Әңгіме: Нұрбол Бимұрзаев | Отандық өнімдерді тұтынайық
Ас адамның арқауы демекші асымыздың, азық-түліктеріміздің сапалы болуына мән беруіміз қажет. Азық-түліктер неғұрлым балғын, табиғи, қоспасыз, экологиялық таза болса, соғырлұм сапалы болатыны мәлім. Бұл ретте отандық өнімдеріміздің осы аталған қасиеттерге жауап бере алатынын айту керек. Мәселен ас атасы нанның шикі заты болып табылатын Қазақстандық бидай өзінің жоғары сапасы арқылы әлемдегі нарықта жоғары сұранысқа ие. Осының өзі де отандық ұннан жасалатын өнімдердің сапасын айқындап тұр. Ал ет өнімдері болса, шет елдерде дәрінің көмегімен тез арада өсірілетін арзан еттерге қарағанда, өзіміздің ауыл шаруашылықтарында, ен далада жайылып табиғи жолмен өскен отандық малдардың еті әрине дәмділігі жағынан да, құнарлығы жағынан да пайдалы болмақ. Базардағы сатушыдан «шет елдік тауық еті неге біздің отандық тауық етінен арзан» деп сұралғандағы жауап көңілге қонышты болып еді. «Шет елдік тауық етінің іші толған су, мұзы ерігенде еті бүрісіп кішірейіп қалады, ал өзіміздің өнім сол қалпы қалады» деген болатын. Қаншама жол жүріп, қаншама делдалдардың, алып-сатарлардың қолынан өтіп бізге жетіп келген шет елдік азықтардың отандық өнімдерге қарағанда арзан болуы көп күмән туғызары анық. Көбіне дәрі-дәрмек, химикаттар, табиғи емес қоспалар қосу арқылы аз уақытта көп өнім алғандықтан арзан болады. БАҚ-тан да «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті» тарапынан май-қышқыл құрамын анықтауға жасалған зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша біршама шет елдік сүт өнімдерінің үлгілерінде сүт (мал) майының орнына өсімдік майы қосылғандығы анықталғанын көрудеміз. Ақпарат құралдарындағы деректер бойынша өсімдік майы сүт майына қарағанда 5-8 есе арзан болады екен. Сыртына қаймақ, сүзбе, ірімшік деп жазылған біршама сүт өнімдеріне тексеру жүргізгенде сыртына жазылған атауға сай болмай шыққандығы, құрғақ сүт (ұнтақ) пен пальма майы және дәмдеуіштерден тұратын қосынды екендігі анықталған. Мамандар тамақтың сыртқы орауында «құрамы» деген бөлімі неғұрлым ұзын болса, түсініксіз терминдер неғұрлым көп болса, соғұрлым көп өңдеуден өткенін білдіретінін айтады. Дәл осы ерекшеліктерді шет елдік өнімдерден байқауға болады. Сондай-ақ сүт өнімдерінің сүт ұнтағы мен маргариннен жасалмағандығына да мән беру керектігі мәлім. Кейбір кәсіпкерлер шет елден әкелген сүт ұнтақтарынан сүт өнімдерін жасап сатуды қолға алғаны тағы бар. Құрғақ сүттен жасалғандықтан арзан, жарамдық мерзімі де ұзақтау, алайда балғын сүтпен салыстыруға келмейді әрине.
Еліміздің әрбір азаматы елінің шынайы патриоты ретінде азық-түлік және жалпы барлық салада өзіміздің отандық өнімдерді тұтынуы өз елімізге көрсеткен қолдауы болып табылады. Отанымыздың шынайы патриоты болайық, отандық өнімдерді тұтынайық.
Қарапайым бір мысалмен мақаламызды қорытындылай кетейік. Еуропаға және басқа да шет елдерге іс-сапармен немесе оқуға барып сол жақта біршама уақыт қалып өмір сүрген таныстарыңыздан ол жақтағы тағам сапасы, дәмі туралы сұрастырып көрсеңіз де отандық өз өнімдеріміздің әлде неше рет артық екендігіне көз жеткізуге жеткілікті.