Әділет Ахметұлының жыр жинағы жарық көрді
Ақын Әділет Ахметұлының «Әділет» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді.
Бұл туралы ақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. «Аса қымбатты ағайын! Осындай бір жаңалығымыз бар. Тұңғыш өлеңдер жинағым баспадан шықты. Толқынысты көңіл -күйді жеткізу үшін тағы да өлеңге тізгін ұстаттық. Ел мен жердің көңілінен шыққан шығармамыз бар болса, біз үшін одан ұлы бақыт жоқ!» деді ақын.
Біз ақынға шығармашылық табыс тілей отырып, бірнеше өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Сіздерге
Ақиқат қандай ұлы, алып есім,
Алайда көрсетпейді кәрі бетін.
Мен саған ұсынайын ау, туған ел,
Жүректің көзі көрген «әділетін»
Ғұмыр кейде кекесін, өмір ысқақ,
Жоны қайқаң болады, жолы қыспақ.
Қазақ деген халықты құлай сүйдім,
Жапырақтай жанымды қолыма ұстап.
Өлең мені дос етті жермен мәңгі,
Өлең ғана басқандай шер мен зарды.
Ол менің балдан тәтті сағынышым,
Ерменнен қышқылырақ кермек дәмді.
Жалған сөз жасыра алмас іздерімді,
Сағыныш сақтап қалар ізгі елімді.
Сағынам сан мың жылғы бабалар мен
Мың жылдан соң туатын қыз бен ұлды.
Асқар таулар естіртті өз үнімді,
Қарапайым қазақпын сөзі ұғымды.
Іркуге жаным менің тым дәрменсіз,
Сізге деген сұрапыл сезімімді.
Қан тамырым – Қара Ертіс жосыла аққан,
Жан әлемім шектеусіз жасыл аспан.
Артығырақ сүйем деп айта алмаймын,
Сізді мен жалғыз уыс топырақтан.
Жұбатқан жұпар далам күймен мені,
Көп менің топырақтан үйренгенім.
Төл ұлының бірімін тарихтың,
Кеп қалған көп өлеңмен сый бергелі.
Жетелейді дейсіз сіз жігітті арман,
Құлатпайды ол да рас үміт жардан.
Қағазымды қабыл ал, Алты алашым,
Боз жусанның иісі сіңіп қалған.
Сурет
Өралтайдан алыстап көшті ауылым,
Есен бол абат дала, қош бауырым!
Ертіс, мен саған тартқан ер ұлыңмын,
Елемейтін ешкімнің тосқауылын.
Жортады жойқын өзен күн батысқа,
Ақ моншағы айналып Нұр, жақұтқа.
Ғажап сурет көреді кейде адамдар,
Керымсал кешкі уақта қырға шықса.
Қонғаны ауылымның Шиліқарын,
Тасынан ғалам Нұрын сүйді жаным.
Менің әкем төбеде отыратын,
Дабыстап қайырмақтап күйлі малын.
Ары аппақ, түңкелі аумақ алаш қонған,
Адамдары жасайтын ғажап талғам.
Жусанның иісінен қуат алып,
Аршаның бүріменен аласталған.
Шілік тал жағадағы билеп анық,
Жапырағын көне бір күйге малып.
Үйшікте үлкен міндет өтейтінбіз,
Тоңғағын жас қозының шимен алып.
Сай сала, жыра, жықпыт тобылғылы,
Секілді көктей түскен көңіл бүрі.
Көңіл мұңы дегенің бас көтермес,
Көкейіңе түскенде өмір Нұры.
Тауы текті Ертістың тасы да әсем,
Тасыңдай болсам мәңгі жасымас ем .
Бұйра белде бұғынған балалығым,
Білем қайта келмейсің қасыма сен!
Қағысқан көрші ауылдың тентегімен,
Ұл едік бұл далаға ерке кілең.
Ғажайып ғұмыр кештік біз осылай,
Адам айтса нанғысыз ертегімен.
Алтайдың алтын толы күн бетімен
Силаған Тәңірімнің құрметі кең.
Қош айттым Ертіске емес,
Ежелгінің
Енді ешкім сыза алмайтын суретімен.
Наз
Ана көкем өкпелеп қала ма деп,
Мына сөзім ауырлау бола ма деп.
Жалған күліп жалбақтай алмай жүрмін,
Жұқпаған соң осынау жаман әдет.
Жүректен сайрап шыққан дүниеңді,
Жеткізіп жалт қаратсаң дүйім елді.
Өзектен өз сөзіңді айта алмастан,
Өмір сүру деген де қыйын енді.
Осынау қыйындықты кім тудырды,
Көкейімде жүз сауал дүмпу жүрді.
Арба сынбас, өмірде өгіз өлмес,
Сен қайтып тірлік етіп жүрсің құрбы ?
Ананы айтсам мынадан қорғалаймын,
Жонда мұңым, жортып жүр жолда қайғым.
Өз елінің отына күйіп өлген,
Қасыретін кім білген «сорлы Абайдың».
Сақтау үшін күрестен басын аман,
Тағылымдар жасқанып, шашыраған.
Шындығын шым еткізіп айтар болсаң,
Шырт ете түсетіні-ай осы қоғам.