Теңіз кенішіндегі оқиғаның ықтимал себебі қандай?

0

Бұл оқиға маусымның 29-ы күні Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз жұмысшылар кентінде болды. Үшінші буын зауыты құрылысы аумағында наразылық соңы жергілікті жұмысшылардың Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) компаниясындағы шетелдік қызметкерлерін ұрып-соғуына ұласты.

Оқиға алдында компанияның ливиялық қызметкерінің қолындағы рация антеннасын қызға бағыттап түскен суреті WhatsApp желісіне тараған болатын. Бұл сурет намысқа тиетін жағдай ретінде қабылданған. Сол күні CCEP компаниясының жұмысшылары наразылыққа шыққаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде жаппай тарай бастады.

ЖҰМЫСШЫЛАР АЙТҚАН СЕБЕП

30 жастағы Әсет Адамбаевтың (аты-жөні өтініші бойынша өзгертіліп алынды) ССЕР компаниясында жұмысқа тұрғанына көп болмаған. Маусымның 30-ы күні тек төртінші вахтасын алмастырған. Ол маусымның 29-ы күні таңертең жұмыста жиналып жатқан адамдарды көріп, әуелі не үшін жиналып жатқанын білуге барғанын айтады.

— Әрине, басында жиналғандар жан-жақтан шулағанда не үшін айғайлап жатқандарын түсінбедім, — дейді ол. Оның айтуынша, желіде шетел жұмысшысының қазақ қызбен бірге түскен суретінің тарауы өзге де әлеуметтік мәселенің қозғалуына себеп болған.

Әсет Адамбаевтың сөзінше, шетел және қазақстандық жұмысшылар жалақысы арасындағы айырмашылық қана емес, шетелдіктердің жергілікті жұмысшыларға қатынасы да осы наразылыққа түрткі болған.

— Біздің істейтін жұмысымыз бір. Бірақ біз қатарлы шетел жұмысшыларының жағдайы бізден әлдеқайда жақсы. Олар үш ай сайын ауысып отырады. Алатын жалақысы да жоғары. Ал барлық ауыр жұмысты атқарсақ та біздің жалақымыз 200 мың теңгеден (шамамен 520 доллар) аспайды, — дейді ол.

Теңіз кенішіндегі жұмысшылар ауылы. Көрнекі сурет.

Теңіз кенішіндегі жұмысшылар ауылы. Көрнекі сурет.

Оның сөзін қоштаған тағы бір қазақстандық жұмысшының сөзінше, сондағы кейбір мердігер компаниялардың жұмысшылары еңбек шартын созу үшін пара беруге мәжбүр.

— Адамдар ақша беріп, жұмысқа кіруге мәжбүр. Арамызда АРЕС [PetroTechnic-Атырау қаласындағы (мұнай компанияларына маман даярлаушы орын — ред.) арқылы келгендер де бар,- дейді ол. Айтуына қарағанда, оқу бітіріп келгендердің өзі жұмысқа қабылданарда осындай жағдаймен бетпе-бет келіп жатады.

Теңіз жұмысшылар кентіндегі наразылық видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Атырау облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі «жұмысшылар Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болғаны» туралы хабарлама жариялады. Қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы кикілжіңнен соң 40-тан астам адамға медициналық жәрдем көрсетілгені хабарланды.

ССЕР — «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының үшінші буын зауыты құрылысының ең ірі мердігерлерінің бірі. Онда жұмыс істейтін сегіз мың адамның 600-і — шетелдік. Компания ТШО-ның үшінші буын зауыты нысанында былтырдан бері жұмыс істеп келеді. ССЕР бұған дейін Нұр-Сұлтандағы «Абу Даби плаза» кешені құрылысын салуға да қатысқан.

ӘКІМ АЙТҚАН СЕБЕП

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Теңіз кенішіндегі оқиғаның еңбек жағдайындағы дискриминация салдарынан туындағанын ТШО-ның мердігер компанияларымен шілденің 2-сі күні өткен жиналысында растады.

Атырау облысынң әкімі Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысынң әкімі Нұрлан Ноғаев.

— Еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көп. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін төленетін ақылардың уақыты кешіктіріледі. Мереке, демалыс күндері істеген жұмыстар үшін пайдаланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады. Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен, жұмысшылар оған шағымдануға жұмыс берушіден қорқады. Күзет фирмасының өкілдері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтаудың орнына жұмысшыларды қорқытумен айналысқан. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі қитұрқы әрекеттерін жасаған фактілер де бар, — деді Нұрлан Ноғаев.

Әкімнің сөзінше, тапсырыс беруші компаниялар, ТШО, NCOC (Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеріп жатқан ірі Солтүстік Каспий жобасы) еңбекақыны әділ төлеп отырмыз десе де, жұмысшының қолына ақырында шамалы тиын-тебен түседі.

КОМПАНИЯНЫҢ УӘЖІ

ТШО-дағы дүрбелеңнен кейін Атырауға келген ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишам жұмысшылар наразылығына себеп болды делінген компания администраторы Эли Даудпен келісім-шарттың бұзылғанын, оның еліне қайтарылғанын хабарлады. Ол видео арқылы өзінің оқиға туралы ести сала Атырауға жеткенін және Қазақстан халқынан кешірім сұрайтынын айтты.

— Эли Даудтың іс-әрекеті үшін барлығынан кешірім сұраймын. ССЕР басшылығы мен қызметкерлерінің атынан бұл ССЕР-дің саясатына, құндылықтары мен қағидаларына сәйкес келмейтін келеңсіз оқиға болғанын айтқым келеді. Біз осы жағдайға байланысты толық ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайтын боламыз. Қолымды жүрегіме қойып, ССЕР-дің бауырлас қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын айтқым келеді. Мен болған жәйт үшін тағы да кешірім сұраймын, — деген ол видеода.

Бірақ ССЕР компаниясының бас директоры жұмысшылар жалақысындағы айырмашылық туралы ештеңе айтпады.

ТШО-дағы жұмысшылар наразылығынан соң Иордания, Палестина және Ливия елшілері де Атырауға барды. Олар да облыс әкімімен кездесті. Бірақ елшілер кеніштегі жағдайды тұрмыстық сипаттағы мәселе деп санайтындарын, оның қайталамауға тырысатындарын айтып кетті.

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі ССЕР компаниясымен арадағы келісім-шарттың бұзылмағанын айтты. Ал Chevron компаниясының Еуропа, Еуразия, Таяу Шығыстағы барлау мен өндіру жөніндегі президенті Тодд Леви шілденің 2-сі күні облыс әкімдігіндегі кездесуде Теңіз жобасына тартылған барлық мердігер мекемелер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді.

МӘСЕЛЕ МЕРДІГЕРДІҢ МЕРДІГЕРІНДЕ МЕ?

Атырауда орналасқан, мұнай компанияларына маман даярлаушы оқу орны APEC PetroTechnic баспасөз хатшысы Раушан Найзабекова ССЕР компаниясындағы жұмысқа қабылдауға оқу орнының еш қатысы жоқ екенін айтады.

— Жұмыспен қамту орталығы ұсынысымен біз жұмысшыларды оқытып шығарамыз. Олар содан соң компанияда тест тапсырады. Оларды жұмысқа алу немесе алмау — сол компанияның ішкі шаруасы. Біз олардың оқығаны туралы тек сертификат береміз. Олар компанияда тест тапсырады, супервайзер одан өтті деп санаса, HR менеджерлерге береді, — дейді ол Азаттыққа.

Саясаткер, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» жетекшісі Зәуреш Батталова Қазақстанның мұнай-газ секторларындағы келісім-шарттардың ашықтығына қол жеткізгенде ғана бұл проблемалардан арылуға болады деп санайды. Ол Теңіз кенішін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған америкалық бизнесмен Джеймс Гиффеннің төңірегіндегі «Қазақгейт» деген атпен мәлім болған жанжалсыз елестету мүмкін емес дейді.

Зәуреш Батталова ТШО-ға мердігер болуға мүмкіндік алған компаниялар басқа субмердігерлер алу арқылы көп жағдайда өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін басқаның иығына артады деп есептейді.

— Тек ТШО емес, басқа да Қазақстан секторын игеріп жатқан шетелдік компаниялардағы жергілікті жұмысшылардың құқығын сонда істейтін шетелдіктермен мүлде салыстыруға келмейді. Бұдан жергілікті тұрғындар зардап шегеді. Себебі Атырау — республиканың бюджетті құраушы маңызды аймағы. Ондағы жалақы көлемі осы мұнай-газ секторының еңбек ақысымен бағаланады және ол тұтыну бағасына да әсер етеді, — дейді Зәуреш Батталова.

Бұл Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың алғашқы наразылығы емес. Жыл сайын мұндағы түрлі мердігер компания жұмысшылары жалақыдағы алшақтық пен еңбек жағдайын көтеріп ереуілдетіп келеді. 2019 жылдың қаңтар мен маусым айлары аралығында «Кентек Казахстан Техникал Сервисез» және «Cаренс – Казахстан» мердігер мекемелері жұмысшылары жалақыны өсіруді талап еткен.

2006 жылдың қазан айында Теңіз кенішіндегі еңбек жағдайы мен жалақыдағы теңсіздіктен туындаған наразылық қазақстандық және шетел жұмысшыларының арасындағы ірі қақтығысқа айналған еді. Жаппай төбелестен соң жүз шақты шетел азаматы жараланып, көптеген азамат Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.

Өткен сенбіде жұмысшылар наразылығы болған ТШО-ның үшінші буын зауыты жобасы 2023 жылы толық салынып бітуі тиіс. Құны 37 миллиард долларға бағаланған зауыт құрылысы аумағында қазір 15 шақты мердігер компания жұмыс істейді.

Атыраудан – 340 километр, Құлсарыдан 120 километр жерде орналасқан Теңіз кенішінде 40 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазақстанда 1993 жылдан бері істейтін «Теңізшевройл» мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 пайыздық акциямен), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25 пайыздық акциямен), қазақстандық «ҚазМұнайГаз» (20 пайыздық акциямен) және LUKArco (бес пайыздық акциямен) компаниясы кіреді.

Azattyq