25 ЖАСЫМДА МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ АЛДЫМ |

0

Акбар МӘЖИТ, жазушы, аудармашы:

Акбар Мәжит ұлтымыз үшін көрнекті тұлға. Ол қытай тілінде қалам тербейтін бірден-бір қазақ қаламгері. Қытай астанасындағы «Қытай жазушылары» баспа тобы директорының орынбасары, «Қытай жазушылары», «Ұлттар әдебиеті» сияқты әдеби журналдардың бас редакторы болып қызмет атқарған. Акбар Мәжит бізге берген сұхбатында өзінің «Қайран он бестегі Халида-ай», «Ақсақ құлан», «Мұхаммед Пайғамбар», «Мұқали» тәрізді шығармалары туралы, Абайдың қара сөздерінің аудармасының қытай елінде қалай қабылданғаны туралы айтып берді.


…….

АБАЙ МЕН ӘУЕЗОВТІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҚЫТАЙША АУДАРМАЛАРЫ САПАСЫЗ ШЫҚТЫ

– Хакім Абайдың қара сөздерін қытай тіліне аударып кітап етіп шығардыңыз, бұл ең­бекті қытай оқырмандары қалай қа­был­дады? Аударма барысында қиындықтар бол­ды ма?
– 1994 жылы Бейжиңдегі «Ұлттар бас­пасы» қазақ бөлімінің жетекшісі Қалибек Манапұлы маған телефон шалып: «Акбар інім, бір қиыншылыққа душар болдым, көмегің керек, Су Жұншұн деген қытай азаматы Абайдың қара сөздерін орыс тілінен аударам деп жұтатып жіберіпті, соны оқып көрсең», – деді. Үйге әкеліп түпнұсқамен салыстыра оқыдым, шыны­мен де сапасыз аударма жасапты. Содан баспа жетекшісіне: «Бұл шығарманы мен қайтадан аударып шығарамын, өз атымнан шығарамын, мына аударманы редакциялауға келмейді», – деп ем, ол аударма кітап болып шыққанда Су Жұн­шұнның атын да қоса салсақ деп өтініш айт­ты. Ақырында солай болды. Бір ай отырып аударып шықтым. Абайдың қара сөздері жан-жақтылы ғылым. Оның ішінде әдебиет, мәдениет, философия, тарих, ұлттың тағдыры, тіл, жазу, ағарту, болашаққа көзқарас деген секілді ғылыми құндылықтар жатыр. Бұл кітапты аудару барысында мен қазақ әдеби тілінің өзге­ше қасиеттерін меңгердім. 1995 жылы бұл кітаптың тұсаукесерін өткізіп, Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай сыйға тарттық. Осыған дейін бұл кітап он неше рет басылды. Абай – әлемдік тұлға. Оның әр шығармасы тек қазақ халқының емес, адамзаттың туындысы деуге болады. Қытай оқырмандары да Абайды осы кітап арқылы терең тани бастады. 2013 жылы Қытай президенті Ши Жин пиң Қазақ­с­тан­ға келіп, Назарбаев университетінде сөз сөйлегенде Абайдың отыз жетінші қара сөзінен үзінді оқыды, ол кісі оқыған­дағы қытайша мәтін менің ау­дармам. Енді Абайдың өлеңдерін қы­тайшаға аударып жатырмын. Әдебиет көңіл мен көңілді, әдебиет пен әдебиетті жалғастыратын көпір ғой.
– Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жо­лы» томдықтары да қытай тіліне ау­да­рыл­ды емес пе, бұл кітаптардың аудармасы қа­лай деп ойлайсыз?
– Қарабайыр аударма, себебі бұл шы­ғарманы Қабай есімді Сібе ұлтының өкілі аударған. Аудармасын сөкпеймін, көп еңбектеніп жүріп, Абайымызды қытай тіліне алғаш рет аударған сол кісі. Бірақ, аудармасы шөл қандырмайтын дәрежеде екенін ашып айту керек.

……

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН


(Сұхбаттың толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

Қазақ әдебиеті