Алматы тұрғындары арыстықтарға көмек жіберді
Бұған дейін Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындардан Арыста болған оқиғаға бей-жай қарамауды сұраған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Алматы тұрғындары арыстықтарға гуманитарлық көмек жіберді. Бауыржан Байбек Алматыдан Арысқа аттанған бірнеше көліктің видеосын жариялады.
«Біздің күшіміз – бірлікте! Арысқа алматылықтардан көмек жеткізілетін болады», — деп жазды Алматы қаласының әкімі өзінің Instagram -дағы парақшасында.
Бұған дейін Байбек Алматы қаласының тұрғындарын арыстықтардың қайғысына бей-жай қарамауға шақырған болатын.
Арыс тұрғындарына тағы кім көмектесті
Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыстар кезінде зардап шеккендерге жеке көмек беруді ұйғарды. Ал президент әкімшілігінің қызметкерлері бір күндік еңбек ақыларын аударды.
Арыстағы төтенше жағдайдан кейін Nur Otan партиясы зардап шегушілерге гуманитарлық көмек жинау мақсатында «Арыс, бiз бiргемiз» акциясын бастады. Ауқымды қайырымдылық акциясына ішк істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, «Ахыска» Қазақстан түріктер қоғамы филиалының төрағасы Әскер Пириев, Қорғаныс министрлігінің, Nur Otan партиясының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ премьер-министр кеңсесінің, бірнеше министрлік пен орталық органдардың және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері біркүндік жалақысын аударды. Әр түрлі ұйымдар мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандар да шама-шарқынша ақша аударып жатыр.
Арыста не болды
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта 89 адам ауруханада жатыр.
Жүзден астам сапер қала аумағындағы теміржол жолдары мен стансаларды тексеріп жатыр.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
sputniknews.kz