Балғынбек Имашев «Айтыстың атасымен» не үшін соттаспақ?

0

«Айтыс» десе, ең алдымен ауызға Жүрсін Ерманның аты келеді. Қазақтың төл өнері айтысты сонау 1984 жылдан жаңартып-жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттап, поэзия тұлпарларын баптап, бәйгеге қосып жүрген «Айтыс атасы» Жүрсін Ерман Stan.kz тілшісімен кездесіп, айтыстың болашағы, өзі дайындап жүрген ізбасарлары мен «бетімен кеткен» ақындар туралы сұхбат берді. Айтыскерлердің әкесіндей болып қалдым дейтін Жүрсін аға қолынан келгенше, ғұмыры жеткенше айтысқа қызмет ете беруге уәде етті. 

Дін, басқа мәселеге қатысты екіге бөлінген ақындарының арасында қазір келісім, бірлік бар ма? 

Келісім де, бірлік те жоқ. Айтыс ақындарының одағында жақында ғана екінші құрылтай өткіздік. Барлық өңірлерден, облыс, аудандардан 150-ден аса айтыскер ақындар келді. Соған қосылмай, өз беттерінше жүрген ақындар бар. 

Аттарын атап айталасыз ба?

Айта аламын. Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаев, Жандарбек Бұлғақов секілді ақындар бөлек жүреді, бөлек жайлады. Оларға не айта аламыз? Бірлікке шақырамыз, айтысқа қатысуға шақырамыз. 

Бөлек жүруге себеп не? 

Неге екенін білмеймін. Жеке жүріп табыс тапқылары келе ме, белгісіз? Мысалы, 30 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында тағы бір бөлек шара өткізгелі отыр. Оған Одақтың ақындары қатыспайды. Неге екенін түсінбеймін. 

Бір жағы бұл ақындарды дін арқылы бөлініп кетті деп те айта алмаймын. Жақында менің бес томдық шығармалар жинағым жарық көрді. Соның тұсаукесерінде Балғынбек, Жандарбек, Сырым келіп, енді сіздің айналаңыздағы ақындардың ішінде боламыз деп қол алып келген еді. Сол тұста олар дін жолымен бөлек кетіп қалды деген менің сұхбатым  шықты. Содан Балғынбек Имашев хабарласып, «Мен дін жолымен кеткем жоқ. Сіз маған жала жауып отырсыз. Мен сізді сотқа беремін» деді. Қашан сотқа шақырады екен деп тосып жүрмін (күліп). Мен оны одан кейін де айтысқа шақырдым. Келмей қойды. 

Мүмкін бұл қалжың үстінде айтылған дүние шығар. 

Жоқ, айтуын айтты. Менің аузымнан дін жолымен кетті деген сөз шықты ғой. Бірақ кімнің ішіне кім кіріп, шығып жатыр дейсіз. Дінімізде бірнеше мәзхаб бар. Біз ата-бабамыздан келе жатқан Әбу-Ханифа мәзхабын ұстанамыз. Осы жолдан шеттеп жүрген ақындар баршылық. Кейбір ақындар домбыра харам екен деп айтысты тастап кетіп жатыр. Сотқа шақырмас үшін дін жолымен бөлектеніп кетті деп нақты айта алмаймын. 

Сіз оларды діни, басқа көзқарастарына байланысты бөлініп кетті деп айтып жатқанмен, мүмкін мінезіңіз бен кейбір талаптарыңызға көнбеген шығар…

Менде қандай қатаң талап болуы мүмкін?! Талап барлық ақындарға ортақ. 

Кейде сізді ақындарды «қит» еткізбей ұстап отырады екен деп естіп жатамыз…

Бұл енді «өсек». Қойылатын талап біреу ғана: Одақтың жүйелі өтетін айтысына кезегімен қатысу. Барлық айтысқа бірдей айналдырған 10-15 шақты танымал ақындарды қатыстыра бермеймін ғой. Жас ақындар шығып келе жатыр. Оларды аламанға қосу керек. Сондай-ақ айтысқа жақсы дайындалып келу; елдің ішін бірлікке шақыру; іріткі салмау; бүлдірмеу деген сияқты талаптар бар. 

Сайлау кезінде түрлі оқиғалар болды. Біздің міндетіміз халыққа басу айту. Ақындарға да соған қатысты талап қоямыз. Шеруге бүлікке шақырмаңдар дейміз. Осы Одақтың ұстанып отырған сабырлы саясатын қолдаңдар деген талап қана. Мұнда қандай қаталдық болуы мүмкін. 

Рас, кейде айтысқа шақырып алып, көңілден шықпай, көркемдік дәрежеге жете алмай, айтыстың аламанын қыздыра алмай отырған ақындар болса шегеріп отырамыз. Бірақ жаңадан келген жастардың бетінен қақпаймыз. Қойылатын талап-жақсы өнер көрсету. 

Көңіліңізге жақпаса, қисық қылығын көрсеңіз ақындарды айтыстан шеттетіп, жолын байлап тастайды деп естиміз. Қаншалықты рас? 

Жалпыға қоятын үлкен талабым бар. Сахнадан халыққа сөз айту үшін ақынның да моральдық бейнесі халыққа сөз айтуға сәйкес болуы керек. Оған лайық болмаса құптай қоймайтыным рас. Жүріс- тұрысында, қоғамдық өмірде, айналасына сыйлы, ойлы болмаса, айталық, ішімдікке салынып жүрген ақын болса онда ол сөзсіз шеттетіледі. 

Мысалы кімді айтасыз…

Өзім қатты жақсы көретін үлкен айтыскер ақын келіп қалды деп қуанушы едім. Ақтөбелік ақын Аян Сейітов. Үш рет айтысқа келіп тұрып қатыспай кетіп қалды. Төртінші рет шақырмадым. Сахнаға шығуға шамасы келмейтін ақынды қалай шақырамын. Өкінішті. Маған үйге келіп, жайнамазды алып, харамнан арылдым сахнаға шығарыңыз деп намаз да оқып көрсетті. Дегенмен, одан кейінгі айтыста да опа берген жоқ. 

Қоғам қандай, ақындар да сондай. Қазақ қоғамында да әртүрлі адамдар бар ғой. Ақындардың арасында да сондайлар бар. Біреу ана жолға, біреуі мына жолға түсіп кетеді. Тағдыры шығар. Одан мен күнәға батқан жоқпын. 

Ақындық талант деген де Құдайдың берген сыйы, нығметі. Соны қадірлеп ұстап, тәрбиелеп отыру керек. Жауапкершілікті сезіну керек.  Ақындар осы Одақтың мүшесі ретінде менің айналама топталып керемет айтыстардың ортасында жүр. Қазір қазақтың сөзін сөйлейтін ақындар толып жүр. 

Айтыс деген елдің арасына іріткі салудың емес, ұйытудың, халықтың басын біріктірудің құралы. Бір тоқтамға келтіріп, тәуелсіз еліміздің мұраттарын қорғау жөнініндегі рухани қазынамыз. Енді ғана оң-солын танып келе жатқан еліміздің дамуына қол байлау болып отырған толып жатқан мәселелер бар.

Айтыстың миссиясы?

Мысалы, құндылықтардың орны ауысып кетті. Еліккен-желіккен эстрада да теріс жолға бағыттап жатыр деп айтуға болады. Өйткені жастар көбіне соларды тыңдайды, еліктейді. Ән емес нәрселерді ән қылып сахнаға шығарып, құндылықтардың орнын ауыстырып жатыр. Еркін Шүкмәнов пен Ерлан Асықайды тыңдаудың орнына мән мағынасы жоқ нәрселерді тыңдайды. Мәні жоқ, мағынасы жоқ жеңіл әндерге тәрбиеленген балалар ертең ештеңенің қадіріне жетпейді. Соған жол бермес үшін айтыстың үстінде кесек-кесек ой тасталады. Ақынның аузымен айтылған сөз халықтың санасына жетеді.

Не айтып отырғанын білмейтін, жазғандары да сауатсыз керауыздар бар. Ақындардан мін іздеп, ағаш атқа мінгізіп жатады. Ақындарға осындай керауздарға мән бермеңдер деп айтып отырамын. Айтыскерлердің әкесіндей болып қалдым. Сондықтан мен оларды неге алалап, бөлуім керек?

Менің міндетім осы айтысты ұйымдастыру. Мен кетсем менің жұмысымды ешкім де істемейді. Бес жылға кетіп те көргем, сол кезде ешкім істеген жоқ. Сосын «Хабар» басшылығына келіп, келісім жасап, айтыстың екініші дәуірін бастадым. Менің де уақытым өтіп бара жатыр. Ары қарай жастар алып кетсе екен.

Айтысты Жүрсін Ермансыз елестете аласыз ба?

Менікі қу бейнет. Алдымызда жоспарлар көп. Оның біреуін тастап, екіншісіне ауысып кете алмайсың. Кеше ғана Мәдениет министрлігіне айтыскерлер Одағының мұң-мұқтажын, алдағы іс-шаралар тізімі туралы хат жазып жазып бердім. Мәселен, келесі жылы Орынбордың Қазақстан автономиясының астанасы болғанына 100 толады. Осыны желеу етіп, Орынборда қазақтың айтысын ұйымдастыру ойда бар. Бөлініп қалған бауырларымызды елмен жақындастырып, арада рухани байланыс орнатып, айтыс жасасақ деймін. Биылғы жылдың өзінде Әйтеке бидің туғанына 375 жыл,  қазақтың үш арысы Майлин, Сейфуллин, Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады. Осы мерейтойларды халықаралық деңгейде атап өтуге күш салып жатырмыз. Келесі жылы Абайдың туғанына 175 жыл. Айтып қана қоймай, нақты жұмыстарға жегіліп жатырмыз. Мен осылардың қай жерінде арбадан түсіп қалуым керек. Қолымнан келгенше, ғұмырым жеткенше, өзімнің ықпалымды, тәжірибемді пайдаланып айтысқа қызмет ете беру. 

Орынбасар дайындап жүрсіз ба? Сіздің ізіңізді жалғастыратын ақындар бар ма? 

Жастар бар. Мысалы, қазір ұйымдастыру жұмыстарының бас-қасында  Аманжол Әлтаев тұр. Қасында Серік Қалиев белсене араласып жүр. Шұғайып Сезімхан деген жас ақын бар. Осылар өз деңгейінде ұйымдастыру жұмыстарына ат салысып жүр. Арыстағы жағдайға жігіттер ұйымдасып, бүкіл Одақ боп қаржылай көмек беруге ұйымдасып жатыр. 

Біздің көп ақында масылдық психология бар. Дайын асқа тік қасық болуды ойлап, өздері еңбектеніп ізденгісі келмейді. Мысалы, Ақсуатта айтыс өтті. Сол айтысқа екі күн қалғанда облыс басшысы айтыс өтпейді деп хабарласты. Уақытынан ертерек Рүстем Қайыртайұлы сол айтыс өтетін өңірге барып қалған екен. Оған хабарласып облыс әкіміне кіріп, сұрап шық деп айтсам, ол мені көзіне де ілмейді ғой деп қашқақтайды. Қайраткер болсаң күрес. Тек қана сахнадан ғана сайрау керек емес. Мен оны жамандап отырғаным жоқ. Көп ақында осындай масылдық психология бар. Бірақ соңында жоғарыдағылармен сөйлесіп жүріп, айтысты өткізуге рұқсат алдық. Арадағы шенділердің кесірінен көп тосқауыл қойылады.

Бұдан бөлек 19 маусымда өткізілуі керек «Күміс домбыра» да кейінге шегерілді. Осындай жұмыстарың басы-қасында ақындардың өзі жүрмесе кім істеді?

 

Жалғасы бар…

Сұхбатты жүргізген Жанна Мәлік

 

stan.kz