Үкімет Арыстағы оқиға мен несиені өтеуге байланысты бюджетті нақтылады
Қазақстан үкіметі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жекелеген азаматтардың несие борышын азайту» туралы өткен аптада шығарған жарлығына сәйкес, тұрғындардың несиесін өтеуге жұмсалатын шығысты қосып бюджетті нақтылау туралы заң жобасын әзірледі. Бұған қоса жобада Арыс қаласында 24 маусымда болған өрт пен жарылыс салдарын жоюға қаржы бөлу қарастырылған. Биліктің мәліметінше, Арыстағы төтенше оқиғадан үш адам қаза тауып, зардап шеккен ондаған адам ауруханаға түскен. 40 мыңға жуық адам мекен-жайын тастап көшуге мәжбүр болған.
2 шілде күні өткен үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы республикалық бюджеттің негізгі өлшемдері өзгеріссіз қалатынын айтты. Оның сөзінше, жоғарыда айтылған мақсатқа қажетті 370 миллиард теңге (бір АҚШ доллары 381 теңгеге тең) шығынды қайта бөлу арқылы алынады. Қаржының көп бөлігін – 300 миллиард теңгеге жуығын үкімет Тікелей инвестициялар қорын құруға қарастырылған ақшадан алмақ.
Үкімет тұрғындардың кепілсіз алған тұтыну несиесін жабуға 88,5 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Кей бақылаушылар билік мұны қоғамда күшейіп бара жатқан үкіметтің әлеуметтік саясатына деген наразылықты бәсеңдету үшін жасағалы отыр деп санайды.
«Қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылатын әр борышкер үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек түрінде мемлекет 300 мың теңгеге дейін жалпы мөлшерде негізгі борышы және ол бойынша есептелген өсімпұлды өтейді» деді Смайылов. Ол елде 250 мыңнан астам борышкердің қарызын толық жабу, ал өзге борышкерлердің қарызының бір бөлігін – 300 мың теңгені өтеу көзделіп отырғанын айтты.
Қаржы министрінің сөзінше, «жұмыспен қамту, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау шараларына 138,6 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржы әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларының балаларына қосымша білім гранты, жұмысшы мамандығын оқып жатқан жастарға төленетін шәкіртақыны көбейтуге, ауылда жерге шағын несие бөлуге, жастарға арналған арендалық баспана құрылысын салуға берілмек.
Бұған қоса үкімет резервін 72,9 миллиард теңгеге ұлғайтып, қаржының бір бөлігін Арыс қаласындағы тұрғын үйлердің 85 пайызын бүлдіріп кеткен төтенше оқиғаның салдарын жоюға жұмсауды жоспарлап отыр. Бюджетті нақтылау үшін үкіметтің өтініші бойынша депутаттар парламент сессиясының жұмыс мерзімін созған. Бұған дейін маусымның соңында жазғы демалысқа шығып келген депутаттар биыл 6 шілдеге дейін жұмысын жалғастырады.
26 маусымда президент Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың «несие қарызын өтеу» туралы жарлық шығарған. Оған сәйкес, биылғы 1 маусымға дейінгі жағдай бойынша, жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін мемлекет есебінен өтеу қарастырылған.
Қазақстанда биыл қыста және көктемде жаппай наразылық білдірген көп балалы аналардың билікке қойған талаптарының бірі – несие қарызын мемлекет есебінен өтеу туралы болатын. Елдің бірнеше аймағын қамтыған көп балалы аналар наразылығы Нұр-Сұлтанда уақытша баспанадағы өрт салдарынан бір отбасының кәмелетке толмаған бес қызы мерт болғаннан кейін басталған. Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, өрт балалардың ата-анасы түнгі ауысымда жұмыста болған кезде шыққан. Көп балалы аналар наразылығы күшейген тұста Қазақстан үкіметі тарады. Билік мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру шартын қайта қарау және ондай көмектің көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдаған еді.