жалған ақпарат таратқандарға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратып, халықтың арасында үрей тудырған

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Арыстағы жарылыс туралы жалған ақпарат таратқан 2 адам ұсталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресми орган таратқан мәліметке сәйкес, Шымкент қаласының полиция департаменті «қуатты бомба жарылысы болады деген» жалған ақпаратты WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы таратқан екі әйелді ұстаған.

«Ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 247-бабы, 1- тармағымен (Қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін немесе тұрғындардың, ұйымдардың, заңмен қорғалатын қоғамның немесе мемлекеттің мүддесі мен құқына зиян келтіретін жалған ақпаратты тарату) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соңғы тәуліктерде аталған баппен 3 дерек тіркелді», — делінген хабарламада.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі тұрғындарды әлеуметтік желілер арқылы және түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеуді және үрейге бой алдырмауды сұрайды.

Құзырлы орган ресми ақпарат тек арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралатынын ескертті.

Сондай-ақ ішкі істер министрлігі Арыс қаласында қайтыс болған адамдардың саны үшеу екенін ресми түрде растайды.

«Әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген ақпараттар жалған.  Егер азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырамыз», — делінген хабарламада.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты. 

Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс тұрғындары апта соңында үйіне оралатынын мәлімдеді.



sputniknews.kz