр, ақ ұшқындар, армандар,
Ақ үмітке жерік еткен ақ жолдар.
Ақ сәлемді жеткізіңдер мен жақтан,
Алатаудың баурайында қарғам бар.

Өмір бізге нендей сырын ұқтырды,
Түнеу күні түсіме аппақ құс кірді.
Менен жеткен сағыныштың лебі де,
Ақ шарфыңа қонған аппақ ұшқынды.

Артымызда шамалы алыс жол қалды,
Раушан-кеш әлі есіңде барма әлгі?!
Сенің адал жүрегіңнен аумайтын,
Алматыға аппақ-аппақ қар жауды.

Қазақ әдебиеті