Қырғызстанда «қылмыстық топқа мүше болған» екі қазақстандық ұсталды

0

Бішкектегі арнаулы операция кезінде Қазақстанда экономикалық қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде болған екі қазақстандық ұсталды. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрлігі хабарлады.

Билік дерегінше, 24 маусымда Бішкектегі аудандардың бірінде 1990 және 1989 жылы Жамбыл облысында туған екі қазақстандық ұсталған. «Экономикалық қылмыс жасады», «трансұлттық қылмыстық ұйым қызметіне қатысты» деп күдікке ілінген олар уақытша тергеу абақтысына қамалған.

Ведомство дерегінше, 2018 жылы бірнеше азамат Қырғызстаннан Қазақстанға контрабандалық жолмен тұтыну тауарларын тасымалдау үшін топ құрған. «Ұйымдасқан топ мүшелері ойластырылған қылмыстық схема бойынша тауарларды ешбір құжатсыз заңсыз тасымалдаған. 2018 жылы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу департаменті қылмыстық кодекстің экономикалық контрабанда және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету баптарымен іс қозғаған» деп хабарлады Қырғызстан ішкі істер министрлігі.

Қазақстанда бұл іс бойынша биыл сәуірде 12 адамға үкім оқылған. Оның ішінде Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу да бар. Экс-депутат «шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды» және «трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты» деп танылып, 10 жылға түрмеге кесілген. Алматы соты Қырғызстанның тағы екі азаматын «ұйымдасқан топқа қатысы бар» деп тауып, әрбірін 10 жылға түрмеге жапқан.

Бұл іс бойынша сотқа тартылған басқа азаматтар 3-14 жылға сотталды. Кейбірі бостандығы шектеліп, сот залынан босап шыққан.

Бірнеше азаматқа қатысты іс бөлек өндіріске жіберіліп, оларға іздеу жарияланған еді.

Azattyq