Наразылық кезінде қамалған белсендінің шағымы қанағаттандырылмады

0

Бүгін, 1 шілдеде Алматы қалалық соты белсенді Сұңқар Бейбіттің апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сұңқар Бейбітті кезектен тыс президент сайлауы өткен 9 маусым күні Алматының Астана алаңынан полиция әкеткен. Өз айтуынша, Түрксіб аудандық полиция бөлімінде түнгі сағат екіде өткен сот Бейбітті «полиция талабына бағынбағаны» үшін төрт тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы қабылдаған.

— Мені 10 маусымға қараған түні соттады, өзімді қорғауға, адвокат шақыртуға да рұқсат бермеді. Есік қаласындағы изоляторға қамап тастады. Алматыға Текеліден қыдырып келіп едім, сол күні-ақ алып кетті. Изоляторға барғанда ғана анама хабарласа алдым. Төрт тәуліктен кейін құқық қорғаушылардың көмегімен апелляциялық шағым түсірдім. Бүгінгі шешім мені таңқалдырды, қолымда дәлелдерім бола тұра алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Мен енді жоғары инстанцияларға шағым түсіремін, — деді Сұңқар Бейбіт.

Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, биліктің «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні және одан кейін елдің бірнеше қаласында наразылық шаралары өтіп, азаматтар президент сайлауы мен оның ресми қорытындысына қарсылық білдірді.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингілер кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар «билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады» деп мәлімдеді. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, оны заңсыз деп тануды талап етті.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі бейбіт наразыларды ұстаған Қазақстан билігін сөкті. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

Azattyq