Арыстан көшкендердің кейбірі үкіметтен «мардымды көмек жоғына» шағынды
Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстан соң қалаға жеткендердің бір бөлігі — жүздеген адам Шымкенттегі «Ақмешіт» мешітінің алдында жүр. Мешіт маңынан тікелей хабар таратқан Азаттыққа сұхбат берген кейбір тұрғындар үкіметтен «көмек алмай отырғандарына» шағынды. Олар өздеріне қаланың ерікті тұрғындары жәрдем беріп жатқанын айтады.
Шымкенттік журналист, ерікті Әйгерім Бегімбеттің сөзінше, қала тұрғындары арыстықтар эвакуацияланған мектептердегі пунктілерге көрпе мен тұрмыстық заттар әкелген. «Арыстан келгендерді үйлеріне әкетіп жатқандар да бар» дейді ол. Шымкент тұрғыны Жұмаділдә Мұстафа үкіметтен «мардымды көмек болмай жатқанын» айтады.
Қарай отырыңыз: Арыстан көшкендер үкіметке ашулы
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ғалымжан Мұратов Азаттыққа Шымкентте әуелде ашылған 37 пунктіге 25 маусымда «қосымша тағы 10 эвакуация орны құрылғанын» айтты. Оның сөзінше, кейбір тұрғындар эвакуациялық пунктілерге бармай, мешіт маңында жүр.
24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында «Арыс тұрғындарына көмек көрсету бойынша нақты шаралар қабылдау үшін» облысқа баратынын айтқан. Тұрғындармен кездескен Тоқаев «мемлекет арыстықтардың үйін қалыпқа келтіріп беретінін» айтып, жұртты сабырға шақырған.
Екі күн бұрын, 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери қойма жарылып, 35 мың адам өз бетімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрлігі «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» хабарлады.
Жарылыс Арыс қаласынан 200 метр жерде жатқан әскери қоймадан шыққан. Ресми дерек бойынша, 90 тоннаға жуық артиллериялық оқ-дәрі сақтаулы тұрған қоймадан өрт шыққан. Өрт себебі әзірге белгісіз.
Бүгін, 26 маусым күні Қазақстанның қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыс кезінде жараланған тағы бір сарбаздың қаза тапқанын хабарлады. 1987 жылы туған әскери – қару қоймасындағы жарылыстан соң мерт болған үшінші адам. Бұған дейін бір әскери мен көлігіне снаряд түскен бір тұрғын қаза тапқан.
Он бес адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Оның төртеуі — бала. Тоғыз адамның халі ауыр. Барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгініп, 89-ы ауруханаға жатты.
Арыстың 350-ден аса тұрғыны хабар-ошарсыз кеткен.
Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 45 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.