Арыста тағы жарылыс болды

0

5 шілдеде күндізгі сағат 14:30 шамасында Арыс қаласында тағы жарылыс болған. Түркістан облыстық төтенше жағдай департаменті әскери қоймада «қалып қалған 1-2 снарядтың жарылғанын» хабарлады.

— Қала тұрғындарына еш қауіп жоқ. Тұрғындар қаладан кетіп жатыр деген ақпарат расталмады, — деді Әуезхан Бердалиев Азаттық тілшісіне түстен кейін.

Арыс тұрғындары Азаттық тілшісіне әскери қойма жақтан қатарынан төрт жарылысты естігенін айтты.

— Арасы шамамен 30 секундтан қатарынан төрт жарылысты естідік. Үйде кәдімгідей вибрация сезілді, — дейді аты-жөнін атамауды өтінген тұрғындардың бірі.

Есімін атағысы келмеген тағы бір тұрғын әскери қойма жақтан саңырауқұлақ пішінді түтін көтерілгенін, өзге тұрғындармен бірге өзі де қаладан кетуге оқталғанын айтты.

— Біз қаладан шығып бара жатқан кезде әскерилерді көрдік. Олар бізге «қалаға қайтыңдар, қорықпаңдар, еш қауіп жоқ» деп айтты. Тұрғындардың кейбірі сонда да қарамай кетті. Кейбірі қалада қалды, — дейді ол.

Azattyq