Димаш Құдайберген қазақстандық телеарнаға сұқбат берді
НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Әнші Димаш Құдайберген журналист Дана Нұржігітке берген сұқбатында аңсаған арманы, атақ-даңқтың өзіне қалай әсер еткені, қандай қиындықтарға кезіккені туралы әңгімеледі.
Сұқбатты бастамас бұрын Дана Нұржігіт көрермендерге әншінің бала күнгі суретін көрсетті: үш-төрт жасында Димаш өзінің музыкалық орталық, кассеталар және домбыраның ортасында отырған сәтін қағазға түсіріпті. Әнші еске алғандай, бала кезінде сахнада тұрған суретін жиі салған екен.
I am a singer жобасы туралы
Қытайдың I am a singer байқауынан соң Димаштың атағы жер жарып, бүкіл әлемге танылды. Әншінің өзі айтқандай, бірінші турда қатты уайымдапты, өйткені алғаш рет екі миллиард көрермен алдында өнер көрсеткен еді.
«Сегізінші турға келгенде, тамағым қатты ісіп, ауырып қалдым. Сөйлейтін дауысым жоқ. Бірақ сол күні біз байқауға шығу керек болдық. Тамағыма бес укол салғызсам да, дауысым шықпай жатыр. Бір жағынан, үкілеп үміт артқан қалың елің отыр. Содан кейін өйтіп-бүйтіп дауысымды жинап, сахнаға шықтым. Бірақ ән айтқан кезде, қиналсам да, дауысым анық шығып жатты. Сахнадан шыққаннан кейін, дауысым қайтадан жоқ», — дейді әнші.
Танымалдық Димашқа қалай әсер етті?
Димаш I am a singer жобасынан кейінгі сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын екенін атап өтті.
«Қаңтардың 21-ші жұлдызында ең алғашқы рет сол жақтың телеарнасында эфирге шықты және бір-екі күн ішінде желіде 600 миллиондық көрілім жинады. Келесі күні тұрған кезде, қасымда бірге жүргендер «Димаш, құтты болсын, күшті!» деп жатыр. Мен сәл-пәл асыра сілтеп жатқан шығар деп, мән бермей, өзім келесі айналымның қамымен уайымдап жүрдім», — деп еске алды ол.
Оның айтуынша, алғашқы турдан кейін-ақ көшедегі жұрт бірден тани бастаған.
Тағы оқыңыз: Димаштың Нұр-Сұлтандағы концерті: фанаттар партия құруды ұсынды
«I am a singer жобасы аясында деректі түсірілімдер болды. Сол кезде біз көшеге шығып, базарды аралап қайтуымыз керек болды. Есік алдына шықсақ, дәу жігіттерді күзетші қылып қойған. «Бұлар не үшін», — деп түсінбей жүрмін. Мен күзетшілерге қарап аң-таң, олар маған қарап аң-таң. Көліктен түскенде мені ең алғаш танып қойған адамның бет-әлпеті есімде қалыпты. Өзім шошып кеттім. Бірдеңе бүлдіріп қойдым ба деп ойладым», — дейді Димаш күліп.
Алайда әнші бүгінгі танымалдығы, өмірінде болып жатқан қызықты сәттер, әртістік өмір уақытша деп санайды.
«Күндердің күнінде мен де сахнадан түсіп, көрермендер қатарына отырамын. Сол көрермендер қатарына отырған сәтте, қасымда бірге жүрген, бұрын араласқан бауырлар немесе танымайтын көрермендер менімен жылы сөйлесуі керек, мен оларға тік қарай білу керекпін», — дейді Димаш.
Тағы оқыңыз: Димаш қаза болған досы Денис Тенге ән арнады
Сонымен қатар ол жеңіс тұғырына көтерілуге не көмектесетінін айтты.
«Жеңіс тұғырына шығуға көмектесетін ең алдымен — Жаратушымыз. Одан кейін қасымдағы, менің әр басқан қадамымды қолдап, демеп жүретін – ата-анам. Әр адамның рухани тұрғыдан, кәсіби тұрғыдан білім алатын өзінің ұстазы бар. Менің өмірлік ұстазым, менің кумирім – әкем және анам», — деді Димаш.
Джеки Чанмен кездесу
Қытайда Димаш атақты Джеки Чанмен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Танымал актер әншінің ғажап дауысына тәнті болып, студияға шақырыпты.
Димаш бұл кездесуге күтпеген жерден шақырту алып, бастапқыда өзі де сенер-сенбесін білмеген көрінеді.
«Дайындықтан кейін қайтып бара жатқан кезде, қасымдағы менеджер қыз телефонмен сөйлесіп келе жатты. Көзі бақырайып кеткен. «Окей, окей», — деп қояды. Сосын маған: «Димаш, ертең Джеки Чанмен кездесуге барамыз», — деді. Мен бетіне бір қарадым да, «окей» деп отыра бердім. Он секундтай түсінбей қалдым. Содан соң «Не?!» дедім. Түйсігіме жету үшін он секунд керек болды», — деп Димаш кішкентай күнінен Джеки Чанмен кездесуді армандағанын айтты.
Әнші Димаш Құдайберген мен актер Джеки Чан
Әнші әйгілі актерге қандай сыйлық алсам деп біраз әбігерге де түскен екен.
«Менеджер: «Ол саған арнайы сыйлық дайындап қойыпты. Сенің өнеріңді қатты ұнатып қалыпты», — деп айтып жатыр. Жүрегім тарс-тұрс, тарс-тұрс. Содан кейін мен не берем деп, қазақи бір сыйлық таба алмай қиналдым. Бірден әке-шешеме хабарластым. «Ертең Джеки Чанмен кезігейін деп жатырмын, қонаққа шақырып жатыр» десем, «Ойбай, не дейді?!» деп бүкіл үйдің іші, туысқандардың бәрі шулап жатыр», — деп әңгімеледі Димаш.
Тағы оқыңыз: Димаш Еуропа ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетті — видео
Содан кейін Қытайдағы Үрімші қаласындағы адамдарға хабарласып, шапан мен домбыра іздепті.
«Келесі күні кездесуге дейін бір ағамыз ұшып келіп, шапан мен домбыраны берді. Сол кезде кездесетін сәт туды. Ол кісі студияда ән жазып жатыр. Менің қобалжып тұрғанымды көрді де, «Әй, қалайсың? Бері кел, бері кел» деп шақырып алды», — деп Димаш Джеки Чанның өте қарапайым жан екенін атап өтті.
Әнші бала күнінен кездесуді армандаған актерге жылы лебізін білдіріп, алғысын айтқан.
Жанкүйерлері туралы
Димаш әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан фанаттары туралы пікір білдірді.
«Өнерде ешқандай шекара жоқ, болған да емес. Әр адамның талғамы әртүрлі болғанымен, жалпақ тілде айтқанда, өнер – бәріне ортақ дүние. Адам екінші бір елде тұрып жатқан адамның тілін түсінбеуі мүмкін, оның өмірге деген көзқарасын түсінбеуі мүмкін. Бірақ кейде сол кісінің әнін түсініп кетуі мүмкін. Бірақ мәдениеттері тіптен бөлек. Бір әнді тіптен түсінбей, бір әнді қатты жақсы көріп қалуы мүмкін. Сол себептен музыка тілсіз ұлы күш деп білемін», — дейді ол.
Болашақ жары туралы
Димаштың айтуынша, өзі қай елде жүрсе де, болашақ жары міндетті түрде ата-әжесі мен ата-анасының қасында болады.
«Сол кісілердің қасында тұрады. Қызғанамын мен. Үйдегі үлкен кісілерді артымдағы Мансұрға беріп қоймаймын», — деді әнші әзіл-шыны аралас.
Димаштың шығармашылық жаңалықтары
Сұқбат барысында Димаш алдағы уақытта тыңдармандарын қалай таңғалдыратынын айтып берді.
«Американың B&G деп аталатын музыка орталығына «құда түстік». Сол компаниямен етене араласып, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Мысалы, Мадоннаның, Рианнаның, Бейонстың әндерін жарыққа шығарған композиторлардан ән алдық. Сол әндер ең алғаш рет осы «Арнау» концертінде орындалатын болады. Кей әндермен көрермендер жақсы таныс болып қалды. Сонымен қатар Азия мемлекетінде, Корея елінде, Қытай еліндегі үлкен композиторлармен бірлесіп жасаған жұмыстарды да ұсынатын боламын. Және соңғы кезде маған ән жазып жүрген, өзім жақсы көретін ерекше композитор Игорь Яковұлы Крутой ағамыздың да шығармаларын орындайтын боламын», — деп Димаш жаңалықтарымен бөлісті.
©
Sputnik / Владислав Воднев
Димаш «Арнау» атты концертінде ән шырқап тұр
Тілші Дана Нұржігіт әншінің алғашқы альбомына кірген «Соғыс және бейбітшілік» әні туралы сұрады. Осы орайда Димаш бұл әнді неге жазғанын түсіндірді.
Тағы оқыңыз: Димаштың алғашқы альбомы 37 секундта «платина» дәрежесіне жетті
«Интернеттен жаңалықтарды оқығанда, әрқашан елге қайтқым келіп отырады. Еліміз аман болсыншы, еліміз тыныш болсыншы деп тілеймін. Еліміздің тыныш болғандығы, әрбір қазақ азаматының жаны тынышталғандығы деп білемін. Менің қандастарым, менің жерлестерім ешқашан қайғы-зардап дегенді көрмесе екен деген ниетпен тілеуімді оқып отырамын», — деді ол.
Димаштың бұл әннің әуенін өзі жазыпты, ал сөзін қытай тілінде шығаруды жөн көрген екен.
«Бүкіл әлемге жар салып айтқым келді. Әлемде тепе-теңдік болу керек. Әлемде бейбітшілік болу керек. Қасымыздағы адамдардың жанының тыныштығы үшін біз де жауаптымыз. Біз бір-бірімізге күліп сөйлесек, бір-бірімізге жылы шыраймен сөйлесек, бір-бірімізге жақсылық тілесек, соғыс тіптен болмауы керек. Біз теңбіз. Осыны қайталап айтамын. Әнді қарапайым халық естісін, түсінсін деп шығарған болатынмын», — дейді әнші.
Өмірде өз жолыңды қалай табуға болады?
Сұқбат соңында тілші Димаштан өмірде өз орныңды, өз жолыңды табу үшін не істеу керек деп сұрады.
«Менің ойымша, мамандық таңдайтын сәтте, адам сәл кейінге шегеріліп, бала кезде нені армандадым деуі керек секілді. Бала тілегі, бала арманы адамды ешқашан адастырмайды. Мен өзімді өте бақытты жан санаймын. Өте шүкіршілік етемін. Әр қадамым, әр талмай-тынбай еткен еңбегім маған үлкен ләззат әкеп жатыр», — деп әнші көзқарасын білдірді.
Тағы оқыңыз: Димаштың бала күнгі суреті жұрттың жүрегін елжіретті — фото
sputniknews.kz