Нұр-Сұлтан мен Алматыда бейбіт митингілер өтеді
Қысқа сілтеме алу
Прокуратура органдары бейбіт митингілерге қатысты үндеу жасады
НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Елорда мен Алматы прокуратуралары ресми порталдарында бейбіт митингілер барысында заңды қатаң сақтау туралы үндеу жариялады.
Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдіктері 30 маусымда арнайы белгіленген орындарда бейбіт митингілер өткізуге рұқсат берді.
Сонымен, елордада сағат 11.00-де қоғам белсендісі, «Байтақ – Болашақ» экология қауымдастығының басшысы Азаматхан Әміртайдың бейбіт митингісі басталады (Пушкин және Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысында).
Тағы оқыңыз: «Үш адам қамауда қалды»: Тұрғымбаев митинг кезінде ұсталғандар туралы айтты
Алматыда санкцияланған бейбіт митингінің ұйымдастырушысы – қоғам белсендісі Әлнұр Ілияшев. Митинг сағат 10.00-де «Сарыарқа» кинотеатры жанында басталады, тақырыбы: «Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт митингілер өткізуге конституциялық құқығын жүзеге асыру».
Прокуратура органдары атап өткендей, Конституцияға сай әр азамат Ата заң мен заңнаманы сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Бейбіт митингінің ұйымдастырушысы мен қатысушылары қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс. Оларға тыйым салынады:
- көлiк және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауға;
- инфрақұрылым нысандарының үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруге;
- жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, басқа да уақытша құрылыстар тұрғызуға;
- ағаштарға, шағын сәулет нысандарына залал келтiруге;
- суық қару, оқ ататын қару және өзге де қару-жарақ алып келуге, сондай-ақ адам өмiрi мен денсаулығына зиянды, жекеменшiкке залал келтiруі мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып келуге;
- іс-шара кезiнде қоғамдық тәртiптi қадағалаушы мемлекеттік орган өкiлдерiнiң қызметiне араласуға.
Сонымен бірге үндеуде айтылғандай, митингілерді темiр жол, су және әуе көлiгi нысандарында, сондай-ақ мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлiк, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерiмен жабдықтау) жанында, денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында өткiзуге рұқсат етілмейді.
Тағы оқыңыз: Тоқаев қазақстандықтардың неге митингіге шыққанын айтты
Егер өтініш берілмеген болса, тыйым салу туралы шешім шығарылса, өткізу тәртібі бұзылған болса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе және қоғамдық тәртіп бұзылса, жергілікті атқарушы орган өкілінің талабымен митингілер тоқтатылады.
Сондай-ақ митингіні ұйымдастырушылар мен қатысушылар жоғарыда аталған талаптарды орындаудан бас тартса, ішкі істер органдары оларды тоқтату үшін шара қолданады.
Нұр-Сұлтан мен Алматы прокуратуралары бейбіт митингілерге қатысу кезінде Конституция мен заң талаптарын қатаң сақтауға, арандатушыларға ермеуге, құқықбұзушылық жасамауға шақырады.
Қазақстандағы митингілер
Қазақстандағы президент сайлауы кезінде елорда мен Алматы көшелеріне жүздеген наразылық білдіруші шыққан болатын. Екі қалада санкцияланбаған митингілерге қатысқан 4 000 адам ұсталған.
Арыстағы төтенше жағдайдан кейін қала халқы түгел эвакуацияланған соң Шымкентте де митинг өтті. Қатысушылар арыстықтардың атынан Шымкенттен баспана немесе жер учаскесін беруді талап еткен.
sputniknews.kz