Мемлекеттік хатшы Дитмир Бушатимен кездесті
Астана, BAQ.KZ. Әңгіме барысында тараптар екі ел арасында қандайда бір саяси немесе өзге сипаттағы келіспеушіліктердің жоқ екенін атап өтіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм өзара ықпалдастықтың перспективалы салалары ретінде аталды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің халықаралық қақтығыстарды реттеу ісіндегі жеке үлесіне тоқталып, «Astana Club» отырысының аясында көтерген бастамалары жөнінде айтты.
Г.Әбдіқалықова Албания делегациясын Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғаны, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі жөнінде хабардар етті. Мемлекеттік хатшы еліміздің Doing Business-2019 рейтингі бойынша 28-ші орында екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Албаниядан келген серіктестерді Назарбаев Университеті жанындағы «Астана Бизнес-Кампус» ғылыми паркі аумағында ғылыми-зерттеу институтын ашу жұмыстарына атсалысуға шақырды.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Албания Республикасының Еуропа істері және сыртқы істер министрі Д.Бушатиге екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында табыс тіледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ