Виргин аралдары офшорлар жайлы деректі ашу шартын атады
Британиялық Виргин аралдарының премьер-министрі Эндрю Фахи Bloomberg басылымына берген сұхбатында «егер басқа мемлекеттер өздеріндегі офшорлар жайлы деректерді ашса, біз де ел аумағында тіркелген офшорлар туралы ақпараттарды бөлісеміз» деді.
Виргин аралдарының билігі офшорлар жайлы ақпаратты Ұлыбританияға бермейтінін мәлімдеді. Фахи «офшорлар жайлы ақпаратты ашу әлемдік стандартқа айналса, ғана біз сол стандартқа бағынамыз» деді.
Виргин аралдарының билігінде елдегі фирмалардың иелері жайлы арнайы есеп жүргізетін жүйе бар, бірақ оған тек санаулы адам кіре алады.
2018 жылы Ұлыбритания парламенті арнайы заң қабылдап, өзінің қарамағындағы аралдарды 2020 жылға дейін офшорлар жайлы ашық база жасауды міндеттеген. Кейін Лондон бұл уақытты 2023 жылға шегерген.
2016 жылы панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әлемдегі саясаткер, бизнесмен және әйгілі адамдардың офшор-шоттары жайлы ақпаратын растайтын құжаттары жарияланып кеткен. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы жариялаған құжатта «Қазақстан азаматы» деп көрсетілген бірнеше адамның есімі аталып, олардың Виргин аралдарында офшорлары бары жазылған еді.
Мәселе панамалық заң компаниясы құжаттарында «Dariga N. Nazarbayeva» (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызының аты – Дариға Назарбаева) есімі аталған. Dariga N. Nazarbayeva 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компаниясының тең қожайыны болған.
Оқи отырыңыз: «Панама архивінде» Дариға Назарбаеваның аты тағы да аталды
«Панама құжаттарында» Дариға Назарбаеваның ұлы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөні жүрген. Құжаттағы деректерге сай, Nurali Aliyev «Alba International Holdings LTD» офшорлық компаниясының меншік иесі және «Baltimore Alliance Inc» компаниясы акционері болған. Екі компания да британдық Виргин аралдарында тіркелген.
Қазақстанға қатысты жарияланған ондаған адамның арасында активтерінің көбі жылжымайтын мүлік саласында шоғырланған миллионер Сержан Жұмашев та болған. Құжатта «Жұмашевтің бір компаниясы — CAPITAL AIRWINGS DELTA LTD — британның Виргин аралдарында тіркелгені» жазылған еді.
Тізімде «Ерлан Сағадиев» деген де есім болған. Құжаттарда оның Уругвайда тіркеуде тұратыны, британдық Виргин аралдарындағы Masterton Management LTD компаниясының тең қожайыны екені көрсетілген. 2009 жылы құрылған компания қызметін 2012 жылы тоқтатқан әрі сол жылы аукционда сатылған. Қазақстанда Ерлан Сағадиев есімді білім және ғылым министрі болған.
«Панама құжаттарында» Қазақстанда «әлеуметтік араздықты қоздырғаны» үшін сотқа тартылған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің (кейін Ұлыбритания азаматтығын алған) есімі де жүрген. Шолпан Мәмбеталина екеуі британдық Виргин аралдарындағы HALLWORTH PROPERTIES LIMITED компаниясының тең иелері ретінде көрсетілген. Мәмбеталин Азаттыққа «өз атында компания болғанын, бірақ қазір ол компаниясы жоқ екенін» айтқан.
2017 жылы Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың да Виргин аралдарында офшоры барын жазған.